28 Мамыр, 2011

Серікбай Нұрғисаев: Тәртіпке бас иген құл болмайды

1494 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Тәртіп пен білім ұштасқанда ғана кез келген жанның адамдық болмысы қалыптасады, сондықтан да әл-Фараби дананың: «Тәртіпсіз берілген білім – қауіпті» дегенінің сыры осында болса керек. Қандай да болсын ұлт пен ұлыстың өркениетке өрлеп, жоғары дәрежеде дамуына білімнің ауадай қажет болатыны сияқты реттіліктің де соншалықты керек екендігі ақиқат. Адам бойындағы тәртіптің түбі тектіліктен тараса керек. Сонда ғана аталарымыз айтқан: «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз өмірден өз орнын табады. Бабадан келген асыл тек пен терең білім қоғамдағы кез келген тұлғаны өз ортасынан дараландырады емес пе? Әсіресе, бұл қасиет елдің көшін өрге сүйреуде еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлердің бойынан табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысындағы аумақтық басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңестің төрағасы  Серікбай НҰРҒИСАЕВПЕН болған әңгімеміздің негізгі өзегі де осы болды. – Серікбай Өрікбайұлы, әңгімемізді мемлекеттік қызметкерлердің қоғамда алар орны мен олардың маңызды міндеті турасында өрбітсек ... – Әр мемлекеттің заңнамасында сондағы қоғамның дамуына сәйкес, мемлекеттік қыз­мет­керлердің жұмысын реттеп отыратын, тәр­тібін белгілейтін өзіндік әдіс болады. Заң­намамен нақтылаудағы басты мақсат – мемлекеттік қызметкерлерді қатаң іріктеуден өт­кізіп, сынақтан сүрінбегендерді қатарға алып, одан әрі тәрбиелеп, білімін біліктілікпен ұштастырып, барынша биік деңгейге көте­ру. Бұл мәселенің маңызы аса зор. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлер сол елдің халқының салығынан құралған қазынаның қара қазанынан – бюджетінен қаржыланды­ры­лады. Соған сай мемлекеттен қаржылан­ды­рылатын қызмет саласының негізгі міндеті – ел мен жердің ертеңі үшін, сол елдің тұр­ғын­дары­ның жарқын болашағы үшін еңбек ету екені айдан анық. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің бас­та­масымен «Елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы мемлекеттік қызметтің рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Жиырмаға жуық мемлекеттен арнайы өкілдер қатысқан байыпты басқосуда баяндама жасаған Мемлекет басшысы біздің алдымызда тұрған міндеттерді айқындап берді. Олардың қатарында өркениет көшінің өрін­де тұрған АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекет­терінің халықаралық тәжірибесін зерттеу, со­ның қорытындысына сай өзімізге ғана тән модель жасау туралы мәселелер бар. Аталған конференцияда Қазақстанның мем­лекеттік қызмет саясаты әлемдегі дамы­ған елдердің мемлекеттік қызмет саясатымен теңдес екендігіне көз жеткіздік. Жалпы ал­ғанда алға қойып отырған мақсатымыз да, проблемаларымыз да ұқсас. Мысалы, тамыр-таныстықпен жұмысқа орналасу, жемқорлық, қызметшілердің кәсіби деңгейі мен олардың білім дәрежесі сынды мәселелер бар елге ортақтығымен ерекшеленеді. Бізді толғандыратыны – талантты, «сегіз қырлы, бір сырлы», білімі жеткілікті азамат­тар­ды мемлекеттік қызметке тарту мәселесі. Жасырары жоқ, қолынан іс келетін, жан-жақты білімді, біліктілігі де бір басына же­тіп-артылатын азаматтар жоғарыда тамыр-танысының болмағандығынан жұмысқа ор­на­ласа алмай жүреді. Оны күнделікті өмір­де жиі байқаймыз. Ауылдың кейбір жастары қаражат тапшылығынан Астана мен Алма­ты­на айтпағанда, облыс орталықтарына да бара алмай, білімдерін жетілдіре алмай жүргені де шындық. Сондықтан осы мәселеге әлеумет­тік тұрғыда маңыз беріп, назар аударған жөн. Ең бастысы, талантты, білімді әрі талапты жас­тарды мемлекеттік қызметшілердің қата­рына қосу жағын ойлауымыз керек. Маңызды мәселенің күрмеуін тарқатуға қатысты қарап отырғанымыз жоқ, атқарылып жатқан жұмыстар мен іс-шаралар өте ауқым­ды. Бірінші кезекте мемлекеттік қызметкер­дің алға қойған мақсатының айқындығы мен іскерлігіне назар аударуға тырысамыз. Өйт­кені, олар мемлекеттік қызметке келген соң қара басының қамын емес, елге қалай қызмет ету жағын ойлауға тиісті. Мысалы, біздің елде мемлекеттік қызметке келген маман мем­лекеттің болашағына негізделген басты заң­дарды қаншалықты меңгергені жөнінде сы­нақ тапсырады, ант қабылдайды. Атам қазақ ант, серт деген сөздерге ерекше маңыз беріп, оны бұзған жандарды елден аластаған, жек көрген. Соның өзінен-ақ, анттың айбары мен мәртебесін анық байқауға болады. Ант қа­былдаған мемлекеттік қызметкер өз жұмы­сын адал атқаруды, бірқатар нәрселерден шек­телуді, мемлекеттің саясатына қызмет етуді әрдайым есінде ұстағанда ғана аты мен атқаратын міндетіне көлеңке түсірмейді. Алдына маңызды мақсат қойып, мойнына жо­ғары жауапкершілік жүктеген азаматты мемлекет те өз тарапынан қолдап, оқытып, тәр­биелеп, баспанамен қамтамасыз етіп, кә­сіби деңгейін шыңдап отырады. Қазақстанда бұл тұрғыда да көптеген келелі істер атқа­рылуда. Бір айта кетерлігі, біздегі мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейі жоғары. Со­ған сай басты мақсат та сол білімді ха­лықтың игілігіне жұмсау. Дегенмен, арамыз сыбайлас жемқорлықтан, басқа да келеңсіз­дік­терден тап-таза деп айта алмаймыз. Жер бөлу, пәтер беру барысында асыра сілтеп, заң­сыз артықшылықтар жасау, пара алу сын­ды жағымсыз деректер кездеседі. Қазіргі кезде мұндай келеңсіздіктерге қарсы күрес барынша күшейтілді. – Мемлекеттік қызметкер – халықтың үміт артар адамы. Десек те, кейде халық пен билік өкілдері арасында біртұтас­тық­тан гөрі алшақтық басым түсіп жатады. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз? – Қызмет көрсетуші бар да, оның қыз­ме­тін тұтынушы бар. Халыққа қызмет ететін болғандықтан, ең бастысы жалпақ жұрттың көңілінен шығуды ойластырған жөн. Бұқара­мен байыпты да, мәдениетті қарым-қатынас жасап, сыпайылық таныта білу қасиеті – мемлекеттік қызметкердің бойында міндетті түрде болуы тиіс. Оны ешкімнің естен шы­ғар­мағаны абзал. Көрсеткен қызметіңе де нақ­ты бағаны халық беретінін ұмытпа. Соған сай мемлекеттік қызметкерлердің халықтың ал­дындағы абырой-беделі де оның қолын­дағы билікке қарап емес, халықтың көңілінен шығып, қызмет көрсеткеніне байланысты қалыптасады. Мәдениеттілік, пайым-парасат пен білім-біліктілігі және кәсіби деңгейі заңға сәйкес болуы тиіс. «Мемлекеттік қызметкерлер жиі тексеріледі» деген әңгімеден біздің де хабарымыз бар. Дегенмен мұның шындыққа жанаспай­тынын ашық айта аламын. Іс жүзінде мемлекеттік қызметкерлерді ешкім тексермейді. Олардың құқы мен бостандығы Ата Заңы­мыз­бен қорғалады. Мұндағы тексерілетін нәрсе – қызметті атқару барысында Қазақстан заң­дары­ның дұрыс қолданылуы. Және мұндай іспен негізінен прокуратура және тағы басқа да қадағалаушы органдар айналысады. Мә­селен, заң бұзылғаны белгілі болысымен оған кінәлі адамды анықтап, жиналған мате­риалдарды көбіне бізге береді. Тәртіптік кеңес оның мәселесін қарап, өзара кеңесе келе қандай жаза тағайындау жөнінде шешімге келеді де, тиісті орындарға өз шешімдерін жөнелтіп, ұсыныс жасайды. Жалпы, мемлекеттік қызметкерлер халық­қа билік жасамайды, керісінше жұртқа қыз­мет көрсетеді дегенді көп адам әлі жете тү­сінбейді. Ондайлар қалың бұқараның ғана емес, сол мемлекеттік қызмет саласын­да­ғы­лардың арасында бар екенін жасырып, жа­буға болмайды. Мұны көпшілік қауым тү­сінуі қажет. Сонымен бірге халықтың да мемлекеттік қызметкерге, әкімге түрлі әлеуметтік мәселелер жөнінде талап қоюға құқы бар. Өйткені, халықтың еңбекке қабілетті бөлігі жұмыс істеп, мемлекетке салық төлеп, қазы­наның қара қазанын толтырып отыр. Сон­дықтан олардың табан ет, маңдай терімен жиналған қаржының қалай жұмсалып жат­қанын білуге, игілігін көруге деген ынтасын түсінуге болады. Менің ойымша, мемлекеттік қызметкер халыққа лайықты құрмет көрсетіп, бағалауы қажет. Ел болмаса олар кімге қызмет етеді? Осыны жете түсінгендері дұрыс. Елбасының тапсырмасымен әкімдердің халық алдындағы есеп беруі қолға алынғалы көптеген игі істер жүзеге асырылды. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілер де өздерінің атқарған жұмыс­тарына орай есеп береді. Бұл талап оларды жауапкершілікке, ыждағаттылыққа үйретеді. Мемлекеттік қызметкер қоғамда болып жатқан кез келген мәселеден тысқары қал­мауы керек. Өз жұмысын дұрыс атқарумен қоса, мемлекеттік және ұлттық құндылық­тарға да асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. Осы орайда біз «Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл» деген байқау өткізіп оты­рамыз. Өйткені, мемлекеттік тіл үнемі қолда­ныста болатындықтан оның мәртебесін асы­рып, қолданыс аясын кеңейтуге бірінші кезекте, мемлекеттік қызметкерлер, мүдделі бо­луға тиісті. Тілді дамытып, оны алға жылжы­татын күш – мемлекеттік қызметкер. Ауыл­дық жердегі әкімдіктерде жұмыс істейтін­дердің бәрі қазақ тілін жақсы меңгерген азаматтар. Бірақ, олардың білім деңгейі облыс­тық басқармада қызмет ететіндермен салыс­тырғанда төмен екені рас. Дегенмен сөзге шешендікке мән бере отырып, білімді бірінші орынға қойған дұрыс. Өйткені білім нашар болса, тіл шеберлігінің пайдасы шамалы. Өмірде барлық мәселені нақты іспен шешу керек. Бұл байқауда ауылдық жерден шыққан азаматтар білім жағын қамтуға тырысса, қалада өскендер қазақ тілін жақсы меңгеруге атсалысып, сөздік қорын толықтырады. Со­нымен бірге, «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Мемлекеттік қызметкер және мәдениет» деп аталатын байқауларды өткізгеннен бері мемлекеттік қызметкерлердің ішінде барлық жағынан талантты азаматтардың көп екенін байқадық. Біз әрдайым мемлекеттік қызметкерлердің беделін биіктетіп, абыройын асқақтатып, ха­лық алдында үнемі жоғары деңгейде көрсе­туге ұмтыламыз. Оның жүріс-тұрысына, сөй­леген сөзіне, іс-қимылына, ұйымдастырушы­лық қабілетіне, адамдармен қарым-қаты­насына көңіл аударып, мән берген абзал. – Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауын жүзеге асыруда нақты қандай шараларды қолға алып отыр­сыздар? – Елбасының Жолдауына сай мемлекеттік қызметкерлерден үлкен насихаттық топ құ­рылып, халық ішін аралап, ауыл-ауылдарда, қалаларда жылдың басты құжатында айтылғандарды жергілікті жұртшылыққа тү­сіндіреміз. Жолдауда ай­тыл­ған әрбір сөзді жан-жақ­ты таратып, халыққа, азамат­тар­ға, мемлекеттік қыз­мет­керлерге жет­кізуге тыры­са­мыз. Мемлекеттік қызмет­кер Жол­дау­ды дұрыс түсі­ніп, Елбасы­ның тапсыр­ма­сын жүзеге асыруға атса­лысуы қажет. Мысалы, менің өзім соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мә­селесі бойынша аудандарды аралап, бір жарым сағаттық дәріс оқып, түсіндіру жұ­мыстарын жүргіземін. Онда алдымызда қандай өзгерістер бар, қандай талаптар қойылып отыр, мемлекеттік қызметкерлердің міндеті мен мәртебесі туралы, заңға қандай өзгерістер енгізілді деген сынды сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітеміз. Бүгінгі күні облыс көлемінде сегіз жарым мың мемлекеттік қызметкер бар. «Ертеңгі күнде бұлардың орнына кімдер келеді?» деген сұ­рақ мазала­ғаннан кейін І.Жансүгіров атын­дағы мемлекеттік университетпен бірігіп, осы жоғары оқу орнынан «Мемлекеттік қыз­мет­кер» даяр­лайтын бөлім аштық. Ол жерде қазіргі таңда 118 студент, үш магистрант білім алуда. Астанадағы мемлекеттік бас­қару акаде­мия­сымен де келісім-шарт жа­садық. Онда екі жыл оқып, екі бірдей жоғары оқу орнының дипломын алып шығады. Ең бастысы, біз болашақтағы мемлекеттік қызметкерді өзіміздің Жетісу мемлекеттік университетінде даярлауға мүмкіндік алдық. ­– Облыста өтіп тұратын Тәртіптік кеңес отырысының маңызы өте зор. Онда мемлекеттік қызметкерлердің кемшіліктері сынға алынады. Осы Тәртіптік кеңестің мемлекеттік қызметкерлер жұмысын ретке келтірудегі әсері қаншалықты? Талқы­лаудан сабақ алатындар бар ма? – Тәртіптік кеңес – жазалайтын орын емес. Біз мемлекеттік қызметкердің кемшілігін талқыға салып, түзетуді мақсат тұтамыз. Тәртіптік кеңестің отырысына ақпарат құралдарының өкілдері де қатыса алады. Сондықтан оны халық көріп, теледидар мен газет-журналдар арқылы құлағдар болады. Мұндай отырыс ашық түрде өтетіндіктен мемлекеттік қызметкер қателік жібермеуге тырысады. Өйткені, оның кемшілігі теледидар арқылы көрсетіліп, газет бетіне жария­ланып жатса, өзіне абырой әпермейтінін жақсы біледі. Тәртіптік кеңестің отырысында талқыланған, жаза тағайындалған азамат­та­рымыз қоғамның, отбасының, туған-туыс­та­рының, бірге жүрген қызметтестерінің, бала-шағасының алдында ұятты болып жүреді. Сондықтан тәртіптік кеңестен сабақ алады дегенді сеніммен айта аламын. Біздің міндетіміз мемлекеттік қызметкерді тәрбиелеу бол­ғандықтан, Тәртіптік кеңестің мүшелері оған жақын адам ретінде қарайды. Кінәсін, жіберген қатесін мәдениетті тұрғыда түсіндіріп, тәртіпке шақырамыз. Кемшілікке жол берген мемлекеттік қызметкерге бұрындары жаза, қатаң жаза, сөгіс беріліп, ескерту жасалатын. Биыл заңға өзгеріс енгізіліп, мұның бәрі алынып тасталынды. Ендігі жерде «Істеп жатқан қызметіне толық сәйкес емес» деп шешім қабылдап, қызметін төмендетеміз, кей жағдайда тіпті, қызметінен босатамыз. Демек, заң өте қатал. Бұрын Ант қабылдағаннан кейін әрқайсымыздың толтыратын деклара­циямыз болатын. Ол сол қалпында қалатын. Қазір сол декларацияны біз ҰҚК-мен бірігіп, міндетті түрде тексереміз. Мемлекеттік қызметкерлер халықтың алдында сыйлы, абыройлы, беделді болса екен дейміз. Білімін жетілдіріп отыруға мемлекет тарапынан жағдай жасаудың да себебін осыдан іздеген жөн. Бүгінгі таңда ауылдарда электронды жүйе бойынша сұрау жіберу мүмкіндігін қарастырудамыз. Егер, ойымыз орындалса, жергілікті жұртқа арыз-шағымын Тәртіптік кеңеске дер кезінде жеткізуге тамаша жол ашылады. Қолмен жазылған хат жо­ға­лып кетуі мүмкін. Егер хатты электронды поштамен жіберетін болса, ол ешқашан жоғалмайды және өзінде де сақталады. Міне, осындай оң өзгерістер мен жаңалықтар бар. Сөзімді қорытындылай келе, қай қоғамда, қай салада, қай ортада болмасын тәртіпке бас иген құл болмайды дегім келеді. Еліміздің өркендеуіне, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, экономикамыздың өрлеп, халықтың экономикалық-әлеуметтік жағ­дайы­­ның көтерілуіне Алматы облысының қосып жатқан үлесі зор. Мұның барлығы баба­лары­мыздың сан ғасырлық арманы болып, бүгінгі жас ұрпақтың маңдайына бұйырған бақ – Тәуелсіздігіміздің жемісі. Жиырма жыл жүйрік көңілмен өлшейтін болсақ, аз ғана уақыт. Ал осы қас қағым сәтте еліміз ғаламат жетістіктерге қол жеткізді. Осының барлығы сарабдал саясаткер Елбасымыздың табанды еңбегінің жемісі. «Елбасы біреу – халқы оған тіреу болсын» деген сөзді әрбір қазақстандық сезінгенде ғана бұдан да жарқын болашаққа қарышты қадам жасайтынымыз ақиқат. Бұл бағытта да мемлекеттік қызметкерлердің алар орны мен олардың іс барысындағы тәртібі өте маңызды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.