Саясат • 02 Маусым, 2022

Рәміздерді насихаттау бойынша ұсыныстар әзірленді

754 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына – 30 жыл. Осыған орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Мемлекеттіліктің рәміздері» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Алқалы жиында отандық және шетелдік сарапшы-ғалымдар рәміздердің насихатталуы мен идеологиялық кемшін тұстарын сөз етті.

Рәміздерді насихаттау бойынша ұсыныстар әзірленді

Іс-шара жұмысын кітапхана директоры, саяси ғылымдар кандидаты Бақытжан Темірболат жүргізді. Ол өз сөзінде мемлекеттік символдарға байланысты пікірін елдің саяси рәміздері жастардың өзін-өзі тануының маңызды факторлары ретінде жеткізді. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов ел жастарының әлеуметтік портреті туралы сөз қозғады. Ал мемлекеттік Елтаңбаның авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жандарбек Мәлібеков ұлттық рәміздерімізді насихаттау жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді.

«Барлығы науқан есебінде ғана, рәміздер күніне орай жылына бір апта, он күндей ғана кездесулер, өзге де іс-шаралар өткіземіз де қоямыз. Ал олардың мәні мен мағынасын, құндылығын балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, ауыл жастарының бойына сіңдіруіміз қажет. Жастар Туды қолдарына алғанда, үйлерінің төріне ілгенде ғана жүрегімен сезінеді. Менің Отаным, менің Отбасым, менің Қазақстаным, менің Байрағым, менің Таңбам, менің Елім деген түсінік қалыптасады. Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз, олай болса осы жастар ұйымдары бар, комитеті бар солардың жанынан рәміздерімізді насихаттау үшін заңда қандай өзгерістер, талаптар қажет екенін анықтайтын комиссия құрылса деген ұсынысым бар. Бір конференциямен ғана мәселе шешілмейді», деп пікірі мен ұсынысын білдірді Жандарбек Мәлібеков.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, фило­логия ғылымдарының докторы, про­фессор Дихан Қамзабекұлы да рәміз­танудағы жастардың рөліне анығырақ айтсақ, жаңа міндеттеріне тоқталды.

Конференцияға шетелдік сарапшылар онлайн байланыс арқылы қатысты. Қырғыз мемлекеттік заң академиясының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Саветбек Абдрасулов мемлекеттік рәміздердің идеологиялық, саяси кемшіліктерін өз елінің мысалында баяндады. «Ту туралы айтатын болсақ, қырғыздар ерте заманнан ақ, көк, қызыл және қара түсті туды қолданған. Олардың әрқайсысы халықтың белгілі бір күйін білдірді. Қырғыз халқы жоқтауды қарамен, сұлулық, өмір мен ерлікті қызылмен, аспан, ақиқат, тектілікті көкпен, әділ­дік, келісім, татулық, бірлік, рухани таза­лықты ақпен белгілеген. Ту негізі ақ және ашық көк түсті болу керек. Ал бұрынғы Қырғызстанның туында қара түс қол­данылды. Бұл жобаны құрарда кәсіби мамандардың тартылмағанын көрсетеді. Идеология, саясат тұрғысынан алғанда нені көрсетеді? Қара түс – қаралы күн, аза тұтуды меңзейді. Мүмкін, қырғыз халқының аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан өткергенін көрсеткісі келген болар. Тудың түсі ақ, көк және алтынның үйлесімі болуы керек. Көгілдір-көк түсті ту, оның ортасында ақ өңі бар алтын шеңбер және ішінде суреті бар. Осы тұрғыда Туды құрастырарда қазақ халқы дұрыс шешім қабылдаған. Еркіндікті бір туға сыйғызған. Осы жағынан елдің саяси әлеуетін көруге болады», деді қыр­ғыз ғалымы. Ал Джордж Маршалл атын­дағы Еуропалық қауіпсіздік мәселеле­рін зерттеу жөніндегі орталықтың про­фессоры, саяси ғылымдар докторы (Нью-Мексико, АҚШ) Грегори Глисон Қазақстанның мемлекеттік рәміз­дерін және жалпы қазақ елін шетел аза­ма­ты­ның көзімен сипаттап берді.

Конференция өскелең ұрпақтың мем­лекеттік рәміздерге, еліміздің пат­риот­тық мазмұндағы брендтеріне құрмет­пен қарауын, олардың жасампаз­дық құн­дылықтарын нығайтуды мақсат еткен еді. Сарапшылар іс-шара жоғары деңгейде өткенін жеткізіп, мақсатына жету келер күннің еншісінде екенін айтты. Ғылыми конференцияның қорытындысы бойынша мемлекеттік рәміздерімізді мемлекет ішінде және шекарадан тыс жүрген жастардың арасында насихаттау бойынша ұсыныстар әзірленді.