30 Қыркүйек, 2016

Қазақстанда балалар интернеті пайда болуы мүмкін

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
rebenok_v_dome  Жыл басынан бері Қазақстанда 20 мыңнан астам әртүрлі тақырыптағы бейәдеп интернет-материалдар бұғатталды. Бұл деректі Ақпарат және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов жария етті, деп хабарлайды еgemen.kz тілшісі. «16 жасқа толмаған тұлғалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу» тақырыбында өткен отырысқа мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділері қатысты. Жанат Қожахметов министрліктің мемлекеттік мекеме ретінде интернет пен әлеуметтік желілерді мұқият бақылап отыратынын, мазмұны бала психологиясына зиян сайттармен қатар, зиянды мәліметтердің де бұғатталатынын айтты. «Біз құзырлы органдармен бірлесе отырып пайдасынан зияны көп сайттардың жұмысын тоқтатамыз. Одан бөлек, жеткіншектер көп қызығатын әлеуметтік желілердің өзін де қатаң қадағалап, сараптап отырамыз. Биылдың өзінде 20 мыңнан астам материалды бұғаттадық. Себебі, олардың басым бөлігі балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін, теріс ағымдарға шақыратын, бұзақылық әрекеттер арқылы қатігездікке баулитын және  порнографиялық мазмұндағы материалдар», деді ол. Жиында балаларды интернеттің қауіп-қатерінен қорғау үшін техникалық мүмкіндіктер арқылы шектеу қою туралы да түрлі ұсыныстар айтылды. Солардың бірі – «балалар интернетін» қосу мүмкіндігі. «Бәлкім, байланыс операторларымен бірлесе отырып жеткіншектерге арналған «балалар интернеті» қызметін іске қосу керек шығар. Бұл кейбір елдердің тәжірибесінде бар нәрсе. Белгілі бір деңгейде  интернеттің тарифін енгізіп, өзгесіне шектеу қойылуы керек. Оның ерекшелігі, балаларға арналған интернетте зиянды контентті бұғаттау міндеттелетін болады», деді Қожахметов. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»