23 Мамыр, 2014

Жаһандық қаржы жүйесі: дағдарыс тудырған дәрменсіздік

605 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
форумАстана экономикалық форумы: 2-ші күн Елордада өтіп жатқан Астана экономикалық форумы кешегі күні одан әрі жалғасты.  Бұл күні де осы халықаралық деңгейдегі ірі басқосу аясында бірқатар конференциялар мен форумдар және сессия­лар болып өтті. Солардың маңызды бірі «Әлемдік экономика болашағы: қаржылық жаһандану немесе қаржылық бөлшектену» атты сессия отырысы болды. Оның жұмысына аттары әлемге таны­мал қаржыгерлер мен саяси қай­раткерлер қатысты. Сессия жұмы­сын Бреттон-Вудсты жаңғырту жөнін­дегі комитетінің атқарушы дирек­торы  Марк Узан жүргізіп отырды. 22 may 12 Форумның күн тақырыбында келтірілгеніндей, халықаралық қаржы жүйесі болашақта бір-біріне қайшы екі бағытта дамуы мүмкін. Оның біріншісі – үлкен интеграциялану бағыты болса, екіншісі сегменттелу немесе өзара тұйықталу бағыты болмақ. Үлкен интеграциялануға бағытталатын бірінші жол неғұрлым пайдалы болып табы­лады, бірақ сонымен бірге, үлкен міндеттемелерді қажет етеді. Бұл интеграциялану түрінің тағы бір артықшылығы капитал­ды бөлудегі тиімділіктің көте­рілуімен қатар елдер арасындағы әркелкі дамушылық көрінісі азая түспек. Ал сегменттелу жолы дамудың мүлдем қара­пай­ым­далу көрінісі ретінде қарас­тырылады. Осындай қауіп-қатер халықаралық қаржы жүйе­сінде, әсіресе, оның банк секторында  қазірдің өзінде көрініс беруде. Әзірге, сегменттелу үдерісі әлем­дік дамуға өз көлеңкесін тигі­зе бастайтындығына қанша уақыт кететіндігі түсініксіз қал­пында қалып отыр. Аталған бас­қосуда сөз алған ғалымдар мен қаржыгерлер осы мәселе төңі­регінде ой өрбітті. Мәселен, Халықаралық қаржы қорының батыс елдері бойынша департамент директорының орынбасары Джон-Мария Милези-Феретти дамушы рыноктарды қазіргі күні екі түрлі қауіп-қатердің күтіп тұрғандығын атап көрсетті. Соның біріншісі елдердің жүргізіп отырған монетарлық саясатына қатысты болып отыр. Осы саясаттың ықпалымен соңғы кездері дамушы рыноктарға бағытталып келген капиталдар мен инвестициялар көлемі едәуір дәрежеде азая түсті. Демек, деді  осы мәселеге бай­ла­нысты шешен, дамыған елдер­дегі жағдай қайта қалпына кел­ген­ге дейін дамушы елдердің бір­қатарында байқалып отырған ұлттық валюта тұрақсыздығы жойыла қоймауы мүмкін. Міне, осындай жағдайда бірқатар елдер үшін жинақталған зейнетақы қорлары инвестицияның жаңа көздеріне айнала бастағандығы сезіледі. Тіпті, кейбір елдердің жинақтаушы зейнетақы қорлары қазіргі күні халықаралық рыноктарға да шыға бастады. Ғалым соңғы жылдары әлемдік қаржы дағдарысының әсерімен содан қорғанудың бір жолы ретінде өңірлік даму банктерінің пайда бола бастағандығын да атап көрсетті. Бірақ, оның пікірінше, бұл тәсіл дағдарыс салдарымен күресудің белсенді құралына айнала алмайды. Өйткені, олардың қуаттылық көлемі халықаралық қаржы ағымдарына төтеп бере алмайды. Келесі кезекте сөз сөйлеген Экономика профессоры, Ос­на­брюк университеті  халықаралық экономикалық саясат бөлімінің басшысы  Франк Вестерманн, Оңтүстік Калифорния универ­си­те­тіндегі экономика және халық­аралық қатынастар жөніндегі Доксон факультетінің деканы  Джо­шуа Айзенман, Global Sovereiqn Markets, UBS Global Asset Manaqemment аға стратегі  Массимиллиано Кастелли, Италия­ның бұрынғы премьер-ми­нистрі Романо Проди, Нобель сыйлығының лауреаты Кристофер Писсаридес, Австрияның бұрынғы канцлері Альфред Гузенбауэр, ҚХР қаржы институтының бас директоры Джин Жонгсия сөз алып, әлемдік қаржы жүйесін сенімді түрде қайта қалыптастыру жолдары туралы өз ой-пікірлерін білдірді.  Бұл басқосу білікті сарапшылардың көзқарастарына негізделген тартымдылығымен ерекшеленді. * * * VII Астана экономикалық форумы шеңберінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Қазақстан экономикасын дамытудағы рөлі» атты пленарлық сессиясы болып өтті. Оны «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ ди­ректорлар кеңесінің тәуелсіз ди­ректоры Клаус Мангольд моде­ратор ретінде жүргізіп отырды. Экономика және қаржы сала­сының мамандары мен сарап­шы­ларының ерекше қызығу­шы­лығын туғызған бұл маңызды сессияның күн тәртібі бойынша «Қазақстанның жаңа Даму банкі – теңгемен қаржыландыратын үздік банк», «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдармен отандық шағын және орта бизнесті қолдау құралдары, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдарымен Қазақстанда іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларды қол­дауы» атты тақырыптар жан-жақты талқыланды. Сес­сия жұ­мысына Қазақстан Респуб­ликасы Премьер-Министрінің орын­басары – Индустрия және жаңа тех­нологиялар министрі Әсет Исе­кешев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбаса­ры – Қаржы министрі Бақыт Сұл­танов, Экономика және бюд­жет­тік жоспарлау министрі Ер­болат Досаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қуан­дық Бишімбаев, Парламент депу­таттары және шетелдік қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасын айқындап, еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті  дамыған 30 елінің құрамына кіру міндетін қойды. Бүгінгі өркениет үрдісіне нық қадам басқан Қазақстан экономикалық дамудың сара жолында интеграциялық байланыстарға басымдық беруде, деді Премьер-Министрдің орын­басары – Индустрия және жаңа тех­нологиялар министрі Әсет Исе­кешев сессияда сөйлеген сөзінде. Енді санаулы күндерден кейін еліміз Кеден одағы құрамын­дағы Ресей Федерациясы және Бела­русь Республикасымен Еуразия­лық экономикалық одақ құру жөніндегі шартқа қол қояды. Үстіміздегі жыл­дың соңына дейін еліміз Бүкіл­­әлемдік сауда ұйымына мү­шелікке қабылданбақ. Міне, осы инте­гра­циялық үдерістер Қа­зақ­стан экономикасының дамуына жаңа сер­пін беріп, тың белестерге бастамақ. Экономикамыздың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін елі­мізде қажетті жағдайлардың жаса­­лып жатқанына тоқтала келіп, Әсет Исекешев Қазақ­стан­да жеке­шелендірудің екін­ші толқыны жарияланып, жеке меншік сала­ның дамуына даң­ғыл жол ашыл­ғандығын атап көр­сетті. Бұл ретте еліміздің қар­жы саласын дамытуға айрық­ша басымдық беріп отыр. Қазақ­стан экономикасы өзінің даму үрдісінде жекеменшік жә­не ше­телдік инвестицияларды қа­жет етеді. Экономиканы индус­трия­ландырудың сара жолына салу үшін сенімді қаржы институттары қажет. Сондықтан еліміздің эко­номикасын одан әрі дамытуда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі аса зор, деді ол. Экономикамыздың басым са­лаларын қаржыландыру және қолдау арқылы Қазақстан эконо­ми­касын тұрақты дамуға бастау мақсатында құрылған «Бәйтерек» холдингін бес стратегиялық бағыт бойынша дамыту көзделінген. Олар экономиканың басым секторларын қаржыландыру және қолдау арқылы Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына көмектесу; шағын және орта кәсіпкерлікті қол­дау; экономиканың инно­ва­­ция­лық салаларын дамыту; қазақ­­стандық компаниялардың экс­порттық әлеуетін арттыру; мем­лекеттің әлеуметтік саладағы ба­сым міндеттерін шешу болып та­бы­лады. Экономиканың басым сек­торларына тиімді қаржылық қол­дау көрсету мақсатында холдинг Қазақстанның Даму банкі, Қазақ­станның инвестициялық қоры және «Қазына Капитал Менед­ж­мент» секілді өзінің енші­лес ұйым­дарының инвестициялық қыз­метін барынша жандандырды. Бірінші кезекте холдинг ҮИИД мемлекеттік бағдарламасын іс жүзіне асыру мақсатында инвес­тиция тартуға басымдық берді. 2014 жылы холдинг жалпы құны 3,7 миллиард доллардан астам 13 инвестициялық жобаны іске қо­сып 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, 2014-2015 жыл­дары жалпы құны 8 миллиард долларды құрайтын 20 инвес­тициялық жобаны қаржыландыру жоспарланған. Осы жобалар шең­берінде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Шағын және орта бизнесті қол­дау аясында бірқатар табыстарға да қол жеткізіліп отыр. 2013 жылдың қорытындысы бой­ын­ша шағын және орта бизнес­ті қолдауға бөлінген 236 мил­лиард теңгені 2023 жылы 583 миллиард теңгеге дейін ұлғайту бел­гіленген. Экономиканың жаңа, қазіргі заманғы салаларын қолдау және инновацияларды дамыту бағдарламасы шеңберінде холдинг мынандай мақсатты индикаторларды айқындап отыр.Мәселен, инновациялық салада өндірілетін өнімнің жыл сайынғы көлемі 2014 жылғы 8 миллиард теңгеден 2023 жылы 13 миллиард теңгеге дейін арттырылмақ. Технологиялар трансфертін іске асырған кәсіпорындар санын 2014 жылғы 12 пайыздан 2023 жылы 70 пайызға дейін ұлғайту көзделінген. Қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуетін қолдау мақ­сатында бірқатар кешенді шаралар белгіленуде. Осының нәтижесінде қолдау құралдары арқылы іс жүзіне асырылған жобалар негізінде экспортталатын өнім көлемін 2013 жылғы 7,7 миллиард теңгеден 2023 жылы 13 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Мемлекеттің әлеуметтік ба­ғыттағы міндеттерін шешуге кө­мек­тесу мақсатында холдинг «Қа­зақстанның тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі» АҚ және «Қазақ­станның ипотекалық компаниясы» АҚ сияқты серіктестерінің жұ­мы­сына басымдық бермек. Бұл ком­паниялар тұрғын үй құрылысы үшін қаржы жинақтау жүйесін одан әрі дамытып, ипотекалық нарықты қолдай отырып сатып алу құқығымен арендалық баспана жүйесін кеңейтуді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесіне қатысушы экономикалық белсенді халықтың үлес салмағын 2013 жылғы 4 пайыздан 2023 жылы 17 пайызға дейін ұлғайтылады. Холдинг нарықтағы баспана са­луға және сатып алуға беретін не­сие­лерінің үлесін 2013 жылғы 13,8 пайыздан 2023 жылы 25 пай­ыз­ға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Елімізде іс жүзіне асырылып жатқан ҮИИД бағдарламасының екін­ші бес жылдығында, яғни 2015-2019 жылдары атқаратын ин­­дустриялық-инновациялық мін­­деттерді жүзеге асыруда «Бәй­терек» холдингі негізгі қаржы агенті болып белгіленді. Екінші бес­­жылдық бағдарламаларын іске асыру үшін қаржы институт­та­рының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында хол­динг даму институттарының жұ­мы­сын қайта қарап, жаңа мін­дет­тер белгіледі. Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау мақсатында өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлікті несиелеу үшін Ұлттық қордан 100 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жаңа серпін бермек. Міне, осындай келелі міндеттерді іс жүзіне асыру арқылы «Бәйтерек» холдингі 2023 жылға қарай ел экономикасын әртараптандыру мен модернизациялауды ойдағыдай іс жүзіне асырып, тұрақты даму үрдісін қамтамасыз етпек. Сессия жұмысына Қазақ-Британ сауда-өнеркәсіп кеңесінің тең төрағасы Дэвид Вуттон, McKinsy&Company компаниясының серіктес-кеңес­шісі Питер Кральчик, ІҒС (Ха­лық­аралық қаржы корпорациясы) Орталық Азия елдері бойынша аймақтық менеджері Моаззам А.Мекан және басқалар қатысып, күн тәртібіндегі келелі мәселелерді белсенді талқылады. * * * VII Астана экономикалық форумы шеңберінде ЕурАзЭҚ бас хатшысы Тайыр Мансұровтың «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан Еуразиялық жобасы. Еуразиялық жобаның 20 жылдығына орай» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Бұл кітап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылдың нау­рыз айында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінде сөйлеген сөзінде алғаш рет ұсынған «Мемле­кет­тердің еуразиялық одағын құру туралы» идеясының 20 жылдығына орай жарық көріп отыр. Оның авторы – қазақстандық танымал саясаткер және дипломат, ЕурАзЭҚ бас хатшысы, экономика ғылымдарының докторы Тайыр Мансұров посткеңестік елдердің алдында жаңа мүмкіндіктер мен кемел келешекті ашатын еуразиялық жобаның тарихи рөлін тиімді экономикалық және әлеуметтік дамудың басты құралы ретінде жүйелі түрде талдап көрсеткен. Ба­сы­лым қалың оқырманға, ғалым­дарға, мемлекеттік басқару және халықаралық қатынастар сала­сы­ның мамандарына, сонымен қатар, қазіргі заманғы тарихпен айналысатын оқырмандарға арналған. * * * Кеше VII Астана экономикалық форумының шеңберінде Халық­аралық әйелдер форумы «G-GLOBAL: Жаңа экономикадағы әйелдер рөлі» деген тақырыпта жұмы­сын бастады. Жиынды Қазақстанның Іскер әйелдер қау­ымдастығы, Қазақстанның Іскер әйелдер одағы, Қазақстан Респуб­ликасы Президенті жанын­дағы Әйелдер істері және отба­сы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының  қолдауымен ұйымдастырған. Форум қатысушылары жиналған залға келушілердің қызығушылығы зор болған секілді, форум басталарда бір-бірін құттықтап, танысып жатқандар, пікір алысып жүрген әйел затынан көз сүрінді. Бірді-екілі азаматтың тарыдай шашырап отырғанын көргенде форум жұмысының шынымен нәтижелі болатынын аңғартқандай еді. Жиынның негізгі тақы­ры­бы әйелдердің саяси көшбас­шы­лығы, табысты болу үшін қан­дай қасиеттерді жетілдіру қажет­тілігі, жалпы, көшбасшылық қасиетін адам капиталын дамыту құралы ретінде қарастыруға бола ма деген әңгіме төңірегінде өрбіді. Басқосудың ашылу сал­танатына Қазақстан Пре­мьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақ­стан Президенті жанындағы  Әйел­дер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Махаббат Бекбосынова, Ау­ған­стан­ның әйелдер істері жөніндегі министрі Хусн Бану Газанфар, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова, шве­ция­лық  «TeliaSonera Eurasia» компаниясының корпоративтік байланыстары бойынша вице-президенті Александра Аккирман, Канада сыртқы істер консулдық мәселелер бойынша мемлекеттік министрі Линн Елич және басқалар қатысып, құттықтауларын жет­кізді. Талап-тілектерін білдіріп, форум жұмысына сәттілік тіледі. Г.Әбдіқалықова Елбасы­мыздың «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында әйелдің отбасы тірегі екендігі, яғни мемле­кет­тің де тірегі екендігін баса көрсеткендігін жеткізгенін айтса, Х.Б.Газанфар бүгінде өз елінде әйелдердің рөлі артып келе жатқанын көтеріңкі көңілмен мәлімдеді. Ал А.Аккирман өз елінде әйелдердің қай салада болса да үлес салмағы жоғары екенін атап көрсетсе,  Л.Елич өз елінде 1,5 млн. әйелдің бизнеспен айналысатынын көлденең тартты. ***

Астанаға Франциядан инвестиция тартылды

VII Астана экономикалық форумы аясында V «Astana Invest 2014» Халықаралық инвестициялық форум өтуде. Кеше осы форум аясында Астана қаласының әкімдігі мен «EIFFAGE – EGIS – GDFSUEZ» консорциумы арасында ASTAINABLE жобасын іс жүзіне асыру жөніндегі өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумға елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов және Франция мемлекетінің Қазақстандағы елшісі Франс Этьен қол қойды. Астанаға ASTAINABLE жобасы аясында ұсынылған қалалық жобалау тетігі – қаланы дамыту жоспарындағы бірқатар жобаларды іс жүзіне асыруға мүмкіндік береді. «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Талғат Әшімнің айтуынша, аталмыш 3D үлгісі қала нысандарын 3D картаға біріктіруге мүмкіндік береді. Аталмыш карта арқылы қала ауқымында болып жатқан түрлі оқиғаларды модельдеуге болады. Мәселен, жолдардың өткізу мүмкіндіктерін нақты есептеуге болады. Бұрын бұл карталар 2D форматында және шашыраңқы болатын. Енді бұл жоба барлығын біртұтас етіп біріктіреді. Жоба құны – 3 млн. еуро. Бұл қаржы Франция мемлекетінен инвестициясы ретінде тартылмақ. Астана қаласының әкімдігі аталмыш жобаның тек жүзеге асырылуын қадағалап қолдау көрсететін болады. «Қаланың тұрақты дамуына арналған 3D-ынталандырушы» жобасы «Smart Аstana» жобасының негізгі құрамына жатады. ***

Ел беделін асқақтату үшін

VII Астана экономикалық форумы ашылған күні «Қазақ елі» монументі алаңында отандық G-Global және «Астана ЭКСПО-2017» мегажобаларын қолдау мақсатында «Керуен» атты мотошеру бас­тау алды. Шеру барысында алты қазақстандық Еуропа мен  Азия тұрғындарын осынау мегажобалармен таныстыру мақсатында әлемнің 20 мемлекетін аралап шықпақ. Мотошеруге қатысушылар Ресей, Финлияндия, Швеция, Норвегия, Франция, Италия, Түркия елдерін аралап, шілденің 6 күні, яғни еліміздегі Қала күні мерекесіне орай Астанаға оралмақ. Сапар барысында отандастарымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған G-Global жаһандық үнқатысу алаңымен «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі туралы жан-жақты насихаттап, шетелдіктерге бұл жобалардың артықшылығын паш етпек. Парламент Сенатының депутаты, «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының үйлестіру комитетінің тең төрағасы Серік Нөгербеков мотошеруге қатысушыларға сәт сапар тіледі. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».