Футболдан АҚШ, Мексика, Канада елдерінде өтетін ХХІІІ әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер қалды. 11 маусымда шымылдығы түрілетін жарыс 19 шілдеде мәресіне жетеді. Іріктеу турнирінен іркілмей өткен 48 команда 38 күн бойы бәсекеге түсіп, үздіктерді анықтайды. Міне, осы дүбірлі доп додасы қарсаңында бір айдан астам уақыт бойы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударатын бірегей біріншіліктің тарихындағы қызықты деректерді оқырман назарларына ұсынамыз.
• Әлем чемпионаты тұңғыш рет үш мемлекетте 48 команданың қатысуымен өткелі отыр. Олар төрт-төрттен 12 топқа бөлінді. Әр топта алғашқы екі орынды олжалаған ұлттық құрамалар плей-оффқа жолдама алады. Сондай-ақ үшінші орынға табан тірегендер арасында ең көп ұпай жиғандар да жарысты жалғастырады. Плей-офф сайыстары 1/16 финалдан басталады.
• Мундиальда ойнайтын командалар мынадай топқа түсті: А – Мексика, ОАР, Оңтүстік Корея, Чехия. В – Канада, Босния мен Герцеговина, Қатар, Швейцария. С – Бразилия, Марокко, Гаити, Шотландия. D – АҚШ, Парагвай, Аустрия, Түркия. E – Германия, Кюрасао, Кот-д’Ивуар, Эквадор. F – Нидерланд, Жапония, Швеция, Тунис. G – Бельгия, Мысыр, Иран, Жаңа Зеландия. H – Испания, Кабо-Верде, Сауд Арабиясы, Уругвай. I – Франция, Сенегал, Ирак, Норвегия. J – Аргентина, Алжир, Аустрия, Иордания. K – Португалия, Конго, Өзбекстан, Колумбия. L – Англия, Хорватия, Гана, Панама.
• Доп додасы АҚШ-тың Нью-Йорк, Филадельфия, Бостон, Атланта, Майами, Хьюстон, Даллас, Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Канзас-Сити, Сиэтл, Канаданың Торонто мен Ванкувер, Мексиканың Мехико, Гвадалахара, Монтеррей қалаларында өтеді.
• Бәсекелер «Метлайф» (Нью-Йорк, 82 500 көрерменге есептелген), «Эй-ти-енд-ти» (Даллас, 80 000), Эрроухед (Канзас-Сити, 76 416), «Эн-ар-джи» (Хьюстон, 72 220), «Соу-Фай» (Лос-Анджелес, 70 240), «Люмен-Филд» (Сиэтл, 72 000), «Джиллетт Стэдиум» (Бостон, 65 878), «Мерседес-Бенц» (Атланта, 83 000), «Линкольн Файненшел Филд» (Филадельфия, 69 796), «Ливайс» (Сан-Франциско, 75 000), «Хард Рок Стэдиум» (Майами, 67 518), «Би-Си Плейс» (Ванкувер, 54 500), «Бимо Филд» (Торонто, 45 500), «Ацтека» (Мехико, 87 528), «Эстадио BBVA» (Монтеррей, 53 500), «Акрон» (Гвадалахара, 49 850) стадиондарында өтеді.
• Командалар арасындағы ең атақтысы – Бразилия құрамасы. Футбол королі – Пеленің отандастары әлемдік додада 5 рет (1958, 1962, 1970, 1994, 2002 жылдары) бас жүлдені олжалады. Италия (1934, 1938, 1982, 2006) мен Германия (1954, 1974, 1990, 2014) төрт турнирде топ жарды. Аргентина (1978, 1986, 2022) үш жарыста алдына жан салмады. Уругвай (1930, 1950) мен Францияның (1998, 2018) екі мәрте мерейі үстем болды. Англия (1966) мен Испания (2010) футболшылары бір-бір реттен теңдессіз деп танылды.
• Барлық 22 әлем чемпионатына қатысқан жер-жаһандағы жалғыз команда да – Бразилия құрамасы. Германия 20 бәсекеде бой көрсетті. Италия мен Аргентина 18 жарыста ойнады. Мексика – 17, Англия, Франция, Испания – 16, Уругвай, Бельгия 14 рет өз өнерлерін ортаға салды. Ал Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде, Кюрасао құрамалары мундиальда алғаш рет бақ сынағалы отыр.
• Неміс Мирослав Клозе әлем чемпионаты тарихында сұрмергендер көшін бастап тұр. Төрт чемпионатта (2002, 2006, 2010, 2014) 24 мәрте жасыл алаңға шыққан ол 16 рет нысананы дәл көздеді. Бразилиялық Роналдо – 15 (1994, 1998, 2002, 2006), германиялық Герд Мюллер – 14 (1970, 1974), франциялық Жюст Фонтэн (1958) мен аргентиналық Лионель Месси – 13 (2006, 2010, 2014, 2018, 2022) голдың авторы атанды. Сондай-ақ мергендер тізімінде мына дүлдүлдер бар: Пеле (Бразилия), Киллиан Мбаппе (Франция) – 12, Шандор Кошич (Мажарстан), Юрген Клинсманн (Германия) – 11, Хельмуд Ран (Германия), Гарри Линекер (Англия), Габриэль Батистута (Аргентина), Теофило Кубильяс (Перу), Томас Мюллер (Германия), Гжегож Лято (Польша) – 10 гол.
• Мундиальда ең көп ойын өткізген – Лионель Месси. Аргентинаның арланы 26 рет жасыл алаңға шықты. Екінші, үшінші орындарда – Германияның қос қыраны Лотар Маттеус (25 матч) пен Мирослав Клозе (24). Одан кейінгі сатыларға италиялық Паоло Мальдини (23) мен португалиялық Криштиану Роналду (22) жайғасқан.
• Әлемнің үш дүркін чемпионы деген атағы бар жалғыз футболшы – Пеле. Футбол королі 1958, 1962, 1970 жылдары жалауы желбіреген жарыстарда жасындай жарқылдап, өз командасының бас жүлдені олжалауына сүбелі үлес қосты. Бразилияның – 13, Италияның – 4, Аргентинаның 1 ойыншысы әлем кубогін екі рет төбесіне көтерді.
• 1934, 1938 жылдары Италия құрамасының әлем чемпионы атанғаны белгілі. Осы жарыстың екеуінде де Апеннин түбегі өкілдерін әйгілі Витторио Поццо жаттықтырды. Бразилиялық Марио Загалло, германиялық Франц Беккенбауэр, франциялық Дидье Дешам ойыншы ретінде де, бапкер ретінде де дүниежүзілік доп додасында бас жүлдені еншіледі.
• Әлем чемпионаттарында тіркелген ең ірі есептер: Мажарстан – Оңтүстік Корея 9:0 (1954 жыл), Югославия – Заир 9:0 (1974), Мажарстан – Сальвадор 10:1 (1982).
• Әлемдік доп додасындағы ең жылдам голды Түркияның тарланбозы Хакан Шүкір соқты. Ол 2002 жылы Түркия мен Оңтүстік Корея арасындағы матчтың 10,8 секундында мергендік танытты.
• Мундиальға бес рет қатысқан алты футболшы бар. Олар – Антонио Карбахаль (Мексика, 1950–1966), Лотар Маттеус (Германия, 1982–1998), Рафаэль Маркес (Мексика, 2002–2018), Лионель Месси (Аргентина, 2006–2022), Криштиану Роналду (Португалия, 2006–2022), Андреас Гуардадо (Мексика, 2006–2022).
• Әлем біріншіліктерінде жасыл алаңға ең көп шыққан ойыншы – Лионель Месси. Ол 26 бәсекеде өз елінің намысын қорғады. Бір жарыста ең көп гол соққан футболшы – Жюст Фонтен. Францияның сұрмергені 1958 жылғы чемпионатта алты кездесу өткізіп, 13 рет нысананы дәл көздеді. 1994 жылы Камерунға қарсы матчта ресейлік Олег Саленко бес рет допты торда тулатты. Бұл да – рекордтық көрсеткіш.
• Мундиальда ойнаған ең қарт футболшы – мысырлық Эссам әл-Хадари. 2018 жылы ол 45 жастан асқан шағында өнер көрсетті. 1994 жылы 42 жастағы Камерунның көкжалы Роже Милла мергендік танытты. Сөйтіп, оның есімі дүниежүзілік доп додасында гол соққан ең қарт футболшы ретінде тарихта қалды. Ал чемпионатта допты қақпаға енгізген ең жас аяқдоп шебері – Пеле. Ол 18 жасқа толмай жатып нысананы дәл көздеді.