Білім • 26 Қаңтар, 2018

Білім берудің сапасын арттырады

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының жаңа Жолдауында адам капиталын дамыту ең маңызды бағыт болғандықтан, мен білім саласындағы негізгі міндеттер жайлы пікірімді ортаға салмақшымын.  

 

Білім берудің сапасын арттырады

Елбасы өзінің Жолдауында білім беру бағдарламасының жаңар­тылған мазмұны шеңберінде оқы­туға көшкен мұғалімдердің жала­қы­сын 2018 жылғы 1 қаңтар­дан бас­тап 30%-ға көтеру міндетін белгіледі.

Бүгінгі күні Білім және ғы­лым министрлігі лауазымдық жал­а­қ­ыны арттыру білім берудің бағ­­дар­ламасының жаңартылған мазмұнына көшу кестесіне сәйкес жүргізіледі деп жоспарлауда. Алай­да лауазымдық жалақыны арттыру тетіктерін әзірлеу барысында педагогикалық оқу жүктемесі жоқ қызметкерлердің жалақысына 30% үстемақы қосуды ескеруді жөн деп санаймын.

Жалақыны көтерудің тағы бір шарасы мұғалімдерді аттестат­таудың жаңа моделіне көшуде қарас­тырылған. Нәтижесінде, мұ­ғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30%-дан 50%-ға дейін өседі. Бұл мәселелерді жүйелі түр­де жүзеге асыру мақсатында білік­тілік тестілеу және аттестат­тауды өткізу мерзімін қайта қара­с­тыру қажет. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі педагог қыз­мет­керлерді аттестаттаудың жаңа жүйесінің жобасын әзірлегені жөн.

Сонымен қатар мәселенің әлеу­меттік маңыздылығына байланыс­ты 2018 жылғы республикалық бюд­жеттің бірінші нақтылауын өт­кізуді тездету қажет деп санаймын.

Тағы бір айта кететін жайт, Елбасы, біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қара­ғанда да көп екенін ескеріп, оны төмендетуді тапсырды.

Қазіргі таңда мектеп оқушы­сының апталық оқу жүктемесін азайту бес күндік оқу аптасына кедергісіз көшуге мүмкіндік бе­ре­тіні сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыс барысында мектепте оқы­тылатын негізгі пәндер бағдар­ла­маларының мазмұны­ның қыс­қармауына, оқушылардың білім сапасының төмендеуіне жол бермеу мәселелерін Білім және ғылым министрлігі басты назарға алуы тиіс. Бұл ретте, оқушылардың оқу жүктемесі қысқарған кезде мұғалім санының да қысқаратынды­ғын ескерген жөн. Сонымен қатар мұғалімнің жаңа заман талабына сай шығармашылықпен жұмыс істеуіне барынша мүмкіндік беру үшін және олардың жауапкершілігінің артуын ескере отырып, «Білім туралы» заңның 52-бабында көрсетілген 18 сағаттық мұғалім жүктемесін азайтып, заңға тиісті өзгерістер енгізу қажет немесе осы норманы заңнан алып Үкіметтің білім беру саласындағы құзыретіне беруді жөн деп есептеймін.

Сонымен қатар мектеп бітіру­шілерінің жалпы білім беретін пәндер бойынша оқу нәтижелерін отандық жоғары оқу орындарында тану және орта білім деңгейі мен жоғары білім беру деңгейі­нің сабақтастығын қарастыру қажет. Осы мәселенің барлығы мұғалімнің мәртебесін арттыруға және педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын бір­ден-бір құрал екендігі айқын.

Сондай-ақ жоғары білім беру мәселесі де Елбасының ұдайы назарында. Жолдауда атап көрсетілген жоғары оқу орындарының акаде­мия­лық еркіндігін заңнамалық тұрғы­дан бекіту мәселесінің маңы­зы зор деп санаймын.

Қазір Парламент Мәжілісіндегі жұмыс тобы еліміздегі «Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері туралы» заң жобасын қарастыру үстінде. «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарының 78-қа­да­мына сәйкес, Назарбаев универ­ситетінің тәжірибесі негізінде ЖОО-ның академиялық және өзін өзі басқаруын кеңейту, сонымен қатар халықаралық тәжірибеге сәйкес жекеменшік жоғары оқу орын­дарын коммер­циялық емес ұйым­дарға ауыс­тыру мәселесі көзделген.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігі халықаралық акредиттеу органдарының талаптарына сай келетін білім берудің жаңа бағдарламаларын сапалы жасауға қолайлы мүмкіндік береді.

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты