01 Қазан, 2016

Тәуелсіз сот жүйесінің табысты жолы

538 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
astana-k-sot-toragasy-t-barpibaevМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әділдік тек соттарда ғана салтанат құруы керек» деп текке айтқан жоқ. Бұл біздің елімізде, шын мәнінде, әділдік тек соттарда ғана салтанат құра алады деген үлкен баға. Сондықтан қашанда Елбасы республикалық сот жүйесінің дамуына ерекше назар аударып, негізгі мақсат-міндеттерді айқындап отырады. Ол міндеттер қазіргі күнде қарқынды жүзеге асырылып, алдағы Қазақстан судьяларының VІІ съезін билердің өздері де үлкен жетістіктермен қарсы алмақшы. Атап өтсек, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестік және Қылмыстық-атқару кодекстері күшіне енді. Президент жариялы түрде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен Азаматтық процестік кодекстің жаңа редакциясына қол қойды. Онда көзделген татуласу процедуралары мен дауларды баламалы тәсілмен шешуді қолдануды жеңілдету үшін соттарда медиация кабинеттері ашылды. Енді судьялардың Әдеп кодексін қабылдау да күтіліп отыр. Осындай көптеген өзгерістерге орай біз Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес БӘРПІБАЕВҚА жолығып, сұрақтарымызға жауап алдық. – Тілектес Ешейұлы, еліміз судья­ларының VІІ съезі тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында өтпекші. Бұл жағдай мемлекет пен сот жүйесінің даму жолының тығыз байланыстылығын, бір-бірінен ажыратуға болмайтын үрдіс екенін дәлелдейді. Ендеше, осыған орай, әуелі отандық сот жүйесінің дамуына аз-кем тоқтала кетсеңіз. – Тәуелсіздік жылдарындағы отандық сот жүйесінің даму реформалары елімізде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет қалыптастыру жолындағы жүзеге асырылған саяси, әлеуметтік іс-шаралармен тығыз байланысты. Қазақстанда өз алдына бөлек және тәуелсіз сот билігі тарихи тұрғыдан алғанда, өте қысқа мерзім ішінде қалыптасты және қоғамдағы әлеуметтік дауларды заң негізінде әділ шешуді қамтамасыз етудің, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың сенімді кепіліне айналды. Сондықтан сот жүйесінде іске асырылған реформалардың мақсаттарын жүзеге асыру барысындағы елімізде өткізілген судьялардың алты съезінің әрқайсысының да алар орны ерекше. Әрбір съезд сот жүйесіндегі маңызды оқиға ғана емес, белгілі бір кезеңдегі атқарылған жұмыстарды қорытындылайтын және алдағы уақыттағы даму жоспарларына бағыт-бағдар беретін судьялар қауымдастығының негізгі форумы болып табылады. – Осы орайда, Тілектес Ешейұлы, сонау 1996 жылы өткен Судьялар одағының алғашқы съезінен бастап, кейінгілеріне де қысқа шолу жасап өтсеңіз. – Иә, Алматы қаласында 1996 жылдың 19 желтоқсанында өткен судьялардың  тұңғыш съезінің мәні оның біріншілігінде ғана емес. Осы форумда Судьялар одағы қоғамдық бірлестік ретінде құрылды. Судья Әдебінің кодексі және Одақтың филиалдары жөнінде Ереже қабылданды. Одақтың Жарғысы оның мақсаты мен міндеттерін айқындап берді. Тәуелсіз сот төрелігінсіз қоғамда заңға бағынушылық пен әлеуметтік тұрақтылықты орнату үшін сот жүйесін реформалау қажеттілігі атап өтілді. Съезге қатысқан Елбасы Н.Назарбаев әрбір судьяның Президент Жарлығымен тағайындалуы соттың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін бірден-бір шара екенін, сондай-ақ «Соттар мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Осылайша І съезде көзделген шараларды іске асыру барысында сот қауымдастығының, судьялардың мәртебесін көтеру үшін Ата Заңымызда сот билігі мемлекеттік биліктің бір саласы ретінде бекітілді. Судьялар тұрақты тағайындалатын болды. Сот приставтары институты пайда болды. Сот шешімдерін орындаудың жаңа жүйесі енгізілді. Судьялардың біліктілігін жетілдіру орталығы құрылды. Ал 1999 жылдың 25 қаңтарында өткен ІІ съезде делегат-судьялар Қазақстан Судьялар одағының «Халықаралық Орталық Азия судьялар ассоциациясы» мен «Халықаралық заңгерлер одағына» кіруге бірауыздан дауыс берді. Алғаш рет Президенттің тапсырмасы бойынша судьялық лауазымға тағайындау процесінің ашықтығы, судьялыққа кандидаттардың БАҚ құралдарында тізімі жариялануы туралы, судьялардың кәсіби біліктілігін арттыру жөнінде мәселелер көтерілді. Осылайша сот жүйесін реформалаудың екінші кезеңі басталды. 2000 жылдың 25 желтоқ­санында «Қазақстан Рес­публикасы соттарының және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануын ІІ съезде белгіленген сот реформасының қорытындысы деп атауға болады. Сол сияқты сот реформасын әрі қарай жалғастыру жолында жаңа екпін берген судьялардың 2001 жылдың 6 маусымында өткізілген ІІІ съезі отандық сот жүйесінің дамуында атап айтарлықтай орын алды. Бірінші рет судьялар съезі Астана қаласында өтті. Осы форумда сөз сөйлеген Елбасымыз: «Сот-құқықтық жүйесінің ең басты нәтижесі – адамдар, өз құқықтарын қорғау үшін олар түптің түбінде сіздерге жүгінеді, мұндай жәйт өркениетті қоғамдарға ғана тән. Осындай сот жүйесінің болуы біздің қоғамымызда жүріп жатқан саяси және экономикалық өзгерістер тұрақтылығының ең озық кепілі болып табылады», – деп атап көрсетті. Жоғары мінбеден берілген сот жүйесіне деген осындай баға тек мақтанып қана қоймай, алдағы уақытта да бұл сенімді ақтау үшін соттардың алдына ұшан-теңіз міндеттер қойды. – Жалпы осы айтулы съезден кейін қылмыстық саясатты ізгілендіру аясында Мемлекет басшысының Жарлығымен өлім жазасына мораторий жарияланды емес пе? – Дұрыс айтасыз, осы съезден кейін қылмыстық жазаны ізгілендіру үшін 2003 жылдың желтоқсанында Президенттің Жарлығымен өлім жазасын толық жою мәселесі шешілгенше елімізде өлім жазасына мораторий жарияланды. Соттарды мамандандыру қолға алынды. Барлық облыстарда мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылды. 2004 жылы ірі елді мекендерде мамандандырылған әкімшілік соттар құрыла бастады. Бүгінгі таңда аталған соттардың жұмыс нәтижесінен мамандандырылған соттарды құру шешімінің дұрыс және тиімділігін көріп отырмыз. Мәселен, ІІІ съезден кейінгі кезеңде қа­был­данған «Аралық соттар туралы», «Халық­аралық коммерциялық арбитраж туралы», Жоғарғы соттың «Аралық соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындату жөніндегі заңдардың кейбір нормаларын соттардың қолдануы туралы» нормативтік қаулылары елімізде дауларды баламалы тәсілдермен шешуді дамыту тарихында жаңа беттер ашты. Елбасы 2005 жылдың 5 маусымында ІV съезде сөйлеген сөзінде сот жүйесінде болып жатқан жетістіктерге баға беріп, сот төрелігін атқарудың сапасын жақсартуға, сот өндірісін оңтайландыруға, бақылау сатыларын азайту арқылы сот өндірісін қысқартуға, судьялыққа кандидаттарға талапты күшейтіп, судьялардың кәсіби біліктілігін арттыру бойынша жаңа міндеттер жүктеді. Съезден кейін атап өтілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында судьялыққа кандидаттардың конкурс арқылы іріктелуі, олардың міндетті түрде тағылымдамадан өтуі туралы жаңа заң нормалары енгізілді. 2005 жылы Сот төрелігі институты Пре­зидент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының сот төрелігі академиясы бо­лып құрылды. Сот өндірісін қысқарту ба­ғытында Жоғарғы соттың құзырынан қылмыстық істерді бірінші сатыда қарау алынып тасталды. Облыстық соттың құзырынан бірінші сатыдағы сот тәртібімен қаралатын істер аудандық соттардың құзырына ауыс­тырылды. Бұл процестер дауларды қарау мерзімін қысқартуға, азаматтардың құқығын тез арада қалпына келтіруде бірден-бір тиімді жол болып саналады. 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарау алқа билердің қатысуымен өткізілетін болды. Іс бойынша қоғам өкілдерінің қатысуымен шешім шығару халықтың сотқа деген сенімін арттыратыны, ізгілендіретіні сөзсіз. 2008 жылдың тамыз айынан бастап күдіктіні қамауға алуды санкциялау прокурордың құзырынан соттың құзырына көшіріліп, қоғамда соттың рөлі арта түсті және құқық нормалары халықаралық стандартқа жақындатылды. – Әлі есімізде, сонау 2009 жылы Судья­лар одағының бесінші съезі шетелдік қонақтардың көптеп қатысуымен өткені белгілі. Сондағы ерекшеліктерге тоқтала кетсеңіз. – Иә, судьялардың 2009 жылы 18 қара­шада өткен V съезі көптеген шетелдік сот өкілдерінің қатысуымен ерекшеленгені рас. Сол кезде «Соттар қызметінің тиімділігі, олардың шығаратын шешімдерінің әділет­тілігі мен жедел және толық орындалуы – кез келген мемлекеттің демократиялық дамуы­ның негізгі көрсеткіші. Соттардың шешімдеріне қарап, қоғамның мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады, заң­ның үстемдігін қамтамасыз ету және аза­маттардың мүддесін қорғау қабілеті бағаланады», – деп Елбасы съезде сөйлеген сөзінде соттың қоғамдағы және мемлекеттегі рөлін ашып көрсетті. Сондай-ақ, осы съезде Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәми: «Елімізде халықаралық стандартқа және қазіргі қоғам талаптарына сәйкес келетін сот төрелігі қалыптасты», деп атап өтті. Бұл жиынның қойған міндеттерінің негізінде дауларды балама тәсілдермен шешудің тиімділігін арттыру мақсатында «Медиация туралы» заң қабылданып, әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесімен азаматтар арасындағы даулар сотқа дейінгі үдерісте шешіле бастады. Соттарды мамандандыру бағытындағы жұмыстың жалғасы ретінде 2012 жылы республикада кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөнінде мамандандырылған 12 сот құрылды. Судьялардың кәсіби біліктілігін жоғарылатуға бағытталған іс-шаралар әрі қарай жалғасын тапты, кандидаттың біліктілік емтиханын тапсыру, соттардан тағылымдамадан өту, Жоғары сот Ке­ңесінде қарау мәселелері қайта құрылды. Судьялыққа кандидаттардың тізімі баспасөз құралдарында, Жоғарғы соттың сайтында жарияланып, бүкіл қоғамның қарауына ұсынылатын болды. 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанның Судьялар одағы Халықаралық судьялар ассоциациясына толыққанды мүше болды. – Өзіңіз баяндап шыққан съездердің ішінде соңғы алтыншы съездің тарихта алар орны ерекше секілді. Мұнда Елбасы билердің алдына бірқатар маңызы зор міндеттерді қойды дейміз. – Расында, 2013 жылдың 20 қарашасында Астана қаласында өткен VІ съезде Президент сот қауымдастығының алды­на 5 міндет қойды: заң нормаларын жүйелі түрде жетілдіру үшін Үкіметке Жоғарғы сотпен бірге Азаматтық процестік кодекстің жаңа жобасын жасау тапсырылды; соттардың құрылымын жетілдіру; даулар мен келіспеушіліктерді шешудің баламалы жолдарын енгізу; азаматтардың кең көлемде сотқа қолжетімділігін қамтамасыз ету; судьялар корпусының кәсібилігін арттыру. Сот құрылымы 5 сатылы соттан 3 буынды сот жүйесіне ауыстырылды, сөйтіп сот өндірісі халықаралық стандартқа көшіп, соттың шешімдері күшіне тез арада еніп, сот үдерісін жасанды созбалаңға салудан босатты. Сот сатыларының азаюы бірінші және екінші сатыдағы соттың беделін арттырды. Азаматтық істер бойынша прокурордың қатысуымен болатын істер азайтылды. Жоғарғы сотта ірі инвесторлардың қатысуымен болатын дау­ларды, Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне шағым бойынша және әкімшілік істерді қарайтын мамандандырылған сот алқасы құрылды. 2016 жылдың 15 қаңтарында алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді енгізу мақсатында Жоғарғы соттың жанынан Халықаралық кеңес құрылды, оның жұмысына кеңесші ретінде беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын болды. Соттардың Халықаралық кеңестегі ғалымдар мен мамандардан инвес­тициялық даулар бойынша қорытынды сұрау құқығы заң жүзінде бекітілді. Қазіргі уақытта алғашқы сараптама қорытындылары берілді. Азаматтардың құқығын қорғаудың бірден-бір тетігі қылмыстық процеске тергеу судьяларының кіргізілуі болды. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде 2016 жылдан бастап «Жоғары сот Кеңесі туралы» жаңа Заң қолданысқа енгізілді, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді. Бұл заңда кәсіби емес, тәжірибесі жоқ және кездейсоқ адамдардың судьялар қатарына енуін болдырмау мақсатында көзделген шаралар заңды норма болып белгіленді. Заңдағы жаңа шарттарға сай судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар күшейтілуімен қатар, оларды дайындау тәртібі де қатаңдатылды, олардың соттарда тағылымдамадан өту тәртібі де өзгертілді. Қазіргі таңда негізгі халықаралық рейтинг көрсеткіштеріне сәйкес Қазақстанның сот жүйесі «Сот тәуелсіздігі» индексі бойынша 14 орынға көтерілген. Міне, осы айтылғандардың бәрі – Жоғарғы сот басшылығының сот құрылымы мен сот өндірісін жаңғырту бағытында жүргізген жоспарлы жұмысының нәтижесі. Осылайша елімізде өткізілген Қазақстан тарихындағы алты съездің алға қойған міндеттері мен мақсаттарын орындау барысында әділ де мықты сот билігі құрылды. Қоғамымызда тұрақтылық, сенімділік, қауіпсіздік сезімдерін тудыратын заңдар жұмыс істейді, адам өз мүддесін қорғай алады. Бұл дегеніміз – мемлекетке деген сенім, яғни, отандық соттардың қабілеттілігі. Осындай жетістіктермен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі мен еліміз судьяларының VІІ съезін қарсы алайын деп отырмыз. – Әңгімеңізге рақмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»