
Медиация бүгінде қоғамның барлық саласында қызмет атқарады. Тіпті отбасылық мәселелерді ерлі-зайыптылар өзара шеше алмаса, медиаторлар көмекке келеді. Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлейменнің басқаруымен өткен жиында медиация институтының жай-күйі, оның қылмыстық істерде пайдаланылуы, арнайы кабинеттердің білім мекемелерінде ашылуы, медиация тәжірибесінің медицинада қолданылуы секілді мәселелер қаралды. Әсіресе мамандар еңбек дауларын шешуде медиацияның рөлі ерекше екенін айтады.
Әдеттегідей әр мекемеде еңбек даулары, жұмысшылар арасында түсініспеушілік туындай қалса, бұл мәселе арнайы комиссияда қаралады. Ал медиация саласының сарапшылары «комиссия мүшелерінің еңбек дауларын шешу тәртібі, әдістері және заңнаманың мазмұны бойынша құзыреттері төмен», дейді. Өйткені қазір еңбек дауларын қарайтын комиссияның біліктілігін растайтын параметрлер қарастырылмаған. Осы орайда, сарапшылар медиация мекемелерінің көмектесе алатынын алға тартады.
«Медиацияның бітімгершілік комиссиядан айырмашылығы, медиатор екі тараптың мүддесі үшін жұмыс істейді, тараптардың рәсімге қатысуын қамтамасыз ететін бейтарап, құзыретті маман. Медиатордың бейтараптығына теріс әсер ететін мән-жайлар болса, маман медиациядан бас тартуға міндетті. Медиация – дауларды соттан тыс реттеудің ең тиімді жолы. Бұл рәсім кезінде жанжалға қатысушы тараптар медиатордың тәжірибесіне, білімі мен дағдысына сүйене отырып, өзара тиімді шешімге өз бетінше келе алады. Даудың шешілуі толығымен тараптардың өздерінің еркіне байланысты», деді «Ұлттық медиаторлар палатасы» ҚБ Шығыс Қазақстан облысы өкілдігінің директоры Марианна Дьячук.
Сондай-ақ медиацияның артықшылығы дауға қатысушылардың уақытын, ақшасын және эмоционалдық күшін үнемдейді, рәсімнің ұйымдастырылуы, ережелері мен мазмұны жеке белгіленеді. Десе де, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын еңбек қатынастарынан туындайтын дауларға медиация қатыспайды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық, қылмыс және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы басқа да қылмыстарды қамтитын қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.
Жиында мамандар еңбек дауларын шешудегі медиацияның қатысуын қамтамасыз етуде бірнеше ұсыныс жасады. «Қызметкердің дауды шешуге қатысты түсірген шағымға байланысты шектеулер бар. Осы орайда Еңбек кодексіне бірінші сатыдағы татуластыру комиссиясына ғана емес, кәсіби медиаторға да баламалы негізде жүгіну құқығын беретін нормаға толықтыру енгізу ұсынылады», деді медиатор М.Дьячук.