30 Қыркүйек, 2016

Кеден кодексін жетілдірмесек, кіріссіз қаламыз

276 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
keden-kodeksiДепутаттардың аймақтарды аралау бағдар­ламасы шеңберінде мен Алматы, Маң­ғыс­тау және Оңтүстік Қазақстан облыс­тары­­ның мемлекеттік органдар өкілдері және кәсіпкерлерімен кездестім. Талқы­ланған мәсе­лелердің қатарында сыртқы эконо­ми­калық байланыстар мәселелері де болды. Осы кездесулер барысында кәсіпкерлер тарапынан кедендік әкімшілендіру заңнамаларының жетілдірілмегендігінен, осы салада «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол беріліп жатқан­дығы туралы шағымдар айтылды. Кедендік әкімшілендірудің жеткілікті дәрежеде жетілдірілмегендігінің бір көрінісі – Дүниежүзілік банктің «Doing-бизнес» рейтингінде Қазақстанның «Халықаралық сауда» өлшемдерінің көрсеткіштері бо­йынша барлық 189 орынның 122-ші орнында қалып отырғанынан да байқалып тұр. Кәсіпкерлердің пікіріне қарағанда, барлық гәп импортталған тауарлардың «Тәуекелді басқару жүйесі» (ТБЖ) әдістемесіндегі кемістіктерге байланысты кедендік құнды анықтауда болып отыр. Барлық әлемде ТБЖ кедендік заңнаманың бұзылғандығын анықтауға, болжауға және болдырмауға қызмет етсе, бізде бұл жүйе фискалды сипат атқарып, бюджет түсімін арттыруды ғана көздейді. Яғни, баж түсімдерін арттырумен ғана айналысады. Соның кесірінен кәсіпкерлер кеденсіздендірудің арзан, жеңілдетілген жолын іздеп жүрген көрінеді. «Іздегенге – сұраған» болып, оған Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше болғандығы «жақсы болыпты». Енді пысықай кәсіпкерлер Қазақ­стан­ға Қытайдан әкелінетін тауарлар­ды Қырғыз­стан арқылы енгізіп, сонда кеденсіздендіріп алғаннан соң ғана бері тасымалдайды екен. Ал Қазақстан мен Қырғызстан арасында соңғысының ЕАЭО-ға кіргеннен кейін кедендік бақылау алынып тасталғаны белгілі. Сөйтіп, кедендік баж және қосымша құн салығы (ҚҚС) түрінде Қазақстан бюджетіне түсуге тиісті сомалар Қырғызстан бюджетін толтырып жатқан көрінеді. Мысал үшін айтар болсақ, 2016 жылдың 6 айында Алматы облысының сыртқы тауар айналымынан түскен кірісі алдындағы жылдың сәйкес мерзі­мімен салыстырғанда 20 есе азайған. Нақ­ты­лайтын болсақ, 2016 жылдың алты айын­дағы кіріс 51 млн АҚШ доллары болса, 2015 жылдың сәйкес мерзімінде ол 908,9 млн АҚШ долларына тең болған. Қанша жерден экономикалық дағдарыс десек те мұншалықты (20 есе) құлдырау адамдық фактордың араласуымен болмаса, табиғи жолмен мүмкін емес. Дәл осы мерзімде ҚҚС көлемі де 9 есе азайған. Осының бәрі – бір-ақ облыста болып жатқан келеңсіздік. Республика бойынша алсақ, бұл соманың еселеп артары сөзсіз. Соның бәрі біздегі ТБЖ-ның жетілдіріл­меген­­дігінің кесірінен болып отыр. Кәсіп­кер­лер оны қолдану әдісі арқылы түрлі үстемеақы­лар­дың көбейіп кеткенінен қашып, осындай қитұрқы шараларға баруға мәжбүр. Есеп ко­ми­тетінің деректеріне қарағанда, 2015 жылы кәсіп­кер­лердің декларациядағы көр­сетуі­не сен­бей 36 мың рет тексеріс жүргі­зіліп­ті. Содан кедендік заңнаманың тек 103 рет қана бұзыл­ған­дығы анықталған. Ал Аты­рау, Ал­маты, Қос­танай, Ақтөбе облысы кеден­дерін­де бір­де-бір рет кеден заңнамасының бұзыл­ған­­дығы та­былмаған. Сонымен қатар, ТБЖ қол­­дану арқылы 1455 сараптама жасалып, соның нә­ти­жесін­де заңнаманың 13 рет қана бұзыл­ғандығы анықталған. Соның ішінде құны 6 доллардан 200 долларға дейін ғана тұра­тын тауарлар партиясына да арнаулы сараптама жасалған. Осының өзі бұл әдістің тиімсіз қолданылатындығының бір көрінісі. «Зеңбірекпен торғай ату» деген нақ осындайда айтылатын шығар. Тағы бір айта кететін жайт, кеден органдары енгізген осы ТБЖ әдісі Қазақстан­ның «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заңының талаптарын да бұзатындығы көзге ұрып тұр. Осы мәселелерді ескеріп, Кеден кодексіне өзгерістер енгізуді өтініп, мен Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдадым. Аманжан ЖАМАЛОВ, Мәжіліс депутаты