Саясат • 09 Қазан, 2018

Зиялы қауым өкілдері Жолдауға пікір білдірді

326 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Зиялы қауым өкілдері Жолдауға пікір білдірді

Көкейде жүрген жайт еді

Елбасының биылғы Қазақ­­стан халқына жолдаған кезекті Жолдауын тыңдап отырып, әсі­­ресе 2019 жылды «Жастар жы­лы» деп белгілеген шешіміне дән риза болдым. Қалай десек те, жас­тар – біздің болашағымыз. Ке­лешекте қуатты мемлекет боламыз десек, қай кезде де өскелең ұрпаққа жағдай жасап, қолдау білдіруіміз керек. Жастар – біздің ертеңіміз. 2019 жылдың «Жастар жылы» болып бекітілгенін есті­генде, менің өнер адамы, педагог ретіндегі көптен бері кө­ке­йімде жүрген арманымның шын мәнінде ақиқатқа айналатынына сендім. Ол арман – Алматы қаласының төрінен жастар ­театрын ашу еді. Биыл жоғары оқу орнын тәмамдаған бір топ талантты шәкіртімнің басын қосып, өзгеше үні, өз жолы бар жаңа театр ашсам деген жүрек түкпіріндегі ой-тілегім 2019 жы­лы «Жастар жылының» аясында жүзеге асып, ақиқатқа айналып жатса, қазақ өнері тағы бір тамаша өнер ошағымен толығар еді. Қарап отырсам, еліміздің біраз облысы мен қаласында Жастар театры бар екен. Ал Алматыда өз жолы мен сүрлеуі, жаңалығы бар Жастар театры әлі ашылмапты. Осы олқылықтың орны толып, «Жастар жылында» жақсы бір бастама өз шешімін тауып жатса, бұл да болсын келешегін өнермен байланыстырған бір топ талантты өреннің қиялына қанат байлап, арманын ақиқатқа айналдырған ғажайып бастама болатынына сенемін. 

Асанәлі ӘШІМОВ, 

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі

Өмір сапасы – өзекті мәселе

Жаңа Жолдаудың уақыты тәуелсіздік тарихындағы маңыз­­ды күнмен тұстас келді. Осыдан 21 жыл бұрын, яғни 1997 жылғы 10 қазанда Н.Назарбаев Қазақ­­стан халқына арнаған алғашқы Жолдауын жариялаған болатын. 

Онда «Қазақстан-2030» стра­­тегиялық даму бағдарлама­сын жариялаған-ды. Содан бері Жолдау халықтың назарын аударатын құжатқа айналды. Әлеуметтік сауалнамалардың де­ректеріне сүйенсек, халық Жол­даумен жақсы таныс. Тұр­ғын­­дар онда айтылған бағыт­тарға үлкен үміт артады, құжат­та қойылған міндеттер орындалады деп күтеді.

Президенттің әрбір Жолдауы барлық деңгейдегі менеджерлер жұмысының тиімділігі ба­ғаланатын елеулі практикалық ұстанымдарға негізделген. Ха­­лықтың әл-ауқатының тұрақты өсуі, өмір сүру деңгейінің артуы – біздің басты мақсатымыз бен міндетіміз. Биыл Президент өзі­нің жаңа Жолдауында өзекті мәселеге – өмір сапасын жақсар­туға баса назар аударды.

Соңғы бес жылда біз мемле­кеттік бағдарламалар мен жү­зе­ге асқан көптеген идея­лар жи­­­нақ­тадық. Бұл өз кезе­гінде алға жыл­жуымызға, даму­дың жаңа дең­гейіне шығуға мүмкіндік береді. 

Қазір қоғамның жетекші компоненттерін тереңдететін және анағұрлым маңызды өзге­рістер жасайтын уақыт. Маңыз­ды мәселелердің бірі – қоғамның әлеуметтік құрылымының өзге­руі. Біз ұрпақ алмасуына куә бо­лып отырмыз. Елімізде 1990 жылдардың соңында, 2000 жылдың басында туған жастар үлкен өмірге араласа бастады. Олар­дың алған білімі еңбек на­ры­ғында бәсекелестікті арттырды. 

1990 жылдары маман­дардың кету кезеңі болғаны бел­гілі. Мамандардың кәсіби негізі сақталғанымен, заманауи жа­ңа талаптар мен технологиялар ортаға шығып, соған сай кадрлық әлеует әлсіреді. 

Қазіргі таңда білікті мамандар тапшы. Бір жағынан елімізде жастардың саны 2013 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде 4,3 миллион адамнан 3,9 млн адамға дейін азайған. Бірақ алдағы уа­қытта халықтың саны өсіп, жас­тардың үлесі арта түседі. Сон­дықтан жастарды дамытуға инвестиция салу қажет. Егер жас­тарды қажетті деңгейде қол­дай алсақ, онда жаңа буын күт­кен нәтиже көрсетіп, бәсекеге қабі­лет артып, отансүйгіштік сезімі оянып, артылған үмітті ақтайды. 

Сондықтан Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанда келер жылды «Жас­тар жылы» деп жариялады. Бұл өте уақтылы және болашаққа бағытталған шешім болды.

Зарема ШӘУКЕНОВА, 

Қазақстан стратегиялық зерт­теулер институтының директоры

Бұл – ауылға айрықша бетбұрыс

Жолдауда Елбасының ұстаз­­дар жайындағы, әскери-патриот­тық тәрбие жөніндегі, алтын бе­сі­гіміз ауыл турасындағы ой­ларын өз басым тебіреніспен қабылдадым. Президент келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдауды тапсырды. Бұл көптен бері ел көкейінде жүрген мәселе еді. Расында, бүгінде кезінде Мағжан ақын айтқандай алты Алаштың ба­сы қосылса төрде отыруы тиіс мұғалімнің төменшіктеп жүр­гені, қолжаулыққа айнал­ғаны белгілі. Сондықтан бұл заң қа­былданса, ұстаздар қауымының қоғамдағы рөлін нықтайтыны анық. Заңға қатысты білім саласы мамандары өз ұсыныстарын, ой-пікірлерін айта жатар деп ойлаймыз.

«Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді»,  деді Мемлекет басшысы. Қа­зақтың күретамыры, жаны – ауыл. Елімізде күннен-күнге көркейіп жатқан ауылдармен қатар кетеуі кетіп тұрған ­ауылдар да жоқ емес. Әсіресе қаладан шалғай шекаралық аймақтардағы ауылдардағы мектептердің жабылып, халық санының азайып жатқаны рас. Облысымыздың мың шақы­рым­ға жуық жері Қытаймен шектеседі. Басқа-басқа, осы мем­­­­­лекетпен шекараны нығай­ту кезек күттірмейтін мәселе. Осы ретте алдағы уақытта қолға алынатын «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында шекаралық аймақтардағы ауылдарға назар аударылса, арнайы бағдарлама қабылданса жөн болар еді деп ойлаймыз. Үкімет осы мәселені назарға алса дейміз. 

Елбасы Жол­­дауда кәсіпкер­лерге кедергі жасалмау керек­ті­гін, бизнес өз жұмысын жаңа­дан бастау үшін 2019 жыл­дың 1 қаңтарынан ­бастап салық­тың негізгі сомасы төлен­ген жағ­дайда, өсім мен айып­пұл­­­ды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізу­­ге кірісуді тапсырды. Мұн­дай жеңілдіктер шекара аймағын­дағы тұрғындарға жасалса да нұр үстіне нұр болар еді. Сонда шекараға халық барар еді. Әсіресе кәсіпкерлер барады. Кәсіпкерлер өздерімен бірге әріптестерін апарады. Үй­ді де, мектепті де салғызады. Ауру­­хана да бой көтереді. Сөй­тіп шекара бойындағы ауылдар ең­сесін тіктеп, жандана түсер еді. 

Президент Бойскаут қозға­­лысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құ­рып, мектептерде әскери-пат­­­риот­тық тәрбиенің рөлін кү­шейту қажеттігін де айтты. Бұл – үлкен, ауқымды жұмыс. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбие­леуден асқан қандай міндет, қандай мақсат бар? Оларға қазақ­тың кім болғанын, баба­ларымыздың кең-байтақ жерімізді қалай қор­­­ғап қал­ғанын, Әлімхан Ер­меков, Сма­ғұл Сәдуақасов сынды Алаш қай­рат­керлерінің, ке­йінгі Жұма­бай Тәшенов секілді тұл­ға­лары­мыздың елді, жерді сақ­таудағы ерен еңбектерін жас буын­ның санасына сіңірсек, бұдан ұт­пасақ, ұтылмай­тын­ымыз анық. 

Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ, 

салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы 

ӨСКЕМЕН

Елбасы Жолдауы Үкіметке сын болмақ

Ішкі жалпы өнімнің 10 пайызы ғылым мен білімге, медици­на­ға бөлінеді деген сөз, бұл – рево­­лю­­циялық шешім. Біз бұ­рын 2-3 пайызға өссе екен деп ар­ман­­дайтын едік. Елбасы­­ның сө­зі біз­дің арманымыздан да асып кетті. Енді соны атқара­тын адам­дарға жеткізу – үлкен мәсе­ле. Жолдауда тағы бірқатар маңыз­ды мәселе айтылды. Тұр­мыс­ты жақсарту үшін күнделікті қа­ра­пай­ым тауарларды шығару керек.

Президент орынды көтерген өзекті мәселенің бірі – жоғары оқу орындарының сапалы маман оқытып шығаруы. Расында, – ел ертеңіне қызмет ететін маман даярлап шығара алмайтын саны бар, сапасы жоқ оқу орын­дарының қажеті қанша?! Ел­басының болашағы зор, келе­шек­тің мамандығы саналатын ма­мандықтарға басымдық беру туралы пікірі өте ұтымды көтерілді. Бүгінде қоғамның локомотиві болып табылатын білімді жас­тарды инновациялық мамандық­тар дайындау арқылы ғана ала алатынымыз жөніндегі Елбасы пікірімен толықтай келісемін. Осы орайда Назарбаев зияткерлік мек­­­­тептері мен Назарбаев Универси­тет еліміздің білім жүйе­сіндегі стандарты, үлгісі болуы тиіс. 

Елбасымыздың кез келген Жолдауы халықтың көкейінен шығатын ой-пікірі мен ұсынысы, шешу жолдары, елдің даму бағытымен тұздықталады. Бұл жолы да солай болды. Экономика саласы, халықтың әлеуметтік-қоғамдық тыныс-тіршілігі, жас­тар, білім – барлығы қамтылды. Әрі бір-бірімен тығыз байланыс­ты. Шашау шыққан дүние жоқ. Тек ретімен жүзеге асыру өз уақытын күтіп отыр.

Ғарифолла ЕСІМ,

философия ғылымдарының докторы, профессор

Салаға тың серпін береді

Елбасының Жолдауында халыққа өте қажетті мәселелер көтерілді. Олардың ішінде ден­сау­лық сақтау саласына қа­тыс­­ты айтылған мақсат-міндет­­­терді ерекше атап өтуге болады.

Жалпы, медициналық қызмет сапасының жоғары болуы халық көңіл күйінің жақсы болуына тікелей әсер ететіні белгілі. Бұл арада біріншіден, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуы аса маңызды. Сондықтан Елбасы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлер үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысын кезең-кезеңмен 20 процентке арттыруды тапсырды. Сондықтан осы бағытқа алдағы жылы 5 миллиард теңге бөлінбек.

Бұдан бөлек, Жолдауда келер жылдың 1 қаңтарынан бастап бар­­лық емханалар мен аурухана­лар медициналық құжатта­рын цифрлы нұсқада жүргізуі тиіс екен­дігі айтылды. Бұл да өз кезе­гінде халыққа өзіндік тиім­ді­лі­гін көрсететін болады. Нақты­лай айтқанда, 2020 жылға қарай бү­кіл тұрғындардың электронды ден­саулық төлқұжатын жасауға, түр­лі келеңсіздіктерді, кедергі­лер­ді, бю­рократияны жоюға, қызмет көр­се­ту сапасын арттыруға жол ашады.

Тағы бір айта кетер жайт, елі­мізде кардиохирургия сала­сы­ның жетістіктері өте көп. Сон­дықтан Елбасы еліміздегі кардиологиялық және нейрохи­рургиялық кластерлердің тәжіри­бесі негізінде келер жылы елордада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталатынын айтты. Бұл өз кезегінде онкология саласын көтеруге мүм­кіндік береді. Қазіргі кезде Қа­зақ­станда жиі кездесетін жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі сатыда онкологиялық аурулар тұр. Сол үшін де бұл орта­лық өте маңызды. Алдағы уақыт­та заманауи онкологиялық орта­лық салынып жатса, оның халыққа тигізер пайдасы зор болмақ.

Зәуреш АМАНЖОЛОВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты

Қайта өңдеу кенжелеп тұр

Елбасы Жолдауында ауыл ша­руашылығына байланысты өзекті мәселелер сөз болды. Біз­­­дің ұлан-ғайыр жеріміз ауыл ша­руа­шылығының барлық түрі­мен айналысуға мүмкіндік береді. Адамның ас-ауқаты үшін ең маңыздысы ет пен сүт, көкө­ніс­тер, бау-бақша өзімізде өндірі­ле­ді. Сөйте тұра соның бәрін сырт­тан тасымалдап, басқа елге инвес­ти­ция құюмен келеміз.  

Мемлекет басшысы елімізде қайта өңдеу кәсіпорындарының тұралап тұрғандығын Үкімет мү­шелеріне тағы да ескертті. Ғалымдар бұл бағытта жұмыс жасамай жатқан жоқ. Бірақ көп идея, жаңа бастамаларға қолдау жоқтың қасы. Мемлекеттік қол­­­даулар кей­де Қазақстанда әзірге жүзеге асыруға қажеті аз жобаларға бө­лініп келетіндігі баспасөз бет­те­рінде аз жазылып жүрген жоқ. Сондай-ақ өз ғалымдарымыздың қолынан келетін жобалар басқа елдердің пайдасына қызмет етіп жатқан жағдайлары бар. Мәселен, Түркістан облысында Қытай кәсіпкері түйе сүтін терең өңдеп құрғақ ұнтақ, таблетка күйінде шығару үшін үлкен өндіріс орнын ашты. Қытай қашан түйе баққан ел еді?! Сол аймақта бүкіл ғылыми жұмысын түйе сүтін зерттеуге арнап, құрғақ ұнтақты ең алғаш шығарған ғалым бола тұра, оның бастамасын қолдай алмадық. Түйе сүтін өңдеуді өз мем­лекетіміз қолға алғанда адам ағзасына ең керек дәрумен шұ­батымыз Қытай асып кетпес еді. Біз ғалымдарымыздың еңбегін осылайша бағалай алмай келеміз.  

Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш өсіру ғылыми-зерттеу институтының бас директоры

Қызылорда облысы