Парижде «Үлкен дулыға» санатына жататын 135 жыл тарихы бар аса мәртебелі жарыстың бірі – «Ролан Гаррос» аяқталды. Еліміздің теннисшілері арасынан жұптық сайыста сынға түскен Анна Данилина ғана өз көрермендерін қуантты.
Былтыр дәл осы турнирде Анна Данилина мен сербиялық Александра Крунич жұбы бас жүлдеге таласып, шешуші сында италиялық Сара Эррани мен Жасмин Паолиниге есе жіберген еді. Биыл да олар сол межеге жетті. Бастапқы бәсекелерде барлық қарсыласынан басым түсіп, жартылай финалда Сюко Аояма (Жапония)/Лян Эньшуоны (Тайпей) еркін еңсерген олар шешуші сында Катерина Синякова (Чехия)/Тейлор Таунсендтен (АҚШ) ұтылды. 1 сағат 33 минутқа созылған сайыс 2:6, 5:7 есебімен аяқталды. Қатарынан екінші жыл «Ролан Гарростың» финалында өнер көрсеткен Анна мен Александраға жанкүйерлер дән риза.
Жекелеген сайыста жерлестеріміз тым сүреңсіз өнер көрсетті. Дүниежүзілік рейтингіде үздік ондықты түйіндеген Александр Бублик тұсаукесер кездесуінде АТР тізімінде өзінен 70 саты төмен тұрған германиялық теннисші Ян-Леннард Штруфтың алдында дәрменсіздік танытты. Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина екінші кезеңде бұрындары еш көзге түспеген Украинаның ортаңқол ойыншысы Юлия Стародубцевадан ойда жоқта ұтылды. Сол секілді Александр Шевченко мен Юлия Путинцева да ұзаққа шаппады.
Жалпы, биылғы турнир тосын нәтижелерге толы болды. Мәселен, алғашқы айналымда Даниил Медведев (АТР №8) Адам Уолтоннан (97), Джессика Пегула (WTA №5) Кимберли Биррелден (86), Линда Носкова (WTA №12) Мария Саккариден (49) жеңілді. Екінші кезеңде әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнер Хуан-Мануэль Черундолоға (26) есе жіберсе, осы спорт түрі тарихындағы ең атақты ойыншы, серб Новак Джокович (АТР №4) бразилиялық Жуан Фонсекаға (30) жол берді. Іле-шала Фонсека әйгілі Каспер Руудты (14) қапы қалдырды. Сонымен қатар Бен Шелтон (АТР №5) Рафаэль Коллиньоннан (62), Ига Швентек (WTA №3) Марта Костюктен (15), Коко Гауфф (WTA №4) Анастасия Потаповадан (27) ұтылды. Бүгінде төрткүл дүниенің теңдессіз теннисшісі деп танылып отырған Арина Соболенко (WTA №1) ширек финалда Диана Шнайдерге (№23) есе жіберді.
Сенсациялар одан кейін де жалғасты. Әйелдердің жартылай финалында әлемдік рейтингіде 114-орында тұрған польшалық Майя Хвалинска ресейлік Диана Шнайдерді ұтты – 7:6, 6:4. Ресейдің тағы бір өкілі Мирра Андреева украиналық Марта Костюкті қапы қалдырды – 6:1, 6:3. Финалда Андреева Хвалинскадан айласын асырды – 6:3, 6:2. Сөйтіп, 19 жастағы Мирра «Үлкен дулығы» турнирінде тұңғыш рет топ жарды.
Ерлер арасында жартылай финалда әлемнің үшінші ракеткасы, германиялық Александр Зверевтің чехиялық Якуб Меншиктен (№27) мерейі үстем болды – 7:5, 6:2, 3:6, 6:3. Италияның қос теннисшісі – Флавио Коболли (АТР №14) мен Маттео Арнольди (№104) арасындағы айқаста екінші финалист анықталуға тиіс еді. Алайда аяқасты сырқаттанып қалған Арнольди кортқа шықпады.
Бас жүлде бәсекесі Зверев пен Коболли арасында өтті. Бұған дейін екеуі де «Үлкен дулығада» дараланбаған. Әр жылдары АҚШ, Аустралияның ашық біріншілігі, «Ролан Гарростың» финалында ойнаған Александр үш ретте де жеңілістің кермек дәмін татты. Флавионың ең зор табысы – былтыр «Уимблдонның» ширек финалына шығуы. Парижде қос саңлақ ұзақ тіресті. 4 сағат 20 минутқа созылған тартыс 6:1, 4:6, 6:4, 6:7, 6:1 есебімен неміс теннисшісінің пайдасына шешілді. Сөйтіп, А.Зверев турнир жеңімпазы атанды.
Жүлде қоры 61 723 000 еуроны құраған жарыстың жекелей сайыстағы жеңімпаздары 2,8 млн олжаласа, финалда ұтылғандар сол соманың тең жартысын иеленді. Жартылай финалға жолдама алғандар 750 мың, ширек финалға шыққандар 470 мың еуро еншіледі. Өзге теннисшілер мынадай мөлшерде сыйақы алды: төртінші кезең – 285 мың еуро (158 283 300 теңге), үшінші кезең – 187 мың (103 856 060 теңге), екінші кезең – 130 мың (72 199 400 теңге), бірінші кезең 87 мың (48 318 060 теңге).