Қазақстан • 15 Маусым, 2017

Ішкі істер министрі халықпен есептік кездесу өткізді

222 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов халықпен есептік кездесу өткізді. Жиында министр елдегі қылмыстық ахуал, қылмысқа қарсы күрес, жол-көлік апаты тұрғысында, нашақорлыққа қарсы күрес төңірегінде баяндады. Сондай-ақ, республика тұрғындарының сұрақтарына жауап берді және жеке мәселелерін тыңдады.

Ішкі істер министрі халықпен есептік кездесу өткізді

Министр елдегі қылмыстық ахуал көптеген бағыттар бо­йынша жақсарып келе жатқан­ды­ғын жеткізді. Биылғы жыл­дың бес айы ішінде елімізде 123 мыңға жуық қылмыс тір­келген, бұл өткен жылмен са­лыс­тырғанда 15,8 %-ға аз. Қарақ­шылық 28,4%, тонау 19,3%, денсаулыққа ауыр залал кел­тіру 6,9%, қыз зорлау 29,3%, ұрлық 10,1%, алаяқтық 27,6%, бұзақылық 40,4% шама­сын­да қысқарған. Қоғамдық орын­дарда жасалатын қылмыс 12% және көшедегі 14,2% азай­ған. Жасөспірімдер арасын­дағы қылмыс 3,6%, сондай-ақ, бұ­рын сотталғандар тарапынан жасалған қылмыс 9,1% қыс­қарған.
Қылмыстардың барлық түр­лерін ашу жағы да жақсарып, оның ішінде ауыр қылмыс түрлерін де (60,2-ден 71,3%-ға) және аса ауыр түрлерін де (85,5-тен 90,6%-ға) ашуды жақ­сартуға мүмкіндік туған.
Қалмұханбет Қасымов ха­лық­пен кездесу барысында ішкі істер органдарының тек  құ­қық қорғау функциясымен ға­на емес, сондай-ақ, халыққа 39 мем­лекеттік қызмет түрін де көр­сететіндігін атап өтті. Бұл қыз­мет түрлерінің ішінде азаматтардың жеке куәліктерін, төлқұжаттарын рәсімдеу, ме­кенжай анықтамасын беру, аза­маттарды тұрғылықты жері­не тіркеу және басқа да мәсе­лелер бар.
«Егер былтыр біз миллион­нан сәл ғана көп адамды тір­ке­сек, биыл бес ай ішінде 1,7 млн адамды тіркедік. Уақыт­ша қоныс аударып, тіркелген­дер­дің саны 800 000 болды. Ал қалған 900 мыңы – басын­да баспанасы, пәтері бар, бі­рақ тіркеусіз жүрген азаматтар. Осын­шама адамды біз «көлең­ке­ден» шығардық», деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, министр есірт­кіге қарсы күрес мәсе­ле­сіне де кеңірек тоқталды.
«Біз заң жобасын әзірлеу­деміз. Соған сәйкес елімізде ты­йым салынған есірткі зат­тары­ның тізімі заңмен емес, Үкі­меттің шешімімен бекіті­летін болады. Бұл есірткінің пай­да болған жаңа түрлеріне қар­сы шұғыл әрекет етуге және есірткіге қарсы заңна­ма­лық икемді жүйені құруға мүм­кіндік береді», деді Қасымов.
Министрдің дерегінше, кеден органдарының, шекара қызметтерінің және поли­ция­ның бірлескен жұмыстарына қарамастан контрабандалық жолмен елімізге ауған героині де келіп жатыр. Оның біразы Қазақстанда қалса, қалғаны Ресейге шығарылады.
«Жыл сайын полиция органдары 3 мыңнан астам есірткі қылмысын анықтайды, оның 2 мыңы сату фактілері. Өткен жылы заңсыз айналымнан 35,3 тонна есірткі, оның ішінде шамамен 120 келі героин алынды. Есірткі бизнесі саласындағы 11 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды», деді Қ. Қасымов.
Министр елімізде ескірген «қол» радарларынан біртіндеп қолданыстан алынатынын, со­нымен қатар, барлық шол­ғыншы автомобильдердің видеотіркегіштермен, ал поли­ция қызметкерлері видео­же­тонмен қамтамасыз етілген­дігін атап өтті.
«Жыл басынан бастап жүр­гізушілерді негізсіз тоқтатуды жою және жол қозғалысы ере­жесінің сақталуын бақылау  жұмыстарының бағыттылығын қамтамасыз ету үшін полиция автомобильмен шолғындауға көшірілді. Бұған дейін жолдарды шамамен 13 мың полиция шолғындайтын болса, қазір 2,2 мың автошолғыншы қызмет етуде. Олардың жұмыстары жол қозғалысы ережесінің бұ­зылуының алдын алуға және өрес­кел бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған. Бұ­дан бөлек, осы жылдың басы­нан бастап ІІМ бірте-бірте ескірген «қол» радарлары­нан бас тарта бастайды. Олар­дың орнына полицияның қаты­суынсыз бұзушылықты анық­тайтын автоматты радарлар сатып алынады. Бұған қоса, бұзу­шылық туралы ақпарат жүр­гізушіге пошта арқылы келе­ді. Сондай-ақ, қазіргі уа­қыт­та бұзушылықтарды тір­кейтін стационарлық автоматты жүйеміз жұмыс істеп тұр. Оның тиімділігі айқын», – деді Қасымов.
Министрдің дерегінше, республика жолдарында 1,7 мыңнан астам стационарлық бақылау жүйесі орнатылған. Олар 2016 жылы шамамен 900 мың жол қозғалысы ережесінің бұзылуын тіркеген.
Жиында белгілі болға­нын­дай, қолға алынған шаралардың нә­тижесінде еліміздің жолдар­ындағы жағдайлар біршама жақ­сарған. Нақтырақ айтқан­да, былтыр жол-көлік оқиға­лары 5%-ға қысқарған. Бұл көр­сеткіш жол-көлік оқиғалары себе­бінен орын алатын адам өлімі мен жарақат алу көр­сет­кішінің төмендегенін білдіреді. 
Кездесу барысында министр елімізде әрбір 7-ші қыл­мыс, яғни кісі өлтіру әре­кет­терінің жартысына жуығы және отбасылық-тұрмыстық зомбылықтардың 60 пайызы алкогольдің кесірінен жасалатынын айтты.
Сонымен қатар, министр ал­коголизмге шалдыққандарды мәжбүрлеп емдейтін нарко­логиялық ұйымдар санының да аз екендігін айтты. Бүгінде елімізде 2470 орынға арналған 22 ұйым бар. Тағы 4 қосымша орталық қажет.
«Өткен жылы сот шеші­мімен бұл ұйымдарға 5300 адам жіберілді. Алайда, орынның жоқтығы салдарынан 1 мыңнан астам адам мәжбүрлеп емдеуден өткен жоқ», – деді Қ.Қасымов.

Жолдыбай Базар,
«Егемен Қазақстан»