30 Қыркүйек, 2016

«Дипломмен ауылға» 46 мыңнан астам маман тартылды

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
diplommen «Дипломмен ауылға» жобасы іске қосылғаннан бері ауылдық жерлерге жалпы сомасы 9,3 млрд теңге көтерме жәрдемақы алған 46 631 маман тартылса, оның 19 263-іне тұрғын үй сатып алу үшін 43,6 млрд теңге бюджеттік несие берілген. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрлігінің экономиканың инфрақұрылымдарын дамыту департаментінің директоры Ұлан Жазылбек мәлімдеді. Департамент директорының деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылы жоба шеңберінде республика бойынша 5 850 маманды ауылға тарту үшін көтерме жәрдемақы ұсынуға 2,1 млрд теңге және 2 725 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 8,6 млрд теңге бюджеттік несие ұсыну қарастырылған. 2017 жылы 3 232 маманға тұрғын үй сатып алуға 11,0 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2009 жылы басталған болатын. Ол жас мамандарды жұмыспен қамти отырып, әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуді көздейді. Мамандар аталған жобаны іске асыру бүгінде бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. Әсіресе өткен жылдармен салыстырғанда ауылдық жерлерге кадрлар келуінің артқандығы байқалуда. Жалпы «дипломмен ауылға» келуші мамандар саны әр салада әртүрлі. Мәселен, білім беру саласына – 33 400, денсаулық сақтауға – 9 813, мәдениетке – 1 289, спортқа – 616, әлеуметтік қамсыздандыруға 403 және агроөнеркәсіп кешеніне 1 110 адам тартылған. Департамент директоры атап өткендей, жобаның тиімді шарттарына қарамастан, оны жүзеге асыру барысында проблемалық мәселелер де жоқ емес. Кейбір мамандардың үш жылдан кем емес уақыт жұмыс істеу міндеттемесін орындамау жағдайлары кездеседі. Бұл ретте маман өзіне ұсынылған әлеуметтік қолдау шараларын толық көлемде қайтаруға міндетті. Динара БІТІКОВА