Бағдарламалар • 15 Маусым, 2017

Жол мұраты

245 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде Үкімет тарапынан қабылданған бағдарламалардың қай-қайсы да ел-жұрттың игілігіне қызмет жасайды. Өсіп-өркендеу мен дамудың жаңа сатысына өтуге септігін тигізеді.

Жол мұраты

Дегенмен, солардың арасында «Нұрлы жол» инфра­құ­рылымдық даму бағдар­ла­масының жөні де, жолы да бө­лек. Оның өзге мемлекеттік бағ­дарламалармен салыстыра қарағанда басты өзгешелігі – ауқымдылығында. Ел экономикасы дегеніміз, өте кең ұғым. Осы тұрғыда бұл бағдарлама тек бір саланың аясында шектеліп қалмай, экономиканың барлық буындарын қамтуы оның басты артықшылығын көрсетеді. 
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ақтөбе өңірінде қолға алынған ауқымды іс-шаралардың бірі – «Орталық-Батыс» жобасы. Бұл магистраль Астана – Ақтау бағытын жалғастырады. 2511 шақырымды құрайтын ұзын дәліздің аралығында Арқалық қаласы мен көптеген аудан орта­лықтары бар. Ақтөбе облысы аумағында бұл дәліздің ұзын­дығы 518 шақырым. 
«Орталық-Батыс» – «Нұрлы жол» бағдарламасының басты жобаларының бірі. Оның негізгі ерекшелігі мен артықшылығы еліміздің барлық өңірлеріндегі автомобиль дәліздерін бір-бірімен түйістіруді мақсат етуі­н­-
де. Оның атқаратын міндеті тек мұнымен шектелмейді. Соны­мен бірге, осы жоба аяқ­тал­ған кезде Ресейдің Урал, Челя­бинск аймағына, Татар­с­танға және ақтау қаласы ар­қы­лы Түрікменстан мен Иранға жол ашыл­мақ. Бұл жобаның біздің облыс­қа тигізетін тағы бір пайдасы Ақтөбе қаласынан Қостанай облысының шекарасы арқылы тура жол тартылмақ. Осы ретпен екі арадағы қазіргі қашықтық пен аралықты 2000 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік туады.
Жалпы, көлік дәліздері туралы сөз болған кезде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­ара­лық транзит дәлізін айтпай кету мүмкін емес. Тұтастай еліміздің аумағындағы осынау алып та ауқымды құрылыс ең алғаш Ақтөбе аймағында басталып, Ақтөбе аймағында аяқталды. Осы шаруаның басы-қасында жүрген «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетовтің айтуынша, аталған дәліздің облыс аумағындағы ұзындығы 628 шақырымды құрайды. Бұл рес­публика аймақтарындағы ең ұзын қашықтық деген сөз.
– Бұл жол Ақтөбе, Қарабұтақ, Ырғыз аудандары арқылы Қызылорда облысының шекарасына дейін созылады. 2003 жылы басталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін қайта жаңғырту жұмыс­тары 2013 жылы толық­тай аяқталды. Халықаралық стандарттар бойынша жасалған дәліздің бүгінгі бөліктерімен жол жүріп көріп пе едіңіз? Дүниенің бір рақатын содан көресіз. Бұл аралықпен бүгінгі күні тәулігіне шамамен 2000-2500 жүк көліктері жүріп өтсе, 2020 жылға қарай көлік тасқыны мен жүктердің еркін транзиті мұнда 4-5 есе өседі деп күтілуде, – дейді Бағлан Баймағамбетов.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы халықаралық дең­­гейдегі транзит дәлізі болса, қазіргі кезде «Нұрлы жолға» кіретін нысандар тізбесін негізінен республикалық маңы­зы бар автожолдар құрылыстары құ­рай­ды. Қазіргі кезде Ақтөбе – Атырау бағытында 456 шақы­рым автомобиль жолын қайта құру жұмыстары басталды. Оның 319 километрі Ақтөбе облысы аумағында. Бұл жоба­ның ерекшелігі – Атырау облысын қамтып қана қоймай, Ресей шекарасына дейін жететінінде. Бұл Астрахань губерниясының аумағы деген сөз. Оның жоба­лау-сметалық құжаттары толық­тай әзір. Алты бөлікке бөлінген құры­лысты 2020 жылы аяқтау бел­гіленген. Аталған автожол Ақтөбе қаласы мен Алға, Мұғал­жар, Темір және Байғанин аудан­дары арқылы өтеді. Аталған құрылыс нысандары Ислам және азия даму банкілері арқылы қаржыландырылған. 
– Қазір мұнда тиісті сарап­тамалар мен тендерлік үде­ріс­тер жүргізілуде. Осы шең­бер­де «Ақтөбе – Мақат» ара­лық бөлігі бар. Жобаның Бай­ғанин ауданынан басталатын 17,4 шақырымдық тұсында жүр­гі­зі­летін күрделі жөндеу жұмыс­тарын биылғы жылы аяқтауды ұйғарып отырмыз. Осы арада біз іске белгіленген кесте мен уақыттан бұрынырақ кірісіп кеткенімізді айта кеткім келеді,  дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетов. 

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе