Тіпті әйел кісілерді де абыз дей бастадық. Осыған қарағанда есте жоқ ескі замандардан бермен қарай өте сирек қолданысқа түскен қастерлі абыз атауының мән-мағынасын жете түсінбей, өте үстірт қарап жеңілдетіп алған тәріздіміз. Өйткені консерваторияның қобыз класын бітірген өзі қара қобызды құйқылжыта арқаланып тартатын жас ғалым Әсем Бұрханқызы Мұхаметжанның «Абыздан қалған асылдар» (Алматы «Алаш» баспасы, 2006 ж., 182-бет) деп аталатын ғылыми монографиясын оқысаң, осы пікірге еріксіз келгендей боласың. Әсемнің ой қорытуына қарағанда, Абыздар интуитивтік сана-сезімнің иесі, Қорқыт және Қорқытқа дейінгі абыздар дүниетанымы жағынан қарағанда олардың бәрі де таза тәңірлік діннің жетекші өкіліне жатады екен. Бұл – тарихи шындық, еш қоспасы жоқ сол кезеңнің дүниетанымы абыздар туындысы арқылы синкретті өнерден өз көрінісін тапқан, қайталанбас рухани құндылықтың өзегіне айналған бірегей құбылыс. Атақты филолог ғалым Қ.Жұбановтың танымында: «...ескі кездегі шамандарды абыз, – деп «ру бастықтары, ру ақсақалдары, «бақсы-балгерлер мен қобызшы, домбырашы, әншілердің барлығы да абыздардан өрбіген», – деп абыздың синкретті өнер өрісін кеңейтіп, оның өмірге өріс жаюының негізі қайда жатқанын нұсқай көрсетуінің елеулі мәні бар құбылыс.
Абыз тұлғасының өте көне тарих қойнауында қалыптасып жетілген түрін танып білмей, бүгінгі абыз ұғымының түп мағынасына дендей алуымыз екіталай. Заман ағымын алдан болжап, көріпкелдік жасап, тұла бойы синкреттік өнерге тұнған, сөз сөйлесе төгілген шешен, ой ойласа көріпкел көсем, халқының рухани әлемінің өзегіне айналған бірегей кетпен тұяқ кемеңгер тұлға ғана абыздық деңгейге жете алған. Мұндай тұлғаның болмысын б. з. б. дәуірде ғұмыр кешкен Үйсін мемлекетінің билік пирамидасындағы 9 сатылы биліктің алтыншы сатысынан ойып тұрып орын алған абызды мемлекеттік жоғары билік сатысындағы қызметтен көре аламыз. Бұл жайлы нақтылы жазба дерек көздері де б. з. д Қытай жылнамаларында жазылған, ресми түрде хатқа түскен құжаттар қабатынан ұшырата аламыз. Мысалы, Қытайдағы Үрімжі қаласында 2005 жылы қытай тілінен қазақ тіліне аударылып басылым көрген «Ежелгі Үйсін елі» деп аталатын ғылыми еңбекте Абыз туралы аз болса да саз ғана өте сирек дерек көздері ұшырасады. Осы кітаптың 271-бетінде «Үйсін елінің билік жүйесі» деген тақырыппен берілген Үйсін мемлекетінің мемлекетті басқару пирамидасындағы ең негізгі 9 сатылы қабаттан тұратын, яғни оларды 15 лауазымды ұлық бірлестігі ең биік бүкіл мемлекеттік билік орындарын меңгеретіні жазылған. Бірінші орында тұрған ең биік шешуші орын – елбасы, яғни ол Күнби деп аталады, 2- Дулы (дұғлу) – бас уәзір, 3- қолбасы, 4- тайпа басшылары, 5- Дарту яғни бас жасауыл, 6-шы орында – Абыз (бас бағамдар) 2 адам тағайындалған, 7-Ұлыс бегі, 8-Орда бегі, 9-Атқосшы (әмір сарбазы). Тоғыз дәрежеге бөлінген өкіметтік ұйымды орталықтанған 15 ұлық бірлігі меңгеріп, басқарып отыратын болған.
Осы билік иелерінің ішінде абызға қоғам өмірінің дүниетанымдық, идеологиялық өміріне басшылық ету тапсырылуы себепті, абыздардың өзі өзара «Бас ақылгөй абыз» (180-бет); «Санаткер абыз» (215-бет); «Төреші абыз» (370-бет) деп аталып, олар өздеріне тиісті салаға басшылық еткен. Бас ақылгөй абыз – Күнбиге кеңесші ақылгөй болумен бірге көріпкелдік қасиеті басым, өнер иесі, қоғамның келешек тағдырын барлап, қандай тағдырға ұшырарын болжап отырған. Санаткер абыз табиғаты шамасы синкретті өнер атаулының бет алысын, даму жолын танып білу жолында бойына біткен өнердің күшімен қалың үйсін елінің рухани ұйытқысына айналып, қауымын күнби саясатының маңына сүттей ұйытып отыруға ұмтылған. «Төреші абыз» – қоғамның юриспруденциясына жөн сілтеп, төрешілік етіп отыруына қарағанда, қазақтың атақты билерінің түп төркіні мен билік қызметі осы абыздықтан әуже алып жатқандай. Әрине, бұлардың бәрі де тәңірлік дүниетаным негізіне сүйеніп, қоғамдық санаға сол тұрғыдан бағыт-бағдар берсе керек. Өйткені қоғам мүшелерін рухани тұтастықта ұстап, осы мақсатқа ұйытып отыру міндеті олар үшін әрі қоғамның саяси-әлеуеттік мүддесі үшін шешуші әрі басты парызы ретінде саналған. Үйсін тарихының б. з. б. III ғасырдан б.з X ғасыр арасындағы 1200 жылдық тарихы Қытай жазба деректерінде хатқа түсіп сақталып, бізге жетті. Мемлекетті басқарудың 9 дәрежелі сатысы өзгеріссіз дәстүр ретінде жалғасын тауып абыздар атқаратын тәңіршілдік дүниетаным негізінде қоғамның рухани тұтастығын сақтау парызы өзгеріссіз сақталып, V-VIII ғасырлардағы Түрік қағанаты заманында абыздық қызметін Тоныкөк, Қорқыт ата атқарған деп батыл түрде болжам жасауға айрықша дәлелдер жетерліктей.
Өйткені Тоныкөк қоғамның ақылгөй көріпкелі болудың үстіне Қытай мен Түрік елі арасындағы идеологиялық күрестің дәл ортасында қызу атсалысып, жау жақтың қитұрқы идеологиялық айла, тәсілінің шырмауына түсіп қалмау жағына ескерту жасап отыруында көп мағыналы сырлар жатыр.
Әз Жәнібек заманында ханның абызы ретінде қызмет еткен Асанқайғыны көреміз. Ханға ақылгөй болумен бірге қазақ қауымының келешегі туралы көріпкелдік пікірін толғай отырып:
Бұдан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың өмірі тәмам болар, – деп ханға айтқан болжау сөзінде болашақта Ресей империясының отарлау саясатын шортан бейнесі арқылы меңзейтіні бар. Бұл қасіреттен құтылудың жолы жаңа қоныс іздеп, өз танымындағы Жиделі-Байсын қонысын Желмаясына мініп іздейтін арманы жай қиял емес, шындықтың өзінен, яғни бодандық лебін сезінуден туған сарын еді.
Асанқайғы абыздың дәстүрін жалғастырушы Абылай хан заманының абызы деп Бұқар жырауды айта аламыз. Бұқар жырау Абылай ханның ақылгөйі, әрі көріпкел сұңғыла білікті, өлеңді өнер тұтынған жырау аталуы – тарихи шындық. Асанқайғының Әз Жәнібек ханға айтқан көріпкелдік мағынадағы жұмбағы:
Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,
Желмая мініп жер шалам
Тапқан жерге ел көшір...
Әй, Жәнібек, ойлансаң,
Қилы, қилы заман болмай ма?
Суда жүзген ақ шортан,
Қарағай басын шалмай ма?
Мұны неге білмейсің...
деп Асанқайғының көріпкелдікпен болжап айтқан жұмбағының шешуін Бұқар жыраудан сұрағанда, Абылайға былайша жорып таратып жеткізетіні бар:
Хан Абылай, Абылай...
Қарағай судан қашықтап
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан – шөлге шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ,
Ойлама шортан ұшпас деп.
Күнбатыстан бір дұшпан
Ақыры шығар сол тұстан.
Жаяулап келер жұртыңа!
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жебірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды,
Еліңді алар қолыңнан,
Әскер қылар ұлыңнан!
Бұл айтқаным, Абылай,
Болмай қоймас артынан, –
деп көрегендікпен толғай сөйлеген өлең жолдарында түбінде Ресей тарапынан отаршылдықтың бодандық қамыты мойынға ілінерін меңзеп отыр.
Абылайдың абызы Бұқар жыраудан кейін, хандық биліктің заманы өтіп, ел билеу жүйесі отаршылдық қалыпқа түскен соң-ақ қасиеті бар, ақылгөй өнерпаз, алдын болжай алар көріпкел абыздар болса да, заманы өзгеріп өз биігіне өрлей алмай қайғылы ойға тұншығып арманда кеткен дарындар да өмірден өтіп жатты. Осы құбылысты ескере отырып Абай «Ол кезде шала-пұла хат таныған кісісі болса – оны «абыз» дейді екен. Ол «абыз» демек әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына қоятын аты екен» (Абай. Алматы, 1995, 2 том, 222-бет), – деп ой жүгіртуі арқылы абыздың көне болмысы өзгеріп, уақытына қарай евенкі тіліндегі елерген, делебесі қозған шаман деген деңгейге дейін түсіп кеткен қалыпты аңғартады.
Ал, Ресей патшалығы мен кеңестік заманда абыз атаулының шығу мүмкіндігі болмағаны кімге де болса анық еді. Шәкәрім қолдан билік кеткен Ресей бодандығы заманында «Ел ғайыптан хабар алып, болашақты болжайтын» деп табынатын ақылды, ойшыл, адал қария Абыз болған» (540-бет. 2 том, 2007 жыл. Алматы), – деп көрсететіні бар. «Еңлік-Кебек» дастанында Нысан абыз Кебектің тағдырын болжап:
Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан,
деп көріпкелдігін білдірді. Шәкәрімнің айтуынша Нысан абыз:
Ол кезде балгер болған Нысан абыз,
Шын дәулескер бақсының өзі нағыз.
Жыны айта ма, кім білсін, шыны айта ма,
Айтқаны келеді деп қылады аңыз. (Сонда 376-бет)
деп абыздың бодандыққа түскен елінің кезіндегі қызметі мемлекеттік деңгейден төмен түсіп, ірі ру, тайпа өміріндегі қалпын суреттейтіні бар. М. Әуезов те «Еңлік-Кебек» пьесасында Нысан абыз тобықты руының көріпкел, қобызын сарнатқан абыз ретінде суреттеледі.
Арабтар Тұранға VIII ғасырда ғана аяқ басты емес пе? Абыз араб сөзі емес, көне түркі сөзі. Этимологиясы зерттелмеуі себепті, мағынасы ашылмай келеді.
Бірақ тәуелсіздік заман желі алтын күрек желдей маңдайымызды желпи соққан тұста газет-журнал беттері мен көгілдір экранда атағы шыққан ақын-жазушы, ғалымдарды пәленше абыз, түгенше абыз деп жамыратып жатырмыз. Бірақ біздің үстірт түсіп жатқан бұл мағынасы ауысқан жасампаз абыздарымыз дәстүрлі абызға мүлдем ұқсамаса да сөз мағынасын бұзып «абыздап» жатуымызға жол болсын?
Тәуелсіз Республикамыздың сенімді болашағы үшін билік сатысында абыздың жауапты қызметін атқарар көріпкел, тұла бойын өнер құдыреті билеген ұлттық идеологияның көрігін жағатын абыздық лауазымның орны күн өткен сайын сезілуде. Өйткені көп диаспоралы халқымыздың дүние танымы қырық қырау көрпедей шұбарала қалыпқа түсіп барады. Осы арада б.з.б. VI-V ғасырда өткен иран патшасы Даридің (б.з.б., 522-486 ж) жартасқа жаздырған «Баянды мемлекет болу үшін халықтың бір тілде, бір дінде болуын қамтамасыз ету қажет», – деп көрегендікпен айтқан өсиеті дәл бізге арналып айтылғандай естілетіні бар. Олай болса осы осал жерімізді түзетіп, қоғамдық санамызды сүттей ұйытатын мемлекеттік деңгейдегі идеолог абыз қажет болып-ақ тұр!
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
профессор