05 Маусым, 2014

Тұтынушылар құқықтары басты назарда

819 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Потребитель-1 111-5585 (1)Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігі Президенттің Жарлығы бойынша 2013 жылы құрылды. Қазір жаңа ведомствоның қызметі толық күшіне енді және белгіленген жұмыс режімдерін игеруде. Жолға қойылған жұмыстар және жұмыс жоспарлары туралы білу үшін біз аталған агенттік төрағасы Болатбек ҚУАНДЫҚОВПЕН әңгімелескен едік. – Болатбек Баянұлы, жаңа агенттік қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берсеңіз. – Агенттік қызметінің бірнеше негізгі бағыттары бар. Біріншісі, ақылы негізде ұсынылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқық­тарын қамтамасыз етуге бағдарланған. Екіншісі – еліміздің санитарлық-эпи­демиологиялық саламаттылығын сақ­тау және оған кепілдік беру. Біздің қыз­меттің үшінші маңызды түрі тұтынушыларға сатылатын тауарлардың техникалық регламенттерінің сақталуына бақылауды, сондай-ақ, тамақ өнімдерін өткізу сатысында олардың қауіпсіздігі саласындағы қадағалауды жүзеге асыру болып табылады. Бұл ретте санитарлық-эпидемио­ло­гиялық бақылаудың сапасын жетілдірудің маңыздылығын бөліп көрсеткім келеді. Ол бойынша жаңа санитарлық нормалар мен қағидалар әзірленуде, олар жеңіл­детіледі және кәсіпкерлер үшін барынша қолжетімді болады. Сонымен қатар, біздің еліміздегі өзекті мәселе тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады, мұнда құқықтық оралымдылық пен азаматтық белсенділік жетіспейді. Біз осыған ықпал етуді және тауар сапасы мен көрсетілетін қызметтер үшін өздерінің құқықтарын қорғауға дайын қарапайым азаматтардың білім қорын тұрақты түрде нығайтуды қарастырамыз. – Агенттік тұтынушылардың құқық­тарын қорғау бойынша қандай шаралар қолдануда? – «Тұтынушылардың құқықтарын қор­ғау туралы» заңға сәйкес агенттік олар­дың құқықтарын қорғау саласындағы мем­­­лекеттік саясатты іске асырады және мемлекеттік органдардың тұтыну­шы­­­­лардың құқықтарын қорғауды қам­тама­­сыз ету бойынша қызметін сала­ара­­лық үйлестіруді жүзеге асырады. Бұ­дан басқа, агенттік тұтынушылар құ­қы­қ­тарын қорғау туралы заңнаманы жетіл­діру бойынша шаралар қабылдауда, сон­дай-ақ, осы салада жұмыс істей­тін тұтынушылардың қоғамдық бірлес­тіктерімен, қауымдастықтарымен жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта агенттік бейінді қоғам­дық бірлестіктермен ынтымақтасып «Тұ­тыну­шылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа жобасын әзірлеуде. Мем­лекеттік органдардың қызметін сала­ара­лық үйлестіру туралы айтқанда үй­­­лестіру кеңесі құрылатынын айта кету қа­жет, оған орталық мемлекеттік ор­ган­­дардың басшылары, ҰКП, қоғамдық бірлестіктер қосылмақ. Кеңес тұтыну­шылар проблемаларын шешумен айналысатын болады. Бұдан басқа, қоғамдық бірлестіктермен бірлескен шараларды және тиімді өзара іс-қимылды дайындау үшін агенттік тұрақты негізде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарды шақыра отырып, тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізуде. Нәти­желері бойынша Үкіметке тиісті ұсыным­дар дайындалады. Сондай-ақ, агенттік экономика салаларындағы өткір проб­ле­малар мен кемшіліктерді анықтау үшін тұтынушылардың шағым­дарына мониторингті жүзеге асырады. – Бүгінгі күні тұтынушы сапасыз тауардан қаншалықты қорғалған? Бұл мәселе өте өзекті. Қазір нарық тауарларға толы, олардың ассортименті үнемі өсіп келеді, бұл ретте олардың арасында шындығында сапалы тауарды табу өте қиындық тудырады. Тұтынушы қандай да бір тауарды, жұмысты және қызметті таңдаған кезде өзі дұрыс, жан-жақты және объективті бағалау жүргізуі тиіс. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері тек сапасыз тауарды сатып алғаннан кейін ғана іске қосылуы керек. Сондықтан, біздің ұлттық заңнама бүгінгі күнгі барлық талаптарға жауап беруі тиіс – бұл тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді рәсімі, барлық тұтынушылық өзара қарым-қатынастарда тұтынушыларды құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз ету. Сондықтан, біз тұрғындардың тұтыну­шылық сауаттылығын арттыруды және тұтынушыларға тауарлар, жұмыстар немесе қызметтерді сатып алғанға дейін және одан кейін олардың құқықтарын қорғау тәсілдерін түсіндіруді жоспарлаудамыз. Тиісті түсіндірулер алу үшін тұтынушылар әрқашан агенттіктің, не біздің аумақтық органдардың «қауырт желі» телефондарына жүгіне алады. – Қазақстанда шағымдар нысаны көбіне экономиканың көлік және құрылыс секторы болады. Агенттік осы салалар бойынша қалай жұмыс істеуде? – Азаматтар құрылыс пен көлік қызметтеріне өз қалталарынан төлейтін болғандықтан, олардың көліктегі сапасыз қызмет көрсетуге немесе құрылыстағы ақаулықтарға шағым айтуларына болады. Агенттік өз тарапынан құрылыс нысандарын пайдалануға беру және көліктегі профилактикалық шараларға санитарлық-эпидемиологиялық қада­ғалауды қамтамасыз етеді. Жалпы, агенттік осы салалардағы тұтынушылар шағымдарына уақтылы ден қоюға жіті назар аударады. – Тұтынушылардың ұялы байланыс операторлары олардың ақшаларын негізсіз алып қояды деп шағымданған жағдайлары болды. Олар осындай жағдайларда сіздерге жүгіне ала ма? – «Байланыс туралы» Заңға сәйкес байланыс қызметтері нарығының жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау және телекоммуникация қызметтері нарығында басым немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларға, жұмыстарға, қызметтерге арналған бағаларын мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру байланыс және ақпарат жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне жатады. Алайда, аталған мәселе тұтынушылардың мүдделерін қозғайтын болғандықтан, біз осы проблемаларды зерделейміз және талдау нәтижелері бойынша тиісті ұсынымдар дайындаймыз. Әр мемлекеттік орган өзі­нің құзыреті шегінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша жауапты екенін түсінуі қажет. – Тұтынушылар тауар бағаларына қатысты жиі шағымданады. Алайда, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес сатып алушы тауардың құнын білуге құқылы. Ол туралы не айтар едіңіз? – «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 10-бабына сәйкес тұтынушының тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет туралы, сондай-ақ, сатушы-дайындаушы немесе орындаушы туралы толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар. Әкімшілік құқық бұзу­шылықтар туралы кодекстің 159-бабына сәйкес тұтынушыларды алдағаны үшін айыппұл көзделгенін айта кету қажет. Бұл ретте осы құқық бұзушылықтар бойынша тексеруді ішкі істер органдары жүргізеді. Шағымдарды тексеруге мораторий жарияланғандықтан біз сауда орындары әкімшілігіне шара қолдану туралы тиісті хаттар жіберіп отырамыз. – Агенттікке тұтынушылардың «халал» өнімдеріне шағымдары болды ма және олардың стандарттарын бекітетін қандай да бір нормативтік құқықтық актілер бар ма? Бізде осы стандарттар жөнінде айтарлықтай проблема бар. Міне, қараңыз, қазір кез келген сөреден «халал» өнімін табуға болады. Бірақ осы өнімнің стандарттары жоқ. Яғни, «халал» ұғымы мен стандарты біздің қазақстандық заңнамада жоқ, бұл нормалар еш жерде көзделмеген. Демек, егер олар көзделмеген болса, онда «халал» стандарттары немесе халық­аралық қағидаттары сақталған жоқ деп ша­ғымданудың еш пайдасы жоқ. Қазақ­стандық заңнама соттарға олар бойынша қандай да бір шешім қабылдауға мүмкіндік бермейді. Заңнамалық нормалар бар, қоғамдық ұйым бекіткен ереже бар, ол нормативтік құқықтық акті болып табылмайды. – ШОБ-ты тексеру жарияланған мораторий шеңберінде тауарлардың сапасына байланысты ахуалды қалай бақыламақшысыздар? – Мораторий агенттікке мониторинг жүргізу, тұрғындармен жұмыс істеу және нүктелі зертханалық сараптама жүргізу тұрғысынан ерекше міндеттер қояды. Сондықтан тікелей тексерулерді біз тек Бас прокуратураның бекітуі бойынша ғана және ерекше жағдайларда – халық денсаулығына тікелей қауіпті жаппай уланулар жағдайында жүзеге асыра аламыз. Бизнеске түсетін жүктемені төмендету үшін агенттік камералдық бақылауға, мониторингке, тұрғындарға өздерінің сапалы тауарларды тұтынуға құқықтарын қорғау ісінде белсенді азаматтық ұстанымның қажеттілігі туралы ақпарат беруді жоспарлауда. Сондықтан біз үлкен ақпараттық науқан мен аумақтық департаменттер арқылы ашықтық акциясын өткіземіз. Қауіпсіздікке қатысты мәселелерде ешқандай жеңілдік болмауы тиіс деген пікірмен келісетін кәсіпкерлермен бірқатар кездесулер өткізбекпіз. Осыған орай біз, бір жағынан, рұқсат беру рәсімдері мен тексерулерді қысқартамыз, екінші жа­ғы­нан, санитарлық нормалардың жүйелі бұзылуы үшін жауапкершілікті күшейтетін боламыз. Осылайша, азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде босаңдық болмайды. – Жұмыстарының сапасына тұрғындар жиі шағымданатын көптеген ПИК-ке қатысты агенттіктің іс-әрекеті қалай болмақ? ПИК проблемалары кеше және бүгін пайда болған жоқ. Сондықтан, біз жинақталған проблемаларды талқылау үшін Астанаға дөңгелек үстел өткіздік. Нәтижесінде ПИК қызметіне және ТКШ саласындағы қатынастарға байланысты жиі талқыланатын он сұрақ анықталды. Бірінші проблема – кондоминиумдарды заңды тіркеудің болмауы және оларды бақылау. Бұдан басқа, дөңгелек үстелге қатысушылардың сөздері бойынша, монополистердің ПИК-пен кондоминиум нысанын басқару органы мен соңғы тұтынушыларға коммуналдық қызметтерді жеткізетін нарық субъектілері арасында ынтымақтастық шарттарын жасасу бойынша заңнама талаптары орындалмауда. Қоғамдық ұйымдардың деректері бойынша, тұтынушыларға көбіне жалпы үй қажеттіліктері үшін негізсіз төлем есептеледі. Сондай-ақ, ПИК-тің жазбаша есеп­терді пәтер иелеріне тоқсан сайын беруі жөніндегі өзінің міндеттерін орын­­дамау фактісі бар. Тұрғындар үшін екін­ші маңызды проблема «ТКШ-ны жаңар­ту бағдарламасы» бойынша көппәтерлі үйлерді сапасыз жөндеу болып қалып отыр. Бұдан басқа, көппәтерлі үйлерде сер­вистік компаниялармен шарттар жа­са­­су бойынша заңнаманың талаптары орын­далмайды, салушылар көп жағ­дай­ларда ПИК құруға кедергі жасау үшін тех­никалық құжаттаманы бермейді және олардағы жертөле үй-жайларын заңсыз өт­кі­зеді. Сонымен қатар, көппәтерлі тұр­ғын үйге жер учаскесіне құқық актісін алуға байланысты қиындықтар жиі туындайды. – Агенттік әлеуметтік шиеленістің өсуіне және тұтынушылардың нара­зы­лығына алып келетін коммуналдық қызметтерге бағаның негізсіз өсуімен айналысатын бола ма? – Тариф жасау мәселелерімен заң бойынша Табиғи монополияларды реттеу агенттігі айналысады. Сонымен қатар, шағымдардың көбінің коммуналдық қызметтер тарифтерінің артуына байланысты екендігін ескере отырып, агенттік осы мәселелерді ТМРА, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің басшыларын шақыра отырып, үйлестіру кеңесі отырыс­тарында қарайтын болады. Жалпы, агенттік тарифтерді қалыптастырудың ай­қын­дылығы қамтамасыз етілуі тиіс деп санайды. – Азаматтардың тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылып жат­қан нақты шараларға ауыссақ. Жақын­да агенттік кедендік шекараның ортақтығына қарамастан, Ресейден және Белоруссиядан құс етін әкелуге тыйым салды... – Шындығында, әкелуге тыйым салын­ға­н жоқ. Қазақстан мен Ресей арасын­дағы мемлекеттік шекарадан 2010 жылғы 1 шілдеден бастап барлық бақылау түрлері, оның санитарлық-карантиндік бақылау алып тасталған. Егер құстың еті туралы айтатын болсақ, онда біз Ре­сей мен Белоруссияның жекелеген өн­дір­у­шілері өнімдерінің сәйкес келмеу фактілерінің анықталуына байланысты оларды өткізуге тыйым салу бойынша шаралар қабылдадық. – Қазақстанға құс шаруашылығы өнімдері мен ірімшік әкелуге тыйым қанша мерзімге енгізілген? – Тыйым Қазақстан қабылдаған нарықта өткізілетін өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасы үшін тиісті бақылауды қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер шегінде енгізілген. Ол өнімдердің белгіленген талаптарға сәйкес келмеу себептері анық­талғанға дейін уақытша сипатта болады. – Шетелден және КО елдерінен алкоголь өнімдерінің бірнеше түрлерін әкелуге және өткізуге уақытша тыйым салу қандай себептерге байланысты енгізілді? – Тыйым салуға дайындаушы немесе импорттаушы туралы ақпараттың болмау, заттаңбадағы бүлінген және анық емес таңбалау, сондай-ақ, мемлекеттік тілдегі ақпараттың ішінара немесе толық болмауы себеп. Осындай жағдайда аза­мат­тардың өнімнің құрамы мен өндіру­шісі туралы хабардар болу құқығы қозғалатыны белгілі. Алкогольдің жиі контрафакт нысаны болуын ескере отырып, ол туралы ақпарат толық болуы тиіс. Тыйым салу 1 маусымнан бас­тап енгізілді және сол уақытқа дейін жақын шетелдегі өндірушілерде таңбалауды 2013 жылғы шілдеде қолданысқа енгізілген техникалық регламенттерге сәйкес жапсыру үшін уақыт жеткілікті болды ғой деп ойлаймын. Алыс шетелдердің арақ-шарап өнімдерін импорттаушыларға қатысты айтатын болсақ, оларға ұзақ уақыт бойы елемей келген талаптардың бұзылуын жою үшін едәуір еңбектенуге тура келеді. – Енді санитарлық-эпиде­мио­логиялық қадағалауға ауысалық. Соңғы уақытта баспасөзде тамақтан у­ланулар туралы жиі жазылып жүр. Соңғы жылдары осындай жағдай­лардың саны өскен сияқты. Агенттік онымен қалай күреспекші? Ең алдымен, санын біліп, айқындап алуды ұсынамын. 2011 жылы зардап шек­кен адамдар саны 91 болған 6 улану жағ­дайы, 2012 жылы зардап шеккен адамдар саны 296 болған 11 жағдай, 2013 жылы зардап шеккен адамдар саны 243 болған 8 жағдай орын алды. Ағымдағы жылдың сәуірінің басынан бастап елімізде жаппай тамақтан уланудың үш фактісі тіркелді, олардың нәтижесінде 70-тен астам адам зардап шекті. Тамақтан уланулардың өршуіне жүр­гізілген талдау олардың жылы мезгіл­дің ішінде іс жүзінде бірдей пайда болатынын көрсетті және көбіне қоғамдық тамақтану нысандарында және мектептер мен бала­бақ­шалардың асханаларында орын алад­ы. Уланудың 44%-ы тойханаларға, мейрамханалар мен дәмханаларға, 31%-ы мектепке дейінгі және мектептердің ас блоктарына, ал 25%-ы өнеркәсіп объектілерінің вахталық және астаналық нысандарына тиесілі. Осыларды ескере отырып, өнімдер мен қызметтердің қауіпсіздік жүйесін арттыру мақсатында агенттік қызметінің айтарлықтай эпидемиологиялық маңызы бар субъектілерге қойылатын талаптарды қайта қарау және көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі үшін өндірушілер мен иелерінің жауапкершілігін қатаңдата отырып, қауіпсіздікті бақылау жүйесін жетілдіру бойынша жұмысты бастады. – Мемлекет басшысы жақында Астана қаласы базарларының қанағат­танғысыз жағдайы туралы айтты. Агенттік осы мәселе тұрғысынан не жасап жатыр? – Астана қаласында азық-түлік та­уар­­ларын сататын 15 базар жұмыс істеп тұр. 2012 жылы базарлардың сани­тар­лық-техникалық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын жа­сау мақсатында базарлардың сани­тарлық-техникалық жағдайына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, 2012-2013 жыл­дардың ішінде «Шапағат», «Құлагер», «Әлем» және «Еуразия», «Әсем» базарларының санитарлық-техникалық жағдайы жақсартылды. «Шарын» базары мен «Мерей» шағын базарында белгіленген талаптарды сақта­маудың орын алуы әлі де жалғасуда. Базар қызметін ұйымдастырудағы ең таралған бұзушылықтар азық-түлік тауарларын өткізу және сақтау шарттарын орындамау, базарды күтіп-ұстауға қойылатын талаптардың бұзылуы, аумақты аймақтаудың жоқтығы және тауар көршілестігінің бұзылуы. Анықталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Жалпы, республика бойынша агент­­тіктің аумақтық органдарының бақы­лауында 419 азық-түлік базары тұр, оның ішін­де, санитарлық-эпидемиологиялық талап­­тарға сай емесі – 8. Бұл Қызылорда облы­сындағы екі базар, ОҚО-да үш, Астана қаласында екі және Манғыстау облысында бір базар. Халықтың санитарлық-эпидемио­логия­лық саламаттылығы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 13 млн. 41 мың теңге сомасына 13051 айыппұл салынды. Сот органдарына 684 материал берілді, оның ішінде 554 талап-арыз бойынша сот шешімдері қабылданды. 402 сауда нысаны жұмысы сот шешімімен уақытша тоқтатылды. – Базарларды мораторий кезінде бақылай аласыздар ма? Біз шағын және орта бизнес субъек­тілерінің ісіне араласпай-ақ, камералды бақылау әдісімен тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, сатылатын және әкелінетін өнімдердің сапасы мен қауіп­сіз­дігін арттыруға бағытталған ша­ра­лар кешенін құру жұмыстарын бас­та­­дық. Агенттік мемлекеттік органдар, ак­кре­дит­теу субъектілері және тұтыну­шы­лар ара­сындағы өзара ақпарат алмасу мақ­сатында ықпалдастырылған ақ­параттық жү­йені құру мәселесін қа­рауда, сондай-ақ осы жүйе өнімдердің тех­никалық регла­менттерде белгіленген талаптарға сәй­кес­тігін растайтын құжа­т­тарды беретін және тіркейтін аккредиттеу субъектілері жұ­­мы­сының ашық болуын қамтамасыз етеді. – Республикада жыл сайын тұр­ғындардың Конго-Қырым ге­маоррагиялық қызбасымен (КҚГҚ) сыр­қаттанушылық жағдайлары тіркеледі, осы инфекцияға қарсы ағым­дағы жылы қандай алдын алу шаралары қабылдануда? – 2012 жылы ауруды 13 адам, 2013 жылы 7 адам жұқтырды. Ағымдағы жы­лы республикада халықтың Конго-Қырым геморрагиялық қызбамен сыр­қат­тану жағдайлары тіркелген жоқ. Рес­пуб­ликаның оңтүстігінде КҚГҚ бойынша эн­демиялық өңірлерде малға, мал қора­ларына, ветеринариялық, санитарлық-эпи­­демиологиялық және обаға қарсы қыз­­меттердің күштерімен жергілікті ат­қа­ру­­ш­ы органдардың көмегімен қолайсыз пунк­­т­тердің айналасында санитарлық-қорғаныш аймағын құру арқылы буферлік аймаққа кенеге қарсы өңдеу жүргізілуде. Ағымдағы маусымда 146 елді мекеннің айналасына санитарлық-қорғаныш аймағы құрылды. Әңгімелескен Сейфолла Шайынғазы, «Егемен Қазақстан».