01 Қазан, 2016

Ұстаздар әулеті

822 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
bilim-kuni-1Қостанай облысының қасиетті Меңдіқара топырағында өніп-өскен Көшмырза әулетін жерлестері «ұстаздар әулеті» дейді. Десе дегендей-ақ. Бұл әулеттің 16 ұл-қызы мен келіндері осы мәртебелі мамандықты қалап, халық ағарту саласында жемісті еңбек етіп, ел-жұрттың ілтипаты мен ықыласына бөленген. Көшмырза шаруа адамы, еңбекқор кісі болатын. Көшмырза ата-анасының ұйғарымымен Рақыш есімді бойжеткенмен отау құрды. Жас келін ерте тұрып, кеш жатып, үйдің шаруасын үйіріп әкетті. Ахметтің шаңырағына құт-береке ала келді. Араға бірер жыл салып тұңғыштары Жұмаш дүниеге келді. Қазақы дәстүр бойынша оны кемпір-шал бауырына салды. Екі жылдан кейін Қажымұқан өмірге келді. Өздерінің бұл баласын айрықша мәпелеп, аялады. Одан кейін Әлмұқан есімді бала дүние есігін ашты. Екі шекесі торсықтай осы қызылшырайлы ұлын ерекше жақсы көрді. Ал одан кейінгі баласының есімін әскерде жүрген әкесінің інісі Қасым «өмірі сәулетті, тұрмысы дәулетті болсын», деп Құттыбай қойыпты. Осылайша жайма-шуақ бақыт­ты күндер өтіп жатқанда тұт­қиылдан Ұлы Отан соғысы басталды. Ел-жұрт күңіренді. Жастар май­данға, ал үлкендер жағы еңбек армия­сына алынды. Көшмырза да Орал бойындағы Златоуст қала­сында қару-жарақ шығаратын зау­ыт­та қара жұмысшы болып іс­теді. Ол кісі туған еліне аман-сау орал­ған соң да еңбекке белсе­не кірісті. Жүдеген, азған елдің ша­руа­сын көтеруге өзіндік үлесін қосты. Дүниеге Ермұқан, Дәулетбай, Бекежан келді. Ата-анасы күн ұзағына колхоз жұмысында жүргенде балалардың ересегі Жұмаш пен Қажымұқан үйдің барлық тауқыметін көтерді. Рақыш шешеміз он құрсақ көтерген кісі. Бір ұл, екі қызы жастай шетінеген. Өздері қараңғы болса да балаларының оқып, білім алуына қамқорлық жасады. Балалары да оқуға зерек әрі ынталы болды. Бәрі дерлік жоғары білім алып, ал­тауы мұғалім мамандығын қала­ды. Тек Дәулетбай дәрігер болу­ды ұйғарыпты. Ол ұзақ жыл Мең­ді­қара ауданында бас дәрігер болып, жемісті еңбек етті. Үлкендері Жұмаш әуелі Қостанайда оқып, кейін Оралдың пединститутын бітірді. Білімді ұстаз, іскер басшы ретінде танылды. Көп жыл Меңдіқара ауданы Көктерек ауылдық мектебінде директор болып істеді, аудандық, облыстық оқу бөлімінің мақтау грамоталарымен марапатталды. Өкініштісі, абзал азамат өмірден ертерек өтті. Ал оның артында қалған балаларының үлкені Гүлбану әке жолын қуып ұстаз болды. Көп жыл тарих пәнінен сабақ берген ол қазір А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқу-әдістемелік басқармасында аға әдіскер. Жұмаштан кейінгі Қажымұқан да ағасы сияқты мұғалім болуды қалады. Қажекең ұстаздық еткен 51 жылының 25 жылын туған ауылында мектеп директоры болып істеді. Бұл кісінің қажырлы да жемісті еңбегі лайықты баға­ланды. Ол КСРО және Қазақстан Рес­публикасы халық ағарту ісінің үздігі. Меңдіқара ауданының құр­метті азаматы. Қажекеңнің бес ба­ласының үшеуі – Тұрсын, Дәмет­кен, Көпжасар да ұстаздық жолды таңдады. Әлмұқан да ағаларының жолын жалғастырып, мұғалім болды. Тура 40 жыл мұғалім болған оның еңбек кітапшасында бар-жоғы үш жерде жұмыс істегені тіркелген. Әлмұқанның үлкені Гүлнәр жоға­ры білімді ұстаз. Бүгінде Қоста­най­дағы №24 «А» қазақ бастауыш мек­тебінде директордың оқу ісі жөнін­дегі орынбасары. Ал Зи­багүл мен Анар мектепте мұғалім. Айгүл де балабақшада тәжірибелі тәрбиеші. Көшмырза ақсақалдың Құтты­байы да әулет үшін атакәсіпке айналған ұстаздық жолды таңдады. Ең­бек жолын мұғалімдіктен баста­ған ол көптеген лауазымды қыз­мет­терді атқарды. Әулеттегі тағы бір мұғалім – Ер­мұқан Көшмырзаұлы. Оның жұ­байы Бақытжамал да 40 жылдан астам бас­тауыш сыныпта сабақ берген ұстаз. Көшмырза ақсақалдың сүт кен­жесі Бекежан да ағалар ісін жал­­ғастырып, ұстаздық жолды таң­дады. Көп жылдар мептеп ди­­­ректоры болды. Оның әсіресе, Қоста­най қа­ла­сындағы С.Мәу­­ле­нов атындағы орта мектепте ат­­қарған еңбегі өте зор. Ол бас­­шы­­лық қызмет­ке келгеннен бас­­тап, мектеп­тің жаңа тыны­сы ашылғандай болып, тыныс-тіршілігіне қан жүгірді. Қала­дағы іргелі оқу ордасын 15 жыл­дан бері басқарып отырған Беке­жан Көшмырзин – Қазақстан Рес­­пуб­­ликасы білім беру ісінің үздігі. Оның жұбайы Айсұлу да шет тілі маманы, білім беру ісінің үздігі. Иә, айта берсек, Көшмырза әуле­тінің ұстаздық өтілі 500 жыл­ға жуықтайды екен. Бұл әулет бүгінде үлкен бір қауым – 29 немере, бәрі үйлі-баранды. 40 шөбересі бар Рақыш әжейді жапырағын жай­ған мәуелі ағаш дерсің. Асарын асап, жасарын жасаған қария тоқсаннан асып дүние салды. Ын­тымағы жарасқан, бұл әулет­­тің қарым-қатынасы сыйлас­­тық­қа, бауырмалдыққа, ынты­­­маққа негізделген. Бұлар бір-бі­ріне ті­лекші, ақыл-кеңес қосып, қол ұшын беріп жатады. Көш­мырза ұр­пақ­тары «жасы кіші ініні – ақылы артса аға тұт, жасы үлкен ағаны – жақсы сыйлап жаға тұт» деген на­қылды өмірлік ұстанымы етіп келеді. Қанапия МЫРЗАҒОЖИН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі