23 Мамыр, 2014

Қытай Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көрегендігіне тәнті

258 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
03-4.jpg-19-05 Қытайдың Шанхай қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІV саммитінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин осылай деді. Бұл – Қазақстан Президентіне деген зор баға, ал халқымыз үшін үлкен мақтаныш деп білеміз. Иә, кеңеске мүше 11 елдің мемлекет басшылары, жалпы 26 мүше, 7 байқаушы мемлекет, 4 халықаралық ұйым өкілдері, тіпті, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі арнайы қатысқан ауқымды халықаралық жиында жалпақ әлемге жарияланған Елбасы туралы бұл пікір шараға қатысқан журналистерді ғана емес, ақпарат құралдары арқылы хабардар болып отырған барлық қазақстандықтарды мақтанышқа бөлегені анық. «АӨСШК бастамашысы –  Нұр­сұлтан Назарбаев. Біз оның үлкен саяси көрегендігі мен аймақ­тық қауіпсіздік пен әлемдегі бей­бітшілікті қамтамасыз етуді өзінің парызы санайтын қасиетіне тәнтіміз», деп атап өтті Қытай Төрағасы Си Цзиньпин саммитте сөйлеген сөзінде. Сондай-ақ, ол АӨСШК-нің даму жолы көпжақты сенімді нығайтудың өзекті мәселелеріне, Азия елдерінің талаптарына жауап бере­ті­нін көрсетіп отырғанын айтты. «Мұндай жетістіктер бұл іске мұ­рын­дық болған Қазақстан мен қазіргі төрағалық етуші ел – Түркия­ның ауқымды үлесінсіз жүзеге аспас еді», деп бір қосты. Қытай Төрағасы Си Цзиньпин атап өткендей, Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары кеңе­сін құру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария еткен болатын. Ал бұл бастама бүгінде өз өміршеңдігін дәлелдеп, Азия елдері арасында беделі биік, абыройы асқақ, ауқымды ұйымға ұласты. Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынты­мақтастықты нығайту жөнін­дегі іргелі халықаралық үнқатысу алаңына айналды. Яғни, қашанда жақсы бастаманың жаршысы болып жүретін Қазақстан Президенті саяси көрегендігін осылайша тағы бір дәлелдеді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің ІV саммитінде сөйлеген сөзінде де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің парасаттылығын көрсетіп, бастамашыл бағыттағы бірқатар тың идеяларымен бөлісті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жаңа қауіптер мен сын-қатерлердің пайда болуына байланысты әлемдік құрылымдағы кейінгі кездері байқалып отырған түбегейлі өзгерістерге назар аударды. Бұл ретте әскери-саяси саладағы сенім шаралары тұжырымдамасын қабылдау әлі де маңызды деп санайтынын ашық айтты. Осыған орай Қазақстан АӨСШК мен ШЫҰ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуын құптайтынын жеткізді. Қазақстан Президенті сондай-ақ, ядролық қарусыз бейбітшілікке қол жеткізу жөнінде де ойын ортаға салды. Сонымен бірге, бейбіт атом энергетикасын дамыту кедейшілікті, жұмыссыздықты, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту АӨСШК қызметінің негізгі бағытының бірі екеніне басымдық берді. Бұл ретте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең өзекті мәселенің бірі болып отырғанын, ол үшін өңірдің барлық мемлекетінің кешенді күш-жігері қажеттігін, соның ішінде, АӨСШК желісі бойынша азық-түлік өндірісіне байланысты нақты тетіктерді әзірлеу керектігін тілге тиек етті. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Жібек жолының инфрақұрылымдық қорын құру идеясы аса маңызды мәнге ие екенін ескере отырып, Қазақстан Азия құрлығының дәл орталығында орналасқандықтан, Жібек жолы жобасының штаб-пәтерін Алматыға көшіру туралы ұсыныс жасады. Осыдан кейін Мемлекет басшысы кез келген елдің интеграциялық таңдауы халықтың әл-ауқаты мәселесі екенін айтып, эконо-микалық интеграция үрдістерінің маңыздылығын да ұмыт қалдырған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде АӨСШК арқауында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым құру қажеттігіне сенімді екенін білдірді. «Ол ЕҚЫҰ-ға сындарлы бәсекелес болуы тиіс. Өзара ынтымақтастық пен өзара түсіністік болмайынша, шығыс дәстүрлері мен құндылықтарын ескермейінше, Батыс Шығыстан тысқары, орнықты дами алмайды», деді Қазақстан басшысы. Ең бастысы достықтың негізі болып саналатын өзара сенім болашақ халықаралық ұйымның негізгі ұстынының біріне айналуы тиіс екенін баса айтты. Міне, осы және басқа да маңызды мәселелерді талқыға салған Қазақстан Президентінің халықаралық ұйым алдындағы бөлекше беделі IV саммитте айрықша аталғаны жайында кешегі мақаламызда да жазған болатынбыз. Ал 2010 жылы Түр­кия­да өткен ІІІ саммитте де Қазақ­стан Президентіне қатысты парасатты пікірлер айтылғанын саясаткерлер әлі ұмытқан жоқ. Сөз орайында солардың кейбіріне тоқ­талайық. Мәселен, Түркия Пре­зид­енті Абдулла Гүл: «1992 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Азиядағы баламасы ретінде АӨСШК ұйымын құру идеясын ұсынды. Бұл жаһандық ауқымдағы тарихи оқиға болды. АӨСШК табысты дамып келеді. Мұның басты қағидаты ынтымақтастық негізіндегі қауіпсіздік болып табылатын АӨСШК үдерісінің маңызын көрсетеді» десе, Ресей Президенті (ол кезде Премьер-Министр) Владимир Путин: «АӨСШК-нің беделі көп жағдайда осы форумды құру бастамашысы болып табылатын Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігерінің арқасында айтарлықтай артқанын атап өтпей тұра алмаймын», деді. Ал Ауғанстан Президенті Хамид Карзай: «АӨСШК Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығының арқасында дүниеге келді. Оның көп жылғы күш-жігерінің нәтижесінде АӨСШК күрт өсті», деген лебізін білдірсе, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев: «Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа АӨСШК-ні маңызды халықаралық форум ретінде трансформациялаған күш-жігері үшін ризашылығымды білдіргім келеді. АӨСШК-нің болашағы зор», дегені бар. Міне, осындай орнықты ой-пікірлер мен жүрекжарды сөздерді ескере отырып, Қазақстан Президентінің саяси көрегендігіне көпшілік елдің тәнті екеніне тағы бір көзіміз жетті. Мерейіміз арта түсті. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.