Президент • 23 Қыркүйек, 2021

Өңірлердің өркендеуі – елдің көркеюі

447 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жол­дауында дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына көтерілгеніне 30 жыл толғалы отырған еліміздің қазіргі сын-қатерлерді еңсере отырып, келешекке сеніммен қадам жасауы үшін бүгінгі басты мақсат-міндеттерді нақтылап берді. Соның ішінде өңірлік саясатты уақыт талабына сай жетілдіруге қатысты міндеттерге басымдық берілуі көпшілік көңілінен шықты деуге болады.

Өңірлердің өркендеуі – елдің көркеюі

Өңірлік саясатты жетілдіру ісі – елімізді дамытудың, халықтың атқарушы билікке деген сенімін арттырудың, азаматтық қоғамның әлеуетін тиімді пайдаланудың тиімді жолы. Аталған бағытта қолға алынған ауқымды шаралар­дың оң нәтижесі қоғамда анық бай­қалып отыр. Оған жергілікті жерлер­дегі әлеуметтік-эконо­микалық қордаланған мәселелер­дің шешіле бастағаны, тұрғын­дардың өз өңірлеріндегі, ауыл­дарындағы түйткілдерге байланысты шешімдер қабылдауға қаты­суының деңгейі өсе түскені, төртінші бюджетті қалыптастыру бағытында нақты әрі жүйелі шаралардың қолға алынуы және басқа игі қадамдар айғақ.

Жалпы, өңірлік саясатты жетілдіру жұмысы елімізде ұда­йы жүргізіліп келеді. Мәселен, Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев 2012 жылғы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында бас­қару­ды орталықсыздандыру, өңір­лік саясатты жетілдіру ісін сауатт­ы жүргізу қажет екеніне баса назар аударып: «Орталық­сыз­дандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру», деген болатын.

Елбасының салиқалы саясатын бүгінгі сын-қатерлерді, жаңа талаптарды ескеріп, сабақтастыра жүргізіп келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір­лік саясатты жетілдіру сала­сының бір бөлігі – жергілікті өзін өзі басқаруды ілгерілету, әкім­дердің жауапкершілігін арттыру, азаматтық қоғамды дамыту мәсе­лесіне баса мән беріп отыр.

Бүгінде жергілікті билік ор­ган­дарының жұмысын жандандыру мақсатында оларды қаржы­лық және кадрлық ресурстармен қамта­масыз ету күн тәртібінде тұрған өткір мәселе ретінде қарас­тырылуда. Азаматтарға өңірлік, ауылдық маңызы бар түрлі мә­селелерді өздерінің араласуымен және тыңғылықты шешуіне нақты мүмкіндік беру – қордаланған түйткілдердің түйіндерін тарқату үшін азаматтық қоғамның әлеуе­тін тиімді пайдалануға жасалған сенімді қадам.

Президент осы орайда қоғам­дық бақылауды, жергілікті жер­лердегі жағдайларға азаматтық қоғамның ықпал етуін күшейту үшін ауыл әкімдерін сайлауға ерекше маңыз бергенін, алдағы уақытта аудан әкімдерін де сайлау­ды жүзеге асыруға ниет білді­ріп отыр­ғанын атап айтқан жөн. Осы­лайша, халықпен түсінісіп тіке­лей жұмыс істейтін және мәсе­­лені жергілікті жерлерде шешу­ге қабілетті әкімдерді ашық бәсекелестік негізінде іріктеп, солар арқылы әкім институтының деңгейін көтеру жұмысы жал­ғасатын болады.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, азаматтарды жергі­лікті жерлердегі барлық мәсе­ле­лерді шешуге кеңінен қатыс­тыру, оларды жергілікті биліктің жұ­мы­сын бақылауға белсене аралас­тыру – өзін өзі ақтаған үрдіс. Қазіргі заман беталысы да осыны талап етіп отыр. Сон­дық­­­тан Президент бұл бағыт­та­ғы жұ­мыстарды жандандыру­ды өз Жол­дауындағы негізгі мін­дет­тер­дің бірі ретінде атады. Бұл – түсінген жанға өркениетті даму жо­лы, қоғамды толыққанды демократ­ияландырудың нақты қадамы.

Мемлекет басшысы өз Жол­дауында «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырым­дама­сының басты қағидаты – мем­лекеттік аппарат азаматтар мүд­десі үшін жұмыс істеуге тиіс екенін айта келіп, мұның бірін­ші кезекте жергілікті билікке қатыс­тылығын атап өтті.

«...Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары бас­шылықтың өңірлерде қабыл­данған шешімдерді түзетуі­не, тіпті кейде солардың орнына ше­шім қабылдауына тура келеді. Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабі­л­еті жетпей жатады. Олар орта­лыққа жалтақтап жұмыс істейді.

Бұл, негізінен, әкімдердің халық алдындағы қазіргі жауап­тылық деңгейі жеткіліксіздігіне байланысты екенін мойындаған жөн. Олардың қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескеріле бермейді», деді Президент. Мемлекет басшысы осы сөздері арқылы өңірлік сая­сатты жетілдіру ісіне жаңа көз­қарас, тиімді іс-қимыл керектігін, жұмысты ширату қажеттігін меңзеп отыр.

Бұл ретте Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтай­ландыру керектігін қадап айтты.

«Осыған орай тәуелсіз әлеу­меттік сауалдама жүргізудің ма­ңызы зор. Бұл тәсіл арқылы билік органдары жұмысының сапасына тұрғындардың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алуға болады. Формальды есептерден гөрі сауалдамадан халықтың көңіл күйі анық аңғарылады. Президент Әкімшілігі осы мәселеге байланысты ұсыныстар топтамасын әзірлеуі керек», деді Президент.

Тағы бір маңызды жайт, Мем­лекет басшысы өңірлік саясат­ты іске асыруда әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық даму саласындағы теңсіз­дікті азайтуға айрықша мән берді.

«Әр аймаққа тән міндеттерді жалпыұлттық басымдықтармен дұрыс ұштастыра білу қажет. Ұлт­тық даму жоспары аясында аза­маттардың тұрмыс сапасын арттыру үшін нақты 25 міндет айқындалды. Жұмысымыздың басым бағыттары – осы. Сондықтан Үкімет пен әкімдер Өңірлерді да­мыту жоспарларын бекітілген жал­­пыұлттық міндеттерге сәй­кес жаңартуы қажет. Әрине, тең­сіз­дікті азайтудың басты тәсілінің бірі – бюджет қаржысын басым­дыққа сай жұмсау. Респуб­ликалық бюджеттен қаржы бөлу әкімдердің пысықтығына, қандай да бір же­ке көзқарасқа және басқа да субъек­тивті факторларға байланысты бол­мауы керек. Бюджет үдерісін «қайта жүктеу» үшін жан басына қарай қаржыландыру теті­гін неғұрлым кеңірек қолданып, бюджет лимиттерін бөлудің объек­тивті әдістемесін енгізу қа­жет. Бюд­жет үдерістерін жеңіл­детіп, бюро­кратияны барынша азайт­қан жөн. Сондай-ақ бюд­же­тті жоспарлау мен орындау кезінде цифрлы тәсілдерді қол­дануды кеңейту керек», деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бюджет­тік бағдарламалар әкімші­лері­нің жауапкершілігін арттыра отырып, бөлшектенген бюджетті енгізу қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ Президент Үкімет­ке бюджет заңнамасы мен заңға тәуел­ді актілерге енгізілетін тиісті өзгерістер топтамасын әзірлеу­ді тапсырды. Мемлекет басшысы­ның айтуынша, жобалардың сме­та­лық құнын үнемі артық көр­сету – аса өткір проблема. Бұл бала­бақша және мектеп сияқты ша­ғын жобаларға да, ірі инфрақұ­ры­лымдық жобаларға да қатысты. Қолданыстағы нормативтік база мен тәжірибені өте қысқа мерзім ішінде түбегейлі қайта қарау керек. Осыған орай Президент Үкімет пен Есеп комитетіне биыл­ғы 1 желтоқсанға дейін ұсы­ныстар енгізуді міндеттеді.

Ерекше тоқталатын мәселелер­дің бірі – өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру. Бұл – өңірлік саясатты жетілдірудің, жергілік­ті биліктің атқарушылық қабіле­тін арттырудың тетігі. Аталған мә­селе бойынша біршама жұмыс атқа­рылды. Мәселен, 2020 жылдан бастап шағын және орта биз­­нес­тен түсетін корпоративті та­быс салығы жергілікті бюджет­ке берілді. Содан бері түрлі қиын­дық­­тарға қарамастан, жергілік­ті бюджеттердің түсімі жос­пар­­дағыдан 25 пайызға артық бол­ған. Бұл әкімдердің жергілікті биз­нес­ті дамытып, инвестиция­лар мен салықтық базаны көбей­т­у­ге қызығушылығы артқа­нын білдіреді. Президент осы бағыт­тағы жұмысты жалғастыруды тапсыра отырып, Үкіметке жыл соңына дейін тиісті ұсыныстар топтамасын әзірлеуді міндеттеді.

Президент сондай-ақ өңірлік саясатты жетілдіру аясында «Адамдар – инфрақұрылымға» қағи­датының сақталуына айрық­ша ден қойып отыр.

«Болашағы бар ауылдарды дамытуға баса назар аудару керек. Басты мақсат – олардың Өңірлік стандарттар жүйесіне сай болуын қамтамасыз ету. Бұл ұс­танымдар Аумақтық даму жос­парында бекітілуге тиіс. Жер­гілікті өзін өзі басқаруды дамыту – басым бағыттың бірі. «Ха­лық қатысатын бюджет» орта­лыққа бағынатын қалалар мен облыс орталықтарында табысты енгізілді. Азаматтардың нақты сұранысына сәйкес ондаған абаттандыру жобасы жүзеге асырылды. Бұл – жақсы тәжірибе. Енді абаттандыру және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығының бюджетіндегі «халық қатысатын» үлесті 10 есе арттыру керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түйіндей айтқанда, өңірлік сая­сатты жетілдірудегі ортақ мақ­сатымыз айқындалып, ортақ мін­детіміз де нақты белгіленді. Пре­зидент Жолдауынан жұрттың күткені де осы. Әрине, оның жауап­кершілігі де баршамызға ортақ болуға тиіс. Өңірлер өркендесе, тұтас ел де көркейе түсері сөзсіз.