15 Қараша, 2016

Ұлы дала ұлағаттары: (6-бөлім)

1498 рет
көрсетілді
45 мин
оқу үшін
dlya-rubriki-knigi-2(Ұлы дала ұлағаттары: Бірінші бөлім) (Ұлы дала ұлағаттары: Екінші бөлім) (Ұлы дала ұлағаттары: Үшінші бөлім) (Ұлы дала ұлағаттары: Төртінші бөлім) (Ұлы дала ұлағаттары: Бесінші бөлім) (Ұлы дала ұлағаттары: Алтыншы бөлім) Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Қарияларымыз – қазынамыз

Қарияларымыз – халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары,

қоғамымыздың қадірлі қазынасы.

«Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деген қанатты сөз бар. Бәріміз білетін және жиі айтатын бұл сөз – халқымыздың қадірлі ұғымының бірі. Жалпы, қанатты қағидалар қағаберісте, жай әншейін айтыла салмайды. Өмірден көрген түйін, тұрмыстан көрген тәжірибе бағалы сөздің салмағын санаға салады. Туған ауылдың тау жақ беткейіндегі піл сауырлы жасыл төбенің шалғынында, мал келер қарсаңда малдасын құрып, әзілдесе жарқылдап отыратын әкеммен құрдас қарттарды кезінде көп көрдім, көп тыңдадым. Олар менің алғашқы оқулықтарым еді. Жаздың жаймашуақ кезінде, Үшқоңыр жайлауында, жылдың осы тамаша мезгілінде балалық балдәуреннің бақытына бір кенелер едік. Қатар-қатар сап түзеген киіз үйлердің мама ағаштарына байланған аттарынан асықпай түсіп, бір-бірімен төс түйістіріп, емен-жарқын есендесіп, әзілдескен ағалардың алдынан шығып амандасып, марқайып қалушы едік. Қариялар туралы, олардың еліміздегі өмірі мен тұрмысы туралы ойланғанда, есіме сол кезеңдер түсіп, солардың әрқайсысының айтқан сөздері мен берген ақылдарын жадымда жаңғыртып отырамын. Әке көрген, аға сыйлаған ұрпақтың өкіліміз. Халықтық тәрбиенің мектебінен өттік. Оқ жондық, тон піштік... дегендей. Қалай болғанда да аға ұрпақтың маңдай тері мен еселі еңбегін жоққа шығаратын топтан емеспіз. Кеңестік дәуірде «қарттарға әркез құрмет, жастарға қашанда жол ашық» деген кең тараған ән болатын. Кеңестік кезеңде туды демесең, орынды да ойлы сөз. Біздің халықтың орташа өмір сүру жасы жетпіс екіге жетті. Бұл деген – өте жақсы көрсеткіш. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық кезеңінде халық жасының бұлайша жоғары көтерілуі еліміздегі өмір сүру деңгейінің де экономикалық даму қарқынына сай келетіндігін айқын көрсетеді. Өмір бір орнында тұрмайды. Жас өседі, ұрпақ жаңарады. Өскен жастың өрісін тарылтпай, жаңаға жол ашып, жақсыға тілектес болудан артық қандай абзал азаматтық болуы мүмкін? Осы орайда мемлекеттік дамудың негізгі басым бағыттарын саралай отырып, экономикалық көрсеткіштер мен халықтың тұрмыс-тіршілігінің дамуын одан әрі тұрақтандыру мақсатында зейнеткерлердің жалпы санын азайту үшін ол деңгейді алпыстан алпыс үш жасқа көтердік. Бұл – қарияларымызға да, олардың ұрпақтарына да өзінің игі әсерін тигізетін саяси шешім. Егер біз қарияларымызды қадірлеуді тек қана оны зейнеткерлікке жібермеу ғана деп түсінсек, ол қате болар еді. Бұлай болған күнде жастардың еңбекке араласу мүмкіндігі шектеліп, жұмыссыздық көлемі өсіп, іс басында жүрген адамдардың болашақта зейнетақы алу жағдайы қиындап кетер еді. Біз ел дамуындағы әрбір жағдайды алдын ала безбендеп, дер кезінде шешім қабылдап отыруымыз керек. Атадан балаға, кейінгі ұрпаққа өркенді өнеге мен жақсы сөз жетеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» делінетіні де сондықтан. Қарттықтың қадірлісі – озық дәстүрлерді, халықтың бірлігі мен ынтымағын сақтауға өзіндік үлес қосу. Байырғы тарихымызға ой көзімен қарасақ, қай кезеңде де қазыналы қариялар елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған. Дауды әділ шешіп, ешкімнің ала жібін аттамай, әділдіктің туын жықпай, туғанына тартпауымен көпке үлгі, жасқа тәлім берген. Ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін өмір мектебі ретінде одан әрі дамытып, келер ұрпақтың кемел деңгейге жетуіне тікелей атсалысқан. Мұқағали ақынның «Қариялар азайып бара жатыр» деген белгілі жырын бәріміз де білеміз. Ойлана қарасақ, ол жолдардың сыры одан әрі ашыла түседі. Абзал ақсақалдық, қадірлі қариялық секілді халықтық ұғымдардың өз салмағын жоғалта бастағандай тұстары да бой көрсетіп қалғандай. Заманмен бірге адам да өзгереді. Бұл – табиғи заңдылық, адамзаттық дамудың қағидаты. Алайда, бәрін де заманға жаба беруге болмайды. Адамдық болмысты сақтап қалудың тарихи мектебін біз әз бабаларымыздың ғұмырынан, олар қалдырған өнегелі өсиеттерден, өрісті ойлардан ала білуіміз керек. Жұртымыздың бағзыдан бергі болмыс-тірлігінде ақсақалдық өнеге қоғамдық өзін-өзі басқарудың бүтіндей бір институты болған. Ол тұста сот та, полиция да, прокуратура органдары да болмаған. Барша әділ қазылар алқасының қызметін қадірменді ақсақалдарымыз атқарған. Осы жерде бір нақтылай кететін нәрсе, «ақсақал» деген сөздің өзі тек сақалдың ағаруына ғана байланысты айтылмаған-ау. Қазақ – ақ түсті тотемдік деңгейге көтерген халық. Мәселен, «Аққа Құдай жақ» дегеннен бастап, ақ бата, ақ ниет, ақ жол, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» дегенге дейінгі аралықтағы айшықты сөздердің бәрі соны аңғартса керек. Одан кейінгі тағы бір атап айта кететін нәрсе, ол – ақсақал қатарының ең егдесі дегенді де білдірмейтіндігі. Ақсақал – өзі құралпыластары қатарындағы анағұрлым көнекөз емес, неғұрлым көгентүбі. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген сұңғыла сөз содан қалған болар? Демек, ақсақал – ауыл-елдегі қариялардың ішіндегі бірегейі, айтқанына сендіріп, жұртты соңынан ерте білетіні, қара қылды қақ жарған әділдігімен ағайынды мойындата алатыны. Сондықтан да ондай адамның абыройы асқақтап, зор беделге ие болған. Оған халқы құрметпен қарап, айтқан уәжіне құлақ асқан. Әрине, көпшілік кім көрінгенді олай әлпештей бермейді. Ендеше, ақсақал атанған ата-бабаларымыз сол сындардың ешқайсысынан сүрінбей, тура жүрісінен танбай өткен айрықша ақжарылқап тұлғалар болғаны ғой. Ел болған соң, өмір болған соң, бас жарылып, көз шықпағанымен, жаға жыртысып, сөз таластыратын кездер кездеспей тұрған ба? Ондай ауыл ішінің тентектерін тезге салудан тартынбай, жөнсіз қылық, әнтек әдеттерден сақтандыру, кем-кетікке көмектесу сияқты күнделікті тірліктегі бар мәселе сондай ардақты ақсақалдарымыздың арқасында адал арнасынан ауытқымастан бүгіннің бедеріне жеткен. Осыған орай бір ғана мысал келтіре кетейікші. Біздің замандастарымыз қазақ ауылдарында жетпісінші жылдардың жартысына дейін есіктерінде құлып атаулының болмағанын жақсы біледі. Ағайындарымыз бар мал-мүлкі мен бау-бақшасын көршілеріне аманаттап, апталап-айлап құда-жекжаттарына қыдырыстап кете беретін. Ал көршілер болса, нақ өзінікіндей сиырын сауып, майын шайқап, бақшасын суарып, аман-есен иесіне қайта тапсырар еді. Иә, ардақты да абыройлы ақсақалдарымыз, қадірменді қарияларымыз ұлттық ұлағатымыздың, текті тіршілігіміз бен саф алтындай салт-дәстүріміздің сардар сақшылары-тұғын. «Қасқалдақтың қанындай» деп, ауызды құр шөппен сүртудің қажеті жоқ, қазақы қалпын сақтап, қасиетін қожыратпаған қарияларымыз қазір де бар. Мәселе солардың өмірлік мол тәжірибесі мен үлгі-өнегесін замана талабына сай ұрпақ тәрбиесінде ұтымды пайдалана білуімізде. Әрі оны ұзын арқан, кең тұсауға салуға да болмайды. «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнекей жағада тұр...» демеп пе еді Мұқағали мұзбалақ?! Ендеше, қарияларымыздың жағдайына қамқорлық жасау да, қымбат қазынамызды қапысыз пайдалану да кезек күттірмейтін маңызды міндеттер деп білгеніміз жөн. Ақсақалдық – абзал да абыройлы қасиет. Кешегі кеңестік кезеңде осы ұлттық қасиетімізге біршама көлеңке түсті. Еліктеу мен солықтаудың салқыны қариялық қасиетке де өзінің көлеңкесін түсірді. «Ауылыңда төбе болса – ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария ұлағатты болса – жазулы тұрған хатпен тең» деген сөздің салмағы жеңілдеп, ұлағатты ұғымы солғын тартқан еді. Алайда, біз – ақсақалдықты ар мен намыстың туы етіп ұстанған елміз. Қарияның сөзі халықтың сөзі деп үйренгенбіз. Осы ұлы дәстүрді жаңаша жаңғырту, заман болмысына қарай тәрбиелік-тағылымдық үрдіске айналдыру біздің алдымыздағы абзал мақсаттардың бірі болып қала бермек. Дәстүрлі ақсақалдық халықтық ойдың қайнарынан, ата-бабаларымыздың баянды тарихынан бастау алып, дәуірлерге ұласып келе жатыр. Ол ғұрып жаңа заман жағдайында кезеңдік-кемелділік жағынан тың сатыға көтеріліп, ел дамуының елеулі белестерінде өзінің анық қолтаңбасын көрсетіп отыруы қажет. Әрине, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Мұны да естен шығаруға болмайды. Қоғам бабалық дәстүрдің даналық дәрістерін бойына сіңіре отырып, оны жас ұрпақтың санасына жеткізуде өз ұстанымын айқындауы тиіс. Осынау озық салттың санамен ұштасқаны мақұл. Сана адами-имани іс-әрекеттің ізгі жақтарын тереңдетіп, ұрпақ болмысын қалыптастыруда ұлағатты қызмет атқарады. Сонда жас ұрпақ жақсыны үйреніп, жаманнан жиреніп, жан дүниесіне жарасымды жол ашады. Қазына қарттарға деген қалтқысыз құрмет ойда да, тойда да өзінің көзқарасын орынды сөзбен, үйренер үлгімен үкілеп отырса, көптеген келеңсіздіктер кері шегінер еді. Өнеге жақсы болса, өріс кеңейеді. Көпті көріп, көңіліне тоқыған қариялық пайымды ұрпақ зердесіне жеткізуде халқымызда қалыптасқан ұлттық дағдыны дамыта, заманға бейімдей отырып жаңғыртсақ, ел арасындағы бірлік пен ынтымақ одан әрі тұғырын бекіте түседі. Тұғыры берік төрден орнын алады. Тәлімді өнеге тірліктің кілтін ұстайды. Саналы сөздің иесі де бар, киесі де бар. Жақсылыққа жұмылдыратын сөзді бала кезден жастарымыздың құлағына құйсақ, оның қайтарымы халқымызға олжа, жұртымызға жәдігер болмақ. Қариялық даналықтың халықтық даралыққа жол ашуы да осы жерден бастау алады. Халықтық бастаудың қайнарын әрқашан тазалап отыратын қарияларымыздың қатары азаймасын. Олар айтар үлгілі сөз саналыға сабақ болсын. Қазіргі кезде қариялардың айтар ақжарылқап сөзі аз ба? Жастарға үлгі ұсынып, ізгілік пен игілікке жөн сілтеуде қариялар алдында тұрған маңызды міндеттер – ардың ісі, абыройдың қарекеті. Жастар бойындағы жаман қасиеттерді дер кезінде байқап, саналы сөзімен, салиқалы тәжірибесімен жөн көрсетуде ақсақалдық қасиет аттан түспеуі керек. Абыз Абайда: «Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін» деген сөз бар. Ел алдындағы ұлы міндетті Абайша түсініп, ақыл-ой таразысын тең ұстауда қарияларымыз қатарын сиретпесе екен деп тілейміз. Жастар қашанда жаңаға ұмтылғыш. Бірақ жаңаның бәрі жақсы да, ескінің бәрі жаман деп кім айтты? Жақсы мен жаманды екшеп, жастар бойындағы ізгілік қасиеттердің дамуына қызмет ететін қариялықтың қадірлі мектебінің парасат есігі қашанда ашық болғаны абзал. Бағзы бабалардың, ақын-жырауларымыздың асыл сөздеріне ден қойсақ, небір халықтық қазынаның қайнарынан сусындаймыз. Тәлім де, тәрбие де, ұлағат та осында. Осы тұрғыда қайрат көрсету қариялардың мақсатына айналса, ғанибет болар еді. Бірлік – халқымыздың ұлан тарихындағы ұлы сөз. Қазақты аман сақтаған да, ұлттық қасиетін асқақтатқан да осы сөз. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қарапайым сөзде аса маңызды қуат бар. Халықтық мүдде, елдік қасиет бар. Тәуелсіздікті алған кездегі алғашқы іс-әрекетіміз де осы сөз үдесінде болды. Бүтін болып жиналдық. Бір мақсаттың жолында баршаны ұйыстырдық. Саяси тұрақтылық атты тарихи атауға ие болған тіркесте халқымыздың «бірлік» атты сөзі тірлігіміздің тірегі болды. Ата-бабаларымыз аманаттап, аламан жұртымызды аман сақтауда өлшеусіз қызмет атқарған бұл сөзді бүгінгі қарияларымыз одан әрі қастерлеп, саналарға сіңіргендері дұрыс. Бұл қарияларымыздың парасатты парызы дер едім. Ұлт болып ұйысудың ұлы идеясы – бірлік. Тәуелсіздік тізгіні қолға тиген алғашқы күннен бастап біз бірлік атты ұлы ұғымды мемлекеттік саясат ретінде ұстандық. Өйткені, бұған дейінгі тарихтың ащы сабағы бұзылған бүтіннің, ыдыраған ынтымақтың қандай ауыр халге душар ететінін қапысыз көрсеткен-ді. Бір отбасының өзінде бірлік пен береке болмаса, шаңырақ шайқалады. Ғасырлық ғибраттан үлгі-өнеге, саналы сабақ ала отырып, мемлекет дамуының түпқазығы етіп бірлік атты баянды міндетті алдымызға қойдық. Алыс-жақында болып жатқан дүрбелеңдердің себеп-салдарын сезініп, бірлігі жарасқан ел болудың ұлттық арқауын ұлықтауға ұмтылдық. Осы орайда ел ағаларының, қадірменді қарияларымыздың қайраткерлік танытқанын біз ешқашан естен шығармаймыз. Осы жақсы үрдісті үзіп алмау жолында жұмыс істей береміз. Жас ұрпақ жаңа кезеңнің бақытты шақтарын бастан кешуде. Ұшар қанаттың талпынысына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Біздің халқымыз барға – қанағат, жоққа – салауат кезеңдерді де бастан кешті. Қиыннан жол, күрделіден шешім таптық. Мұның бәрі халық бірлігінің нәтижесінде мүмкін болды. Бүгінгі күні ешбір қазақ баласы жат елде жасып, жалшылық қызметте жүрген жоқ. Бұл – мемлекеттің мерейі. Бұл – халықтың бақыты. Бақытты бағалай алсақ, оның баяны да, бағасы да қашанда ұзағынан сүйіндірмек. Өмір қашанда – күрес. Бүкіл ғұмырың – еңбек. Маңдай тердің өтеуі заман алмасқан сайын күрделі бола түседі. Дүние қазір дүрбелең. Ақ пен қараның мәңгілік күресі адамзаттың жаратылуынан бері жалғасып келеді. Арымызды дақ түсірмей сақтаған халықпыз. Бірақ сен сақтанғанмен, сырт көз сұғанақтығын тоқтатпайды. Бақталастық белең алды. Ол да қызғаныш пен көре алмаушылықтан туындайды. Діни сауатсыздықтан, адам санасындағы адасушылықтан лаңкестік әрекеттер жиі бой көрсеткен қазіргі заманда жастарымыздың жаман жолға түсуінен сақтандыратын да, сақтайтын да қарияларымыз осы жағынан санаткер сергектік танытса дейміз. Ананың ақыл ойы ұл-қызға, ағаның ақыл-ойы іні-қарындасқа тәлім болса, тәрбиенің үлкені де – сол. Жастар қашанда еліктегіш. Сырттан келіп жатқан аткөпір ақпараттар, ағыл-тегіл жаңалықтар, сан алуан мәдениеттің сапалы-сапасыз дүниелері оң-солын жете танып үлгермеген жастарымызды жетектеп кетіп жатады. Жаһанданудың толассыз толқыны ұлттық ұғымдарды тұмшалап жатқан қазіргі кезеңде жастар тәрбиесіне жанашырлықпен атсалысу – баршамыздың азаматтық парызымыз. Осы орайда ақсақалдықтың асыл дәрістері дәйекті жүріп жатса, қарияларымыз үлгі-өнеге көрсетіп, саналы сөз санатқа кіріп жатса, ұтарымыз аз болмас еді. Халқымыздың қилы тарихында ұлт-азаттық күрестің мән-мазмұны ерекше назар аударуды қажет етеді. Сыртқы жаулармен ғасырлар бойы шайқасып, азапты арпалыстарды бастан кешкен халқымыздың жанын берсе де арын бермеген, қанын төксе де, қарыс жерін дұшпанға бастырмаған ұлы ерлігін ұлықтауда, ұрпақтың санасына жеткізуде қарияларымыздың алдында тұрған парыз жетерлік. Біз – ерлікті ежелден енші тұтқан жұртпыз. Елдікті ту етіп көтерген халықпыз. Ұрпақтар сабақтастығын ақылмен жалғаған, ата жолын парасатпен ұстаған елміз. Осынау ұлы тарихымызды ұлықтау жолында, оны қастерлей отырып, халық жадына жазуда ақсақалдықтың орны тым бөлек. Әр ауылда, әр ұжымда, әр ортада ағалар кеңесі, ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымдары қызмет жасаса, елдік қасиеттеріміздің еңсесі көтеріліп, ұлы дәстүрлеріміз одан әрі дами бермек. Көпке ақылын айтып, жұртқа жағымды мінезімен көрінетін қарияларымыз қай жерде де бар. Тыңдар құлақ, көрер көз болса, оларды тауып, ортаға тарту керек. Орайы келгенде кеңесіп, ел болудың пайымын бірлесе ойластырса, халықшыл қасиетіміз жаңаша қырынан жарқырай көрінеді. Кезінде кең-байтақ елімізде еңбегімен де, ақыл-парасатымен де өз мамандығының қыр-сырын қапысыз меңгерген аға-апаларымыз болды. Олардың бірталайы қазір де Отанымыздың дамып, өркендеуіне шынайы ақыл-кеңестерімен елеулі үлес қосуда. Өз кезеңінде дала академиктері атанған еңбек қаһармандары Шығанақ Берсиев, Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев, Нұрмолда Алдабергенов, Ұлбала Алтайбаева, Сәлима Жұмабекова, Зылиха Тамшыбаева, Кәмшат Дөненбаева, Жолсейіт Молдасанов секілді жүздеген үздіктер елдің даңқына даңқ, абыройына абырой қосып, жастарымыз еліктейтін ерен тұлғаларға айналды. Бұлар өз мамандығының топжарғандары еді. Олардың қай-қайсысы да еңбегі мен ақыл-парасаты қатар тоғысқан жандар болатын. Бүгінгі күні олардың игі істерін, іргелі жолын жалғастырып келе жатқан келесі толқын да осы биіктен көрінуде. Бұл толқын жалғаса, жаңара береді. Ата көргеннің ақылы артық, өмір көргеннің өнегесі артық. Жас өсемін деп ұмтылса, қарттың ақылы демеу болады. Жас үйренемін деп құлшынса, жайсаң үйретерін бүгіп қалмайды. Халқымызда «көзбен көргеніңе қолың жетсін» деген баталы сөз бар. Дуалы ауыздан шыққан дәйекті сөз қай істе де қолбасшылық қуатын жоғалтпайды. Қарияларымыздың халықшыл сөздері жастарымыздың жан дүниесіне шуағын түсіргей. Бәріміздің жанымызға етене жақын Сағи ақынның: «Даламның исі бұрқырап, қарттарым, аман-сау жүрші» деген сөзін мейлі ол басшы ма, қосшы ма, әрбір азамат ойынан шығармай жүрсе, ұрпақтар сабақтастығы ұлы көшін жарасыммен жалғай береді. Сонда қарияларымыз да қарыздар болып қалмайды. Аман болсын, Ұлы Дала елінің қариялары! Ғасырлар бойғы ұлт-азаттық көтерілістердің ілгері-кейінді шежіресінде халықшыл қариялардың ел есінен кетпейтін есті сөздері әлі де ат үстінен түскен жоқ. Отаршыл империяның қазақ жастарын қара жұмысқа, қасіретті майданға көгендеген кесірлі кезеңінде қарияларымыздың аузынан жеткен «бала берсек, бала өледі, бала бермесек, шал өледі, бала өлгенше, шал өлсін» деген ұлы сөзі ақсақалдықтың асқаралы сөзі. Осы қарапайым да қаһарман сөзде қарттықтың халықтық қуаты мен ұлттық ұраны жатыр. Жақсы қария – жан досың. Тәуелсіздіктің таңғы арайында абыз ақсақалдарымыздың берген батасы қабыл болды. Ел болып еңсе тіктедік. Мемлекет болып мәртебеміз өсті. Батамен ер де, ел де көгерді. Егемендіктің ұлы көші бірден тіктеліп, даңғыл жолға түсіп кете алған жоқ. Бұған халқымыз куә. Қиналған да, ұтылған да жерлеріміз болды, бірақ дағдарған жоқпыз. Жолымыздан жаңылмадық. Халықтың сенімі мен үмітін желкен етіп, жақсы күндерге қол жеткіздік. Осы кезеңде қазыналы қариялардың демеуі мен сүйеуіне ие болдық. «Жаңа екі достан, ескі бір дос артық» дегенді өзіміз айтпасақ та, өзімсіне ұстанған халықпыз. Бұл жерде ескі дос деп отырғанымыз – қадірлі қарияларымыз. Бізде Ардагерлердің республикалық кеңесі бар. Ол – жанды, жігерлі ұйымдардың бірі. Жұмыстары да қауырт. Мемлекеттің мерейлі де маңызды мәселелерінің бәрінде үн қосып, белсенділік танытуда. Мына іргеміздегі түрікмен халқында «Өзіңді – сүт, досыңды қаймақ деп бағала» деген тәмсіл бар. Біз де қарияларымызды қаймақ деп есептейміз. Олардың достыққа берік, жолдастыққа адал екенін өмірлік іс-әрекеттері дәлелдеуде. Даланың дана қарттары біздің ұлы тарихымызда ұлық міндеттерді атқарған. Олар да жас болған, жалынды болған. Жанар кезде жанған, озар кезде озған. Осыдан барып үлкен өмірдің сүзгісі мен сынын көріп, мол тәжірибе жинап, ақыл мектебінің алғыр шәкірттеріне айналған. Көпті көргендердің ақыл-ойы – олардың тәжірибесі мен ақыл-сезімінің қосындысы. Біздің жас мемлекетіміз де жалындап өскен жастық секілді. Өмір өтер, талай ұрпақ ауысар, сонда еліміз дана қарттай байыпты, данышпандай ойлы кезеңді бастан өткеріп, әлемдік өркениеттің алдыңғы сапындағы елдің бірі болар. Ұлы Даламыздың ұлық тарихында жаның жадырайтын жақсы қасиеттер ұшан-теңіз. Соның бірі – дала демократиясы. Оның басты ұраны – әділдік, бірлік және ұлттық тұтастық. Атақты билердің, айбынды ақындардың аксиомаға айналған афоризмдеріне ой жіберіп қарасаң, олардағы халықтық қасиет, ұлттық ұлағат айқын көрінеді. Сондай кезде ақылман абыздың ой тереңдігіне тәнті болып, дала философиясының ұлы сарынын сезінесің. Өзегі – ақыл, өнегесі – нақыл жұртыңның асыл сөздері ұрпақтар санасына жетіп жатса, бұдан артық қазына бола ма? Осылардың бәрі бізге жас күнімізден қарияларымыздың үлгі-өнегесімен, саналы сөзімен, азаматтық қайраткерлігімен жетті. Атадан балаға көшін бұзбай ұласып жататын көшелі сөз біздің ұрпақтың жадына жазылып, сөнбейтін сәулесін түсірген. Ауыл қарттарының ақыл мектебінен сабақ алған санаткер ұрпақ халқымыз үшін қатал сын болған қилы кезеңдердегі оқиғалардан аман, абыройлы шығып отырды. Інжілде: «Әуелі сөз болған» деген тарихи ұғым бар. Сол сөз ең әуелі біздің байтақ даламызға жеткен шығар деп ойлаймыз. Осы қасиетті қағиданы халық санасына сіңірген сардарлар мен сәруарларға әрқашан алғыс айтамыз. Жаңбырмен жер көгереді, алғыспен ер көгереді. Екеуі кемелденгенде ел көгереді. Ел дамиды, өседі, тұлғасы биіктейді, тұғыры бекиді. Біз қазір – қартымыз да, жасымыз да – осы міндетті орындау жолында бірлесіп күш жұмсап жатырмыз. Бірліктің барар жері – табыс. Қарияларымыздың қас-қабағына қарап, олардың өмірлері жайлы болуы жолындағы жұмыста ата-баба дәстүрі қалыптастырған қағидаттар негізінде қызмет атқарамыз. Өйткені, уақыт деген қас-қағым, ертең сен де үлкейіп, оның жасына келесің, сонда осы әдеттерді жасайтын жасқа сен де ділгір боласың. Өмір – кезек, дәстүр – мәңгілік. Өмір бойы бала болып қала алмайсың. Мемлекет бақытты қариялық ғұмырды ұзартудың барлық жағдайын жан-жақты ойластырып, жақсылықтың бәрін жасауға әрқашан дайын. Аға ұрпақтың алаңдауына негіз жоқ. Өйткені, біз ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі – абзал қарияларымызға құрмет көрсетудің ұлттық дәстүрін бойымызда сақтаған елміз. Сақтай да береміз. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде іс басында болған азаматтарымыздың бірталайы қазір зейнеткерлік кезеңге жетіп, қадірлі қарттықтың қызығын көріп отыр. Олар әлі де қатарымызда. Мемлекет дамуының барлық мәртебелі шақтарында ақыл-ойымен, шынайы пейілімен, жастарға тәлім-тәрбие беруімен ұлттық ұлы дәстүрлерімізді ұлағаттап, парасат биігінен көрінуде. Ел ортақ, жер ортақ, ендеше, абырой мен бедел де ортақ. Қазақстан атты ұлы кемеміздің ақ желкені дәуір айдынында адаспай жүзіп келеді. «Кемедегінің жаны бір» деген халық сөзі бар. Біздің жанымыз да, арымыз да туған халқымыздың абыз ақсақалдарымен бірге. Ортақ абырой – Отан қуаты. Әлемдік өркениеттен өз орнын тапқан қазақ елінің бірлігі мен тұтастығы келер ұрпаққа мәңгілік міндет, халықтық қасиет болып қала береді. Бұл жолдағы ақсақалдарымыз бен кейуаналарымыздың қосар үлесі ел дамуына ерекше серпін береді деп сенеміз. Қарияларымыз – қазынамыз бар, демек тұғырымыз биік, туымыз жоғары болатынына күмән жоқ. Тұлпар мініп, ту ұстаған қазаққа Алланың ақ нұры жауа берсін!  

Мұраты бірдің – қуаты бір

 

Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел теңізіне түсірген елміз,

елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратты тәуелсіздік тұғырына ту етіп байлаған елміз.

Бұл кітап не үшін жазылды? Оның маңызды себептері бар. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық кезеңін мемлекет дамуының игілікті нәтижелерімен қарсы алдық. Әлемдік өркениеттен егемен ел қатарында өз орнымызды таптық. Өзгелермен бойымыз да, ойымыз да теңесті. Халықаралық қоғамдастықтың белді әрі белсенді мүшесі ретінде мәртебелі мінберлерден сөз ұстап, көзқарасымызды кеңінен танытуға қол жеткіздік. Мұның бәрі тарих үшін қас-қағым сәт саналатын ширек ғасырда жүзеге асырылды. Қарудың күшімен емес, ақыл-парасаттың, сарабдал саясаттың қуатымен әлем назарын өзімізге бұрдық. Тәуелсіз мемлекет атанып, шекарамызды шегендедік. Төл теңгемізді төрге шығарып, аумақтық тұтастығымызды төрткүл дүниеге мойындаттық. Мемлекеттік рәміздерімізді жұмыр жердің қай түкпірінде де асқақтатып келеміз. Әлем қазақ жерінің кеңдігін ғана емес, байлығы мен бақытын да, бейбітшілік сүйгіш жігерін де мойындайтын болды. Мұның бәрін аз кезеңде абыроймен атқарып шығу оңай болды ма? Әрине, жоқ. Бірақ бұлардың бәрін жүзеге асыруға бізде ежелден қалыптасқан халықтық дәстүр, тарихи үлгі бар еді. Еуразияның алып аймағын мекендеген қазақ жұртының бұрынғы даңқы мен салты дербес мемлекет қалыптастыруда даналық даңғылы бола алды. Арғы тарихи бастауларды айтпағанда, бергі қазақ хандығының дәуіріндегі тәуелсіз ел болудың ұлттық мұраты кеңестік кезеңнің күйзелісінен кейінгі жылдарда бірден еңсе тіктеп, ірге бекітуімізге негіз қалады. Тегінде бар тез оңалар деген осы. Асыл арман алдымыздағы жолды ашып отырды. Мұның түп-төркіні мемлекеттік мұратта, халықтық мақсатта жатыр. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бірігіп өмір сүрудің баянын ұсынған бабалар тарихында жатыр. Байтақ кеңістіктің байырғы жұрты болғандықтан, біз өз жерімізде асыл арманымыздың қанат қағуына жақ-жақты қол жеткіздік. Ел дамуының кезең-кезеңдік кестесін түзіп, демократиялық құндылықтарды жаңғырта отырып, жаңа тұрпатты мемлекеттік модель жасадық. Отанымыздың әрбір мүшесінің көкейіндегі үміт пен күдіктің ара салмағын дер кезінде таразылап, күдіктің көлеңкесін күншуаққа айналдыра алдық. Біреуден оздық деп мақтанбай-ақ қоялық, бірақ өзгелер сабақ алатын, үлгі тұтатын мемлекеттік құрылым жасақтап, тәуелсіздік талаптарын тұтастыққа ұластырдық. Уақыт бізбен санасты. Заман бізге мойнын бұрды. Ел есейді, елмен бірге мен де үлкен өмір мектебінен өттім. Қандай қиын кезеңде де халқымыздың бірлік пен ынтымақты бірінші орынға қойған ұлттық дәстүрін нық ұстай отырып, көп ұлтты Қазақстан халқының ауызбіршілігі мен өзара түсіністігін, сыйластығы мен төзімділігін мемлекет дамуының темірқазығы етіп қалыптастырдық. Жаппай қырып-жоятын ядролық алапат қарудан өз еркімізбен бас тарта отырып, халықаралық қоғамдастықтан, іргелі мемлекеттерден бейбітшілігімізге кепілдік алдық. Бұл қадам да ынтымақшыл халқымыздың тарапынан өз кезінде қолдау тапты. Мұнда да мұратымыз бір, мақсатымыз ортақ болды. Мұның бәрі еліміздің бүгіні мен ертеңін тереңнен ойлап, дұрыс шешім қабылдау нәтижесінде жүзеге асты. Бүгінгі таңда 5 институттық реформаны жүзеге асыру жолында 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын орындауға кірісіп кеттік. Біз үшін бұл да сындарлы кезеңнің тағы бір сынағы болмақ. Міне, осы тұста сөз бен істің бірлігі қашанда ел дамуының нақты көрсеткішіне айналады. Біз егемен ел болу жөніндегі ата-бабаларымыздың асыл арманын жүзеге асырдық. Еліміздің өзі таңдаған дара жолы бар, ол – бейбітшілікті сүйетін, қауіпсіздікті қорғайтын Қазақстан Жолы. Тәуелсіздіктің жиырма бесінші жылын жаңа қазақстандық арманды жүзеге асырудың айқын жетістіктерімен қарсы алып отырмыз. Ел экономикасының серпіні мен әлеуметтік әлеуеті әлемдік дағдарыстың сын-тегеуріндеріне берік шыдас беріп келеді. Ең бас­тысы, халқымыздың көңілінде рухани-психологиялық дағдарыс жоқ. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың жалпыұлттық бағдарламасы жаңа қуатпен жүзеге асуда. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ата-бабамыз қанымен, жанымен қорғаған ұлы далада Мәңгілік Ел қалыптастырудың барлық шарттары мен мүмкіндіктері жасалды. Мемлекеттік ұстаным тұғырын бекітті. Ғасырлар тоғысын біз жаңа елорда төрінде қарсы алдық. Енді, міне, екі ғасыр тоғысында, жаңа мыңжылдық табалдырығында өшкен жанып, өлген тіріліп, кеткен есе түгенделіп, жығылған ту қайта желбіреп, құлаған орда қайта бой көтергеніне де куә болып отырмыз. Ұзағынан сүйіндіргей, ұлы жорықта қазынамыз молайып, қадіріміз арта түскей! Саясаттың ең басты ұстанымы – тұтастық, татулық. «Бірлігі жеткен ел озады, бірлігі кеткен ел тозады» деген сөзді де айтқан дана халқымыз. Туған жұртыңа мүмкіндігің жеткенше тұстастық туралы айтарыңды айтып қалу керек. Өйткені, бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің қайнар көзі. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз қажет. Ата тарихымыздың аманатын есте ұстап, бағзы замандардың шаңдағындағы шежіреге айналған ұлттық ұлағат пен тарихи ақиқатты жас ұрпақтың жадына мықтап сіңіруге тиіспіз. Коммунистік идеология кезіндегі лениндік ұран бойынша «біз қай мұрадан бас тартамыз?» деген сұрақ күн тәртібіне қатаң қойылды. Бұл сұрақтың жаттанды жауабы мен беймәлім нұсқасын бізге де мықтап таңды. Өз ішімізден шыққан неше түрлі ағымдардың көкпар тартқандай болған даурықпа, ұраншыл науқандары да артта қалды. Қай кезде де асыра сілтеу мен мансапшыл мәңгүрттік халықтың көз жасымен суарылып отырған. Ол тарихты жақсы білеміз. Көргеннен кеңес, қателіктен сабақ алып отырсақ, көшіміз өз бағытынан жаңылмайды. Біз ұлттық мұрадан ешқашан бас тартпаймыз. Қалай болғанда да, ол – біздің ортақ тарихымыз. Сол қымбат қазынаны заман талабына сай жаңғыртып, жас ұрпақтың қажетіне жарата білуіміз керек. Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып, мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтағанымыз абзал. «Өткеннің өнегесі – бүгіннің кенересі, ертеңнің керегесі» деген тәмсілді көкейімізге жазып қойғанымыз жөн. 2015 жылғы БҰҰ-дағы басқосуда Қазақстан әлемдік үлкен мінберден өзінің уақыт алдындағы борышын сезіну тұрғысында аса маңызды бірнеше ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, БҰҰ-ның 100 жылдығына қарай Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 Жоспарын жүзеге асырудың бірінші кезектегі қадамы ретінде «Жаңа Болашақ» тұжырымдамасын жасау қажет. Бұл үшін: «БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру; БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдау; санкцияларды өз еркімен қолдануды БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін қадам ретінде болдырмай тастап, 2016 жылы халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге үндейтін БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыру; терроризм мен діни экстремизм қатері жаһандық ауқым алып отыр. БҰҰ туы астында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл танытатын біртұтас әлемдік жүйе құру; БҰҰ-ның «Орнықты энергетика – барша үшін» бастамасын қолдау мақсатында 2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбында бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі өткізіледі. ЭКСПО-2017 көрмесінің инфрақұрылымдары негізінде Астанада БҰҰ туы астында Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамытудың халықаралық орталығын ашу. Бұл ұсыныстардың бәрін сессия делегаттары толық қолдап, мақұлдады. Өйткені, бұл проблемалар тек бір елге емес, барша мемлекеттерге де қажет, ортақ мәселе. Қазір жеке ел ретінде немесе жалғыз мемлекет болып озып кету мүмкін емес. Әлемдік жаһандану жағдайында әлемдік түсіністік пен ынтымақтастық ауадай қажет. Бұл жерде «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген сөзді еске алудың артықтығы жоқ. Бірақ көп болып адасу үшін емес, көппен бірге дұрыс жол табу үшін. Адам санасындағы өзгерістер сонда мемлекеттік сананың жаңа белеске көтерілуіне тұғыр болады. Жол іздеген жолаушының, арман қуған жастықтың және ел бірлігі мен тыныштығын тілеген қарттықтың жолы бір. Мемлекет дамуының әлемдік өркениеттен өз орнын тауып, сол биіктен үнемі көріне беруіне қызмет істеп жүрген саясаткер жолы да сондай. Бұлардың бәрін адал мұрат, асыл мақсат тоғыстырады. Мұраты бірдің – қуаты бір. Ол қуат елдіктен, дамудан, өркендеуден, бірлік пен бейбіт күндерден бастау алады. Және оның бағыты да, бағдары да халықтікі. Халық ортақ арман, бір мақсатқа бірлесе ұмтылса – оның ертеңі бақытты боларына еш күмән жоқ. Менің мұратым – елімнің бүгінгі бейбіт өмірі, ертеңгі нұрлы болашағы. Келер ұрпақтың алғысы мен ризашылығы біздің бүгінгі істеріміздің жарқын нәтижесіне тікелей байланысты. Осы жолда халық бірге болса, қамал аламыз. Осы жолда мақсат ортақ болса – қуатымыз тасып, күш-жігеріміз еселене түседі. Сол жолда мемлекет пен халық мүддесі ұштасып жатса, мәртебелі міндет – осы. Жас кезімде арманшыл болдым. Алдыма қойған мақсатыма жетуге қашанда бар күшімді салдым. Елімнің қажетіне жарайтын бір азаматы болсам деген арман мені үнемі биік шыңдарға жетелеп отырды. Еңбектің қиындығынан, өмірдің сынынан қашып, тайсақтаған кезім болған жоқ. Бұл жөнінен туған елімнен өмірлік сабақ алдым. Әрине, ол кезде тәуелсіз мемлекеттің Тұңғыш Президенті болам деп армандаған жоқпын. Бірақ адам өзінің маңдайына жазылған тағдырынан қашып құтыла алмайды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Елбасы болу тағдыры маған бұйырды. Бұл жолда аянып, жасқанып қалған жерім жоқ. Менің бақытым – халқымның бақыты. Менің жеңісім – жұртымның жеңісі. Менің тапқаным – елімнің қазынасы. Елдің бүгіні мен ертеңі туралы ой әркез, қайда жүрсем де бір сәтке де тыншу таптырмайды. Кейде өзімді көптеген ұлдары мен қыздары, немере-шөбересі бар қарияға, көпті көрген атаға ұқсатамын. «Балалы үй – базар» деген халқымыздың қанатты сөзі бар ғой. Ал кейде өзімді халқымның алдында баладай сезінемін. Халқыммен бірге өстім. Балалық шағымнан бастап өзімді туған елімнің бір пайдасына жаратсам, абыз Абай айтқандай, елімнің бір кірпішіне айналсам деген мақсат-мұрат менің ержету жолындағы басты жолбасшым болды. Қарапайым ауылда, көп балалы үйде өстім. Көпшіл, халықшыл болуымның бір себебі осында жатыр деп ойлаймын. Жақсыны көрсем, ұмтылып, соған теңелуге тырыстым. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болып ержеттік. Ой еркіндігі сөз еркіндігін туғызады. Сөзі еркін басқалардан озық көрінеді. Озған сайын оның мәнін ұғынып, мәнісін біліп, көңілің көкке көтеріліп, өзіңді азамат ретінде сезіне түсесің. Біздің ұрпақ – тезірек ержетуге асыққан ұрпақ. Біздің балалық балдәуренді белшеден кешіп ұзақ жүруге мүмкіндігіміз де болмады. Бір жасқа келгенімде Ұлы Отан соғысы басталыпты. Ата-анамыз сол бір сұрапылдың сұмдығын жұртымен бірге көріп, ортақ жеңіске өз үлестерін қосты. Елдегі тылда күндіз-түні бел шешпей еңбек етті. Майданнан келген «қара қағаздардың» қасіретін бас­тан кешпеген шаңырақ Шамалғанда да болмаған секілді. Алыс майданда атылған әрбір ажал оғы біздің балалық шағымызды да баудай түсіріп жатты. Сол кездегі халықтың көз жасы, аналардың аңыраған үні мен әкелердің жер шұқып, көкірегі қарс айырыла күрсінгені әлі көз алдымызда. Бірде байыбына барып, бірде бара алмай, әркімнің бетіне жалтақ-жұлтақ қараған жетімдердің боталаған көзіндегі бадана жас бала көкіректе қалып қойғандай. Әрине, бес жастағы балаға жеңістің салтанатын толық сезіну қиын болар. Дегенмен, ауылдағы ұлан-асыр қуаныш пен шанағынан асып төгілген шаттықты аналарымыздың ақжарқын күлкісінен, әзіл-қалжыңынан сезініп, жерошақ басындағы самсаған самаурындар мен иісі бұрқыраған қозықұлақ бауырсақтардан дәм татқан са­йын балаң жүрегіміз тамаша бір қуанышты сезініп, қызыққа батқанбыз. Киіз үйдің іргесін түріп тастап, төрінде сақалын саумалап, талай жыл қабағы қарс жабылған ақсақалды аталардың алдарына немерелерін алып, бастарынан сипап, маңдайларынан иіскеп отырған сол бір сәт халқымыздың қилы ғұмырындағы ең бір бақытты кезеңі болған еді. Қазақстан халқының ауызбіршілігі, ынтымағы бұзылмаса, біз әлемдегі бақытты елдердің біріне айналарымыз сөзсіз. Өткен тарихтан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген сөз қалған. Біз – Сарыарқаның сайын даласында жаңа елорда тұрғызып, оның төсіне самұрық қондырған елміз. Алып әлемнің дамуында енді самұрықтар қанат қағатын болады. Ол қазақ елінің – Ұлы Дала елінің азат аспанында мәңгі қалықтай береді. Елдің атауы да сол сияқты. Мұнда да терең пайым, талғампаз ой, тарихи сабақтастықты ұлттық ұғымға ұштастыру мәселесі басты назарда болғаны жөн. Біздің халқымызды кезінде «қырғыз» деп атады, кейін, 1925 жылы әупірімдеп жүріп, Алаш арыстарының арқасында қазақ атауын әрең дегенде алдық. Тәуелсіздік алған тұста ел атауы қалай болады деп қатты ойландық. Даму үрдісін, қалыптасқан қағидаттар мен көп ұлтты республиканың тұрақтанған атауын өзгертуді келер күндердің еншісіне қалдырып, «Қазақстан Республикасы» деген қазіргі атауға тоқтадық. Бұл қадамымыздың дұрыстығын қазіргі кезеңдегі ел дамуы көрсетіп отыр. Елдің атауы – бүгінгінің баяны, ертеңнің мерейі. Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойын неге біз жалпыұлттық мереке, мемлекеттік мейрам ретінде атап өттік? Не үшін тойладық? Ел мерейінің өсуі үшін. Өзгелер бізді тануы үшін. Жас ұрпақ сабақ алуы үшін. Ұрпақтар сабақтастығының жалғасуы үшін. Тарихымыз жаңаша жаңғырсын дедік. Тәуелсіздік тұғырының одан әрі беки түсуін қаладық. Қол жеткен табыстарымыз тұрақты болып, әлемнің дамыған елдері бізбен санассын дедік. Осы мерейтойда Ұлы Дала елі деген атауды ұлттық идеяның ұстыны, мемлекеттік саясаттың басты бағдары, «Мәңгілік Ел» идеясын мәңгілік ету бағытындағы негізгі міндет деп қарастырдық. Біз осы орайда мұның мән-мақсатын ашатын «100 қадам» жалпыұлттық жоспарын іске асырудың негізгі тетіктері деп тұжырымдаймыз. Бұл аса маңызды да күрделі бағдарламалар Ұлы Дала елі атауын әлемге танытудың бастапқы тарихи алғышарты деп қабылданады. Ел атауын ауыстыруда кейде асығыстық пен албырттыққа да жол беріп аламыз. Кейбір азаматтар бұл орайда менен шапшаңдық пен шұғыл шешім күтеді. «Үй менікі демеңіз, үй артында кісі бар» деген емес пе халқымыз? Өзгермелі әлемнің қа