01 Қазан, 2016

Ел бірлігінің іргетасы

200 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
adil-akhmetov2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін, іле-шала жаппай қырып-жоятын қаруы бар деген желеумен Иракқа қара күйе жағылып, соғыс өрті тұтанып кеткені әлемдік қоғамдастықтың есінен әлі шыға қойған жоқ. Алайда, сол соғыс тек Иракпен тынған жоқ, керісінше, оның салдары кейін Таяу Шығыс немесе Алдыңғы Азия мемлекеттерімен қатар, Африканың солтүстігіндегі Ливияда, Тунисте және оның соңын ала, Египеттегі түрлі-түсті революциялар мен шерлі шиеленістерге ұласып кеткен болатын. Бүгінгі Сирияда орын алып отырған қан­төгіс пен сорақы террористік әрекеттер де алдыңғылардың тікелей салдары. Сосын, мұның бәрі де жүйелі әрі қасақана ұйымдастырылған жиіркенішті сыртқы геосаяси ойыншылардың мүдделерінен туындап отырған қанқұйлы уақиғалар тізбегі екенін көзі ашық, көкірегі ояу әлем жұртшылығы біліп отыр. Ал жантүршігерлік жанжалдар мен соғыс атаулының себептерін іздер болсақ, ең алдымен, Самюэль Хантингтон есімді америкалық философтың «Өркениеттер қақтығысы және әлемдік тәртіпті қайта құру» («The сlash of сivilizations and the remaking of world order») атты 1996 жылы, алдымен ағылшын тілінде, кейін өзге тілдерде жарық көрген әйгілі геосая­си трактаттары бірден ойға оралады. Өйткені, ХХ ғасырдың соңын ала, күллі әлемнің назарына іліккен әлгі еңбекте аталған ғалым бүгінгі таңдағы қалыптасып отырған саяси болмысқа мүлде жаңаша көзқарас танытумен қатар, бұдан былайғы жаһандану заманында планета бетіндегі адамзат өркениетінің қалайша өрбитініне де терең шолу жасайды. Сонымен қатар, С.Хантингтон өркениеттер арасындағы қақтығыстардың басты себептерін сол өркениеттерге тән экономикалық қарым-қатынастар мен саясат айырмашылықтарынан іздемейді, керісінше, әлгі жиіркенішті құбы­лыстардың түп-тамырларын дөп басып, ең алдымен, олардың ұлтшылдықтан, этносаралық шиеленістерден, сонымен қатар әлемдік дін­дердің өзегіне өрілген сын-қатерлерден туындайтынын дөп басып, дәл анықтайды. Сосын өз пайымдарын әйгілі философ жай ғана гипотеза емес, кесіліп-пішілген теория ретінде ұсынады. Сондықтан да бүгінгі таңда оның дәйекті де дәлелді пайымдарымен есептеспейтін ғалымдар мен саясаткерлер жоқ десе де болады. Мәселен, сондай саясаткерлердің бірі, азуын айға білеген есімі әлемге әйгілі сәуегей Збигнев Бзежинский өз қаламынан шыққан «Ұлы шахмат тақтасы. Америка гегемониясы және оның геостратегиялық басымдықтары» атты көлемді туындысында Югославия мемлекеті күйреуінің соңын ала, дәл сол мемлекет секілді этносаралық және дінаралық бүліктердің салдарынан жойылып кетуі мүмкін деген елдерге «Еуразия Балқандары» немесе «Этностық қайшылықтардың қазаны» деген астарлы айдар тағып, сол «Балқандар» мен «қайшылықтардың қазанына» Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения, Грузия және Ауғанстан сынды тоғыз мемлекетті түгел тоғытып жіберген. Сәуегейдің айтпақ болғанының тасасында бұрынғы полиэтносты, поликонфессиялы Югославия мемлекеті этносаралық және дінаралық соғыс өртінің салдарынан қалай бөлшектеніп кетсе, әлгі тоғыз мемлекет те дәл солай Югославияның кебін киеді деген жымысқы болжам жатқанын байқамау мүмкін емес. Қуанышқа орай, сәуегей саясаткердің Қазақ­стан туралы ашқан балы іске аспай қалса да, өзге мемлекеттердің көпшілігінде қатерлі этно­саралық шиеленістер мен кикілжіңдердің, тіпті, кейбірінде сұрапыл соғыстың да орын алғанын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, бұл – тарихи шындық. Алайда, дәл осы тұста: «Сұңғыла саясат­кердің сәуегейлік болжамы Қазақстанда неге іске аспай қалды?» деген көкейкесті сұрақтың туындауы да әбден мүмкін. Бірақ мұның жауабын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, Отанымыз егемендігінің бастапқы кезе­ңінде оның қауіпсіздігі мен бірлігіне және территориялық бүтіндігіне төнген сын-қатердің алдын алып, оның жолын дер кезінде кескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Айтса айтқандай-ақ, Елбасының бастамасымен 1995 жылғы 1 наурызда құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы сол кездің өзінде ел бірлігін сақтап қалды және бүгінгі таңда да, болашақта да еліміздегі қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімнің мызғымас іргетасы болып қала бермек.  Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері АСТАНА