Жақында іске қосылған LRT Арқа төрінде бой көтерген бас қаланың ажарын айшықтай түсті. Әлеуметтік желіде жер үстіндегі пойыздың іші тұрмақ, елорда көшелерімен жүйткіген сәті көпшіліктің қызығушылығын оятты. Мұны көруге асыққан өңірлердегі отандастарымыз Астанаға ағылды. Әсіресе ерке Есілдің оң жағалауындағы Шәмші Қалдаяқов көшесіне келушілер, сол маңда түрлі фотосессия жасаушылар көбейді. Мереке қарсаңында біз де барып, жұртшылықпен тілдесіп қайттық.
Көркі көз тартар зәулім ғимараттар, заманауи инфрақұрылым Астананың әлеуметтік-экономикалық қуатын аңғартып тұр. Бас шаһардың оң жағалауының келбеті көше атауларына берілген тұлғалардың есімдерімен де мазмұнды бола түскен. Соның ішінде жеңіл рельсті метро сырғып өтетін екі көшенің орны бөлек. Олар – тәуелсіздіктің басты рухы, ұлттық болмысымыздың рәмізі Әнұран авторлары – Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов құрметіне берілген даңғыл.
Көшеге атақты тұлғалардың есімдері 2007 жылы берілген. Содан бері бұл аумақ елорданың маңызды көлік және қоғамдық кеңістіктерінің біріне айналып отыр. Екі көше де Сарайшық ауданы аумағында орналасқан әрі оларды бойлай заманауи тұрғын үй кешендері, әлеуметтік нысандар, білім беру мекемелері, сауда және қызмет көрсету орындары шоғырланған.
– Жұмекен Нәжімеденов көшесінің ұзындығы – 5 524,4, ал Шәмші Қалдаяқов көшесінің ұзындығы 6 690 метр. Кейінгі жылдары көшелердің инженерлік-көлік инфрақұрылымы жаңартылып, абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, бұл көшелер елорданың заманауи келбетін айшықтап қана қоймай, Мемлекеттік Әнұран авторларының есімдерін ұлықтайтын, ұлттық рух пен мәдени мұраның сабақтастығын дәріптейтін маңызды қалалық нысандарға айналды, – деген Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Айжан Құсаинова ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін тұлғалар есімін кеңінен қою жалғасатынын жеткізді.
Басқарма қызметкерінің айтуынша, бас шаһарда көшелерге атау беру және оларды қайта қарау жұмысы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына, сондай-ақ ономастика саласын реттейтін әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырылады.
– Тәуелсіздік жылдарында елорда ономастикасы саяси-идеологиялық сипаттағы атаулардан біртіндеп арылып, қала көшелеріне мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, ақын-жазушылардың, батырлардың есімдері беріліп, тарихи жер-су атаулары мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін дәстүрлі атаулар кеңінен енгізілді. Атаулардың қаланың сәулеттік келбетімен, тарихи-мәдени ортасымен және урбанистикалық даму ерекшеліктерімен үйлесімділігіне ерекше назар аударылады. Бұл өз кезегінде ұлттық тарихи сананы нығайтуға, тұрғындар мен қала қонақтарының ел тарихы мен мәдениеті туралы танымын кеңейтуге, сондай-ақ елорданың бірегей келбетін қалыптастыруға ықпал етеді, – дейді А.Құсаинова.
Әнұран авторлары көшесінің әдемілігін одан сайын аша түсетін «Шәмші әлемі» атты музыкалық инсталляция. Композитордың ғұмыр жолы мен аңызға айналған әндерінің әуені енгізілген күйсандық Сарайшық ауданы әкімдігінің бастамасымен көшенің көрікті жеріне қойылған.
Қос тораптың күн санап көркейген сәулетіне көз тастай жүріп, әуелі Шәмші Қалдаяқов, кейін Жұмекен Нәжімеденов аумағындағы тұрғындар мен жүргіншілерден «Бұл көше кімнің құрметіне орай аталғанын білесіз бе? Оның өмірі мен мұрасынан қаншалықты хабардарсыз? Көшенің тыныс-тіршілігі мен даму қарқыны қалай?» деген сұрақ төңірегінде шағын сауалнама жүргізген едік.
Талғат Жолдыбек:
– Қала бұрынғыдан да әлдеқайда дамып келеді. Сол жағалаудан оң жағалауға өтетін тұста орналасқан Шәмші Қалдаяқов көшесі сәулеті жағынан сол жағалаудағы заманауи тұрғын үйлерге ұқсайды. Даңғыл әдемі, атмосферасы ерекше. «Қазақ вальсі королінің» есімі берілгеннен кейін жаңа жол жаңа келбетке ие болғандай.
Айсұлу Керей:
– Бұл көше көңіл күйімді көтереді. Атауы да өте орынды қойылған. Шәмші ағамыздың әндері бала кезді еске салады. Оның әуезді ырғағы бейқам сәттерге жетелейді. Жүрекке жылулық сыйлайды, – дейді.
Шолпан Серікбай:
– Әндерін бала күнімнен тыңдап өстім. Көшенің осындай тұлғаның есімімен аталғаны орынды. Ол кісі – Әнұранның авторы, ұлы композитор. Әлеуметтік желіде Шәмші атамыз туралы жазылған естеліктерден оның мейірімді, тіпті үстіндегі киімін мұқтаж жанға бере салатын «қолы ашық», кең пейілді аңыз адам болғанын оқығанмын.
Дархан Қарабалин:
– Ол кісінің қазақ еліне сіңірген еңбегі көп. Әндерін қатарластарым да тыңдайды, отырыстарда жиі шырқалады. Көшедегі музыкалық инсталляция композитордың атына сай романтикалық реңк беріп тұр. Астаналықтар бұл көшені Еуропаның бір бөлшегіне ұқсатады.
Айтолқын Мақсотқызы:
– Жұмекен Нәжімеденов – Әнұран мәтінінің авторы. Қателеспесем, ақын 21 жасында сөзін жазған «Менің Қазақстаным» әні кейін Мемлекеттік Әнұранға айналды. Жалпы, бұл аудан өте ұнайды, көшелері кең, қалаға тән қарбалас пен үлкен кептеліс мұнда көп байқалмайды. Дәл іргеде «Мыңжылдық» аллеясы бой көтеріп жатыр. Аудандағы инфрақұрылымының ыңғайлылығы мен жайлылығы көңілімізден шығады.
Рахат Аманбек:
– Негізі, көшеге кез келген адамның есімі беріле бермейтіні белгілі. Ол елге қызмет еткен не әлемде ойып тұрып орын алған тұлғаларға беріліп жатады. Жұмекен Нәжімеденов – тегін кісі емес, Әнұран авторларының бірі. Сөздерін жатқа білмейтін азамат кемде-кем. Өйткені мектепке бармай-ақ қазір балабақшаларда жаттайды. Жалпы, осындай тұлғалар еңбектерінің кеңінен насихатталуы үшін көшеге есімін беруі дұрыс. Аумақта жақсы дамып жатыр. Өзіме, ұнайды.
Ажаргүл Жолдасбай:
– Бұл Жұмекен Нәжімеденов көшесі ғой. Ұлттық рәміздеріміздің бірі Әнұранның мәтінін жазған, еліне өлшеусіз еңбегі сіңген атақты тұлғаны қалай білмейік? Бұл көшеде ұлым тұрады. Сондықтан мұнда жиі келемін. Өткен жылы келгеніммен салыстырғанда, биыл аудан танымастай өзгеріпті: ЛРТ жолы бой көтеріп, айналаға түрлі ағаштар мен құлпырған гүлдер егілген, жаңа тораптар салынған. Күн сайын бір жаңалық, тоқтаусыз жұмыс жүріп жатыр. Қаламыз жылдан-жылға гүлденіп, көркейіп келеді.
P.S. Сауалнама кезінде 30-дан аса адамның біразы сұраққа тосылып, жауап беруден жалтарды. Алайда қала қонақтары мен тұрғындарының кейбірі қазақтың біртуар тұлғалары туралы тереңінен бойлай білмесе де, Әнұран авторларының еңбектерінен, елге қосқан үлесінен хабардар екенін аңғартты. Бұл қоғамда мемлекеттік рәміздер мен оларды дүниеге әкелген тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау қажеттігін көрсетеді. Өйткені Көк байрағымыздың көкте желбіреуі, Елтаңбамыздың еңселі болуы, Әнұранымыздың әр кез шырқалуы – тәуелсіздігіміздің баяндылығы мен мемлекеттігіміздің беріктігінің белгісі. Елдігімізді айғақтайтын осы рәміздердің әсіресе Астанада ерекше ұлықталуы бас қаланың әлеуметтік-экономикалық қуатымен қатар, рухани келбеті мен ұлттық болмысын да айшықтай түседі.