Аймақтар • 12 Шілде, 2017

Атыраулық паралимпиадашы олжалы оралды

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық құрама сапында бұған дейін де әлемдік жарыстардың жеңімпазы атанып жүрген атыраулық паралимпиадашы Ержан Сәлімгереев Германияның ашық кубогынан олжалы оралды. Әлемнің 51 елінен параолимпиадашы-спортшылар қатысқан додада Ержан 50 метр қашықтыққа жүзуден алтын медаль, 100 метр қашықтыққа жүзуден қола медальды жеңіп алды.

Атыраулық паралимпиадашы олжалы оралды

Ержанды жерлестері жігері мол, қажыр-қайраты мұратына  жеткізген рухы биік жан ретінде жақсы біледі. Тоғыз жасында алаңсыз ойын ойнап жүріп, электр тогына тартылып қалған ол бір аяғы мен бір қолынан айырылған. Бірақ тағдырдың қатал сыны өрімдей жасты жасытпады. Арбаға таңылып қалған күндерінде де сәулелі ертеңіне сенді. Аяғынан тұрды. "Оқысам, білсем" деген құлшынысы мектеп партасына қайта оралтты. Студент болды. Жоғары білім алды. Қызметке орналасты. Кішкене кезінен футболды жаны сүйетін Ержан өміріне спортты серік етумен келеді. Институт қабырғасында жүріп облыстық мүгедектер спорт клубына барып, суға жүзумен айналысты. Дамир Ешенқұлов, Бауыржан Ақынбек, Нұрлан Жұмағазиев сынды жаттықтырушылары да Ержанның жігерін жанып, талай дүбірлі додаларда жеңіп шығуына қолдау көрсетіп жүр. Берлиндегі халықаралық жарыста озып шыққан спортшы әлем чемпионатына жолдаманы ұтып алды.

-Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына облыста барлық жағдай жасалған, - дейді мүгедектер спорт клубының басшысы Қонысбай Шпанов. – Ержан Сәлімгереев – біздің мақтанышымыз. Енді Мексикада өтетін әлем чемпионатында да Ержанға жанкүйер боламыз, жеңіс тілейміз.

Бақытгүл Бабаш,

«Егемен Қазақстан».

Атырау.