• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
06 Қараша, 2010

Отырыста көтерілген орынды мәселелер

367 рет
көрсетілді

Сенаттың бейсенбі күні болған жалпы отырысына шығарылған заң жобалары өзекті мәселелерді қам­тыған екен. Сондықтан оларды тал­қылауда сенаторлар біршама бел­сенділік көрсетіп отырды. Мәселен, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы дип­ломатиялық өкіл­діктер мен кон­сулдық мекемелерді орналастыру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ра­тификациялау туралы заң жоба­сын қабылдағанда, сенатор Иран Әмі­ров ерекше белсенділік таныт­ты. Ол Қазақстан аумағындағы Ре­сей Феде­ра­циясының дипломатия­лық өкіл­діктерінің жер аумағы біз­дің алып отырған жерімізге қара­ғанда тым үлкен екендігін және олар жерді жалдау ақысынан мүлде босатыл­ғанын (жылына 1 теңге), ал Қазақстандық дипломатия өкілдік­теріне Ресей астанасынан бері­летін жердің мәселесі әлі күнге толық шешілмегенін, Санкт-Петербург пен Астраханьдағы консулдық ме­ке­мелер үшін жыл сайын айтар­лық­тай көлемде жал­дау ақысын төлейтіндігімізді айт­ты. Сіздің ве­домствоның терезесі тең, тепе-тең­дік жағдайға қол жет­кізе алмау се­бебі неде деген сұрақ қойды сенатор. Заң жобасы туралы баяндаған Сыртқы істер министрлігінің жауап­­ты хатшысы Рәпіл Жошы­баев мұндай жағдайдың бар екенін мой­ындай отырып, Мәскеудегі біздің дипломатиялық өкілдікке жер бөлу мәселесі бұрынғы мэр Ю.Лужков­тың тұсында біршама шешілгені­мен, қазір қайтадан тұйыққа тіреліп тұрғанын көл­де­нең тартты. Біз қазір осы бағытта жұмыстар жүр­гізіп жатырмыз, деді ол. Қосымша баяндама жасаған сенатор Қуаныш Сұлтанов та па­ри­теттік жағдайдың сақталма­ғандығы орын алып отырғанын атап өтті. Өйткені, Тәуелсіздігін жаңа ғана алған Қазақстаннан елшілік ашуды, одан кейін оларды жаңа астанаға көшіруді ынта­ландыру үшін осын­дай жеңіл­діктер жасалған еді. Бірақ, қазір құдайға шүкір, Қазақстанның беде­лі мен ықпалы өсті, оны барлық әлем таныды, сондықтан тепе-теңдік жағдайын жасау үшін бұрынғы жеңілдіктерді қайта қарау керек шығар деген пікір айтты ол. Кейбір заңнамалық актілерге салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы заң жобасы бойынша да көптеген ойлар ортаға салынды. Бірақ ұсыныстар болғанымен, заң жобасы туралы баяндаған Қаржы министрі Болат Жәмішевке бірде-бір сұрақ қойылмады. Соның ішін­де сенатор Жұмабек Төре­гел­динов темекі өнімдеріне акциздің төмен екенін, соның салдарынан темекіге қол жеткізу жеңіл болып, халқы­мыз­дың осы зиянды әдетке құштарлығы азаймай отырғанын атап көрсетті. Ресми статистикаға жүгінетін болсақ, қазақстандық ер-азаматтардың – 40,7, ал әйел­дердің 10 пайыздан артығы темекіні тұрақты түрде тартады екен. Бұл – әлемдік жоғары орын­дардың бірі. Соның салдарынан азаматтарымыз көптеген ауруларға ұшырауда. Те­мекі шегу, әсіресе, жастар арасында қатты өсіп келеді. Сауалдамалар 13 жастан асқан жасөспірімдердің 30 пайызы темекі шегіп көретінін анықтады. Осының бәріне темекіні оңды-солды жарнамалау мен оның бағасының төмендігі қатты әсер етуде, деді сенатор. Жыл сайын те­ме­кіден туатын зиянды қалдық­тар­дың кесірінен өкпе, жүрек ауру­ларына ұшыраған 25 мың қазақ­стан­дық көз жұмады. Денсаулық сақтау органдарының 6-дан 12 пайы­зына дейінгі шығыны да осын­дай науқастарды емдеуге ке­теді. Халықаралық тәжірибе темекі өнімдеріне салынатын салықтың мөлшерін өсіру халықтың денсау­лығын сақтап қана қоймай, бюд­жет­тің түсім бөлігін де едәуір арт­тыратынын көрсетіп отыр. Біздегі темекі өнімдері Кедендік одаққа кіретін Ресеймен және Белорус­сия­мен салыстырғанда да әжептәуір арзан. Сондықтан да, деді сөзін тұ­жы­ра келе сенатор, темекі өнім­дерінің акциздерін көбейтуіміз керек. Қаңтар айында заң жобасын қайта қарастырғанда осы мәселені ескеріп, оң қорытынды шығарылар деген үміттемін, деді ол. Оның орынды сөзін сенатор Өмірбек Байгелди де қолдады. Жақсыбай САМРАТ.