Ұлытау облысына қарайтын Жезді кентінде тоқ желісінің тозғаны, иесіз қалғаны туралы облыс ашылғаннан бері айтылып келеді. Ешқандай нәтиже жоқ. Ақыры адам өліміне апарды. Нақтырақ айтсам, осы салада электрик болып жұмыс істеген Қуаныш Гүлімбетов қайтыс болды.
Бұған дейін ел басылымы «Егемен Қазақстан» газетіне «Жарығы жиі сөнетін Жезді» атты мақалам жарыққа шықты. Онда Ұлытау облысына қарайтын Жезді кентінде тұратын жергілікті тұрғындар жарықтың жиі сөнуі, бірнеше сағатқа дейін электрдің болмауынан ұзақ жыл бейнет шегіп келе жатқанын айтып, мәселе көтерген едік.
Осыған жауапты Ұлытау аудандық коммуналдық-шаруашылық кәсіпорны тек қағаз жүзінде иесі болып тіркелгенмен, банкроттық мекеме деп танылған. Жезді кентінде электр желілері кеңес кезеңінде салынған, барлығы ескі, сымдары тозған. Тозығы жеткен трансформаторлар жиі істен шығып, халықтың тұрмыстық техникалары күйіп кетіп жатады. Оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ.
Жезді кентінің әкімі Мұратбек Жұмабек әкім болып сайланған 2021 жылдан бері осы мәселені жауапты мекемеге барып, айтып, БАҚ-та көтеріп келеді. Бұл шетін мәселені шешіп беретін Ұлытау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы шабан қимылдайды. Жылдың басында осы басқарманың басшысы Алмас Жандарбековтен «Электр жарығы мәселесі қашан шешіледі?» деп сұрағанда «Жезқазған энергия тарату компаниясын (ЖРЭК) сотқа беріп жатырмыз» деп қысқа жауап берген. Содан бері бес ай өтті. Электр мәселесі еленбей, сол күйі қалды.
Соңы қайғылы жағдайға әкелді. Жезді кентінің электригі Гүлімбетов Қуаныш 2026 жылдың 24 сәуір күні Жезді кентінде жаңадан ашылған дене шынықтыру – сауықтыру кешені ауласында жарықтандыру желісін жөндеу кезінде биіктен құлап, қайтыс болды. Қ.Гүлімбетов «Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылық кәсіпорны» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында электрик болып 2001 жылдан бері жұмыс істеген. Кент тұрғындарының айтуынша, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, сыйлы азамат.
Жезді кентінің әкімі Мұратбек Досымбекұлынан қайғылы оқиғаның мән-жайын сұрағанда:
«1975 жылы туған Қуаныш Гүлімбетов кенттің электригі болып тіркелсе де айлығы уақытылы төленбей, кент әкімдігінен алатын «күзетші» айлығы да аударылмай, ақшаға әбден тарыққан. Түрлі жұмыстар істеп, алған азын-аулақ нәпақасы ешқайда жетпеді. Содан, бар үміті Жезді кентінде жаңадан ашылған дене шынықтыру – сауықтыру кешеніне тұрақты жұмысқа тұру еді. Сол күні аталған мекеменің басшысы Н.Бірімжановқа жолығып, қажетті құжаттар жиынтығының тізімін алып, кетерінде алғашқы қол ұшымды тигізейін деп, тал бұтағы тиіп тұрған жарықтандыру желісін дұрыстамақ ойымен, талға шыққан. Сол мезетте жанындағы болған адамдар оған «шықпай-ақ қой, арқанмен тартып түзеуге болады» деген. Жұмыс десе жанып тұратын Гүлімбетов Қуаныш бұл жұмысты оңай көріп, жылдам жасауға тырысқан. Өкінішке қарай, тағдырдың жазмышы солай болды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр», деп жауап берді.
Қайтыс болған азамат күзетшінің жалақысына электрик болып жұмыс істеп жүрген екі азаматтың бірі еді. Ұлытау аудандық коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнынан қайран болмаған соң шарасыз кент әкімі осындай қадамға барған. Күзетшінің бар болғаны 85 мың теңгесі қай жыртығын жамасын. Қосымша нәпақа табамын деп талқаны таусылды.
Бұл қайғылы жағдай біздің қоғамда кей мекемелердің өзінде жұмыс істейтін адамның өміріне немқұрайды қарайтынын көрсетеді. Еңбек еткен жұмыс орны уақытылы еңбек ақысын төлеп келсе, жұмыс істеу кестесін, қауіпсіздік техникасын сақтаса, әлеуметтік қолдау жасап отырса, осындай орны толмас оқиғаға апармас еді. Кейбір жұмыс берушілер жұмысшыға жағдай жасай алмай отырып, оң нәтиже талап ететіні жасырын емес.
Қысқасы Ұлытау облысына қарайтын Жаңаарқа, Ұлытау аудандары мен Қаражал қаласының электр жүйесін ұстап тұратын жауапты мекеме керек.
Былтыр 28 қарашада Астанада ауылдық округтер әкімдерінің форумы өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аумақтарды дамыту және ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру жөніндегі міндеттерді айқындап, баяндама жасады. Осы ашық формадағы диалог-платформада Жезді кентінің әкімі Мұратбек Жұмабек кенттегі электр желілерін жөндеу, жарықтандыру мәселесі қиын жағдайда екенін жеткізді. Осы салаға қатысты министрліктегі мамандар сырғытпа жауап, уәде беріп, шығарып салды. Одан кейін бірталай уақыт өтті. Әзірге Жездідегі жарық мәселесін жарылқап жатқан ешкім жоқ. Жездідегі қосалқы стансаға жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ, трансформаторлар сынған, апатты жағдайда тұр.
Соңы электрик болып істейтін адам өлімімен бітті. Осыдан артық жаға ұстатар сұмдық жағдай бар ма?
Енді кентте жарықтандыру мәселесін шешуде Энергетика министрлігінің және энергия саласына жауапты құзырлы орындардан жауап күтеміз.
Ұлытау облысы