22 Мамыр, 2014

Қазақстандық тәжірибе Арменияны да қызықтырады

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов Армения Республикасы Азаматтық қызмет кеңесінің төрағасы Манвел Бадалянмен кездесті. Кездесуде тараптар Қазақстан мен Армения арасындағы екіжақты ынты­мақтастық мәселелерін талқылады. Қоры­тындысында Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Армения Республикасының Азаматтық қызмет кеңесі арасындағы мемлекеттік қызмет саласында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі ел сарапшыларының кездесулер өткізіп, пікірлер алмасу­ларына, мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі іс-шараларға қатысуларына, сондай-ақ, Қазақстан мен Армения мемлекеттік қызметшілерінің тағылым­да­мадан өтулеріне бағытталған. Манвел Бадалян журналистерге берген сұхбатында Қазақстанның мем­­лекеттік қызмет саласын рефор­малау­дағы тәжірибесіне, оның ішінде «А» корпусының енгізілуіне үлкен қызығушылық танытатынын атап өтті. «Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастығының перспективасы ерекше зор болмақ, – деді ол. – Біз Қазақстанның мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларымен жан-жақты таныстық. Қол қойылған меморандум екі елдің осы саладағы ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді деген сенімдемін». Ал Әлихан Байменов: «Қазақстан мемлекеттік қызметті реформалауда ТМД-да көшбасшы болып табылады. Кез келген мемлекеттің өзгеден үйренетін жақсы жақтары болады. Біз де әлемдегі мемлекеттермен тиімді қатынастар жасауға тиіспіз. Кездесуде Астанадағы аймақтық хабтың аясында бірлесе іс-қимыл жасауға уағдаластық. Осы жылдың соңында немесе келесі жылдың басында хабтың бір шарасы Ереван қаласында өтетін болады», – деді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».