Білім • 26 Қаңтар, 2018

Биылғы басымдық – білімде

250 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы өзі­нің Қазақстан халқына ар­нал­ған Жолдауында елі­міздің ұстаздар қауымына аса маңызды міндеттерді жүк­теп, қандай бағытта жұ­мыс жүргізілуі қажеттігін нақ­ты атап өтті. Елбасы жаңа талап­қа сәйкес «Білім беру бағ­дар­ламаларының негізгі басым­дығы үнемі өзгерістерге және жаңа білімді меңгеру қабі­летін дамытуға бейім болуы тиіс», деді.  

Биылғы басымдық – білімде

Расында біздер күрделі де күрмеулі, сәт сайын өзгеріп, жаңаша жағдайлар мен талаптар туындатып отырған ғалам­да өмір сүрудеміз. Бү­гін­де балаларға жалаң база­лық білім беріп қою жет­кі­ліксіз. Біліммен қатар функ­циялық сауаттылықты арттыру мақсаты түнектегі «жарық жұлдыз» сынды біздің негізгі бағдаршамымыз болуы қа­ж­ет. Бұл дегеніміз – оқушы бо­йында анализ және синтез жасау, өзін өзі бағалау, сыни ойлау және қорытынды жасай білу сияқты жоғары деңгейдегі машықтарды дамыту. Осы тұрғыдан алып қарағанда Жолдаудың бар­лық он тармағы, оның ішін­де «ақылды техно­логия­­лар­ды» дамыту, қар­жы сек­торын «қайта жаңғыр­ту», кө­лік-логистика инфра­құры­лымы­ның тиімділігін арттыру тар­мақтары тікелей немесе жанама түрде білім саласын құбылмалы әлемнің, сондай-ақ төртінші өнеркәсіптік ре­вол­юция жағдайындағы даму­дың талаптарына сәй­кес­тендіру қажеттігін көздейді. 

Білім беру саласын жаңар­тылған мазмұнға көшіру барысында алдымызда мынадай төрт міндет тұр. Біріншіден, тұрақты дамып отыру, оқы­тылып жатқан жалпы оқу бағ­дарламаларына талдау жасау. Екіншіден, бағалау жүйесін жетілдіру. Себебі бұл жаңа бағдарламаның қалай іске асып жатқанын және оның нәтижесін көрсететін бірден-бір дүние. Үшіншіден, мектептерде игілікті білім ортасын қалыптастыру: бала мектепте өзін еркін сезініп, ұстаздары мен құрбылары арасындағы қарым-қатынас мейлінше мейірімді болуы абзал. Соңғы төртінші талап, материалдық-техникалық базаны тиімді пайдалану. Бүкіл мектеп зертханалары мен инфрақұрылымдары бірлесіп, пәндерді оқыту мен баланы дамытуда барлығы ортақ шығармашылық зертханаға әрі ортақ шығармашылық дамыту орталығына айналып, жұмыла жұмыс атқаруы тиіс. 

Президент жас ұрпақты ғы­лыми-зерттеу және ө­нді­ріс­тік технологиялар жұ­мыс­тарына тартудың ма­ңыз­дылығын атап өтті. Балалар үшін жаңа технологиялар қолжетімді болуы керек. Оқу бағдарламасы әрдайым элективті курстармен толықтырылып отыруы қажет-ақ. Егер мектептен тыс ұйымдар робот-техника ка­бинеттерімен, 3D принтерлермен және басқа да техникалармен қамтамасыз етілсе, ертең мектептегі білім сапасы да дамиды, себебі балада оқуға деген қызығушылық жұмысты техникада өз қолы­мен жасау және бағдар­лама­лар құрастыру барысында оянады.
Жолдаудың жетінші ба­ғы­тында ұстаздардың б­іліктілігін арттыру туралы, осы­ған байланысты педагоги­калық жоғары оқу орындарына мамандарды әзірлеу жүйесін толықтай қайта қарау туралы мәселе айтылған. Бұл өте өзекті мәселе, себебі білім саласындағы негізгі тірек – өз ісін, балалардың психологиясы мен жас ерекшелігін және оқыту методикасы мен технологиясын меңгерген мұғалім. Президент оқыту­шы­лардың жалақысы мұға­лімнің біліктілігіне сәйкес төленетіндігін айтты, сол се­бепті қазір білім жүйесінде ұлт­тық біліктілік тестіне да­йындық басталып кетті. Бұл жағымды жаңалық мұға­лімдерге бұдан әрі өзін өзі дамытып отыруға жол ашатын болды.

Назарбаев зияткерлік мек­­теп­терінің миссиясы – үз­­дік қазақстандық дәстүр­лер мен халықаралық тәжі­ри­­беге негізделген білім беру­­дің инновациялық жүйе­сін әзірлеу және өзіндік тә­жі­­рибені еліміздің жалпы бі­лім беру жүйесіне тарату. Басқа сөзбен айтқанда, біз­дің мектептер – тәжірибе ала­ңы. Мемлекет басшысы зият­керлік мектептер білім ж­ү­йе­сіне жаңа стандарттарды енгізуге көмектесетін, өңір­лердегі негізгі әдістемелік ор­та­лыққа айналуы керектігін тап­сыр­ды. Бүгінде олар шын мә­нін­де көпшілікке бағыт-бағ­дар беретін әдістемелік ор­та­лыққа айналды: біз Назарбаев зияткерлік мектеп­те­рінде бағдарламалар әзір­леп, оларды түсіндру бо­йынша еліміздің түкпір-түк­пірін­дегі мұғалімдерге арнап көп­теген семинар өткізудеміз. Біз­де жаңа технологиялардың ар­қа­сында онлайн-режімдегі жү­йе­лік-әдістемелік кешен жұ­мыс істейді. «Назарбаев зият­кер­лік мектептері» ДББҰ жа­ны­нан ашылған білім беру ре­сурсы, педагогикалық ше­бер­­лік, педагогикалық өл­шем­­дер, білім беру бағдар­ла­ма­­лары орталықтары елі­міз­­дің ұстаздарына тұрақты көмектесіп, қолдау білдіріп отырады.

Президент Жолдауы елі­міз­дің ұстаздар қауымына беріл­ген карт-бланш деп есеп­теймін, яғни Жолдау басым­дығы білімде деп білемін. Осы мүмкіндікті пайдаланып, оқу процесіне білім берудің жаңа мазмұнын енгізуіміз қажет.

Күләш ШӘМШИДИНОВА,
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы