15 Қараша, 2016

Бақылау күшейтіледі

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жер қатынастары саласында орын алған сыбайлас жемқорлық фактілерінің екі есеге артуы алаңдатарлық. Жағдайдың бұлайша қалыптасуын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан жүргізілген мониторинг барысы анықтап берген. Саралау қорытындысы сыбайлас жемқорлықтың 138-ден 247-ге дейін өскендігін көрсетіп отыр. Негізінен жер телімдерін бөлу барысында лауазымдық құзіреттерін теріс мақсатта пайдалану, алаяқтық және пара алу сияқты фактілер белең алыпты. Соның бір мысалы, Алматы облысы Қаратал ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Қосжанов конкурстық құжаттарды өзгерту арқылы екі жер учаскесін бөлгені үшін 15 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған. Қазір ісі сотқа жолданып отыр. Сол сияқты Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыс­тарында да осындай қылмыстардың жолы кесілгені белгілі болды. Саралау барысы көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға баруға ықпал ететін бірқатар себептер анықталған. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан бос жатқан жер учаскелері мен жер алушылар кезегі туралы ақпараттарға ашық қолжетімділік қамтамасыз етілмепті. Бұдан басқа, лауазымды тұлғалар әдейі, өздерінің жымысқы істерін жүзеге асыру мақсатында жер кадастрларына бос жатқан жерлердің саны туралы жалған ақпараттарды орналастырып жатады екен және жер алуға кезекке тұрғандардың тізімін өзгерту де орын алған. Мәселен, Қызылорда облысында бас маман Таспанова бұрын кезекке тұрғандарға берілген (облыстан тысқары кеткендердің, қайтыс болған немесе жер учаскесіне мұқтаждардың) реттік нөмірлерді пайдаланып, олардың орнына кезекте тұрмаған өзге азаматтарды қосып жіберіп отырған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің ұсынысымен заңсыз берілген барлық жер учаскелері мемлекет меншігіне кері қайтарылды. Жер учаскелерін сату үшін комиссия құрылғанда оның құрамына мүдделі меморгандардың лауазымды қызметкерлері кіретіндігі белгілі. Сонымен бірге, нысан салу үшін қажетті жер телімін алу мерзімі 50 жұмыс күнін құрайды. Әрине, мұның барлығы да сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептерге жатады. Орын алған кемшіліктер жергілікті атқарушы органдар мен Ұлттық экономика министрлігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Осыған орай бірқатар ұсынымдар жобасы да әзірленген. Атап айтқанда, жер учаскелерін бөлудің тетіктерін түбірімен өзгертіп, интернет ресурстары мен әкімдік сайттарына жер алушылар тізімін іліп, ақпараттардың барынша ашық та қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Осылайша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұдан былай да тұрақты негізде сыбайлас жемқорлық тәуекелінің басым екендігін ескеріп, жер учаскелерін бөлу барысында жер қатынастары заңдылығының талаптарын сақтауға және лауазымды тұлғалардың қабылдаған шешімдерінің заңдылылығына мониторинг жүргізуді қолға алып отыр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»