Саясат • 02 Қараша, 2022

Саясаттағы әйелдер әлеуеті

670 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Гендерлік саясат – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Астанада еліміздегі әйелдер мен қыздардың саяси мүмкіндіктерін арттыру және көшбасшылық әлеуетін дамыту бойынша жаттықтырушыларға арналған тренинг басталды.

Саясаттағы әйелдер әлеуеті

«Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасы аясында басталған тренинг мақсаты – гендерлік теңдік арқылы Қазақстан экономикасын жақсарту, сондай-ақ әйелдер мен қыздардың басқа­рушылық әлеуеті мен саяси мәдениетін дамыту және әсерін зерттеу. Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия және Қазақ­стандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен өтті.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова әр өңірден білім, жаңа серпін іздеп келген болашақ жас саясаткерлерге тренингтер кешенді түрде өткізіле бастағанын айтты.

«Біз саясатқа келгенде мұндай дүние­лер жоқ еді. Әркім өз білгенімен жүрді. Менің ойымша, бұл шынымен де ерекше жоба. Біріншіден, бұл әрекет заңнамалық тұрғыда негіз болды. Мемлекет басшысы партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастыруды ұсынғаны ұтымды ұсыныс, саяси еркіндіктің арқасында әйелдерге берілген мол мүмкіндік деп білемін. Ең тиімді демократия ең жақсы құралдарды қолдану арқылы құрылады. Саяси даму туралы сөз болғанда, мұнда мүлде басқа механизм енгізіледі. Сіздің кәсібилігіңіз әрқашан соңғы нүктені қоя бермейді. Қазақстанның статистикасы әйелдердің 52 пайызын құрайды. Әйелдердің міндеті ата-анаға қарау, баланы балабақшаға апару деген сияқты сынды жиі естимін. Бірақ оған қосымша қаражат сұрамаймыз ғой. Бұл мәселеде біздің кәсіби қызметіміз бар. Егер сіз бір мақсатқа жетуді қаласаңыз, оның жолын міндетті түрде табасыз», деген ол тренинг қатысушыларына сәттілік тіледі.

Ақпарат және қоғамдық даму минис­трлігі Жастар және отбасы істері коми­тетінің төрағасы Қайрат Бай­мульдинов «Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасының басты міндет­терінің бірі әйелдер мен қыздардың көш­басшылық және саяси белсенділігін арттыру екенін жеткізді. «Бұл тренинг арқылы әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін жоғарылатып, саяси науқандарда белсенді болуына ықпал етеміз. Яғни Қазақстанның саяси әлеуетін арттыруға ықпал жасау», деді ол.

Қазақстан бойынша 100-ден астам қатысушының барлығы өз өңірлерінде аудиториясы ауқымды жандар екенін айта кетелік. Мәселен, астаналық Әйел­дер күштері альянсы төрағасының орын­басары Баян Тойкебаеваның айтуынша, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға, әйелдердің әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға, экономикалық мүм­кін­діктерін кеңейтуге бұл тренингтің берері мол. «Әйелдердің саяси көшбасшылық мектебін республиканың 16 өңірінде бас­тап жатырмыз. Бұл жоба аясында мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындары қыздарын да көшбасшылыққа  дайындау мектебінің жоспары құрылады», дейді ол.

Ал KASIP консалтинг орталығының басшысы, Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы, оралдық тренер, заңгер Зульфия Тынымгерейқызы көп жылдан бері іскер әйелдер кеңесімен жұмыс істеуінің нәтижесінде конкурс­тан өтіп жобаға келген. Ол әйелдерді саясатқа қалай даярлау керек, қандай құралдар бар, алға кандай мақсат қою керек, елі­мізге кандай лидерлер керек, саясатта әйелдердің рөлі қандай екенін түсінуге тренингтің септігі тиетінін және оны өз өңіріндегі әйелдерге жеткізетінін айтады.

Тренинг бүгінде Қазақстанның барлық өңірінен 25 тренерді оқыту арқылы пулын қалыптастырады. Сондай-ақ жоба өңірлердегі саяси белсенді әйел­дерді алдағы уақытта оқыту және оларды сүйемелдеу мүмкіндігін арттырады.

– Батыс өңірінде өтінім берушілер көп болды. Бірақ тренингке қабылданғандар саны – 25. Іріктеуді Ақпарат министрлігі өткізіп, БҰҰ ұсынылған кандидаттарды іріктеп, бекітті. Басты талап кандидаттың тренерлік тәжірибесінің  және сайлау науқанына қатысу тәжірибесінің бар болуы болды. Мен – тренермін. Яғни менің қызметім білім беру, дағды қалыптастыру, кеңес беру және сүйемелдеуден тұрады. Ал қалғаны уақыт еншісінде, – дейді батысқазақстандық бизнес-тренер Әсемгүл Қадырханова.

Аталған тренинг 1 қарашада басталып, 5 қарашаға дейін өткізіледі.