• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 11:17

Ұшақ қонатын күн алыс емес

Алтай мен Сауыр тау­ларының баурайында қос әуежайдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жуықта өңір үшін стратегиялық маңызы зор нысанның бірі – Зай­сан әуежайының құры­лысымен облыс әкімі Нұрым­бет Сақтағанов танысып қайтты.

Айта кетейік, құры­лыс­ты бас мердігер «Элхон құрылыс» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Бүгінде нысанда 300-ден астам жұ­мысшы мен 73 техника жұмыл­дырылған.

Мердігер ұйымның мәлі­метін­ше, әуежай кешенінің құры­лы­сы 75 пайызға аяқталған. Ұзын­дығы 2200 метр болатын жасанды ұшу-қону жолағы, рулдеу жолы, перрон, дренаж жүйесі, инженерлік коммуникациялар толық салынып біткен.

«Бүгінде нысанның дайын­ды­ғы 75 пайызды құрайды. Ұшу-қону жолағы, рүлдеу жолы, перрон, инженерлік инфра­құ­рылым тартылып, монтаж жұмысы толық аяқталды. Жоба­ны белгіленген мерзімде аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», деді жоба жетекшісі Ербол Қажыбаев.

Қазір құрылысшылар жолаушылар терминалын, апат­тық-құтқару қызметінің ғима­ратын, гараждар мен мате­риал­дық-техникалық қойма­ларды, сондай-ақ жанар-жағармай сақ­тау қоймаларын салуға басым­дық беріп отыр. Сонымен қатар жылу, су, кәріз, электр желілерін қамтитын сыртқы инженерлік же­лілерді тарту жұмыстары жүр­гізіліп жатыр.

Әуежай терминалының жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Пайдалануға берілгеннен кейін әуежай Bombardier Q400, ATR 72 секілді өңірлік әуе кемелерін қабылдай алады. Алғашқы сынақ рейсін биылғы жазда орындау жоспар­ла­нып отыр. Нысанды аралау барысында облыс әкімі Н.Сақтағанов жобаның өңір үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

«Бұл – облыс үшін страте­гия­лық маңызы жоғары жоба. Сондықтан құрылыс сапасы мен нысанды белгіленген мерзімде аяқтау басты назарда болуға тиіс», деді аймақ басшысы.

Әуежай іске қосылғаннан кейін Үрімші қаласы, Алтай өңірі, Қанас көлі бағыттарына халық­аралық әуе рейстерін ашу жоспарланған. Сонымен қатар Астана, Алматы, Өскемен қала­ларына ішкі бағыттар бойын­ша тұрақты рейстер ұйым­дас­тырылады.

Жаңа әуежай Зайсан ауда­ны­ның көлік қолжетім­ді­лігін арттырып, туризм мен кәсіп­кер­ліктің дамуына серпін беріп, Шығыс Қазақстан облысының халықаралық, өңіраралық бай­ла­­ныстарын нығайтуға жол ашады.

Шығыс Қазақстан облысы,Зайсан ауданы

Соңғы жаңалықтар