Қазақстан • 15 Маусым, 2017

Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІV cъезі өтті

140 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІV cъезі өтті. Оған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев қатысты. Жиынға Үкімет мүшелері, бизнес өкілдерімен қатар, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер құқығы жөніндегі уәкіл Борис Титов, ЕАЭО Іскер кеңесі президенті Виктор Христенко да қатысты.

Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІV cъезі өтті

Алқалы жиынды «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев жүргізіп отырды. Т.Құлыбаев осы төрт жыл ішінде Ұлттық палата бизнес пен билік үшін отандық кәсіпкерліктің түйткілді де маңызды мәселелерін талқылаудың, қолдау білдірудің тиімді әрі салмақты алаңына айналғанын атап өтті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткен жылы кәсіпкерлікті дамытуға арналған 10 қадамды ұсынды. Шағын несиелеу көкжиегін кеңейту, жаппай кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту, кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын әзірлеу, «Үкімет бизнес үшін» сервисін құру, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функциясын қайта реттеу, қылмыстық-әкімшілік заңнаманы гуманизациялау секілді бірқатар міндеттерді қамтыды. 

«Бірнеше күн бұрын еліміздің бизнес-қоғамдастығы үшін  көптен күткен шешім шығарылды. «Атамекеннің» ұсынысын Парламент екінші оқылымда қолдады. Ұлттық палата экономикалық заң бұзушылық жазасын гуманизациялауға бағытталған маңызды жоба бойынша ұзақ жұмыс істеді. Осылайша, мемлекет жазалау шараларынан серіктестік қарым-қатынасқа көшіп отыр», деді Т.Құлыбаев. 

Съезде Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, сондай-ақ, басқарма мүшелері Р.Жүрсінов, Т.Шотанов, Э.Жұмағазиев, Н.Құдайбергенов, Е.Рамазанов, Н.Әлтаев сөз сөйлеп, кәсіпкерлік саласындағы мәселелерді талқылады. Ұлттық палатаның атқарған жұмысы қаралды. Кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнес өкілдері құқықтары мен мүддесін қорғау, адами капиталды дамыту және «Бастау Бизнес» жобасы, мемлекеттік сатып алулардағы отандық тауар өндірушілердің үлесі, кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жайында егжей-тегжейлі баяндалды. 

Бас прокурордың орынбасары М.Ах­метжанов бизнесті қорғау мәселелері, Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі төрағасының орынбасары А.Шпек­баев сыбайлас жемқорлық мәсе­лелері бойынша баяндады. Бас проку­ратура мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бизнесті көлеңкелі экономи­камен күресіп, адал кәсіпкерлікті дамы­туға  шақырды. Бас прокурордың орын­басарының мәлімдеуінше, Қазақ­станда енді прокуратура органдары бизнесті мүлдем тексермейтін болады. 

«Тексеру нәтижесіне сәйкес, ба­қы­лау-қадағалау қызметі қысқару үстін­де. Жеті жылдың ішінде тексерулер 5 есеге азайды. Прокуратура туралы жа­ңа заңға сәйкес, бизнесті тексеруден мүл­дем бас тартпақпыз. Олар Мем­ле­кет басшысының тапсырмасына сәйкес ерекше жағдайлар болғанда ғана жүргізіледі», деп атап өтті М.Ах­­мет­жанов. Соңғы 18 жыл бойы тексе­ру­лерді про­куратура органдары  тіркеп кел­ген екен. Қазіргі уақытта тіркеу тәуе­кел­дер­ді бағдарлауға арналған ІТ-жүйеге көші­рілуде.

«Қамқор» деп аталатын мобильді қо­сымшаны іске қостық. Кәсіпкердің ұя­лы телефонына барлық мәліметтермен бір­ге тексеру туралы СМС хаттама келіп тү­седі. Барлығына қолжетімді тексе­ру картасы бар. Онда кімнің көп бұзу­шы­лық­қа барғаны көрсетіліп тұрады», деді М.Ахметжанов.
Ал өз кезегінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Т.Шотанов «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы «Бизнестің бірыңғай жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы субсидияның тиімді ставкасын төмендетуді ұсынғанын атап өтті.

«2016 жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Бизнестің бірыңғай жол картасы-2020» бағдар­ла­масы аясында шағын және орта биз­несті дамыту мақсатында Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қоры қаржысы­нан 200 млрд теңге бөлу туралы ше­шім қабылданған еді. Сонымен қатар, ҰКП-ның тиімді жобалар мен инфра­құ­ры­лымдарға критерийлерді қайта қарау ұсы­нысының ескерілгендігін атап өткен орынды», деді. Сонымен қатар, ол шағын және орта бизнес субъекті­лері­нің құқықтарын шектейтін көптеген нор­малардың да болғандығын айтып өтті. 

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жол картасына байланысты субсидиялаудың қолданыстағы тиімді ставкасын қазіргі шынайы жағдайды ескере отырып, 16 пайызға төмендетуді қарастыруды ұсынады. Бизнесті сервистік қолдау да кәсіпкерлік қоғамдастық тарапынан өзінің талап етілетіндігін дәлелдеп берді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша қаржылай емес қолдау шараларымен бизнестің 46 мыңнан астам субъектісі қамтылды. 2 мыңнан астам жаңа өндіріс орны ашылып, 4 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Кәсіпкерліктің 8 мың субъектісі қаржылай көмек алды», деді Т.Шотанов.

Мәліметтерге сүйенсек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіп түсетін арыз-шағым саны жыл сайын артып келеді екен. Мәселен,  2013 жылдың қыркүйек айынан бастап жалпы алғанда бизнесті қорғау бойынша 18 623 өтінім түскен. Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің 81,6 млрд теңге көлемінде мүліктік құқығын қорғады. Бұл – алынып тасталынған айыппұлдар, өсімдер, мемлекет органдарымен қайтарылған қаржы, сондай-ақ, бизнес үшін сақталған мүлік құны. 

2016 жылы қанатқақты режимде жүзеге асырылған «Бастау Бизнес» жобасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасына енгізіліп, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикалық деңгейде жүзеге асырылуда.

Биыл 80 ауданда 15 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды оқыту үшін 1 млрд 200 млн теңге бөлінген. Ал  2017 жылдың соңында кемінде 3000 жаңа бизнес субъектісін іске қосу көзделуде.

Жиын соңында қорытынды сөз Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа берілді. «Атамекен» ҰКП жұмысын жоғары бағалай келіп, еліміздегі бизнес үшін жасалып жатқан зор мүмкіндіктерді тілге тиек етті. Премьер-Министр сондай-ақ, кәсіпкерлерге еліміздің аумағы арқылы өтетін транзиттік көліктерді тауарларын экспортқа шығару үшін пайдалануға кеңес берді. Үкімет басшысы әсіресе, Қытай бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жібек жолын жаңғырту» бағдарламасын дамытуда Қазақстанның үлесі зор екендігін атап өтті. «Көптеген жобалар біз арқылы өтеді. Соған байланысты біз транзиттік пайда табамыз деп айтамыз. Біз неліктен тек транзиттен ғана пайда табу міндетін қоямыз? Біз арқылы өтетін транзитке өзіміздің тауарларымызды неге тиемейміз? Солай жасасақ мұнан да көп пайда табатын едік. Біздің алдымызда тұрған міндет осы. Және бұл тұрғыда жедел жұмыс істеуіміз керек. Бұған қоса, көліктік логистика, туризм, білім беру, денсаулық сақтау бар. Онда да біздің әлеуетіміз өте зор»,  деді Б.Сағынтаев.

Премьер-Министр еліміздегі бо­ла­шағы жоқ кәсіпорындарды жауып, онда жұмыс істейтін адамдарды басқа жаққа ауыстыру қажеттігін айтты. Мәселен, 90-жылдары жекеше­лендірілген кәсіпорындар арасында табысты жұмыс істеп жатқандары бар екенін, алайда бүгінге дейін пайдасынан гөрі зияны көп кәсіпорындар санының артқандығын мысалға келтірді. «Бұл өте қиын процесс. Экономиканы жаңғырту аясында бір нәрсені анық түсінуіміз қажет. Егер кәсіпорынның болашағы болмаса, оны жабу қажет. Пайдасы жоқ кәсіпорында жұмыс жасайтын адамдарды өзге жұмысқа орналастыру қажет және бұл үшін айлықты кешіктірмейтін, жеткілікті жалақы төлейтін, өзге де қиындықтарды болдырмайтын база дайындау керек. Олар сонда жұмыс істеп, отбасын асырайтын болады. Түсініксіз кәсіпорындарды қолда ұстап, субсидиялаудың не қажеті бар», деген Премьер-Министр бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізу қажет­тілігін алға тартты. Бұл ретте Қазақ­станның бизнес-қоғамдастығын көмек­ке шақырды.

Үкімет басшысы еліміздегі кәсіп­кер­ліктің көкжиегін кеңейтуде әлі талай жұмыстардың атқарылуы тиістігін еске салып, көп жағдайда кәсіпкерлер мем­лекеттік сатып алу мен жергілікті қамту жағдайына ғана иек артпай, басқа да қажетті тауарлар өңдіру жайын қарастыру керектігін баса айтты. «Егер дәл осылай сатып алуларға ұмтыла берсек, бізде бизнестің өзге түрі болмайды да. Ол үшін табыс табудың жаңа жағдайларын жасауымыз қажет»,  деді Б.Сағынтаев. Сонымен бірге, Премьер-Министр кәсіпкерлік субъектілерінің сапасына назар аударды және елімізде негізінен жеке кәсіпкерлердің ғана жұмыс істеп жатқанын атап өтті.  «Же­ке кәсіпкерліктердің бизнесі ұл­ғайып, жаңа деңгейге өткенде ғана, нағыз қажетті өнімдерді шығарамыз. Менің ойымша, анағұрлым сапалы кәсіп­орындардың, сапалы өнімдердің және адами капитал сапасының болуы үшін шындап жұмысқа кірісуіміз қажет», деді Үкімет басшысы.

Айтқандай, съезде делегаттар Төр­алқа төрағасы лауазымына Тимур Құ­лы­­баевты бірауыздан 4 жылға қайта сай­лады. Ендеше, бизнес саласындағы ме­желі міндеттерді игеру мақсатында қол­ға алынған ауқымды жұмыстар өз жал­ғасын таппақ. 

Динара Бітікова,
«Егемен Қазақстан»