• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 10:11

Қозғалысқа айналған сана

Қазақ театр өнері кейінгі жылдары жаңа көркемдік ізденістер кезеңіне аяқ басты. Егер өткен ғасырда драмалық сөз сахнаның негізгі өзегіне айналса, бүгінгі өнер адам жанының күрделі иірімдерін сөзсіз-ақ жеткізудің жаңа мүмкіндігін іздеп келеді. Осы тұрғыдан алғанда заманауи би театры – пластикалық өнердің бір түрі ғана емес, уақыттың рухани портретін жасайтын көркемдік феномені де.

Астанадағы «Contrasst» би театры ұсынған «Мен – ойларыммын» және «Метаморфозалар» балеттері осы ізденістердің заңды жалғасы іспетті. Аталған қойылымдарды жеке спектакльдер ретінде ғана емес, бүгінгі адамның рухани ахуалына арнал­ған біртұтас пластикалық ди­логия ретінде қарастыруға бо­лады. Екі шығарма да адам болмы­сы­ның ішкі кеңістігін зерттеуге бағыт­тал­ғанымен, олардың көркемдік міндеттері әртүрлі: біріншісі сана­ның табиғатын зерделесе, екіншісі сол сананың эволюция­сын, рухани түрленуін бейнелейді.

Отандық заманауи хореографияда өзіндік қолтаңбасын қалып­тастырып үлгерген «Contrasst» би театры кейін­гі жыл­дары батыл экспери­мент­терімен, тың көркемдік шешім­де­рімен һәм заманауи өнер тілі арқылы маңызды қоғамдық әрі рухани мәселелерді көтеруімен ерекшеленіп келеді. 2017 жылы кәсіби хореографтар ерлі-зайыпты Уәлитбек Сиязбек пен Әмина Самарбаеваның бас­тамасымен құрылған ұжым аз уақыт ішінде халықаралық мәдени кеңістікте де өз орнын айқындады. Театр шығармашылығының басты ерекшелігі – биді тек эстетикалық көрініс ретінде емес, ой айту құралы ретінде қарастыруында. Сондықтан олардың әр қойылымында пластика мен философия, қозғалыс пен мағына қатар өріледі.

Театр тарихына көз жүгіртсек, әр дәуір өз адамын сахнаға шы­ғар­ғанын көреміз. Ежелгі грек трагедия­сы тағдырмен арпалыс­қан адамды көрсетті. Шекспир дәуірі билік пен құмарлықтың драмасын ашты. ХХ ғасыр театры­ жалғыздық пен жатсынуды зерт­теді. Ал ХХІ ғасыр сахнасының басты кейіпкері – өз санасымен күресіп жүрген адам. «Мен – ойларыммын» балетінің өзектілігі дәл осы тұстан көрінеді. Режиссер-хореограф Томирис Меттыбаева спектакльдің драматургиялық өзе­гіне сыртқы оқиғаны емес, ішкі үдерісті шығарады. Бұл – заманауи хореографиядағы маңызды ерекшеліктердің бірі. Мұнда сюжеттен гөрі күй маңыздырақ. Әрекеттен гөрі психологиялық қоз­ға­лыс алдыңғы қатарға шығады.

Қойылымдағы басты кейіпкер – адам. Бірақ спектакльдің нағыз драмалық серіктестері оның айналасындағы адамдар емес, өз ойлары. Осы тұрғыдан алғанда қойылым классикалық театрдағы кейіпкерлер қақтығысын адамның ішкі кеңістігіне көшіреді. Сахнадағы пластикалық композициялар кейде ретсіз ағылған ақпарат ағынын, кейде үрей мен күмәннің қысымын, кейде тыныштық пен үйлесімді бейнелейді. Ойлардың денеленуі арқылы хореограф көрінбейтін психологиялық құбылысты көзге көрінетін сахналық әрекетке айналдырады. Спектакльдің бас­ты жетістігі де осында, біздіңше. Яғни қойылым абстрактілі фило­софиялық ұғымды нақты плас­ти­калық тілге көшіре алған. Музы­ка­лық материалдың әртүрлі композиторлар шығармаларынан құралуы да кездейсоқ емес. Клод Дебюссидің импрессионистік әуездері, Ханс Циммердің драмалық симфонизмі мен Эцио Боссоның лирикалық интонациялары адам санасының көп­қабатты табиғатын ашуға қызмет етеді.

Ал кештің екінші бөлімі – Карина Жиренбаеваның «Мета­морфозалар» балеті көркемдік тұр­ғыдан одан да күр­делі құрылымға ие. Егер бірінші қойылым сана лабиринттеріне үңілсе, «Мета­мор­фозалар» адам рухының архетип­тік сапарын бейнелейді. Спектакль құры­лы­мы­ның бес бөлімге бөлі­нуі кездейсоқ шешім емес. Бұл әлем­дік мәдениетте ежелден кездесетін рәміздік сапар моделін еске түсіреді. Батырдың жолы, рухани жетілу сатылары, адамның өзін табу жолындағы кезеңдері мұнда пластикалық драматургияның не­гізіне айналған. Балеттегі бірінші бөлім – адам­ның шығу тегі мен балалық шағына арналған. Театртану ғылымында балалық шақ көбіне кейіпкердің болашақ тағдырын анықтайтын бастапқы нүкте ретін­де қарастырылады. Бұл жерде де ата-ана мен бала арасындағы қатынас адамның кейінгі өмірінің эмоционалдық картасын қалып­тастыратын күш ретінде көр­сетіледі. Екінші бөлімдегі ақша тақырыбы ерекше назар аудартады. Заманауи сахна өнерінде мате­риалдық құндылықтар мәсе­лесі жиі көтеріле бермейді. Алайда қойылым бұл ұғымды экономикалық категория ретінде емес, адам еркіндігін сынайтын рухани феномен ретінде ұсы­нады. Үшінші бөлім спек­такль­дің философиялық шыңы­на айналған. «Мен кіммін?» деген сұрақ ежелгі заманнан бері өнер­дің де, философияның да басты сұ­рағы болып келеді. Қойылым­да­ғы Таңдаулы бейнесі осы мәңгілік ізденістің рәмізі ретінде көрінеді. Төртінші бөлімдегі махаббат тақы­рыбы дәстүрлі романтикалық түсі­ніктен әлдеқайда кең мағынада ашылған. Мұнда махаббат адамның өз болмысымен табысуы ретінде түсіндіріледі. Бұл – қазіргі психология мен философиялық театрға тән интерпретация. Ал бесінші бөлімде спектакль жеке тағдыр аясынан шығып, ғарыштық масштабқа көтеріледі. Мұхит бейнесі әлемдік мәдениеттегі ең көне архетиптердің бірі ретінде көрінеді. Ол – бас­тау мен шексіздіктің, өмір мен мәңгіліктің рәмізі. Осылайша, «Метаморфозалар» адамның рухани эволюциясын сахналық поэзия тілімен ұтымды баяндайды.

Екі қойылымды біріктіріп тұр­ған ортақ қасиет – олардың сырт­қы оқиғадан гөрі ішкі әрекетке құрылуы. Бұл – қазіргі заманғы физикалық театр мен contemporary dance (замануи би) эстетикасының басты ерекшелігі. Мұнда қимыл тек көркемдік қызмет атқармайды. Би – ойлау тәсіліне айналады.

Театрдың негізін қалаушы Уәлитбек Сиязбектің айтуынша, «Би – қозғалыстың әсемдігі ғана емес, адамның ішкі әлемін зерттейтін көркем тіл. Көрермен спектакльден оқиғаны емес, өзін көруі керек». Сондықтан да «Contrasst» спектакльдерінде сыртқы әрекеттен гөрі ішкі қоз­ғалыс, оқиғадан гөрі күй, драмалық қақтығыстан гөрі адам­ның рухани тәжірибесі маңызды орын алады. Театр басшысының: «Өнердің міндеті – адамға жа­уап беру емес, оның ішінде жаңа сұрақтарды ояту», деген пікірі де осы екі қойы­лымның көркемдік табиғатын дәл сипаттайтындай.

«Contrasst» театрының шы­ғар­машылық бағыты да осы ұста­ныммен үндеседі. Ұжым ұлт­тық мәдени кеңістікте заманауи би театрының жаңа моделін қалыптастыруға ұмтылып келеді. Олар­дың қойылымдарында әлемдік contemporary dance, яғни заманауи би мектебінің тәжірибесі мен қа­зақ көрерменінің дүниетанымы­на жақын философиялық мазмұн тоғысады. Себебі бүгінгі көрермен театрға дайын жауап іздеп кел­мей­ді. Ол сахнадан өзін толғандырған сұрақтардың көркем бейнесін көруге құштар. «Мен – ойларыммен» мен «Метаморфозалар» – дәл сондай сұрақтарды қозғайтын спектакльдер. Бұл қойылымдар адам туралы. Оның қорқынышы, таң­дауы, сағынышы, махаббаты мен үміті туралы. Ең бастысы – оның өзгеруге қабілеттілігі туралы. Өйт­кені адам баласының ең ұлы метаморфозасы сыртқы әлемде емес, өз санасының тереңінде жүзеге асады. Ал театр сол өзгерістің үнсіз куәгері ғана емес, кейде оның бас­талуына себеп болатын қасиетті кеңістікке айналады.

Соңғы жаңалықтар