• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

«Шексіз әлем»: Ерекше балаға – айрықша қамқорлық

Түркістан облысында ерекше білім беруді қажет ететін балалардың ішінде мүгедектігі бар бала саны 20 мыңнан асады. Өкінішке қарай, олардың саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда мүгедектігі бар балалар саны бүгінде 612-ге көбейген.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қатысуымен Түркістанда өткен «Шексіз әлем» атты іс-шарада өнерлі әрі қайсар балалар ән шырқап, би билеп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Қонақтар ерекше балалардың қолөнер көрмесін тамашалап, олардың шығармашылық әлеуеті мен өмірге деген құштарлығына тәнті болды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құт­тықтау сөзінде: «Балалардың сапалы білім алып, ем қабылдап, шығар­машылықпен, спортпен айналысуына барлық жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Бүгінде об­лысымызда оңалту, «Қамқорлық» орта­лықтары жұмыс істеп, мыңдаған балаға қызмет көрсетіп жатыр», деп атап өтті.

Дегенмен мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қолдау, оңалту, біліммен қамту бағытында бірқатар жұмыс атқарылып келе жатқанымен, бұл салада әлі де күл­білтелі мәселелер бар­шылық. Айталық, арнайы оңалту орталықтары жетіспейді, инклюзивті білім беруге бейімделген мектептер мен балабақшалар саны аз, логопед, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік біркелкі емес, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін қолдау жеткіліксіз. Бірқатар емханада педиатр-дәрігерлер штатының қысқартылуы да ерекше күтімді қажет ететін балаларға елеулі қиындық тудырып отыр. Көптеген балабақша ауыр диагнозы бар балаларды қабылдамайды. Өңірдегі аудан-қалалардың көпшілігінде мүгедектігі бар балаларға арналған арнайы балабақшалар мүлде жоқ. 2025–2026 оқу жылында ерекше білім беруді қажет ететін 20 805 баланың шамамен 5 мыңы инклюзивті сыныптарда білім алса, 3104 бала жеке үйде оқытумен қамтылған.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков мұндай балалар­мен жұмыс істеу ерекше кәсіби дайындық пен шыдамдылықты талап ететіндіктен, мұғалімдер мен арнайы мамандардың еңбекақысын арттыру мәселесін қарастыру қажет деп санайды.

«Көптеген ата-ана балаларына қа­жет­ті ем-шараларды алу үшін жеке­мен­шік оңалту орталықтарына жүгінуге мәж­бүр. Балаларға күнделікті массаж, лого­пе­диялық көмек, адаптивті, емдік дене­шы­нықтыру мамандарының қызметі қажет. Аймақта мұндай қызмет көрсететін мем­лекеттік мекемелер болғанымен, олар­дың саны өте аз әрі кезек күту мерзімі жыл­дарға созылып кетеді. Бұдан бөлек, мүге­дектігі бар тұрғындарды күтушілерге, яғни күнделікті күтім жасайтын адамдарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қол­дауды күшейту маңызды. Қазіргі кезде мүге­дектігі бар адам ауруханаға жатса не­месе санаторийлік-курорттық ем қабыл­дау кезінде күтушілерге қатысты нақ­ты әлеуметтік кепілдіктер толық қарас­ты­рылмайды. Кей жағдайларда күту­ші бір­ге ем қабылдағанымен, оның жала­қы­сы қысқарып кететін жағдайлар кезде­седі. Бұл мәселе тек Түркістан облысына тән емес, республика көлемінде өзекті әлеу­меттік мәселе болып отыр», дейді депутат.

Жоғарыда айтылған өзекті мәселе­лерге қатысты жауапты мекемелер қандай уәж айтады? Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсету мақсатында өңірде 18 инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істейді. 2025–2026 оқу жылы жалпы орта мектептерде инклюзивті білім алумен 4 890 бала, мектепке дейінгі мекемеде 1 492 бала қамтылған. Облыстағы жалпы білім беретін мектептердің саны – 940. Оның ішінде инклюзивті білім беруге жағдай жасалған мектептердің саны – 874, бұл – жалпы мектептердің 93%-ы. Мектепке дейінгі мекемелер саны – 264. Оның ішінде инклюзивті білім беруге жағдай жасалған мектепке дейінгі мекемелер – 170 (64,4%). Сондай-ақ облыс­та 16 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемелері, 17 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 8 арнайы мектеп-интернат бар. Оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін мектепке дейінгі жастағы балаларды қамтитын 2 арнайы балабақша-мектеп-интернат кешені жұмыс істейді. Қазірде облыс көлеміндегі жалпы білім ұйымдарында 688 арнайы педагог қызмет атқарады.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­­масының мәліметіне сүйенсек, балаларға арналған 5 оңалту орталығы жұмыс істей­ді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауларында әлеу­меттік әділеттілік қағидатын нығайту, халықтың әлжуаз топтарын, соның ішінде мүгедектігі бар жандарды жан-жақты қолдау мем­лекеттің басты міндеттерінің бірі екенін бірнеше рет атап өтті. Былтырғы жылдың желтоқсан айында Түркістан қалалық балалар ауруханасында жаңа оңалту орталығы ашылды. Одан бөлек, 2 «Қамқорлық» орталығы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Жетісай аудандық Асықата ауруханасының базасында ерте араласу орталығын ашу жоспарланып отыр», дейді басқарма басшысы Асхан Байдувалиев.

Жоғарыда депутат Ұ.Сәдібеков айтып өткендей, бұл – тек Түркістан облысына емес, еліміз көлеміндегі өзекті әлеуметтік мәселе. Мәжіліс депутат­тарының Үкіметке сауал жолдауы да көп жайтты аңғартады. Вице-премьер Аида Балаеваның депутаттық сауалға жауабында өзекті мәселелердің шешімін табу бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыс туралы нақты деректер келтірілген. Өткен жылдың қоры­тындысында елімізде мүгедектігі бар балалардың жалпы саны 120 013 болған. Оларға мемлекет тарапынан бірнеше бағытта көмек көрсетіледі.

Денсаулық сақтау саласында – 2025 жылдан бастап медициналық-сани­тарлық алғашқы көмек ұйымдары ба­за­­сында 6 жасқа дейінгі балаларды қам­ти­тын, ерте жастағы балалардың дамуындағы бұзылыстарды уақтылы анықтауға бағытталған 372 даму және ерте араласу орталығы іске қосылды. Бұл – жоспарланған санның 57%-ы. Орталықтарда 72 мыңнан астам бала кеңес алған.  Вице-премьердің мәліметіне қарағанда, алдағы уақытта орталықтар санын 655-ке дейін ұлғайту арқылы қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу жос­парланып отыр. Қазірде балаларға медициналық оңалту көмегін көрсететін 81 медициналық оңалту орталығы, 20 ерте араласу орталығы (3 жасқа дейінгі балалар үшін) жұмыс істейді, оның ішінде республикалық деңгейдегі 3 орталық, 6 ауданаралық медициналық оңалту орталығы бар.

Оқу-ағарту саласында – мүмкіндігі шектеулі балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау, оқыту, тәрбие­леу, оларға арнайы психоло­гиялық-педагогикалық қолдау көрсету мақсатында 539 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 99 арнайы мектеп, 48 ар­найы балабақша, 126 психологиялық-педагогикалық консультация, 240 психо­логиялық-педа­гогикалық түзету кабинеті, 14 оңалту орталығы, 12 аутизмі бар балаларды қолдау орталығы бар. Өткен жылмен салыстырғанда ұйымдар желісі 35 бір­лікке ұлғайған. Мектеп жасына дейінгі ерте білім беруді қажет ететін балаларды қолдау мектепке дейінгі ұйым­дарда, оның ішінде жалпы және арнайы балабақшаларда көрсетіледі.

Бүгінде еліміздің 11 өңірінде әр­түрлі бұзылыстары бар балаларды қабылдайтын 48 арнайы балабақша жұмыс істейді. Онда тәрбиеленушілер контингенті 5 319 баланы құрайды, арнайы кешендер жанындағы балабақ­шаларда 193 бала тәрбиеленіп жатыр. Өткен жылы өңірлерде 366 орынға арналған 3 арнайы балабақша ашылған. Бүгінде балабақшаларда 6 166 бала тәрбиеленетін 587 арнайы топ құрылды. 2025 жылы мектепке дейінгі білім берудің үлгілік оқу жоспарлары аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған түзету компонентімен толықтырылды.

Иә, өмірге келген әр жанның әртүрлі тағдыры, ешкімге ұқсамайтын өз жолы бар. Ғұмыр көшінде адамға берілетін бақыт та, жанына бататын сынағы да қатар жүреді. «Шексіз әлем» кешінде біз қиындыққа берілмей, алға ұмтылатын рухы биік балаларды көрдік. Дегенмен мамандар көмекке мұқтаждардың саны жыл сайын азайып, ерекше балаларға көрсетілетін қолдау мен қамқорлықтың сапасы артады деген үмітте.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар