01 Қазан, 2016

Елордада Маңғыстау облысының мәдени күндері өтеді

332 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
mangystauОблыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиеваның айтуынша, аймақтың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тірші­лі­гін жақсарту үшін атқарылып жат­қан жұмыстар аз емес. Қолға алынған бағдарламалар бірін­ші кезекте, халықты жұмыс­пен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға бағыт­та­лып жатыр екен. Жұртын жұ­мыспен қамтып, екі қолға бір күрек тауып беріп отырған ірі кәсіп­орындардың жұмысын жандандыру үшін оларға тиісті жағдай жасауға да көңіл бөлінеді. Соның арқасында жыл басынан бері аймақта 17 837 жа­ңа жұмыс орны құрылыпты. Мемлекеттік бағдарламаларды айтпағанда, 2015 жылы облыс­та «Жаңа серпін» атты өңірлік бағдарлама қабылданып, жас­тарды кәсіптік оқыту ісі жолға қойылған екен. – Қазір осы жұмыстардың нәтижесін көріп отырмыз. Мәселен, Жаңаөзен қаласының, Бейнеу, Жетібай, Мұнайшы аудандарының жастары Ақтау­дағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. «Каспио пласт», «Ақтау солтүстік теңіз терминалы» сынды компаниялардың тапсырысымен көптеген адамдар өндіріске араласты. Олардың әлеуметтік жағдайын жасау үшін Ақтау қаласында, Құрық ауылында әрқайсысы 500 орындық 2 жатақхана салынды. Форт-Шевченко қала­сында да жатақхана салуды жос­парлап отырмыз, – деді Баян Нұрғазиева. Қазіргі таңда облыста бі­лім беру саласы нысандары көптеп салынып жатқанын айта кету керек. Соңғы бес жыл ішінде балабақша саны 245-ке жеткені, апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқы­татын мектептердің қал­мағаны осының дәлелі. 2016 жылы білім беру саласын да­мыту үшін 48 миллиард, ден­сау­лық сақтау саласы үшін 21 мил­­лиард теңге қаржы бөлі­ніпті. Елордадағы мәдени күн­дерін өткізуге облыстың өнер ұжымдары үлкен дай­ын­дықпен келгені байқалады. Мәдени-рухани бағдар­ла­ма­лардың арасында қазақтың қа­бырғалы қаламгері Әбіш Кекіл­баевтың мұраларын насихат­тауға арналған шаралардың орны бөлек. Атап айтар болсақ, Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін көрменің «Ұлы дала абызы» атты арна­йы бөлімінде қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін экспозициялар қойы­лады. Сондай-ақ, 1 қазан күні Ұлттық академиялық кітап­ха­нада «Әбіш әлемі» атты жур­налдың тұсауы кесілмек. М.Горький атындағы Мемлекет­тік академиялық орыс драма театрында Әбіш Кекіл­баев шығармасының желісімен сахналанған «Шыңырау» драмасы қойылатынын да айта кеткен жөн. Апта сайын елордада әр аймақтың ауылшаруашылық тауар­ларын өндірушілер жәр­меңке ұйымдастырып жүргені белгілі. Бұл науқаннан маң­ғыс­таулықтар да шет қалмақ емес. 1-2 қазан күндері «Хан Ша­тыр» сауда, ойын-сауық орта­лығының алдында шұбат, балық сынды өңірдің брендіне айналған басты өнімдерін елордалықтарға ұсынады. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»