23 Қыркүйек, 2016

Елбасы Солтүстік Қазақстанның жетістіктеріне оң баға берді

296 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
22-09-da9_2956Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қызылжар өңірінде егін орағы барысымен танысты. Тұрғындармен кездесулерде ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік, көлік инфрақұрылымы салаларының мәселелері кеңінен сөз болды.

Аз шығын жұмсап,  мол өнім алу маңызды

Президент Петропавл халықаралық әуежай ғимаратын аралап көріп, ұшу-қону жолағы мен жолаушылар терминалын қайта жаңғырту барысымен танысты. Елбасына ұшақты рульмен бағыттау жолағы, перронды, жарық беру мен жолаушылар терминалын қалпына келтіру шаралары, сонымен қатар, әуежайды одан әрі жетілдіру бағыттары туралы баяндалды. Әуежай нормативтік мүмкіндігі бойынша сағатына 200 жолаушы өткізе алады. Аэровокзал ғимаратының жалпы алаңы – 2400 шаршы метр. Қазір өңірде ел ризығын шашпай-төкпей жинап алу науқанының нағыз қызған шағы. Үкіметтің жан-жақты қолдауы арқасында диқан қауымының күзгі дала жұмыстарына тиянақты әзірліктермен келгені бірден аңғарылады. Ауыл шаруашылығы саласына былтырғыға қарағанда 6 миллиард теңге артық бөлініп, 23,5 миллиард теңгені құраған. 638 жаңа техника сатып алынған. Ораққа тартылған 10 мыңға жуық техниканың үштен бірі заманауи үлгіде жабдықталған. Бұрынғы кездері жанармай тапшылығы сезіліп, қиындықтар туындап жататын. Енді ондай қолбайлау жоқ. Қажетті 72 мың тонна дизель отыны мезгілімен жеткізіліп, жалпы сыйымдылығы 6,5 миллион тонна болатын элеваторлар мен астық қоймалары сақадай-сай етілген. Басты мақсат – 4,2 миллион гектар алқапқа жайқала өскен өнімді жауын-шашынға ұрындырмай, қамбалап алу. Қазіргі қарқынға қарағанда, уәде орындалатын сыңайлы. Тек күн ашық болып, сәтін салғай дейсің. Дәнді дақылдардың гектар берекелілігі 17,2 центнерден айналуда. Бұл – моншақтап төгілген маңдай терден гөрі ауа райына көбірек тәуелді теріскей үшін жақсы көрсеткіш. Елбасы аралаған танаптардан Қызылжар ауданы «Шағала-Агро» ЖШС жоғары түсім алуда екен. Серіктестік басшысы Жомарт Омаров өндіріске пайдаланылатын жер телімдерінің 35 мың гектарды құрайтынын, оның 9 мың гектарына дәнді, 13,6 мың гектарына майлы дақылдар егілгенін, астықтың 85 пайызы бастырылғанын жеткізді. Гектар берекелілігі 35 және 17 центнерді құрайды. Науқанға 60 адам тартылған. Үш жылдың ішінде астық өндірісін дамытуға 4,2 миллиард теңге инвестиция құйылған. Мұндай озат шаруашылықтар Қызылжар ауданында көптеп саналады. Аудан аумағында 224 шаруа және фермерлік қожалықтар, 1924 орта және шағын кәсіпкерлік нысандары, 1041 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Танап басында жергілікті жерде құрастырылатын ауыл шаруашылығы техникасы үлгілері таныстырылғаннан кейін, Президентке облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапа­ров агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсеткіштері мен оны дамыту жолында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 35,9 миллиард теңгеге жетіп, 108 миллиард теңгенің өнімдері өндіріліпті. Нұрсұлтан Назарбаев механизаторлармен және аграрлық компания өкілдерімен әңгімелесу барысында астық өндірісін әртараптандырудың, аз шығын жұмсап, мол өнім алудың бәсекелестік қарымын арттырудың маңызын атап өтті. Тәуелсіздік жылдары мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешен саласына зор көмек беріліп, негізгі мәселелер шешімін тапты. Ендігі басты мәселе, еңбек өнімділігін және шығарылатын өнім сапасын арттыру болып табылады. Сіздердің шаруашылықтарыңыз облыстың тек қана бидай өндіретін аймақ емес екенін талай дәлелдеп жүр. Қызылжардың құнарлы топы­рағында майлы дақылдар да жақсы өседі, деді Президент. Ет, сүт өнім­дерін қалдықсыз қайта өңдеу ісін ауылдарда жалғастыру керек. Сонда тауар бағасы өседі, сапасы да жақсарады. Жаңа жұмыс орындары да ашылады. Қазір Қазақстанның өнімдері мен тауарларын сыртқы нарыққа шығарудың орасан мүмкіндіктері бар. Елбасына шаруалар жан-жақты қолдауы және ауыл шаруашылығы саласындағы тиімді мемлекеттік саясаты үшін алғыстарын біл­дір­ді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев жинал­ғандарға жемісті жұмыс, табыс пен бақ-береке тіледі.

Мүмкіндігі мол қорғаныс өнеркәсібі

Президент келесі кезекте әске­ри өнеркәсіп көрмесінде болып, жергілікті кәсіпорындар шыға­ратын әскери техникалар үлгіле­рімен танысты. Көрмені аралап шық­қан Н.Назарбаев отандық қор­ғаныс өнеркәсібінің өндірістік мүмкіндігі мен инновациялық әлеуетіне оң баға берді. «С. Киров атын­дағы зауыт», «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «ЗИКСТО» АҚ әскери-өндіріс зауыт­тарының инженерлерімен, конструк­торларымен әңгімелесті. Әскери техника құрастырумен қатар, элек­трлік белгі беру жабдық­тарын, азаматтық және арнайы мақ­саттағы радиостансаларды, мұнай-газ секторы мен энергетика кешені үшін өнеркәсіп құрылғыларын, ва­гон­дар мен көлік саласына арнап бас­қа да өнім түрлерін шығару осы зауыттардың негізгі қызметі сана­лады. Бұдан кейін Елбасы Спорт сарайына барып, солтүстікқазақстандық спортшылармен кездесті. Мұз аре­насында «Құлагер» хоккей клу­бының президенті Болат Қа­ра­балин Мемлекет басшысына ко­манданың жей­десін тарту етті. Был­тыр пай­да­лануға берілген әмбе­бап ғи­марат 14853 шаршы метр ау­мақты алып жатыр. Оның жобасы бой­ын­ша негізгі үш блок – жеңіл ат­лети­ка­лық манеж, 1 мың жанкүйер тама­ша­­­лай алатын жабық мұз айдыны, ве­­ло­­шабандоздар мектебі орна­ласқан. Соған сәйкес шайбалы хоккей, коньки, шорттрек, шағын футбол, волейбол, күш жекпе-жегі, таэк­вондо, дзюдо, бокс сияқты спорт түрлерімен әркім еркін айналы­са алады. Велошабандоздарға лайық­талған екі трек алаңы, тренажер бөлмесі, көркем гимнастика, ак­робатика залдары жұмыс істеп, күніне 1200 адамды қабылдай алады. Оларға 73 жаттықтырушы қыз­мет көрсетеді. Ересектермен қатар, балалардың да шынығуына жан-жақты мүмкіндіктер тудырылған. Бертінге дейін ұмыт қалған хоккей дәстүрі қайта жанданып, был­­­тыр құрылған «Құлагер» коман­­дасы Қазақстан чемпиона­тын­да қола жүлдені иеленді. Сол­­түс­тікқазақстандық спортшы­лар 16 әлемдік, 15 азиялық, 48 ха­лық­­аралық, 154 елішілік додаларға қаты­сып, жалпы жиынтығы 530 медаль жеңіп алған. Бүгінгі күні тұр­ғындардың 28 пайызы саламатты өмір салтын серік еткен. Осында Мемлекет басшысының қатысуымен облыс жұртшылығы өкілдерінің алқалы жиыны өтті. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов жергілікті жердегі зауыттар құрас­тыратын техникалардың бәсе­келестік артықшылықтары мен ма­­шина жасау кәсіпорнының бола­шағы жайлы әңгімеледі. 5 инсти­туттық реформаның «100 нақты қа­дам» – Ұлт жоспарын жүзеге асы­­ру шеңберінде экономикалық өсім сақталып, тұрғындардың әл-ау­қа­­ты жақсара түскен. Өңдеу өнер­кә­сібінің 19,7 пайызына ие ма­ши­на жасау кәсіпорындары 15 733 мил­лион теңгенің өнімдерін өндірген.

Өнім сапасы – әрқашан басты көрсеткіш

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 93 миллиард теңге болған. «Өңірлерді 2020 жылға дей­ін дамыту» бағдарламасы шең­берінде сумен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға 2,5 миллиард теңге бөлінген. 7964 жаңа жұмыс орындары ашылып, 15 961 адам жұмысқа орналасқан. 2622 адам қо­ғам­дық жұмыстарға тартылған. Эко­­но­микалық белсенді тұрғын­дар­­дың 0,5 пайы­зын жұмыссыздар құ­рай­ды. 4 жыл­ға арналып жасал­ған 62 ин­но­вациялық жобаларға қа­рас­тырылған қаржы – 191 миллиард теңге. Басқосуда аграрлық өңірдің қол жеткен жетістіктеріне тоқталған Елбасы ішкі резервтерді барынша пайдалануға, заманауи үлгідегі озық технологияларды өндіріске енгізу арқылы еңбек өнімділігін арт­тыруға, өнім сапасы әрқашан басты көрсеткіш болып қала бере­тініне назар аударды. Атқарылған жұмыстар аз емес. Менің тапсырмам бойынша қолға алынған «Серпін-2050» бағдар­ламасы шеңберінде оңтүстік өңірлерден 1 мыңға жуық жас­тар­дың осында білім қуып келгендері, 118 отбасының қоныстануы құптар­лық. Ол жақтарда жер де, жұмыс та тапшы. Теріскейдің шұрай­лы табиғаты, құнарлы топырағы мал да, астық та өсіруге өте қолай­лы. Биыл 700 шақырым жолды қал­пына келтірген екенсіздер. Жол – экономиканың, тіршіліктің күрета­мыры. Жолсыз бүгінгі өмірді елес­тету қиын, деді Президент. Елбасы одан әрі алда тұрған мін­деттерді таратып айтты. Астық өндірісін әртараптандыру ісін жал­ғас­тыру, қалдықсыз өнді­рілетін өнімдерді экспортқа бағыт­тау, өнді­рістік кооперация ұйым­дарын жан­дандыру, суармалы жер­лердің құ­нарлылығын жоймау, кредит­теудің, субсидиялаудың қайтарым­дылығын қамтамасыз ету, шағын және орта бизнеске серпін беру, Индустрияландыру, «Нұрлы жол» жол карталары аясында күрделі жобаларды жүзеге асыру, шекаралас аймақтар арасындағы сауда-саттық жүйелерін ырғақты дамыту – мұның бәрі келелі мәселелер саналады. Тәуелсіздігіміздің алда келе жатқан 25 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алу – бәріміз үшін мерей, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөзінің қорытындысында Мем­лекет басшысы облыс тұрғын­дарына істерінде сәттілік тіледі. Солтүстік Қазақстан облысы Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды