Денсаулық сақтау министрлігі Батыс Қазақстан облысында медициналық қалдықтарды заңсыз төгу дерегіне қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрлік мәліметінше, заң бұзушылық фактісі анықталғаннан кейін тиісті құзырлы мекемелердің қатысуымен кешенді тексеру жүргізілген.
«Жедел шаралар шеңберінде полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Кемел» ЖК өкілдері жалпы көлемі 144 килограмды құрайтын анықталған медициналық қалдықтарды жинауды жүзеге асырды. Барлық материалдар тәркіленіп, кәсіпорын аумағына орналастырылды. Қоршаған ортаға және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға ықтимал әсерін бағалау мақсатында мамандар топырақтан сынамалар алды. Зертханалық зерттеулер микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіліп жатыр», делінген хабарламада.
Министрлік қалдықтар табылған аумаққа, оған іргелес жерлерге дезинфекциялық жұмыстар жүргізілгенін мәлімдеді.
Жауапты органның мәліметінше, қазіргі таңда тексеру материалдары құқықтық баға беру үшін тиісті органдарға жолданған. Тергеу нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Зертханалық зерттеулердің алдын ала қорытындысы 3-7 күн ішінде белгілі болмақ.
«Стрептоцидке» тыйым салынды: Препарат енді Қазақстан дәріханаларында сатылмайды
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылы тұрғындарының қоқыс алаңынан медициналық қалдықтар тауып алғаны жөнінде бейнежазба тарады. Видеода қан сынамалары мен шприцтердің шашылып жатқаны көрсетілген.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі елімізде антибиотиктерді рецептісіз сатуға бақылау күшейтілетіндігін хабарлады. Мамандардың айтуынша, антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз сатып алу инфекцияларға қарсы қолданылатын дәрілердің тиімділігін төмендетіп, антибиотикке төзімділіктің күшеюіне себеп болады.