23 Мамыр, 2014

Көрші тату болса, ел тату

623 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Біз Тәуелсіздікке қалай үлес қосамыз?» Қайбір күні өткен жиында осы сұраққа бір ақсақал керемет жауап қатты. «Ең алдымен үйімізді, ауламызды таза ұстаймыз, көрші­­лерімізбен татумыз және балаларға дұрыс тәрбие беріп жатырмыз. Аула таза болса, ауыл таза болады, көрші­мен тату болсақ,  ел тату болады, балаларға дұрыс тәрбие, білім берсек, еліміздің болашағы жарқын болады. Міне, біз кемпірім екеуміз Тәуелсіздікке осылай үлес қосып жүрміз», деді әлгі қария. Тегінде ел болашағының баянды болуы үшін қарт адамдардан бұдан артық қандай қолдау қажет?! Шынында, елдің тыныштығы, ынтымағы, бірлігі отба­сының берекесінен басталса керек. «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген осы. Бүгінде Жамбыл облысында 25 облыстық, 47 аудандық этномәдени бірлестік 80-нен астам этностың басын біріктіреді. «Ынтымақ барда ырыздық бар» деген, барлығы Әулиеата жерінде ұрпақ өрбітіп, тату-тәтті тіршілік көшін жалғастырып жатыр. Енді, міне, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев осы­нау ынтымағы жарасқан түрлі ұлт пен ұлыстың мерейін тасы­тып, Тараз қаласының ортасынан Достық үйін салуды көз­деп отыр. Бұл үшін Тараз қаласының әкімі Нұржан Ка­лен­деровке арнайы жер учаскесін бөлуге тапсырма берді. Әрине, достық туын желбірететін бұл ғимараттың сәні мен салтанаты ерекше болатыны айдан анық. Әзірге облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме құрылып, отыздан астам жұмыс штаты берілді. Сондай-ақ, облыстық этномәдени бірлестіктердің жанынан жастар орталықтары ашылады. Аудандардағы бірлестіктерге гранттық қолдаулар көрсетіліп, мәдениет үйлерінен бөлмелер берілмек. Осы игілікті істің бастамасы ретінде облыс әкімі жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, Достық үйіне бір автобус көлігін сатып алып беруді жоспарлап отыр. Лайым, бұл игі істер ел бірлігін арттыруға үлкен үлес болып қосыла берсін. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.