
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Тяньцзинь қалалық партия тұрақты комитетінің мүшесі, Білім істері комитетінің хатшысы Ван Сюймен келіссөздер жүргізген. Кездесу барысында білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралып, осы жылдың 14 қыркүйегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында қол жеткізілген бірқатар мәселені іске асыру жолдары талқыланды. Атап айтқанда, Ш.Нұрышев қазақстандық тараптың ҚХР Төрағасының елімізде кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық жобасы – «Лу Бань шеберханасын» іске асыру туралы бастамасын қолдап отырғанын жеткізді.
Бұл ретте Қазақстан ел аумағында түрлі әлемдік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы бастамаларды біріктіріп, оларды іске асыру жолдарын әзірлеуді ұсынды. Осы мақсатта Қазақстан елшісі жақын арада екі елдің мүдделі мемлекеттік органдары мен университеттері арасындағы келіссөздерді ұйымдастыруға бастамашы болды.
Өз кезегінде Ван Сюй ғылым мен білім саласы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың серпінді бағыттарының бірі екенін атап өтіп, Қытай тарапының оны одан әрі кеңейтуге дайын екенін айтты. Ол «Лу Бань шеберханасы» халықаралық жобасымен таныстырып, Тяньцзинь кәсіптік университетінің Қазақстанның жоғары оқу орындарымен практикалық ынтымақтастыққа дайындығын атап өтті. Енді екі тарап қол жеткізілген келісімдерді іске асыруға кіріспек.
«Лу Бань шеберханасы» – Қытайдың кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық жобасы. Осыдан 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген Қытайдың ұлы шебері және өнертапқышы Лу Баньның есімімен аталатын жобаның мақсаты – кәсіптік-техникалық білім беру орталықтарын бірлесіп құру арқылы шетелдік техникалық оқу орындарына білікті кадрлар даярлауға көмек көрсету. Бүгінгі таңда әлемнің 19 елінде 20 «Лу Бань шеберханасы» жұмыс істейді.
Қазақстан-Қытай қатынастарының жаңа кезеңі екі елдің ғылыми-мәдени кеңістігіне жол ашты. Қазір екі елдің 40-тан аса университеті арасында тығыз байланыс орнаған. Сондай-ақ ҚХР қазақ жастарын шәкіртақымен қамтып отыр. Қазіргі уақытта Қытайда 18 мыңға жуық қазақстандық білім алуда, ал Қазақстан бойынша бес Конфуций институты және Қытай мәдениеті мен тілін насихаттайтын оқу орындары жұмыс істейді.
Конфуций институттары, ең алдымен, түрлі байқау мен іс-шара арқылы Қытайдың тілі мен мәдениетін насихаттауға арналған. Олардың негізі-нде арнайы курстар ұйымдастырылады, қытай тілінен (HSK) біліктілік тестілері, Қытайға арналған ғылыми конференциялар өткізіледі. Сондай-ақ қытай тілі бойынша оқу әдебиеттерін әзірлеп, Қытайда студенттік және оқытушылық тағылымдамалар, оқыту бойынша консультациялар ұйымдастырады. Қазақстанда Астана, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында Конфуций институты жұмыс істейді. Астанада институт Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында құрылса, Алматыда 1999 жылы ҚазҰУ-дың қытай тілі орталығы базасында Ланьчжоу университетімен бірлесіп ашылған. Конфуций институты 2010 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының базасында, 2011 жылы Қарағандыда техникалық университет базасында құрылды. Конфуций институттарының жүйесі – мәдениетті кеңейтіп, тілді танымал етудің тиімді механизмі. Конфуций институттарының қызметі және Қытай мемлекетінің тілі мен мәдениетін танымал етудегі белсенділігі қазіргі уақытта қытай тілінің 40-тан астам елдің ұлттық білім беру жүйесіне енуіне әкелді.
Ал 2015-2017 жылдар аралығында Шанхай, Бейжің, Далянь және Сиань университеттерінде төрт «Қазақстан орталығы» ашылып, жұмыс істеп келеді. Орталықтар қазақ тілін, қазақ мәдениеті мен өнерін үйренуге көмек көрсетіп, студенттер мен оқытушыларды Қазақстанның тарихы мен қазіргі өмірі туралы хабардар етеді.