23 Мамыр, 2014

Боксшылардың дәстүрлі бәсекесі

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгін Астанада Қазақстан бокс федерациясының кубогы-2014 жарысының жеребе тарту рәсімі өтеді. Онда ширек финалдық жекпе-жектер өтетін қалалар анықталады. Сондай-ақ, матчтық кездесудің қорытындысы бойынша командалар тең түсіп жатқан жағдайда өтетін айқастың қосымша салмақ дәрежесі белгілі болады. Жеребе тарту рәсіміне облыстық және қалалық бокс федерацияларының өкілдерімен қоса, БАҚ өкілдері және төрешілер алқасы қатысады. Кездесуге бокс федерациясы тарапынан мемлекеттік жаттықтырушы, еліміздің бокстан ұлттық құрама командаларының үйлестірушісі Болат Абдрахманов, бокстан әйелдер құрамасы мен спорт жарыстарын өткізу жөніндегі үйлестіруші Берік Мыржықбаев қатысса, жеребе тарту рәсімін XXX жазғы Олим­пия ойындарының чемпионы Серік Сәпиев, Олим­пиаданың қола жүлдегері Марина Вольнова мен «Астана» телеарнасының спорт шолушысы Самат Қанағатов жүргізіп отырады. Биыл Қазақстан бокс федерациясының кубогы бесінші рет өткізіледі. Бұл турнир федерацияның маңызды жобаларының бірі болып саналады. Қазіргі кезде ол спортшылар мен жанкүйерлер арасында кеңінен танылып үлгерді. – Қазақстан бокс федерациясы кубогы өңірлерде боксты дамыту және жас дарынды спортшыларды анықтау мақсатында федерациясы президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен бекітілді. Биыл турнирдің регламенті біршама өзгертілді. Біріншіден, қатысушы командалар бұрынғыдай алдын ала жекпе-жектерді төрт топта өткізеді. Яғни, A, B, C, D болып әр топта 4 команда қатысады. Алайда, 16 команданың бәрі жеребе бойынша өз топтарын анықтамайды. Мұнда рейтинг бойынша төрт мықты команда өз топтарын белгілеп алады. Яғни, осыған дейін өткен төрт маусымның нәтижесі бойынша төрт «себет» құралады. Әр «себеттен» топқа тек бір ғана команда түседі. Екіншіден, 25 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындалды. Оны жеңген команда ұтып алады. Жарыстың жартылай финалы және финалы 14-15 желтоқсанда Астана қаласында өтеді, – дейді еліміздің бокстан ұлттық құрама командаларының үйлестірушісі Болат Абдрахманов. Қазақстан бокс федерациясы кубогы жарысына облыстық және қалалық федерациялардың негізінде құралған 16 команда қатысады. Әр командада 49, 52, 56, 60, 64, 69, 75, 81, 91 және 91 килодан астам салмақ дәрежесі бойынша 20 боксшы болады. Матчтық кездесудің жекпе-жегінде жеңіске жеткен топқа 1 ұпай есептеледі. Жеңілген топқа ұпай берілмейді. Естеріңізде болса, бұған дейін өткен Қазақстан бокс федерациясы кубогы жолындағы турнирде Аста­на қаласының командасы 2010 және 2013 жылдары жеңім­паз болса, Қарағанды облысы 2011 жылы, Маң­ғыс­тау облысы 2012 жылы жеңімпаз болған еді. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».