23 Қыркүйек, 2016

Әсемқұлов әлемі

475 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
talasbekАстанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, аудармашы, күйші, кинодраматург Таласбек Әсемқұлов шығармалар жинағының алғашқы бестомдығының таныстырылымы өтті. «Қазақстан» ұлттық арнасы қорын­да автор туралы бейнебаян сақ­талыпты. Шараға қатысушылар әуелі қаламгердің таспадағы үнімен қауышып, Әсемқұловтың әсем әлеміне сапар шекті. Сирек таланттарды ерте жоғалтып алатынымыз қандай өкінішті. Өмірдің ақ дәптерінің беті толмай қалғандай көңіл көлі тар­ты­лып, ағалары ағыл-тегіл ой ағыт­ты, бірге өткізген күндерін қимай еске алды. Себебі, оның жан-дүние­сінен біздерге теңіздің бір тамшысын­дай ғана бөлігі мәлім екен. Ал шын­туай­тына келгенде, Таласбек тар­лан­боз­дың тартпасындағы небір әдеби жауһарлар жәмиғатқа әлі толық жетіп үлгермеген сияқты. Орта­ға шығып сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков осығ­ан алаңдаушылық білдіре келіп: «Адам өмірінде кейде ерекше бір құбылыстармен кездеседі. Менің тағдырымда орны ерекше саналатын сондай екі тұлға бар. Біреуі – марқұм Ақселеу Сейдімбеков те, ал екіншісі – осы Таласбек Әсемқұлов бола­тын. Ол маған бір нәрсе айт­қысы келетін, бірақ оның осылай дүние­ден ерте озарын кім білген?! Бас қосқанда шер тарқасамыз, шіркін, өз орындауындағы керемет күйлерді сүйсіне бір тыңдаймыз деп жүргенде ажал оны арамыздан ерте алып кет­ті», – деп қаламгердің мұнан кейін­гі уақытта мәңгілік байтақ өмірі басталғанын айтты. Талмай, қалмай зерттеймін деген зейінді жастарға оның шығармашылығынан шұрайлы шыңдар мен шұғылалы сырлар табы­латынын жеткізді. Өмірінің соңында ол кино өнеріне көп еңбек сіңірді. Қазақстанның халық әртісі Досқан Жол­жақсынов екеуінің шығар­ма­шы­­лық одағының арқасында қазақ ұлт­тық кино өнері тарихына екі сүбелі үлес – «Біржан сал» мен «Құнанбай қажы» фильмдері қо­сыл­д­ы. Шараға қатысушылар екі талант­тың алдағы бірлескен жобалары мұнан да көп екенін тілге тиек етті. Т.Әсемқұлов әлемі оқырманға республикалық баспасөздегі «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу» сияқты әңгімелері, «Шымдан» повесі және музыканттардың өміріне арналған «Талтүс» романы, Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан жарық көрген «Байжігіт күйлері» жеке дискісі, «Мәңгілік сарын» антологиясына енген – 20, «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» антологиясындағы 40-тан астам күйі, 2010 жылы Парижде шыққан «Тәттімбеттің мұрасы» СД арқылы мәлім болуы мүмкін. Ал енді аудармашылық, жазушылық, күйшілік өнеріне қоса және оның домбыра жа­сау­шы мықты шебер екенін кім біледі. Осы ретте белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай шебер маған өзі жасаған домбыраларын сыйға тартты, деді. Автордың бойындағы алты қасиет­ке тоқталды. Жазушылы­ғы, аудар­машылығы, күйшілігі, орын­д­ау­шылығы, кинодраматургиясы, ісмерлік шеберлігі туралы әңгі­мелей келіп, алдағы уақытта осы сала­лар­ды жеке-жеке зерттеу керек, талас­бектану сабағы енді басталды деп жас ғалымдарға ой салды. Тұр­лы­бек Мәмесейіт сирек талант иесі­нің жаратылысын зерттеудің өзінен кейінгі ұрпаққа рухани мол қазы­на табуға болатынын жеткізді. Жос­пар­ланған онтомдықтың биыл бес томын мемлекеттік тапсырыспен басып шығарып отырған «Қазақ энциклопедиясы» баспасының өкілі жақсы хабар айтты. Алдағы жылы дәл осы мерзімде қалған бес томын қол­дарыңызға тигіземіз, деді. Ал ал­ғашқы бестомдыққа автордың про­залық шығармалары, әдебиет және өнер турасындағы мақалалары, мәде­ниет­­тану саласындағы зерттеу­лері, кинодраматургиядағы еңбектері енген. Таласбек Әсемқұлов шығар­ма­шы­лы­ғынан сусындаған шәкірт­тері ара-тұра ұстаз өнегесін әспеттеп, тұлға рухына арнап күй тартты. Шара­ны белгілі жазушы Дидар Амантай жүргізіп, автордың ашылмаған сирек қырларына тоқталды. Бестомдықтың таныстырылымына жары Зира Наурызбаева қатысып, кітаптың лентасын қию рәсімін қоғам қайрат­кері, ғалымдар М. Кемел, Т. Жұртбай, Т. Мәмесейіт, Ұлттық акаде­миялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева атқарды. Қаршыға КҮЛЕН Суретте: көптомдықтың бес томы