27 Мамыр, 2011

Жаңару жолындағы жанашыр жәрдемші

282 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Мемлекет-жеке меншік әріптестігінің тиімділігі неде? Мемлекет басшысы барлық уа­қыт­тарда мемлекет-жеке меншік әріп­тестігін дамыту мәселесіне баса назар аударып келеді.  Бұл Үкіметтің де назарында тұрған мәселелердің бірі.  Барлық тараптар үшін де пайдалы саналатын мемлекет-жеке меншік әріп­тестігі жөніндегі жаңа бағдарла­маның арқасында Қазақстан эконо­микасының кез келген саласын үлкен тиімділікпен дамытуға кең жол ашылмақ. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында  мемлекет-жеке мен­шік әріптестігін дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарла­масын жүзеге асыру арқылы жалпы сомасы 900 миллиард теңгеден аса­тын кем дегенде 15 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі тумақшы. Атал­мыш жобаны Экономикалық даму және сауда министрлігі қазірдің өзін­де әзірлеп қойды. Өткен жылы елді дамыту стра­тегиясының бастау алғаны баршаға да мәлім. Біз сөз етіп отырған Қазақ­станды үдемелі индустриялық-инно­вациялық дамыту бағдарламасының маңызы туралы Астана эконо­мика­лық форумында, Президент жанын­дағы Шет ел инвесторлары кеңесінің отырысында, сол сияқты, Еуропа қайта құру және даму банкінің бас­қарушылар кеңесінің жыл сайынғы мәжілісінде де кеңінен әңгіме қоз­ғалды. Ел өмірінде ерекше рөл атқа­руға тиіс бағдарлама алдына эко­номиканы жаңа деңгейге көтеру міндеті қойылып отыр. Соған сәйкес 2016 жылға қарай республика жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемін 15 мың долларға дейін ұл­ғайта отырып, табыстары жоғары елдер қатарына қосылуға тиіс. Жо­ғарыда аталған бағдарламаға сәйкес үстіміздегі жылы жаңадан шамамен алғанда 200 жоба іске қосылатын болады деп күтілуде. Осы орайда жаңа өндіріс орындарын ашумен бірге қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толыққанды жаңғыр­ту тұрғысында да көптеген шара­лардың жүзеге асырылатынын айта кету қажет. Президенттің тапсырмасы бойын­ша Үкіметтің «Атамекен» одағы» ұлт­тық экономикалық палатасымен бірлесіп және Бүкіләлемдік банктің тех­никалық қолдауымен 200 өнеркәсіп кәсіпорындарына  жүргізген техно­логиялық аудит нәтижелері негізгі қорлардың, әсіресе жабдықтар мен өндірістік инфрақұрылымның тозуы, басқару және маркетингтік-өткізу тех­нологияларының дамымағандығы, қар­­жы ресурстарына қолжетімділіктің шектеулілігі, жаңа техникалық талап­тарға жауап бере алатындай білікті кадрлардың тапшылығы сияқты бірқатар проблемалардың бар екенін анықтады. Осы жұмыстар үшін елеулі қаржының қажет болатыны өзінен-өзі түсінікті. Іс жүзіне келгенде, республикалық бюджет инфрақұрылымды кең ау­қымды жаңғырту проблемаларының бүкіл ауыртпалығын өз мойнына алуға тиіс емес. Сондықтан мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру ісіне әлемдік озық тәжірибелерге сәйкес бизнес кеңінен тартылуы керек. Мысалға, Азия даму банкінің вице-президенті Лакшми Венкатачаламның пікірі бойынша, инфрақұрылымға жеке инвестицияларды тарта отырып жаңа технологияларды енгізу қажет. Осылайша өз ойын ортаға сала келіп ол АДБ-ның Қазақстанның мұндай бастамаларына көмек көрсетуге әзір екенін де мәлімдей кетті. Мемлекет-жеке меншік әріптестігін пайдалану республиканың инфрақұ­рылымдарына айтарлықтай көлемдегі ресурстарды тартудың неғұрлым ық­палды әрі мөлдір тетігі болып есептеледі, деп санайды «Эрнс энд Янг Глобал» компаниясының бас операциялық директоры Джон Ферраро. Бұл механизм жеке инвесторлардың қаржы­ларын тартып  қана қоймай, сонымен бірге ноу-хауларға қол жеткізуге және жеке инвесторларға тән болатындай, жобаларды тиімді басқару мүмкін­дігіне де жағдай туғызады, деп атап көрсетті ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шет ел инвесторлары кеңесінің таяуда өткен мәжілісінде. Джон Ферраро мырзаның пайымдауынша, қазақстандық жоба­ларды қаржыландыруға мемлекет-жеке меншік әріптестігін пайдалана және инвесторлар мен заемшыларды кеңі­нен тарта отырып, осы саладағы тұ­рақты ортаны жетілдіріп, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы тәуе­келдердің оңтайлы ара-қатынасын, со­нымен қатар мемлекеттің қатысуының формасын белгілеп алу қажет. Эко­номикалық даму және сауда министрлігі әзірлеген бағдарламаның мақ­саты да Қазақстанда мемлекет-жеке меншік әріптестігін пайдалана отырып инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін заңнамалық және инс­титуттық негіздер құру міндеттерін көздейді. Елде  «Концессия туралы» заң қа­былданды, Мемлекет-жеке меншік әріптестігі орталығы құрылды, нұс­қаулықтар әзірленіп, жобалар іске қосылуда, дейді Мемлекет-жеке меншік әріптестігі орталығының басқарма төрағасы Қайрат Тілебалдиев. Бүгінде олардың бесеуі жүзеге асу үстінде.  Аталған концессиялық құрылыс ны­сандарына салынатын инвести­циялар­дың болжанып отырған жалпы көлемі шамамен 74 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі уақытта біздің еліміз мемлекет-жеке меншік әріптестігі институтын жетілдіру сатысында тұр. Бүтіндей алғанда, мемлекет-жеке меншік әріптестігі бағдарламасы қазіргі қолданыстағы келісім-шарттарды жетілдіру және жаңаларын енгізу мақ­саттарын көздейді. Болашақта бағдар­ламаның қабылдануы арқасында көлік пен энергетика мемлекет-жеке меншік әріптестігін қолданудың жалғыз ғана саласы болып қалмайды. Қазірдің өзінде Қарағанды мен Теміртау қа­лаларында концессияны пайдалана отырып балалар бақшасын салу мен пайдалануға беру жөнінен қанатқақты жоба іске қосылып үлгірді. Оның сыртында, Үкіметтің мемлекеттік бюд­жет ауыртпалығын азайту және бюд­жет саясатын білім беру, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік салалардағы жобаларға қарай бұру жоспары да келісім-шарттар ауқымын кеңейте түсу қажеттігін көлденең тартады. Бағдарламада мемлекеттің қаржы­лық қолдау шараларымен индек­сациялауы арқылы инвестициялық және эксплуатациялық шығындардың орындарын толтыру тетіктерін енгізу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылады, дейді Қ. Тілебалдиев. Оның сыртында,  мемлекет-жеке меншік әріптестігі негізіндегі жобаларды дайындау мен жү­зеге асыру үдерістерін тиімді басқару мен бақылау әдістемелерін әзірлеу де қарастырылған. Сол сияқты мемлекет-жеке меншік әріптестігі негізіндегі жобаларды жүзеге асырушы­лардың халыққа ұсынатын сапалы қызмет стандарттарын енгізуі мәселесі де осы санатта тұр.  Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама мемлекет-жеке меншік әріптестігі Қазақстанның барлық салаларында да жоғары тиімділікпен дами алатындай жағдайларды өмірге енгізу жолдарын қарастырады. Мәселен, әлемдік тәжірибе көр­сетіп отырғандай, тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы саласында кон­цессияның немесе басқарудың бірнеше түрлері пайдаланылады. Ал ол мемлекеттің коммуналдық саланы жаңғыртуда нақты мақсаттарға қол жеткізуіне жағдай жасайды. Әрине, инвесторлар салған қаржының қайта­рымдылығы, соған сәйкес тариф­тердің көтерілуі туралы мәселенің туындауы да орынды. Бағдарламаны әзірлеушілердің айтуларынша, мемлекет-жеке меншік әріптестігінің ерекшелігі сол, тарифтердің өзгеру шарт­тары мемлекет пен бизнестің жекелеген жоба бойынша жасаған келісім-шартына енгізілетін болады. Халық­аралық тәжірибе көрсетіп отыр­ған­дай, коммуналдық сала жоба­ларында бас­қаруға жеке сектордың келуіне бай­ланысты әдетте  тарифтер өсе тү­се­ді. Бірақ ол соншалық елеулі емес және, сонымен бірге ондай өсудің айтарлық­тай ұзақ мерзімдерге де созылуы мүмкін. Айталық, кейбір жобалар бойынша тариф 10 пайызға өсті делік, бірақ кейін ол екі-үш жыл бойына инфляция деңгейінде индек­сацияланып отырады. Бар болғаны осы ғана. Сонымен бірге мүмкін деген тағы бір нұсқа бар. Ол бойынша тариф деңгейі келісім-шартта бірден белгіленіп беріледі де, мемлекеттік қолдаудың белгілі бір шаралары ұсы­нылған сол жоба бойынша келісім-шарттың соңына дейін еш өзгеріссіз қала береді. Осынау тиімді тетікті пайдала­нудың алғашқы жылдары бизнестің мемлекет-жеке меншік әріптестігі ар­қы­лы жүзеге асатын жобаларға қаты­суға деген қызығушылығының өте үл­кен екенін көрсетіп берді, дейді Қ.Тілебалдиев. Олай болса, мемле­кет­тің жобаны жүзеге асыру тәуекел­дерін өзі және жеке инвестор арасында бөлісе отырып, мемлекеттік маңызы бар нысандарға инвестициялар салу үшін бюджеттен тыс қаржыларды тартуына болады. Сол арқылы мемлекет қазіргі заманғы, тиімділігі жоғары технологиялармен  және жоғары білікті кадрлар қолымен тұрғызылған және басқарылатын нысандарға қол жеткізе алады. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.