22 Қыркүйек, 2016

Қазақ тілі - менің ана тілім" дейді Оксана Лоскутова

1665 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
1x7a7882Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туып-өскен Оксана Лоскутованың астаналық атанғанына 10 жылдан асыпты. Өмірден ерте кеткен әкесі Па­вел­дің соңында қалған төрт баланы же­тілдіру жолында жанталасқан анасы, қазақ қызы Гүлжамалдың тірлі­гі оны ерте есейтті. Үй ішінде көбі­не орыс­ша сөйлесетін. Оксана да әдет­тегі­дей орыс мектебінде оқыды. 1998 жылы жоғары сыныптарда жүрген кезде Павлодардағы экономикалық ба­ғыттағы мектепке ауысуына тура келе­ді. Оны жақсы бағалармен аяқтайды. Бастапқы кезде әскери салаға ауысып, соның оқуын бітіргісі келген. – Бірақ жалғызілікті болып өмір сүріп жатқан анамды ойладым, – деді Оксана ойлы жүзбен алысқа көзін тігіп. – Әлі жетілмеген бауырларым да бар. Отбасыма көмектесуім керектігін түсіндім. Бірақ қалай? Қолымнан ештеме келмейтінін білсем де, әйтеуір,  жандарына барғым келді. Сөйтіп, мектепті аяқтасымен, Ақтөбеге қарай тарттым. Құжаттарымды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық университетіне тапсырдым. Қазақ тілі мұғалімі мамандығын таңдадым. Оны орыс тобында оқығым келді. Бірақ грант бойынша мен қазақ тобында екенмін. Қазір ойлап қарасам, тағдырдың өзі маған таңдау жасаған сияқты. Сөйтіп, қазақ тобында қазақ тілі мен әдебиетін төрт жыл оқыдым. Жасыратыны жоқ, 3-курсқа дейін әбден қиналдым. Оқудан шығып кеткім келген кездер де болды. Бірақ қазақ ұлы халық қой. Басыңа небір қиындықтар келген кезде ұлтыңа қарамай, бірден бауырмалдық танытады. Оқытушылардың басым бөлігі демеу болды. Босаңсуыма еш жол бермеді. Тіпті, бір күні ұстаздарымның бірі «әуре болма, сен оқи алмайсың!» деп қатал ескерткен. «Оқи алмайсың!» деген сөз маған үстіме мұздай су құйып жібергендей әсер етті. Есеңгіреп тұрып, есімді жидым. Сыртқа шығарып айтпасам да, «Мен оқимын! Қазақ тілін меңгеремін, қазақша сөйлеймін!» деп тістеніп тұрып, өз-өзіме ант бердім. Ал бүгінде олардың барлығына алғысым шексіз. Егер мені еркелетіп, алақандарына салып, «жалғыз орыс қызымыз ғой» деп басымнан сипап қойса, расымен де оқи алар ма едім, әрине, жоқ. Тілді жоғары деңгейде меңгеріп те шыға алмас едім. Және кей пәндерден кітаптар орысша болды. Оларды өзіміз аударып алатынбыз. Шағын мәтіндерді, кітаптарды қазақшалай бастадым. Менің қазақ тілін үйренудегі басты тәсілім осы аударма. Біреулер «тілді үйрену үшін сөз жаттау керек» дейді. Бірақ, менің ойымша, аударма жасаған неғұрлым дұрыс. Қазір, мәселен, ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Сол бір кездегі тәсілімді қолданып, қазақша үйренгендегідей ағылшынша да аудармамен айналысамын. Осылайша, жиырмадан енді ғана асқан Оксана университетті де бітіреді. Университет бітірген қазақ тілінің ма­манын еш жерге ешкім жұмысқа ал­майды. Алғашқы жылдары кафе­лер­де сұраққа, телефонға жауап бере­тін маман, телефон коммутаторы бо­лып та жұмыс істейді. Базарда сау­да-сат­тық­пен де айналысады. Сөйтіп жүргенде, Ақтөбедегі кө­лік колледжіне лаборант болып жұ­мысқа тұрады. Азға қанағат еткен Ок­сана еңбек жолын осылай бас­тай­ды. Біраз күнде мұғалімдердің саға­тын белгілейтін оқу бөлімінің дис­пет­чері болды. Кейін қазақ тілінен сағат­тар да ала бастады. Арман еткен қазақ тілі мұ­ға­лімі қызметіне енді ғана қолы жет­ті. Тұрмысқа шығып, 2003 жылы өмір­ге Жанбек атты ұлы келді. Енесінің жақ­сы­лығы соншалық, жұмысқа қайта ша­қырған кезде, келінін үйде отырғызып қоймай, «жұмысыңды істе, сенің жетер белестерің алда, ал балаға өзім қараймын» деп жұмысқа жіберетін еді. – Қайын жұртым, қайын апаларым өте көп көмектесті. Барлығын өте қатты сыйлаймын, әлі күнге дейін араласып тұрамыз, мен қазақ халқының тілін ғана емес, салт-дәстүрін, дінін де құрметтеген дұрыс деп ойлаймын, – дейді Оксана шынайы ақ көңілімен ойын ортаға салып. Ақтөбеде «Рика-ТВ» деген телеарна бар болатын. Бірде сол арнадан ұсыныс түсіп, олармен тығыз байланыста жұмыс істей бастайды. Осылайша, еңбекқор Оксана Лоску­то­ва күндіз негізгі мұғалімдік жұмысын атқарса, кешке тікелей эфирде қазақ тілінде хабарлар жүргізіп жүрді. Бір күні Ақтөбеде арнайы жұмыс бабымен жүрген «Экспресс-К» газетінің тілшісі оның қазақ тілін жақсы меңгер­генін көріп, тамаша мақала жазады. Ал осы мақаланы оқыған «Астана» теле­арнасының басшылығы оны елордаға жұмысқа шақырады. – Бас кезінде сенген жоқпын, үй­сіз-күйсіз жүріп, Астанаға қалай барамын деп те ойладым, оның үстіне, тума түгілі, бір танысым да жоқ ол қалада, – дейді Оксана жылы жымиып. – Алғашқы кезде телеарнадағылар әрі-бері жолақымды төлеп берді. Тек пойыздың билеті қолыма тиген кезде ғана мұның шындық екеніне көз жеткіздім. Балам кішкентай, анама қалдыруыма тура келді. 2006 жылы келген едім, міне, содан бері он жылдан асты. Келе сала жұмысқа белсене кірістім. Түсірілімдерге шығып, мәтін жазуды үйрендім, жаңалықтардың шығарушы редакторы болып, кешкі хабарларды жүргіздім, бірнеше ав­тор­лық жобаларым болды. «Астана» телеарнасының басшылығы мен қазақ тілшілері әр кезде қолдап жүрді. Кез кел­ген мәтінді бүге-шігесіне дейін түсі­ніп алмай эфирге жібермейтінмін. Кейі­нірек, «Қазақстан» ұлттық арнасына ауыстым. Соңғы және ауыр жоба «Біз біргеміз» бағдарламасы болды. Жо­бада мүгедек және жетім балалар туралы, солардың тағдыры жайлы ай­ты­латын. Аймақтардан бейне-жазба­лар келеді. Оған қарап, өзің мәтін жа­зуың керек. Оны жазып біткенше жы­лап-жылап, әбден таусылып та кеткен кездерім болды. Бала шағымнан дос болған Сандуғаш Дәулетқалиева мединститутқа түскен еді, сол кез­дері менің дәрігер атаулыға деген іл­типат сезімім артты, адамдардың ден­саулығынан артық ештеңе жоқ екен-ау. Бәлкім, «Астана» телеарнасынан кейін «Қазақстан» ұлттық арнасына ауысар кезде бір ай болсын демалып алуым керек пе еді?! Сонымен не керек, 3 ай, 15 күн істеп, ұлттық арнадан шығып кеттім. Оның үстіне ұлым да есейіп қалды. Мен күндіз-түні жұмыстамын. Үйге біреулер телефон шалса, «мама әдеттегідей жұмыста» деп жауап береді екен. Баламның жауабы мені алаңдата бастады, тіпті, таныстарым мен туыс­тарым да «ұлың үнемі жалғыз қалады екен ғой» деп ескерту жасады. Баласының жағдайын ойлаған Ок­сана жұмысын ауыстыруды жөн санайды. Кейінгі өмірім қалай болады, деп ойланып-толғанып жүрген кезде жаңадан құрылғанына бірнеше ай ғана болған «Назарбаев орталығы» жұмысқа шақырады. Ал 2013 жылы Ел­басы кітапханасы жеке бөлініп  шы­ғып, Оксана сонда жұртшылықпен бай­ланыс бөлімінің басшысы болып тағай­ындалады. «Қазақстанда қазақ тілінен барша қауымға көмектескім келеді. Қазақ тілі­нің бай әрі рухани кемелді тіл екен­дігін барлығына түсіндіру, ел бас­қарып, халқымның түрлі мәселелерін шешу­де, осы ана тілімді қолданысқа ден­деп ен­гізу магистр ретінде менің алға қой­ған мақсатым», – дейді Оксана Лоскутова. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА