
Бокстан Рио Олимпиадасының финалисі Василий Левит нокаут алды, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты, Ту ұстаушы Қамшыбек Қоңқабаев та жартылай финалда тоқтады. Жүзуден Рио Олимпиадасының чемпионы Баландин де жүлдесіз қалды. Велошабандоз Алексей Луценконы үздік отыздықтың арасынан таба алмадық... Осылай жалғаса береді. Күншығыс еліне аттанған 100-ге жуық спортшының тек сегізі ғана ел қоржынына қола медаль салды.
«Жаттықтырушылардың жалақысы төмен»
Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев twitter-дегі парақшасында Токиода өткен Олимпия ойындарына Қазақстаннан аттанған спортшыларға алғысын білдіріп, Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтады. Мемлекет басшысының айтуынша, ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет.
Сөз соңында 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейтінін айтқан Мемлекет басшысы Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек екенін нақтылады.
ҰОК Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатовтың айтуынша, соңғы Олимпиадаларда алтын, күміс медальдарды бокс, ауыр атлетика, күрес түрлері секілді жекпе-жек спорт түрлерінен алғанбыз. Жекелей сындарда тек Александр Винокуров (велоспорт), Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Дмитрий Баландин (су спорты) сынды спортшыларымыз топ жарған.
– Әрине, жекпе-жек спорт түрлерін қолдаймыз, өйткені біздің халық оны жақсы көреді. Алайда басқа да спорт түрлерін Ұлттық Олимпиада комитеті ғана емес, жергілікті әкімдіктер де қолдау керек. Мысалы, садақ атудан Ильфат Абдуллин ширек финалға дейін жетті. Милад Карими деген жас атлетіміз де спорттық гимнастикадан жалғыз өзі жеті жолдама жеңіп алды. Жеңіл атлетика, жүзу спорты түрлерінен қаншама медаль сарапқа салынады. Осындай спорт түрлеріне жергілікті әкімдік спорт федерацияларымен бірлесіп өз өңірінде жеткілікті көңіл бөлсе, аз ғана уақыттың ішінде нәтиже берер еді. Себебі әрбір спортшы құрамаға дейін аудан, қалаларда пісіп-жетіледі, қаншама жарыстарға қатысады. Чемпионатта жеңімпаз болса, құрамаға алынады. Міне, содан кейін біз оларға мейлінше жағдай жасаймыз. Тағы бір өзекті мәселе болашақ чемпиондарды даярлайтын жаттықтырушылардың жалақысын көтеру керек. Олардың алатын айлығы өте төмен. Бірінші кезектегі мәселе осы, – дейді Е.Қанағатов.
Қазір әлеуметтік желіде спортшыларды Олимпиадаға даярлауға қомақты қаржы бөлінгені туралы ақпарат тарап жатыр. Спорт дирекциясының директоры аталған ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтады.
– Пандемияға байланысты 2020 жылы біраз қаржы үнемделгеннің нәтижесінде 10,9 млрд теңге шығындадық. Ал биыл Токио Олимпиадасы өтетін болғандықтан және 2022 жылы ақпан айында Бейжіңде жалауы желбірейтін қысқы Олимпиадаға дайындық ретінде 15,6 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бұған бір жылдан кейін өтетін жазғы Азия ойындарын қосыңыз. Бұл қаржының ішіне спортшыларға медициналық көмек, құрама жаттығулары, спорттық құрал-жабдықтар және спортшылардың айлығы секілді шығындар кіреді.
Олимпиадалық делегацияның құрамында көп адам болған жоқ. Қарастырылған бюджетті де шамамен 300 млн теңгеге дейін қысқарттық. Пандемияға байланысты Олимпиадалық комитеттің ұйымдастырушылары да әрбір елден келетін делегаттарды мейлінше қысқартуды сұрады. Сол себепті мейлінше аз адам апаруға тырыстық. Токиоға спортшылардан бөлек, медицина қызметкерлері, спортшыларды жайғастыру, оларды алып жүру секілді көзге көрінбейтін ұсақ-түйектерге жауап беретін адамдар ғана барды. Соның нәтижесінде ешқандай спортшы вируспен ауырған жоқ. Токиоға ешкім «турист» болып барған жоқ. Барлығы күндіз-түні тынбай жұмыс істеді. Ал біреу қызметінен кете ме, кетпей ме оны біз шешпейміз. Федерациялар қоғамдық ұйым екенін білесіздер. Олардың шаруасына кірісе алмаймыз. Соған қарамастан әрбір федерация өз қорытындысын жасайды. Оны өткізуге керек болса біз де мұрындық боламыз. Сол кезде бірге отырып, кемшіліктерді жүйелі түрде шешеміз, – дейді Е.Қанағатов.
«Осылай болатынын әлдеқашан айтқан едім»
Ал спорт журналистикасының ардагері, 11 Олимпиаданың куәгері Несіп Жүнісбайұлы отандық спорттың көрсеткіші төмен сырғып бара жатқанын осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан едім дейді.
– Біз Олимпиадаға бармасақ та, спортшыларымыз үшін тақымымызды қысып отырдық. Токиода 83-орында қалғанымызды ойлағанда, табаға түскен балықтай қуырылып қалғанымыз жанға батады. Егер де командалық есепте алдыңда АҚШ, Қытай, Ресей секілді алып елдер тұрса, «жарайсың» дейсің ғой. Ал алдыңда арал мемлекеттер тұрғанда көңіл күйің екі есе түседі емес пе. Біз 2004 жылы Афина Олимпиадасында 39-орыннан көрініп, ең төмен нәтиже көрсеткен едік. Токиодағы сәтсіздік спортшылардан емес, ел спортын дамытудағы өрескел қателіктерден болып отыр. Әрине, мұнымен қоса мына індеттің буып тұрған жағдайы да себеп. Әйткенмен, пандемия басқа елдердің де басында бар жағдай. Алтынды топырлатып алған АҚШ коронавирустан қайтыс болған адам саны жөнінен бірінші орында, Қытай вирус ұялаған ел, Жапония да біресе цунами, біресе ереуіл сияқты қиындықты басынан өткізуде. Сондықтан бізге ақталуға болмайды. Мен спортты дамыту бұрыс бағытқа бет алғанын бірнеше жыл бұрын жазған едім. Бұл мақаланы «Олимпийский маршрут» деген кітабымда толық айттым. Сол мақалам үшін де жұмысымнан қуылдым. Енді менің айтқаным дәл келіп отыр. Алдағы уақытта кімнің кінәлі екенін мамандар, жаттықтырушылар, Олимпиадалық комитеттің басшылары анықтай жатар. Бірақ көрсеткен, жеткен нәтиже тарихта қалады, – деп күйінеді белгілі қаламгер.
«Кәсіпқой боксшыларды шақыру керек»
Афина Олимпиадасының чемпионы, бокстан мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев халықты сабырға шақырды. Оның айтуынша, түрлі орынсыз сыни пікірлер, онсыз да жігері құм болған спортшыларға «жығылған үстіне жұдырық» болуы мүмкін.
– Олимпиадада екі қола медаль алған боксшыларымыздың көрсеткіші көңіл көншітпейді. Бірақ төмен нәтиже көрсетті деп оларды жерден алып, жерден салуға тағы болмайды. Кезінде 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Куба боксшылары еліне алтын медальсіз оралды. 1996 жылдан бастап бірнеше Олимпиада бойы Өзбекстан құрамасы алтын ала алмай келді. Қазір оларды алтын алмады деп ешкім сөкпейді. Сол сияқты біз де алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсетіп жатсақ, Токио Олимпиадасындағы сәтсіздік ұмытылады. Қазан айында Сербияда әлем чемпионаты өтеді. Соған мейлінше жақсы дайындалу керек, – дейді Олимпиада чемпионы.
Мемлекеттік жаттықтырушының айтуынша, бүгінде бокс әлемде айрықша дамып кеткен. Сондықтан оңай қарсылас жоқ. Әйтпесе, біздегі былғары қолғап шеберлерінің техникасы да, физикасы да орнында.
– Екатеринбургтегі әлем чемпионатында алтын алған Бекзат Нұрдәулетов қандай керемет бокстасты. Барлығы Бекзаттың жолын берсін деп жатқан еді. Кешегі Олимпиадада жеңіліп қалып еді, оны барлығы жерден алып, жерге салды. Олай болмайды. Қазір құрамаға басшылыққа Тұрсынғали Еділов немесе Ермахан Ыбырайымов секілді бокс мамандары келсе де бір жылдың ішінде олар ештеңе істей алмайды.
Тағы мынаны ескеру керек. Токиода төрешілер жағынан қысым көп болды. Біз АИБА-мен күресіп, Ресей мен Өзбекстанмен бәсекелесеміз деп жүргенде, боксшыларымыз Халықаралық олимпиадалық комитеттен (ХОК) қысым көрді. ХОК-тың атынан бас төреші қызметін америкалық маман атқарды, төрешілердің жұмысын үйлестіруші де америкалық, техникалық делегат аустралиялық. Міне, біз осы елдердің боксшыларынан басым бола алмадық. Сондай-ақ олар 2:3 есебін тіркеп, барлығын әдемі үйлестіріп отырады, – деді мемлекеттік жаттықтырушы.
Олимпиадаға дейін алда Азия, әлем чемпионаттары, Азия ойындары өтетіні белгілі. Бақтияр Ғарифоллаұлының сөзіне сенсек, болашақта құрамаға кәсіпқой боксшыларымызды шақыру керек.
– Бәсеке көп болған жерде, нәтиже де жақсы болады. Сол себепті бокс федерациясы тарапынан құраманы күшейту үшін кәсіпқой бокста жүрген жерлестерімізді шақырсақ деп отырмыз. Олардың біразымен келіссөз жүргізілуде. Бірқатарымен келісіп те қойдық. Бүгінде әуесқой боксты дамыту үшін АИБА жаңа бағдарламалар жасап жатыр. Бокстың деңгейін көтеру үшін Сербияда өтетін әлем чемпионатында жеңіске жеткен әрбір боксшыға 100 мың АҚШ доллар сыйақы белгіленген. Екінші, үшінші орынға да қомақты қаржы төлейді. Бұл да спортшыларды қанаттандыратыны сөзсіз. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігін бөлу керек деп біраз адам айтып жүр. Мен бұл ұсынысты толықтай қолдаймын. Себебі спортты дамыту үшін барлығын бір жерге шоғырландыру қажет. Облыстағы спорт басқармаларының басшыларын облыс әкімдері емес, министрлік тағайындауы керек. Өкінішке қарай, қазір осы қызметті кейбір облыстарда экономистер секілді басқа маман иелері атқарып жүр. Бір облыстың өзінде футболға миллиардтаған теңге бөлінетіні белгілі. Осы ақшаға бір облысқа 10-20 спорт кешенін салуға болады ғой. Бұл дегеніміз үш жылдың ішінде бір облыста бірнеше спорт кешені салынады деген сөз. Осылайша, бұқаралық спортты көтереміз, қаншама баланы жүйелі түрде спортқа баулитын боламыз, – деді Б.Артаев.
«Сылбыр жекпе-жек
күткен жоқ едім»
Ресейдің РИА Новости ақпарат агенттігінің бокс сарапшысы Василий Конов қазақ боксшыларынан мұндай сәтсіздікті күтпегенін айтты.
– Имам Хатаев пен Бекзат Нұрдәулетов арасындағы жекпе-жекте біздің боксшының тактикалық тұрғыда жақсы дайындалғаны байқалады. Бекзат бойының, қолының ұзындығын дұрыс пайдалана алмай, бұл кездесуге тыңғылықты дайындалмағанын көрсетті. Бұл боксшылар екеуара, қателеспесем, төрт рет кездесіп отыр. Әзірге есеп тең. Сондай-ақ Василий Левиттің нокаутпен жеңілгені қатты таңғалдырды. Риодан кейін Левиттің жекпе-жектерін көп көрген жоқпын. Бірақ 91 килоға дейінгі салмақта басты фаворит сіздердің боксшыларыңыз деп ойлаған едім. Айтпақшы, 69 килода сынға түскен Абылайхан Жүсіповтің жеңіліп қалғаны кішігірім сенсация болды. Бұл кездесуде Абылайхан өзін толықтай көрсете алмады. Мен оны әлем чемпионатының жүлдегері ретінде танимын, сондықтан одан сылбыр жекпе-жек күткен жоқпын. Жалпы, қазақ боксшыларының жолы болмады. Сіздердің боксшыларыңыз әрдайым алтын тұғырдан көрінуші еді. «Баркер» кубогін де бірнеше рет иелендіңіздер. Бұл жолы олай болмағаны өкінішті-ақ, – деді ресейлік журналист.
«Жеңіске жететін жастарымыз бар»
Ал тұңғыш рет Олимпиададан алтынсыз оралған боксшылардың не себепті жеңілгенін Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев төмендегіше түсіндіріп берді.
– Олимпиадаға дейін біз 14 күн «Ақ бұлақ» олимпиадалық орталығында дайындалдық. Олимпиада алдында бірнеше спарринг өткіздік. Жергілікті ауа райына бейімделіп үлгеру үшін 17 шілдеде Токиоға бардық. Біздің боксшылардың алғашқысы 24 шілдеде рингке көтерілді. Жігіттердің барлығы тәжірибелі. Олар физикалық тұрғыда дайын болғанымен, психологиялық тұрғыда дайын болмады деп ойлаймын. Әйтпесе, біз әрбір боксшыдан үміт күтеміз. Ең маңыздысы, кім Олимпиадаға жақсы дайындалып келсе, сол чемпион болады. Сәкен Бибосыновтан көп үміт күтіп едік, алайда жартылай финалда төрешілердің не істегенін білесіздер. Жалпы, Токио Олимпиадасында шағым түсіре алмайтынымызды ойындар басталмай тұрып ескерткен еді. Сондықтан қолымыз қысқа болды, – деген бас жаттықтырушы, болашақта үлкен додаларда топ жаратын жастарымыз әлі де бар деп отыр. – Бүгінде құрамада халықаралық аренада топ жара алатын екінші-үшінші нөмірлі боксшыларымыз бар. Айбек пен Нұрбек Оралбай, Сағындық Тоғанбай, Махмұд Сабырхан, Сабыржан Ақхалықов сынды жастар қазірдің өзінде кез келген нөмірі бірінші боксшымен қолған түйістіре алатын жағдайда.
P.S. Қалай болғанда да Токио Олимпиадасы Қазақ елі үшін жетістіктер жылнамасына енгенімен, жеңістердің бастауында тұрмайтыны анық. Жеңіліс бойында жігері бар жандарды қайта талпындырып, жаңа белестерді бағындыруға, пайдаланылмаған мүмкіндіктерді еңсеруге жол ашатынын ескерсек, Токио Олимпиадасы болашақ жеңістерге серпін беретіні сөзсіз.