15 Қазан, 2016

Кеңесіп пішкен тон келте болмайды

280 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
abay-tasbolatovҚазіргі кезде құқық қорғау органдарының жанында Консультативтік кеңестер жұмыс істейді. Сондай бір кеңес Бас әскери прокуратураның жанынан құрылған болатын. Оның негізгі міндетіне еліміздің әскери құрылымдарындағы заңдылықты нығайту, әскери прокуратура органдарының әскери қауым және үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынасты дамыту кіреді. Мұның мән-жайын тереңірек білу үшін осы кеңеске жетекшілік ететін Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатовқа жолықтық. Абай Бөлекбайұлы, Әскери прокура­тура әскери тәртіпті нығайту мен құқық бұзушылықты төмендету бойынша тыңғылықты жұмыс жүргізіп келеміз деп жиі айтады. Ендеше, бұл ретте Бас әскери прокуратура жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі консультативтік кеңестің атқаратын рөлі қандай болмақ? Рөлі зор. Өйткені, Консультативтік кеңес – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа әскерлері мен әске­ри құрылымдарындағы жағдайға сарап­тама жасап, кемшін тұстарды анық­тап, про­куратура органдарының іс-әрекетін жетіл­діру бойынша ұсыныстар әзірлейтін Бас әскери прокуратураның консультативтік кеңестік органы болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл күндері мұндай кеңестер барлық құқық қорғау органдарында құрылған. Олар бірінші кезекте еліміздің Қарулы Күштері, басқа әскерлері мен әскери құрылымдары әскерилерінің құқық қорғау жүйесіне деген сенімді арттыруға ықпал жасау мен құқықтық мемлекетті дамытуда үкіметтік емес ұйымдардың рөлін нығайтуға негізделген. Бұдан бөлек кеңес прокуратура органдарының іс-әрекетін жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындап, әскерилердің құқықтық білімін арттыру мен әскери құрылымдарда заңдылықты қамтамасыз ету бойынша күрделі әрі өзекті мәселелерді қарап, басқа да міндеттерді орын­дайды. Кеңес құрамына еліміздің депу­тат­тары, әскери прокуратура, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер кеңестері мен бұқара­лық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Консультативтік кеңес бұған дейін заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша қызмет жасаған Қоғамдық ке­ңесті алмастырып отыр екен. Енді бұ­лар­дың арасындағы жұмыста айтар­лық­тай айырмашылықтар болатын шығар? – Бұл екі кеңестің арасында қандайда бір өзгешелік болады деп айтуға келмес. Оның атауын ауыстыруға 2015 жылдың 2 қарашасында жарық көрген «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң болып отыр. Бұл заң Мемлекет басшысының бес институттық реформасын жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары және «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бағдарламасын орындау бойынша әзірленіп, қабылданды. Мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін заңдық мәртебе мен өкілеттік беріп күшейту Ұлт жоспарының 99-шы қадамында көрініс тапқан. Қоғамдық кеңестер министрліктер, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқару­шы органдар, сондай-ақ, өкілеттігі бойынша үкіметтік емес ұйымдар және азаматтармен жұмыс жасайтын жергілікті мемлекеттік басқару органдары жанынан құрылып, консультативті-кеңестік және байқаушы органдар болып қызмет етеді. Консультативтік кеңестің құрылуындағы мақсаттардың бірі – әскери прокуратура органдарының үкіметтік емес ұйымдар және әскери қауыммен қарым-қатынастарды дамыту болып табылады екен. Бұл қандай тұрғыда жүзеге асырылады? – Қазіргі кезде аталған органның аймақтардағы көшпелі отырыстарын өткізу, шалғайдағы әскери бөлімшелерге танысу сапарларына шығу кеңінен қолға алынған. Атап айтсақ, Кеңес мүшелерінің Петропавл, Щучинск, Ақтау, Ақмола, Алматы, Өскемен, Зайсан, Қарағанды және т.б. гарнизондарда әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелерімен кездесулері өтіп, ондағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі талқыланды. Сонымен қатар, қоғамдық қабылдаулар жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері­мен тұрақты кездесулер өткізіліп тұрады. Жуырда ғана әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бойынша Қорғаныс министрлігімен қабылданған шаралар туралы мәселені, Әскери полиция институтын нығайту мәселелерімен біріктіріп Кеңес отырысында қарап, тиісті ұсынымдар берілді. Ал енді осы Консультативтік кеңестің отырыстарында қандай өзекті мәселелер қарастырылады? Оның нәтижесі бола ма? – Біздің күн тәртібінде тұрған, яғни қарастыратын мәселелеріміздің түйткілді екені сөзсіз. Мәселен, кеңестің бір отыры­сында біз жемқорлық мәселесіне, әсіресе, оның мемлекеттік сатып алу саласында орын алуына ерекше назар аудардық. Осы ретте мемлекеттік қорғаныс тапсырысы мен әскердің материалдық-техникалық қамта­масыз етілуіне жауап беретін мемлекеттік өкілетті орган құру жайында бастама көтер­дік. Кеңес мүшелері айтқандай, бұл, ең алды­мен, әскери шаруашылық жүйесінде жем­қорлықты жоюға ықпал етіп, әскерге қажетті жоғары сапалы өнімдерді жеткізуде командирлердің ынтасын арттырады. Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»