30 Қыркүйек, 2016

Кәдімгі түбіртектерді ойнатып автокөлік ұтып алуға болады

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
 Енді Қазақстанның кез келген азаматы кәдімгі тауар сатып алған кезде берілетін түбіртектермен лотереяға қатысып, бағалы жүлделер ұтып алуына болады. Қазанның 1-інен «Түбіртекті талап етіп жүлде ұтып ал» атты акция басталады. Оның мақсаты азаматтардың товар, жұмыс және қызмет тұтынушысы ретіндегі өз мүдделерін қорғау бойынша құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Мұратбай Жұманбайдың айтуынша мұндай акция өткен жылы аймақтарда өткізілген. Оның аясында 200-ден аса жүлде, оның ішінде бас жүлде – Chevrolet маркасының автокөлігі ұтысқа салынып, өз иелерін тапқан. Азаматтар акцияға қатысуы үшін сатып алған тауар, қызмет немесе жұмыс бойынша фискалды түбіртектерді мемлекеттік кіріс органдарына беруі керек еді. Республика бойынша акцияға 2 млн. аса адам қатысып, 10 млн. аса түбіртек жіберді. Акцияны өткізу нәтижесінде заңнан тыс жұмыс істеп келген 9 мыңнан аса жеке кәсіпкер салықтық тіркеуге қойылды, 8 мыңнан астам бақылау кассалық аппараттар тіркелген. «Қазақстандықтар өздерінің белсенді әрекеті арқылы көлеңкелі экономика көлемінің азаюына және кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестіктің дамуына өз үлестерін қосады» дейді Мұрат Жұманбай Бір жерде түбіртектер WhatsApp қосымшасы арқылы қабылданса, енді бір жерде қағаз лотерея билеттеріне ауыстырылып, жеңімпаздар лотереялық барабан арқылы анықталды. «Биыл акция «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржылық қолдауымен электрондық форматта көлеңкелі экономикаға қарсы «Wipon» мобильді қосымшасы арқылы өткізіледі», - деп еске салды М.Жұманбай. Бұл мобильді қосымша таза қазақстандық өнім. Оны ақысыз көшіріп алып, смартфондардың барлық түрлері мен басқа да гаджеттерде пайдалануға болады. Акцияға сатып алынған тауар, жұмыс немесе қызмет үшін берілген фискалды түбіртек фотосын жіберген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Егер фискалды түбіртек берілмеген жағдайда, азаматтар бұл бұзушылықтарды көрсетіп шағым жібере алады. Ұтыс жеңімпаздары түбіртекті кездейсоқ таңдау әдісімен анықталатын болады. Жіберген чек көп болған сайын жүлдені ұтып алу мүмкіндігі де өсе түседі. Акция 2016 жылғы 1 қазан мен 15 желтоқсан аралығында өткізіледі. Осы кезеңде барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында ай сайын жүлделер табысталады. Финал жылдың аяғында Мемлекеттік кірістер комитетінде болады. Онда бағалы жүлделер, оның ішінде бас жүлде – автокөлік ұтысқа салынады. Ескерте кететін жайт, қайталанып жіберілген чектер ұтысқа қатыспайды! «Жеңімпаздар ашық түрде объективті анықталуы үшін облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің жанында құрамына кәсіпкерлер қауымдастығы, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіретін комиссиялар құрылады» деді Мұрат Жұманбай. Әйгерім ТОҚСАНБЕК