Саясат • 09 Қазан, 2018

Бейбіт әлемнің дәнекері

1289 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бейбіт әлемнің дәнекері

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев 2018 жыл­ғы 5 қазандағы Қазақстан хал­қына Жолдауында «Соңғы кез­дері әлемдік саяси және эконо­ми­калық трансформация үдерістері күшейе түсті. Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесінің тұғыры мен халықаралық сауда ережелері бұзылуда. Бүгінде жаһандық және жергілікті проблемалар тоғыса түсуде» деді.

Расында, жаңа ғасырдың екін­ші онжылдығындағы әлем адам танымастай өзгерді. Жаңа ғасыр, төртінші өнеркәсіптік революция бізге өзінің жоғары сападағы, ғылыми-технологиялық жа­ңа­лықтарымен ғана келген жоқ. Біздің алдымызға жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерді ала келді. Соның ішіндегі ең қауіпті де шетін сын-қатер – діни алауыздық, экстремизм мен терроризм. 

Қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризмнің жергілікті немесе жаһандық сипаты жоқ. Мемлекет басшысы атап өт­кендей, бұл проблема тоғысып, бүгінгі күні бүкіл әлемнің бас­ты қатерлерінің біріне айналып отыр. Бұл қатердің бұлтын сейілту үшін саяси ерік-жігер мен парасаттылық, діни ымыра мен татулық қажет. Осы тұрғыда 10-11 қазан аралығында Астанада өтетін VI Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі дүние жүзі көз тігіп отырған, халықаралық ауқымдағы беделді басқосу екені даусыз. Себебі біріншіден, діни сипаттағы шиеленістер, қақтығыстар, экстремизм мен терроризм өршіп тұрған қазіргідей уақытта халықаралық қоғамдастық та, мемлекеттер мен халықтар да бейбітшілікке, толеранттылыққа үндейтін, қару мен өшпенділік емес, бірлік пен имандылық жолын ұсынатын осындай жоғары дәрежедегі диалогқа зәру болып отыр. Екіншіден, діндер арасындағы диалог көпконфессиялы, көпэтносты мемлекетте тыныш та бақуатты өмір сүрудің соны үлгісін қалыптастырған, халықаралық, өңірлік деңгейде әрдайым бейбіт әлемнің дәнекері, жақтаушысы болып келе жатқан Қазақстанда өткізіледі. Үшіншіден, елімізде алтыншы мәрте өткізіліп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері жиынының дінаралық қарым-қатынас пен диалогтардағы тарихы мен бай тәжірибесін, табысты нәти­желерін де ескеру керек.

Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съезі Қа­зақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен, алғаш рет 2003 жылы шақырылған болатын.

Осы жылғы 13 ақпанда мұ­сылман, христиан және еврей ұйымдары қатысқан, діндердің, мәдениеттер мен халықтардың жақындасуында маңызды рөл атқарған бейбітшілік пен келісімнің Халықаралық конференциясында Мемлекет басшысы сөз сөйледі және барлық конфессия өкілдеріне Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамасын айтты. Бастама қызу қолдау тапты.

Қазақстан бастамасының аса өзектілігі мен өміршеңдігін 2003 жылы 23-24 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының тұңғыш съезі-ақ әйгілеп берген болатын. Осы жиында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Съезд өткі­зетін арнайы ғимарат салу жос­парын жариялап, келесі кез­десуді жаңадан салынатын «Бей­біт­шілік және келісім» сарайын­да өткізу туралы шешімін хабарлады.

Дінаралық саммит жұмы­сы­ның қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезіне қатысушылардың Декларациясы қабылданды. Осылайша, алғаш­қы күннен бастап Астана съезі­нің маңызы мен ауқымы ай­қындалған еді. 

Сол уақыттан бері 2003, 2006, 2009, 2012 және 2015 жыл­дары Астана қаласында Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­ба­с­шыларының бес басқосуы өткі­зілді. Бұл басқосуларға әлемдегі ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және өзге де дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері дерлік қатысты.

Тіпті, саяси, теологиялық тұрғыдағы қатынастары аса қай­шылықты саналатын, ғасыр­лар бойы өзара дүрдараз болып жүрген дін жетекшілері де Астана төрінде бір үстелде отырды. 

Бүгінгі дәуірдің рухани қай­рат­керлері, гуманитарлық ойдың алып өкілдері мен ғұламалар, БҰҰ Бас хатшысы, корольдер мен мемлекеттер басшылары қатысып, сөз сөйледі. 

Съездің пікірталас алаң­дар­ында діни қауымдастықтарды рухани жақындастыруға бағыт­талған мазмұнды әңгімелер айтылды, азаматтарға, халықтар мен үкіметтерге жолданған дек­ларациялар мен үндеулер қабыл­данды.

Астана съезі ешқашан өзінің алдына қойған қағидаттары мен мақсаттарынан айныған емес.

Биылғы 10-11 қазанда өтетін басқосудың жөні тіпті бөлек. 

Геосаяси, геоэкономикалық жағдай жыл сайын емес, ай сайын, күн сайын өзгеріп жатыр.

Адам өмірінің айнымас қағи­даттары саналып келген бей­бітшілік пен келісім, төзімділік төңі­регіндегі әңгімелерді қайта оралған «Өркениеттер қақты­ғысы» ұғымы ығыстыра баста­ғандай. 

Мемлекетаралық сауда со­ғыс­тары, Мьянмадағы діни зор­лық-зомбылық, Сириядағы ұзақ­қа созылған шиеленіс, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық және т.б. баршамызды осы әлем­дік құ­былыстарға басқа, жаңа­ша көз­қараспен қарауға мәжбүрлейді. 

Ауғанстандағы ахуалдың қайтадан ушығуы Орталық Азия­ға, соның ішінде Қазақ­станға да салқынын тигізетіні алаңдатпай қоймайды. 

Мұндай жағдайда біз үшін Қазақстанның ішкі, сырт­қы қауіпсіздігін бекемдеп, діни тұрақтылықты көздің қара­шы­ғындай сақтау міндетіміз екені айтпаса да түсінікті. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шаралар өз нәтижесін беріп отыр.

Қазақстандағы діни ахуал – тұрақты. Мемлекеттің дін қатынастарын реттеудегі зайыр­лылық ұстанымы халықтың қол­дауына ие. Елдегі 18 діни конфессияның өкілдері діни бос­тандықта, толерантты, тату-тәтті өмір сүруде. Біз қазіргі уақытта дін саласындағы уәкілетті орган қызметінің жаңа бағыт-бағ­дарларын жасап, іске асырып жатырмыз. Соның ішінде, негізгі қағида – халықпен қоян-қолтық жұмыс істеу, қоғамдық ортада, жастардың арасында үздіксіз ақпараттық-түсіндіру шараларын ұйымдастыру болып табылады. Ол үшін Қоғамдық даму министрлігі жанынан діни мәселелер жөніндегі рес­пуб­ликалық ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған.

Жетекші ислам ұйымының әлеуетін арттыру мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Әсіресе отандық діни кадрлардың, имамдар мен теологтардың біліктілігін арттыру тұрғысында кешенді шаралар қолға алынды. «Нұр-Мүбарак» университеті жанынан діни экстремизмнің алдын алу саласында теологтарды қайта даярлау жөніндегі институт құрылды. Орта мерзімдік стратегиялық бағыттарды айқындайтын, дін саласындағы мемлекеттік сая­сат­тың 2017-2020 жылдарға ар­нал­ған тұжырымдамасы іске асы­рылуда.

Сондай-ақ рухани және ағар­тушылық жұмыстарды ұйым­дастыруға, қазақстандық қоғам­ның дәстүрлі, мәдени және отба­сылық құндылықтарын нығай­туға бағытталған іс-шаралар үздіксіз жүргізілуде. Қазақстан діни бостандық мәселесі бойынша халықаралық, құқықтық міндеттемелерін де мүлтіксіз орындап келеді. 

«Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде Қазақстанның дін қатынастарын реттеудегі осы үлгісі де сөз болары анық. 

Астана съезінде Қазақ­стан­ның осы саладағы жетістіктері лайықты аталып өтеді деп ойлаймыз. 

«Қазақстанның бастама­сы бойынша шақырылған Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының съезі де осы заман­ғы діндер арасындағы жаһан­дық үнқатысудың құрамдас та ықпалды бөлігіне айналды. Ол елеулі рөл атқарып, діни лидер­лердің, діндер мен халық­тар­дың арасындағы өзара түсі­ністіктің өсуіне жәрдем­десуде» деп Елбасымыз айтқан­дай, Астанадағы әлем дінбасы­лары­ның жиыны табысты өтіп, тәуелсіз еліміздің әлемдік дәре­жедегі абыройы мен беделін тағы да асқақтата түседі деген сенімдеміз.

Дархан КӘЛЕТАЕВ, 

Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі