05 Маусым, 2014

Қызылорда мен Краснодар

385 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
интеграцияарасындағы интеграциялық  байланыс баянды болады СӨЗ БАСЫ: Қара жерге қада қақсаң, бірер жылдан соң қарағайға айналатын құнарлы өлке екен. Ресейдің Краснодар аймағын айтамыз. Қара теңізге қолтығын беріп, Кубань өзені қақ жарып өтіп жатқан аймақтың табиғатына көз қызығады. Айналаның барлығы көк майса. Құр шөп емес, егістік. Бос жатқан жері жоқ. Жердің әр пұшпағынан өнім алмаққа еңбек етіп жатқандары бірден байқалады. Өйткені, әуежайдың іргесіне егіс салғанын көрдік. Ұшақ қанатының астында егін шығып тұр. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов пен облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмырза Еламанов бастаған делегация Краснодар аймағына сапарлатып барды. Құрамында шаруашылық басшылары, білім, туризм, ауылшаруашылық, архитектура саласының мамандары бар делегацияның басты мақсаты тәжірибе алмасу болатын. Кубань Кызылорда-5 Көненің көзіндей қала Маңдайыңды күн қыздырып, кекіліңді жел тербеп, құп-құрғақ ауамен демалып жүрген адамға атмосферасы ылғал, жаңбыры көп, теңізге жақын жер бірден жаға қоймайды екен. Делегацияның қатарындағы қырық адамның өкпесі қараптан-қарап қысылмасы бар ма?! Өздерін ыңғайсыз сезініп, тосырқап қалды. «Қақталған балық­тай болған бізге таза ауа жақпайды екен», деп жымиысып қояды тағы. Бірақ Краснодардың ауа райына тез үйрендік. Енді ше, тұмса табиғаты тамылжып, экологиялық таза қалпын сақтап тұрған күн райы кімге жақпайды дейсіз?! Не нәрсе болмасын, алғашқы әсерден қа­­лып­тасады ғой. Әуежайдан түскен бетте көзі­мізге көрінгені көлік жуу орындарының көп­­тігі еді. Әр аттам сайын көбігін көпіршітіп кө­лік жуып жатыр. Күні-түні жұмыс істей­тін­дері маңдайшаларында жазылып тұр. «Бұл не қылған көп көлік жуу орны?» деп қоя­­мыз. Сөйтсек, бір Краснодардың өзінде мил­­лионға жуық халық тұрады екен. Оның тең жартысында көлік болғанның өзінде автожуу орындарына сұраныстың көп бола­ты­­­нын ұғындық. Оның үстіне үнемі жаң­­быр жауады. Жаңбыр жауғасын, көлік те тез был­ғанады. Сондықтан көлік жуатын орын­да­рға сұраныс көп. Бұған қаланың айнадай та­за екенін косыңыз. Бейсауат жатқан қоқыс көр­мейсіз. Оның да өзіндік сыры бар екен. Біз­­дің дүкендерде қалағаныңша алат­ын па­кет­­­тер онда 1 рубльге сатылатын көрі­неді. Те­­­гін дүниенің қадірі болмайды. Көрін­ген жер­­ге лақтырып тастап кете бересің. Артық бо­­л­ғасын, оның үстіне дүкенге кіріп, сау­са­ғы­ңа іліп алып кете беретініңді білге­сін оң­ды-солды шашпағанда қайтесің? Ал сатып ал­­­саң, осы бір болмашы дүниеге ақша шы­­ғын­­­­­дағаның миыңда тұрады. Сол себепті орын­­­­сыз лақтырмай, бір тиынды болмасын ысы­­­рап қылмауға тырысасың. Былай қара­са­­­ңыз, айтуға тұрмайтын нәрсе сияқты. Бі­рақ қала әкімшілігіндегілер осы арқылы ха­­­­лы­қ­­тың тазалыққа едәуір көңіл бөлгенін жеткізеді. Көзімізге көрінген көлік жуу орындарын санап көріп едік. Бір кезде ол да таусылды. Сосын банк бөлімшелері бас­талды. «Құдай-ау, не деген көп банк бұл?!» деп келеміз. Біз өмірі білмеген, атын оқымаған, ең болмаса жарнамасын көрмеген банктер. Көбісі аймақтық банктер екенін аттары айтып тұр. Арасында Ресейдің іргелі қаржы жүйелері мен әлемдік шеңберде аттары қалыптасқан банктерді де жолықтырамыз. Банктер неліктен көп? Себебі, Краснодарда шағын және орта бизнес өте қатты дамы­ған. Әкімшілік беретін статистикалық мәлі­мет­терге, сықиған сандар мен паңданған пайыздарға қарамай-ақ мұндай тұжырым жасауға болады. Әрбір көшенің бойы базар дерсің. Үйлердің бірінші қабаты, бос жерге салынған ғимараттар, дүңгіршектер мен шатырлардың астында қайнаған тіршілік жүріп жатыр. Азық-түлік дүкендерінен бөлек, киім-кешек сататын дүкендердің өзі көшенің бойында қаз-қатар тұр. Бірінен шығып, екіншісіне кіріп, қалағаныңды ал да кете бер. Ол үшін арнайы базарлатудың керегі жоқ. Көшеде кетіп бара жатып, бас сұға салсаң болғаны. Тұрғындарға көрсетілетін түрлі қызметтің бәрі бар. Және біреу-екеу емес. Өте көп. Көп болғасын оның сапасы да нашар болмайды. Бәсекелестік басым ғой. Сондықтан олар сапаға жұмыс істейді. Көңіліңе қонғанын таңда да, қызметіне жүгін. Міне, шағын және орта бизнес дамығасын, банктерге де жұмыс бар. Әйтпесе соның бәрі халыққа кредит үлестіріп қана күн көріп отырған жоқ. Тарихтан белгілі, Краснодарды кезінде казактарға Екатерина патшайым сыйға тартқан. Жер-әлемді көктей шолып, бір жерде тұрақ тауып отырмаған казактар патшайымның дәргейіне барады ғой. Сонда Екатерина осы аймақты сыйға беріпті. Сол кездегі аты да Екатеринодар болған. Қалада көне ғимараттар молынан. Әр жерінде өткен күннің сырын ішіне бүккен ғимараттар тұр. Бүгінгі заманға бейімделіп, қайта жасалғандары да бар. Бірақ көне ғимараттардың көбісінің көбесі сөгілмеген. «Мәкәлайдың заманын» көрген орындарға қарап қызығасың. Қызылордаңыз да Алашқа астана болған жер ғой. Бұл жерде де ұлт тағдырына қатысты көптеген мәселелер шешілген. Тіпті, алғашқы кәсіби театрдың өзі осында ашылған. Дей тұрғанмен, бүгінде соның ізін көре алмайсыз. Бәрі бір кездері сүріліп кеткен. Жаңа жақсы ғой. Бірақ ескіні де ескере отыру керек. Краснодарда құрылыс та қарқынды жү­ріп жатыр екен. Заманауи ғимараттар, биз­нес орталықтар, әлемдік стандарттарға сәй­­кес­тендірілген қонақ үйлер мен мейрам­хана­лардың кейінгі жылдарда бой көтергені бай­қ­алады. Әсіресе, салынып жатқан тұрғын үй­дің қарасы көп. Кубаньға Сырдың бойынан барған делегацияның алғашқы тоқтаған жері де тұрғын үй құрылысына қатысты болды. Қарқынды құрылыс аймағы Бас жоспар бойынша Сырдың сол жаға­лауына қала түседі. Болашақта қала­­ның орталығы сол жағалау болмақ. Биыл­дың өзінде екі жағалауды қосатын көпір­дің құрылысы басталмақ. Жаңа қала сал­ғалы жатқан аймаққа Краснодардағы құры­лыс­пен танысу да пайдасын келтірмек. «Черно­морская финансовая компания» деген мекеме бар екен. Жалғыз Краснодарда емес, Ресейде және шетелдерде құрылыс салумен айналысатын көрінеді. Делегация алдымен осы компанияның басшылығымен пікірлесті. Кубаньның бойында көп үйді салып жатқан осы мекеме болып шықты. Тұр­ғын үйдің бағасы да өте арзан емес сияқ­ты. Дегенмен, дем арасында өтіп жат­қа­нын айтады. Ұқ­қа­н­ымыз, Краснодар халқы біз секілді, дали­ған үйде тұруды аса ар­мандамайтын тәріз­ді. Пайдалануға беріл­ген үйлердің көле­мі үлкен болса да, тұрғын­дардың ша­ғын пәтерлерге ынтасы зор. Себебі, оны ұс­тап тұруға кететін шығынның аз бол­ғ­анын қалайды. «Кезінде өзіміз «хрущевка» атап кеткен құстың ұясындай үйлер­ді менсінбейтін едік. Бара-бара бола­шақ­та сондай тұрғын үйлер салуға тура келе­ді-ау. Өйткені, халыққа сол ыңғайлы секіл­ді» дейді құрылысшылар. Салып жат­қан үй­лерін де көрдік. Автопаркингі қарас­ты­рыл­ған, бірінші қабаты сауда-саттыққа орай­ластырылған, заманның бар талабына сай келетін тәуір үйлер екен. Жер тербеліп кетсе сейсмикалық қауіпсіздігі 8 балға дейін шы­дайды. Бұрынғы салынған үйлер 4 балға дейін екен. Одан соң «ВКБ-инжиниринг» компания­сына бардық. Бұл өзі құрылыспен, ауыл шаруашылығымен, қаржы жүйесімен, тағы басқа көптеген бағыттарда жұмыс істейтін көп салалы мекеме еді. Тіпті, өздерінің «Кубанькредитбанк» деген банктері де бар. Қаржылық қоры – 6 миллиард рубльге жуық. Ресейдегі таңдаулы 100 банктің қатарына кіреді. Құрылыс саласында да бірталай жетістіктері бар болып шықты. Нысанға қажетті материалдардың басым бөлігін өздері өндіреді. Тіпті, қиыршық тасқа дейін сатып алмайды. Бұлар мемлекет тапсырысы бойынша салынатын құрылыстарға да қатысып, абыроймен жұмыс атқарып жатқандары айтылды. Әсіресе, балабақша құрылысын көптеп салатынға ұқсайды. Ал бақшаны тапсырар кезде, қасық-шанышқысына дейін дайындап береді. Бүгінде бірнеше шет мемлекеттермен тығыз байланыста жұмыс істейтіндерін білдік. Оның ішінде Қазақстанда да екі жоба бойынша жұмыс атқарып жатырмыз дейді. Оның қандай жобалар екенін сұрағанымызда «коммерциялық құпия» деп қысқа қайырды. Мұнан соң Краснодар аймағының әкім­шілігінде екіжақты кездесу болды. Алды­мен сөз алған губернатордың орынбасары, ауылшаруашылығы министрі Сергей Гаркуша қонақтарға қош келдіңіздер айтты. Аймақтың даму барысы, өнім өндіруде енгізіліп жатқан жаңа технологиялар турасында кеңінен баяндады. Бүгінде Краснодар аймағында 12 мен 15 миллионның арасында халық тұрады. Санның нақты айтылмайтын себебі бар. Өйткені, Краснодарға сырттан келіп жұмыс істейтін адамдардың қарасы басым. Оның сыртында туристік аймақ. Кейбіреулері жылдап жатып емделетін көрінеді. Дей тұрғанмен, губернатордың орын­басары аймақ тұрғындары мен қонақ­тарының қажетіне кететін ауылшаруа­шылық өнімдерінің барлығы өздерінде өндірілетінін, халықты ешнәрседен тарық­тыр­май отырғандарын қадап айтты. Онан соң сөз алған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов Сырдың бойындағы хал-ахуалды кеңінен қаузады. Аймақ тарихынан сыр шертіп, соңғы жыл­дары жеткен жетістіктерді санамалап берді. Жиынға қатысып отырған әр сала­ның басшылары да өз тәжірибелерімен бөліс­ті. Қос елдің спикерлері туризм, ауыл шаруашылығы, білім салалары бойынша пікір алмасты. Мәжіліс соңында Қызылорда облысы мен Краснодар өлкесінің, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­вер­ситеті мен Кубань мемлекеттік аграр­лық университетінің арасында меморан­думға қол қойылды. Ендігі бағыт – егіс алқабы еді. Күріш егу үрдісі бөлек Осының өзінде бидай белуардан келіп тұр. Күнбағыс тобыққа жетіп қалыпты. Ал күріш – көгеріп жатыр. Красноармейский ауданындағы соңғы күріш дәні 13 мамыр күні жерге тасталыпты. Арада өткен жарты айдың айналасында күрішіңіз кәдімгідей еңсе көтерген. Егістік алқабын тамашалап келеміз. Жерлері теп-тегіс, тақтайдай. Құнарлылығы сонадайдан көрінеді. Бұл жақта жерді тегістеу үшін мемлекеттен арнайы субсидия бөлінеді екен. Диқандар «бізге де сондай көмек берілсе ғой» деп қалды. Өйткені, біздің аймақтағы алқапты Краснодардың жерімен салыстыруға келмейді. Ой-шұқыры көп. Тегіс деп айтуға келмейді. Егер алқап тегіс болса, сепкен дәнің де бірқалыпты түседі. Онан кейін егістікті дәрілеген кезде тыңайтқыштар да дәннің дәл үстіне тап келеді. Күріш өндіру саласында бұл да ерекше фактор. Олардың күрішті суаруы да бөлек екен. Мысалы, бізде күріш үнемі судың астында жатады. Тіпті, тыңайтқыш сепкенде де суды сарқып тартпайды. Олай жасаса, күн күйдіріп жібереді. Ал мында жаңа өскіннің белінен келетіндей етіп суды тартқан. Табиғаттың өзі оған жағдай жасап тұр. Сонымен қатар, атыздың төрт тарабынан да су келеді. Төрт бағыттан қатар су келген соң, ол алқапқа қалыпты жайылады. Бұдан бөлек, атыздың ішіне бірнеше қолдан қазылған арықтың барын көрдік. Төрт жақтан келген су сол арықтар арқылы жайылады. Қызылордада су бір бағыттан ғана беріледі. Атыздың арғы басына су жеткізу үшін оны қысыммен айдайды. Міне, осы кезде дән жылжып алқаптың ортасына барады. Яғни, егілген дәннің өзі орнында қалмайды. Айта берсе, біз үйренер үрдіс көп. Красноармейский ауданы Краснодар өлкесінде өндірілетін күріштің 40 пайызын береді екен. Соның ішінде аудан атымен аттас серіктестіктің орны ерекше көрінеді. Біріншіден, бұлар мемлекеттің жерінде еңбек етеді. Жерді Ресей Федерациясынан жалға алып отыр. Екіншіден, егістіктің көбі осыларға қарайды. Майстеренко атындағы «Красноармейский» асыл тұқымды күріш өндіру зауыты деп аталады екен серіктестік. Кезінде осы аттас колхоз болған. Сол қалпын сақтап қалған. Директоры Сергей Кизинек Қызылордада болған, табиғат жағдайын білетін, біздің диқандардың ең­бегін жоғары бағалайтын азамат екен. Күріш өндірісі саласындағы бар білгенін жа­сы­рып қалмады. Қандай технологиялар қолданатынын, қалай тыңайтқыш беретінін, суаратынын, бәрін-бәрін жіпке тізгендей етіп баяндады. Уақыт болса, диқандарды арнайы келіп, асықпай жатып тәжірибе алмасуға шақырды. «Красноармейский» серіктестігі тек ауыл шаруашылығымен айналыспайды. Сонымен бірге, мал шаруашылығын да қолға алған. Бүгінде 1600 сауын сиырлары бар. Оған  бордақылайтын ірі қарасын қосыңыз. Бұдан бөлек, асыл тұқымды жылқы асырау­мен де шұғылданады. 70-жылдардың басында ауылға 50 асыл тұқымды ағылшын жылқысы әкелінген көрінеді. Содан бері бұл іспен қол үзбей айналысып келеді. Ең кереметі, қымыз өндіретін зауыттары бар. «Красноармейскийдің» қымызынан дәм таттық. Біздікіне қарағанда сұйықтау болғанымен, дәмді екен. Сапар соңында Бүкілресейлік күріш ғылыми-зерттеу институтында болдық. Бұл өзі күрішті түбірімен зерттейтін орталық. Әлемде әбден мойындалған, барлық күріш өндірушілер ақылына жүгінетін институт. Ғылыми-зерттеу институтының егіс алқабы да бар. Теориялық тәжірибелерін сол жерде практикада сынап қана нарыққа ұсынады. Әдетте қарапайым халық күріштің бір-ақ түрін біледі ғой. Палауға қосатын деп. Сөйтсек, мұның өзі диеталық тұрғыдан көп бөлікке бөлінетін болып шықты. Асқазаны ауыратын адамдарға, қант диабетіне шал­дық­­қандарға, балаларға, ересектерге арнал­ған түрі көп. Сондай-ақ, институт жыл сайын күріштің жаңа түрлерін тауып жатыр. – Жалпы, диқандар күріштің бір түріне үйреніп қалғаннан кейін содан ажырағысы кел­мейді. Ал негізінен егілетін күріштің түрін өзгертіп отыру керек. Бұл тарапта би­лік, ғылыми-зерттеу институты, шаруа ара­сында өзара келісім болғаны жөн. Билік ғы­лыми-зерттеу институтына күріштің жаңа түрлерін дайындауға қаржы бөледі. Инс­титут соны орындайды. Ал өмірге келген күріш түрін диқан пайдаланады. Бізде солай. Күріш­тің жаңа түрлерін нарыққа шығару неге керек дейтін шығарсыз. Себебі, заман дамып жатыр. Адамдардың талабы да өзгерді. Бү­гінгінің адамдары денсаулықтарына ерекше мән береді. Міне, осы сұранысты өтеу ке­рек. Сонымен қатар, жылда күріштің бір тү­рін еге берсеңіз, ол бұзылады. Ауруға шал­дығуға дайын тұрады. Сондықтан оны өз­гер­тіп отыру керек,– дейді ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры, академик Евгений Харитонов. Ресейлік ғылыми орталық біздің Ыбырай Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу институты­мен де, диқандармен де тығыз қарым-қаты­нас­та жұмыс істеуге ниетті екенін жет­кізді. Біз­д­ің тарап та олардың ықыласын қош алды. Солайша, сапар аяқталды. СӨЗ СОҢЫ: Бармасаң-келмесең, жат боласың. Ағайынмен қарым-қатынастың өзі осындай. Ал мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың жөні тіпті бөлек. Заман өзгеріп жатыр. Адамзат көрмеген, білмеген дүниелер шықты. Осы тарапта елдер арасында ынтымақ болып, тізе қосып, бірлесе қимылдаса, замана алдымызға тартқан тос­қауылдардан аман шығамыз. Бүгінде Қазақстан, Ресей, Беларусь арасында эконо­микалық одақ құрылды. Мұндай экономикалық одақ ең алдымен қарапайым шаруаға пайдалы. Біріншіден, өндірген затын үш елге еркін сатады. Екіншіден, одақтағы елдермен тығыз қатынаста болып, тәжірибе алмасып отырады. Ал тәжірибе – еңбектің анасы. Қызылорда–Краснодар–Қызылорда. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан».