01 Қазан, 2016

KazEOSat 8 айда 7 миллиард теңге табыс әкелді

276 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
mm111Тұңғыш қазақ азаматының ғарышқа шығуының 25 жылдығы қарсаңында  «Қазғарыш» төрағасының кеңесшісі, ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Мейірбек МОЛДАБЕКОВТІ әңгімеге тартқан едік. – Мейірбек Молдабекұлы,  Қазақстанның ғарыш саласында ұзақ жылдар жемісті қыз­мет істеп келе жатқан сізді қа­зақтың тұңғыш ғарышқа ұш­қан күнімен құттықтауға болатын шығар? – Әрине, әрине, мені ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды, күллі Қазақ елін ол күнмен құт­тықтауға болады. Ол күн әлемге біз Тоқтар арқылы қазақ деген ел бар екенін, ол елдің жоғары техниканы меңгерген әрі ержүрек азаматы бар екенін әлемге таныттық. Қазақ үшін ерекше күн. – Қазақстан 2 қазанды өзі­нің Ғарыш күні деп атауы­на бола ма? Әлде ол күнді бө­лек­­­теу бұл сала үшін міндетті емес пе? – Қазақстанда ғарыш күнін атау шарт емес. Неге десеңіз, біз дүние жүзінде ғарышты бі­рінші болып игерген жоқпыз. Екіншіден, Дүниежүзілік авиация және ғарыш күнін атап өту бар, ол – Гагарин ғарышқа ұш­қан12 сәуір. – Қазақ қоғамы еліміздегі ғарыш саласы туралы әңгіме қоз­ғалса, алдымен «KazSat» туралы еске алады. Ол да тектен тек емес, еліміздің ғарыш саласы үш ғарышкермен шектелмейтіні анық.  Сол себепті де Қазақстанның мүд­десі үшін орбитада ұшып жүр­ген Жер серіктерінің бү­гінгі жай-күйі туралы айтып бер­сеңіз? – Ең соңғы ғылыми ға­рыштық инфрақұрылымда Қазақстан Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде бірқатар жетістіктерге жетті. Оған тек қана  «KazSat» байланыс жүйесі ғана кірмейді, мәселен, қазір бізде Жерді ғарыштан зерттейтін, былайша айтқанда, суретке түсіретін KazEOSat ғарыштық жүйеміз бар. Үшінші жүйе – ғарыштық навигация қызметі. Ол да өз жемісін беру үстінде. Сонымен қатар, біз қазір ғарыш аппаратын жобалап қана қоймай, жасап құрастыратын, сынақтан өткізетін жүйенің құрылысын салып жатырмыз. – Ғылымның озық саласы ғарыш әлемін игеру орасан қар­ажатты талап ететіні белгілі жайт. Сіз айтып отырған ма­ңызды жүйелерден белгілі бір мөлшерде елімізге келіп жатқан пайда, қайтарым бар ма? – Өте жақсы сауал, жауап беріп көрейін. Өткен жылы әлгі айтқан KazEOSat Жер серігі еліміз үшін 10 миллиард теңгенің қызметін атқарды. Биылғы 8 айдың ішінде 7 миллиард теңге табыс әкелді. Осының бәрі –сыртқа кетпей, Қазақстанның мүддесі үшін, еліміздің бюджет қоржынында қалған қаражат. Осы арада навигациялық жүйе­нің жүздеген миллионға қызмет етіп жатқанын да алға тартар едім. Біздің қызметіміздегі бір кемшілігіміз шығар, жасап жатқан қыруар ең­бегіміз бен қол жеткен табыстарымыз туралы қоғамды мейлінше аз құлақтандырамыз. – Бәлкім, ол мемлекеттік құпия шығар? – Жоқ, ол ешқандай да мем­лекеттік құпия іс емес. Өйт­кені, жүзеге асып жатқан ауқымды бұл жобалармен, атқарылып жат­қан іспен біз әлем елдері алдын­да ата­ғымызды шығаруды мақсат етіп отырған жоқпыз, біз ең бірін­ші еліміздің эконо­микалық қуа­тын күшейту үшін қызмет етудеміз. – Әлемдік ғарыш мем­лекет­­тері арасындағы ғарыш­тық Қазақ­станның алар ор­ны? – Мәселен, тұрмыста авто­мобильді пайдалану мәселесінде үш деңгей бар: біріншісі – такси шақырып, сол көліктің қызметін пайдалану. Екінші деңгей, көлікті өзің сатып алып жүргізіп, жұртқа қызмет ету. Ал үшінші деңгей,  сол автомобильді өз еліңде жасап, өзің жүргізіп, қыз­метін көру. Сол секілді ғарыш саласындағы бірінші деңгейге әлемдегі барлық елдің қатысы бар, ал екінші деңгейдің талабы  – ғарыш техникаларын сатып алу арқылы  еліне қызмет көрсету. Бұл сала­ға әлемнің 40 шақты елі ғана араласып отыр. Қазақстан Рес­публикасы ғарыш саласында үшінші деңгейге қадам бас­ты. Яғни, ғарыш техникасын өз қолымызбен құрастырып жасап, өзіміз басқарып, ел мүддесі үшін қызмет етуді бастап жібердік. Ол үшін біз арнайы ғылыми жобалар мен арнайы технологиялық конструкторлық бюро ашып, тіпті арнайы зауыт салып жатырмыз. Мұндай деңгейде қызмет атқарып жатқан дүние жүзінде 12-ақ ел бар. Мұндай сипаттағы белгілер, қарапайым тілмен айтқанда, ол елдерде ержүрек қана емес, ақылы асқан, ғылымның соңғы жетістігін игерген азаматтар тұратынын көрсетеді. Оған қосымша, қан­шама ғарыштық техниканы өз қолымызбен жасап жатырмыз. – Істеріңізге сәттілік тілей­міз Мейірбек Молдабекұлы. Қазақ­станның төл ғарыш ме­рекесі тағы да құтты болсын! Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»  АЛМАТЫ