Әдебиет • 25 Қаңтар, 2018

Сөз сойыл №51

376 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әзіл-оспақ, сын-сықақ

Сөз сойыл №51

Ауыл мұғалiмiнiң алты ауызы
(Алтынбек Қоразбаевтың «Қара шал» әнiнің әуенімен)

Бе-е-у, жалған-ай!
Қалқайған қасiреттi мұғалiммiн.
Бұл күнде мұғалiмдi ұғады кiм?
Жаутаңдап бастыққа да, балаға да,
Дүние-ай, әрең-әрең шығады үнiм.
 
Күн қайда терлеп iшер 
қызыл шайды,
Тер емес, көздiң жасы жүзiм шайды.
Сабақтан қашқан бала кездесер ме,
Аралап қайтайыншы Қызылсайды.
 
Оу-у-у, дүние-ай!
Мектепке келсеңдершi, қарақтарым,
Iздеумен көше кезiп далақтадым.
Қол жеткен отыз жылда отыз мыңды
Өкiмет қайта алды ғой санап бәрiн.
 
Бай қайда, бала қайда, үйiм қайда,
Қасқайып төрде отырған 
күнiм қайда?
Қалада күзетшi алған көтерме ақы
Бiздерге бұл дүниеде бұйырмай ма?
 
«Ұстаздық – ұлы атақ» жалған болды,
Сағындық Ыбырай ата салған жолды.
Көмiлiп көп папкаға күнiм өттi,
Шәкiртпен жұмыс жасау 
арман болды.
 
Ау-у-у, арман-ай!
Бiр жақта ҰБТ тұр жанды қинап,
Өмiрiм толған үрей, толған жұмбақ.
Тiзiм ал, дауыс жина, санақ сана,
Кетемiн одан қалса қиқым жинап.
 
Күн қайда мiсе тұтар қолда барды,
Оқуға мұғалiмдiк сорға бардым.
Бұл күнгi фронталь мен КРУ-лардан
Тергеуi Мүңкiр-Нәңкiр 
жолда қалды...

Қазақ едiм дегенше...
(Табылдыша толғау)

Қазақ едiм дегенше,
Қасқыр едiм десейшi.
Түзде жортқан бөрiдей
Тапты жемiн десейшi.
Қазақ едiм дегенше,
Батыр едiм десейшi.
Жауына да жанашыр
Ғапыл едiм десейшi.
Қазақ едiм дегенше,
Ақын едiм десейшi.
Серiлiк пен салдыққа
Жақын едiм десейшi.
Қазақ едiм дегенше,
Аңғал едiм десейшi.
Кемпiрiне орыстың
Екi-екiден үй берiп,
Пәтершi боп ендi оған
Қалған едiм десейшi.
Қазақ едiм дегенше,
Аңқау едiм десейшi.
Бiр үй бiтсе басына,
Бiр ат мiнсе астына,
Дүниеден баз кешкен
Жалқау едiм десейшi.
Қазақ едiм дегенше,
Мақтаншақпын 
десейшi.
Кредитке той жасап,
Аттан саппын десейшi.
Қазақ едiм дегенше,
Күйiнiшпiн десейшi.
Қара желең жамылған,
Қаба сақал өсiрген
Арамзаға «Алла” деп,
Сыйыныппын десейшi.
Қазақ едiм дегенше,
Өкiнiшпiн десейшi,
Самогонды орыстан
Өтiп iштiм десейшi.
Қара балта тәрiздi
Кетiлiппiн десейшi,
Қайрай-қайрай бiр күнi
Жетiлiппiн десейшi.
Қазақ едiм дегенше,
Жанпидамыз десейшi,
Қарындастың ары үшiн,
Қара бала қамы үшiн,
Атамекен жер үшiн,
Жан қиғамыз десейшi.
Қазақ едiм дегенше,
Қасiретпiн десейшi.
Тiрлiгiмде тамұқты
Басып өттiм десейшi.
Айбөкеннiң сүтiмен
Асырап кiм десейшi,
Қаны шыққан жарамды
Қасымақ кiм десейшi...
Қазақ едiм дегенше...
 
Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ

Алматы

Саңлақ сазгердің жатыпатар әзіл-оспақтары

Құрманғазы қай оқуды бітірген?

Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған заманында «Жоғары оқу орнын бітірмегендер КСРО Композиторлар одағының мүшесі болмайды» деген қатып қалған қағида бар-тын. 

– Мен таңғалам, – дейді екен Шәмші Қалдаяқов. – Алматыдағы консер­ваторияға Құрманғазының аты берілген. Сонда Құрманғазы атам қай консерваторияны бітірді екен?


Қара кәстөм

Шәмшіге ел-жұрты ерекше құрмет көрсетіп, су жаңа кәстөм-шалбар кигізеді. Алматыға келгесін сол жаңа киіммен достарына соғады да, түнделетіп үйіне келе жатса көшенің бұзықтары ұстап алып:

– Шешін! – дейді.

– Әй, жігіттер, мен Қалдаяқовпын ғой.

– Бізге Қалдаяқов емес, қара кәстөм керек! – дейді әлгі әпербақандар. Сонда жарықтық Шәкең:

– Айналайын халқым, өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді. Халқым аман болсын! – деп шешіне бастаса керек.

Бір қап күріш

Шардара ауданындағы «Қазақстан» ауылында бас агроном боп істейтін досына Шәкең жыл сайын ат басын бұрып, он-он бес күн аунап-қунап қайтады екен. Шәмші Қалдаяқовтың атын естігесін ауыл-аймақ амандасып, ақ дастарқанның басында алқа-қотан отырып, дәмдес-тұздас болу дәстүрге айналған. Сондай ағыл-тегіл сәтте бір жігіт:

– Шәмші аға, – депті бірдеңесі өтіп кеткендей өктемдеу сөйлеп, – Есіңізде ме, былтыр сізге бір қап күріш беріп ем ғой. 
Шәкең естімеген рай танытып, үндемепті. Әлгі жігіт әдепсіз сұрағын тағы қайталап:

– Аға, – депті, – былтыр бір қап күрішті машинаңызға артып жіберіп ем ғой, есіңізде ме?

Сонда Шәкең бедірейген жігіттің бетіне қарап:
– К... к... күріш есімде, өзің есімде жоқ! – дегенде, жұрт қыран-топан күліпті. 

Ит инфаркт бола ма?

«Ғалымдардың болжамы бойынша, бүкіл жан-жануардың ішінде ит қана инфаркт болмайды екен...» деген сөзді газеттен оқыған Шәкең:

– Егер менің көрген күнімді көрсе ит те инфаркт болады! – депті қуақыланып.

Өтірік «Шәмші»

Бір заманда өтірік «Шәмшілер» көбейіп, атын пайдаланғандар аз болмаған. Сыраханада Әбілахат Еспаев екеуі тұрса, бір бейтаныс жігіт келіп:

– Мен Шәмші Қалдаяқовпын! – деп өзін таныстырады. Екі дос не дерін білмей, бір-біріне қарайды. Әбекең:

– Мен Әбілахат Еспаевпын! – дейді. Ал, Шәмші өзін: 

– Академик Ахмет Жұбановпын! – деп таныстырады.

Әлгі жігіт кеткесін Әбекең:

– Өлген кісінің атын айтып, өтірік танысқаның ұят емес пе? – дейді. Сонда Шәмші:
– Ұялса анау жігіт ұялсын, – дейді. – Ол жігіт тіріні өлтірді, ал мен өліні тірілттім.

Көпен ӘМІРБЕК

Астана
 

Тiкен- тiркес

 Қатені көбірек жіберген сайын, азы қалады.

 Адамда билік аз болған сайын ашуды мейірімге жеңдіре біледі.

 Қолынан көп нәрсе келмейтін адам «ұзаққа» шабады. 

 Басқалар жайлы әңгімелей отырып та өзің туралы көп нәрсе айта кетуге болады.

 Өмір бойы кеудесін қағып келді, бірақ оның бұл «қағысына» ешкім жауап берген жоқ.

 Күннің астынан орын тауып, өз жұлдызыңды жоғалтатын да сәттер болады.

 Сенімің мығым болу үшін қолыңда шегемен қатар балға да болуы керек.

 Егер қан қысымыңыз өте жоғары болса, дұрысы – қызмет баспалдағымен көтерілмегеніңіз. 

Үміт ЗҰЛХАРОВА 
 Алматы

Қожанасыр хикаялары

Жас кезінде Қожа қарындасына өзінің үйленгісі келетінін айтады да, қарындасы іздеп жүріп бір қыз тауыпты.
Қожекең қарындасынан:
– Ал жақсы, көріп келген қызың­ның жасы қаншада, соны айтшы? – деп сұрайды.
– Құдай ақы, – дейді қарындасы, – мен жасын сұрап едім, ол «білмей­мін» деді. Бірақ өзі жап-жас.
– Жоқ, – дейді ағасы, – онда маған оның қажеті жоқ.
– Неге? – дейді қарын­дасы.
– Өйткені ол жас емес.
– Оны қайдан білдің?
– Отыздан асқан әйелдер әрқа­шан да жасы қаншада екенін өтірік білмей қалады. Демек, бұл қыздың жасы отыздан асып кеткен болды.

*  *  *
Қожанасыр үйін салып жатқан ұстаға төбенің тақтайын еденге, еденнің тақтайын төбеге қағуды тапсырыпты. Ұста аң-таң болып:
– Мұныңыз не, неге бұлай істейсіз? – деп сұрайды.
Қожанасыр маңғаз қалпын бұзбастан:
– Жақын арада мен үйленген соң белгілі ғой, үйдің астан-кестені шығып, асты үстіне түседі. Міне сол үшін алдын ала шара қолданып жатқаным ғой, – деген екен.

*  *  *
Қожекең бос уақытында көбінесе тек кітап оқумен болса керек.
Бірде әйелі оған ренжіп:
– Бүгін түнде таң атқанша ұйықтамай, «мені кітапқа айналдыра гөр» деп Аллаға жалбарындым, – депті.
– Е, жайшылық па? – дейді молдекең.
– Шынымды айтсам, – дейді әйелі, – мен сені ана кітаптарыңнан қыз­ғанып жүрмін. Ер­телі-кеш көзіңді алмай қарау үшін менің кітап болғым келеді.
– Аллаға сыйынған кезіңде, – деп қалжыңдапты молдекең, – өзіңді күнтізбеге айналдыра гөр деп жалбарын.
– О неге? – дейді әйелі.
– Күнтізбеден асқан жақсы кітап­ша жоқ және өзі бір жылға ғана жарайды, сосын жаңа күнтізбе аласың, – депті Қожанасыр сонда.

*  *  *
Мешіттің мол­дасы жиыл­ған қауым­ға неше түрлі уағыз айтып жа­тып әңгіме әйелдерге қарай ауысады:
– Әйел дегеннің о баста жаратылысы солай: олардың шашы ұзын, ақылы қысқа.
Қожанасырға бұл сөз ұнамай қалады.
– Ғафу етіңіз, молдеке, о не дегеніңіз? Әйелдің шашы ұзын болса, ол сұлу, әдемі болып көрі­неді. Ал ақылдың қысқа бол­уын мен ұқпаймын. Әгәрәки, мен сіздің орныңызда болсам, онда тек өз әйелімді ғана жамандап, өзге әйелдерге тіл тигізбеген болар едім, – депті.

Таныстыру

Бұрыннан сіңген бойға,
Жалпы жиын-тойда,
Жиналғандарды өзара,
Таныстыру тұрады ойда.
Тойды біреу басқарады,
Таныстыру былай басталады.
Бірінші,
Кешегі болған кісіні,
Екінші,
Кейінгі толған кісіні,
Үшінші,
Тәп-тәуір жерге,
Тұғырға қонған кісіні,
Төртінші,
Сосын сыпайы,
Соңында «тоңған» кісіні –
Солай таныстырады.
Жасы мен жолы үлкенді,
«Походу» жолай таныстырады.
Кей жерде осы «саланы»,
Өзгерту оңай емес-ау,
Себебі,
Бұл – «заман талабы».

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

ҚЫЗЫЛОРДА
 

Полициядағы «пай-пай»

– Неге осы жол полициясы бекеті­нің жанынан көліктер ақырын өтеді?
– Жол полицейлерінің бала сияқ­ты жолға жүгіріп шығатын әдеттері бар емес пе?
* * *
– Алло, полиция ме екен?
– Иә, кезекші тыңдап тұр.
– Көршім анаша сатып жатыр.
– Қаншадан?
– Бумасы он мың!
– Қымбат емес, алуыңызға болады...
* * *
Ауылдағы полиция арақ жасап сататын шалмен әңгімелесіп отыр.
– Көке, арақ жасауыңызды тоқтатыңыз!
– Жасап келдім, жасай беремін.
– Отырғызамыз!
– Балам жасайды.
– Оны да тығамыз!
– Немерем жалғастырады.
– Немереңізді де!...
– Е, ол кезде мен түрмеңнен шығамын!
* * *
Полиция жеңіл жүрісті қызға төніп отыр.
– Ілдебайқызы, бұл қалай-ей!? Әкең ғой университеттің білдей профессоры! Шешең де сонда тәлімгер! Сен қалай ғана жеңіл жүріске түсіп кеттің?!
– Көл-көсір табыс. Жолым болып кеткеніне өзім де таңғаламын.

Мүйісті жүргізген Берік Садыр