Қазақстан • 09 Маусым, 2017

Отбасылық консилиум жасайтын әулет

224 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Білікті дәрігер, хирург, денсаулық сақтау саласының ардагері, былтыр 80 жасқа толған Табылды Асылханов бүкіл ғұмырын еліміздің медицина қызметіне арнап, халық денсаулығын сақтау жолында еңбек етті. Әке жолын жалғастырған ұлдары да «Асылхановтар – дәрігерлер әулеті» деген жақсы атаққа жеткізді.

Отбасылық консилиум жасайтын әулет

Табылды аға 1958 жылы Ал­маты медицина институтын бі­тірді. Зайыбы Жаңыл Зұл­жан­қызымен шаңырақ көтеріп, екеуі бірге жолдамамен Май ауданына келеді. Жаңыл апамыз – акушер-гинеколог.

– Өткенге үңілсең, қазір кө­кейде бәрі сайрап тұрғандай-ау. Осы ауданда 11 жыл қызмет жасадық. Бұл – Семей полигоны зардабын тарт­қан аудан. Жарылыстан көз ашпаған өңірге келуге кейбір дәрі­герлер жүрексінді де. Саңырауқұлақ тәрізді көкке көтерілген жарылыстар жар­қылын да көріп, бастан өткердік. Ол кезде ештеңе айтуға болмайды. Ең қиыны, ауылдар мен малшылар қыстағы полигон аумағында қалып қойған, оларға жетіп дәрігерлік қызмет көрсету де өте күрделі еді. Осын­дай жағ­дайларды көрдік, қалқам. Дәрігерлер жетіспейтін, қа­рапайым дәрі-дәрмек, ме­ди­ци­налық құрал-жабдық деге­ніңіз тапшы. Науқастанған тұр­ғындардан шақы­рулар түс­кенде ауылдарға трактормен, ат­пен де барған кездер болды. Сол кездегі хирург дәрігер­лер біледі, ол уақытта ота жасау осы күнгі ота жасау үрді­сімен мүлде салыстыруға кел­мейді. Қазір медицина саласына жаңа технология­лар, түрлі жаңа­шылдықтар келді ғой, осы мүм­кіндікті біліктілікпен игере білу қажет. Отадан соң ауру­лардың «хирургтің қолы же­ңіл екен» дейтіні осы бі­лік­тілік талабы. Медицина тә­жірибе арқылы өркендейді. 1969 жылы Павлодарға шақы­рып, Алюминий, Трактор зауыт­тарының медициналық-сани­тарлық бөлімдерінің бас дәрігері, 1980 жылы қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалдым. Мен келген кезде 7 қабатты аурухананың жаңа ғимаратының құрылысы толық аяқталмаған. Құрылысты аяқтау оңай бола қойған жоқ. Бұдан кейін дәрігерлердің білі­мін жетілдіретін бірнеше ка­федра ашылды. Менің мін­детім жаңадан пайдалануға берілген аурухананың бөлім­шелерін дәрігер мамандармен, медициналық құрал-жаб­дық­тармен қамтамасыз ету еді. Сөйтіп, 1980 жылы 24 мамырда жаңа ауру­ханада алғашқы ота да жасалды. Ауруханада 15 клиникалық, 6 диагностикалық, 3 қосымша бөлімше жұмыс істеді. Облыстағы денсаулық сақ­тау саласының басшысы Төкен Қайырбеков үнемі қолдау көрсетіп отырды, – деп еске алады медицина ардагері.

Май ауданындағы ауылдарда шағын ауруханалар, фельдшерлік пункттер ашуға бастама жасады. Табылды аға басқарған №1 аурухананы 80 жылдары «қа­зақ ауруханасы» деп те атай­тын. Бұнысы «ауруханада қыз­мет жасайтын дәрігерлердің бәрі қазақтар» дегені, тіпті бас дәрігер Асылхановтың «кадр мәсе­­лесіндегі қателігі» деп об­ком­ға арыз-шағымдар түсіп жатты. Кеңестік кезде осындай салқындықты да бастан өткерді.

Май ауданында ұлдары Серік пен Қанат туып өсті. Дәрігерлер отбасында өскен балалардың да дәрігер болып шықпауы мүм­кін еместей. Қазір Серік Табыл­дыұлы Ақсу қаласындағы тубдис­пансердің бас дәрігері болса, Қанат Табылдыұлы бір күндері әкесі қызмет еткен №1 қалалық ауруханада дәрігер, зайыбы Салтанат №2 емханада терапевт, немересі Нұржан Қанатұлы да дәрігер атанып, дәрігерлер әулетіне айналды. Табылды ағамыздың дәрігер бо­луына Асылхан атамыздың сынықшылығы себеп болса керек. Ұлы Қанаттың травматолог болуы да сынықшы аталарынан қалған қасиеттің жұққаны. Айтпақшы, Асылханның қызы Шайзаның балалары Кәрім, Қайыр, Қапура Ғабулғазизовтар, балдыздары Ғайни, Қайзада да дәрігерлер болып шықты.

– Әрине, әулет деген өте жақсы ұғым. Ғұмырлы әулет қы­зығын көріп отырмын. Балала­рыммен мақтанамын. Маман­дық­тарына адал. Мен сияқ­ты ғұмыр­ларын медицина саласына, халықты емдеуге арнағандарына ризамын. Әкелі-балалы біздер бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Қандай мәселе болмасын, барлығын бір сөзбен айтқанда, үй ішілік, отбасылық-дәрігерлік консилиум арқылы реттеп, ақылдасып отырамыз, – деп әзілдеп қойды Табылды ағамыз.

Сөз арасында шәкірттері Са­ғит Иманғазинов, Рунар Төле­генов, Қобыланды Оспанов, На­риман Садықов, Рашит Дүй­сенбаев, Алмас Антикеев, Нұрлан Ардабаевтар жайлы айтып өтті. Тіпті, өзі қызмет еткен қаладағы №1 ауруханаға да жиі барып тұ­рады екен, медицинадағы жа­ңа­шыл­дықтармен танысып, дәрі­герлермен жүздесіп қайтады. Ма­ман­дыққа деген адалдықпен, ауруханадағы әрбір адам тағды­рына жауаптылар дәрігердің ізгілікті жолы.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР